Вы здесь

«Әділдік — құқықтық қорғаудың басты өлшемі»

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Сотта дауласушы тараптардың екінші жағы өзін қорғай алмаған жағдайда судьяда процедуралық рәсімдердің шеңберінен шығу құқығы болуы қажет. Мұндай сәтте судья оған уақтылы әрі білікті көмек көрсете алады. Мәселен, әділдікті қалпына келтіру үшін арыздың мәнін өзгертуі мүмкін. Кеше Жоғарғы Сотта өткен дөңгелек үстелде осындай азаматтық процесте судьяның рөлін кеңейтуге бағытталған ұсыныс жасалды.

Бұл жиында Бас прокуратура мен Жоғарғы Соттың Еуропалық одақ қолдауымен әзірлеген «Әділдік – құқықтық қорғаудың басты өлшемі» атты жобасы таныстырылған еді. Оған Президент Әкімшілігінің өкілдері, Парламент депутаттары, Конституциялық кеңес мүшелері, судьялар, прокурорлар, адвокаттар, нотариустар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты.

Жобаны таныстырған Бас прокурор Жақып Асановтың айтуынша, құжат екі блоктан тұрады. Оның біріншісі Құқықтық базаның мониторингі. Мұндағы негізгі мақсат – заңды бола тұра логикаға сыйымсыз және әділетсіз шешімдер қабылдауға мәжбүрлейтін өлшемдерді анықтап, қолданыстан алып тастау.

Екінші блок – жоғарыда айтқанымыздай, соттың процестік белсенділігі қағидасын енгізу. Бас прокурордың айтуынша, бүгінде судьялар азаматтық істер бойынша дәлелдер жинаудан босатылған. Олар заң талаптарынан аттап кетпейді. Адамгершілік принциптеріне қайшы келсе де, белгіленген өлшемдер шегінен шыға алмайды. Сот беделі – бүкіл биліктің абыройы. Ол адамдар әділдік іздеп баратын ең соңғы саты. Сот билігінің беделі мен күш-қуаты осында жатыр. Сондықтан, неге оған ақиқатқа жету үшін формальдық шеңберінен шығуға құқық бермеске? Асанов мырзаның пайымдауынша, бұл қағиданы бұзатын кез келді.

Оның айтуынша, бұл тұрғыда Прокуратура мен соттың нақты жоспары бар екен. Жоба аясында судьялар, адвокаттар, нотариустар мен прокурорлар жұмыс жасауда. Атқарылуға тиіс заңнамалық сипаттағы шаралар көп. Олардың тиімді түрде жүзеге асырылуы үшін Әділет министрлігінің қолдауы қажет.

Сонымен қатар Бас прокурор қоғам өкілдерін Бас прокуратура мен Жоғарғы Сот сайттарындағы ашық форумдар арқылы жобаның іске асырылуына белсене атсалысуға шақырды. Онда әркім соттың заңға негізделген, бірақ, әділетсіз шешім қабылдауға мәжбүр болған мысалдарын ортаға салып, талқылай алады.

Жиында сөз алған Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәми жобада қамтылған мәселенің маңыздылығын айта келіп, кез келген мемлекеттің негізі әділеттіліктен құралатынын атап өтті. Төраға «Әділдік пен төрелік – егіз ұғымдар. Сондықтан, сотқа келген әрбір өтінішті әділдік іздеу деп есептеуге болады» деген ойын ортаға салды.

Талқылау барысында жиналғандар жобаға өз ұсыныстарын енгізді. Арнайы құрылған ведомствоаралық топ оларды қарастырып, жүзеге асырумен айналысатын болады.

А.Құрманғали,

«Заң газеті»

Астана

Размер шрифта
Обычный размер
Большой размер
Огромный размер
Цвета сайта
Черным по белому
Белым по черному
Темно-синим по голубому
Изображения
Включить/выключить изображения
Настройки
Настройки
Обычная версия
Обычная версия
Орфографическая ошибка в тексте:
Чтобы сообщить об ошибке автору, нажмите кнопку "Отправить сообщение об ошибке". Вы также можете отправить свой комментарий.