Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Қазақстан Республикасының
Жоғарғы Соты

НАРАЗЫЛЫҚ /Қызылорда облысы прокурорының ұсынысы негізінде/

Талапкер «Қызылорда облысының энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ-і сотқа берген талап арызында жауапкер «Сантехстройсервис» ЖШС-ін біліктілік талаптары бойынша дұрыс емес ақпарат бергені үшін мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушы деп тануды сұраған.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2012 жылғы 26 қыркүйектегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Қызылорда мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2012 жылғы 25 шілдедегі шешімімен талапкер «Қызылорда облысының энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ-нің талап арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Қызылорда облыстық сотының кассациялық сот алқасының 2012 жылғы 8 қарашадағы қаулысымен апелляциялық сот алқасының қаулысы өзгеріссіз қалдырылған.

Іс қадағалау тәртібімен қаралмаған.

Қабылданған сот актілері АІЖК-нің 218-ші бабына, Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі №5 «Сот шешімі туралы» нормативтік қаулысының талаптарына қайшы болғандықтан олардың күші төмендегі мән-жайлар бойынша жойылып, талап арыз қанағаттандырылуға жатады.

Анықталғаны, талап арызды келтіруге Басқармамен ұйымдастырылған «Қызылорда облысының елді мекендеріндегі тұтынушы тұрғын үйлеріне су желісін жеткізу құрылысы» конкурсына берген өтініміне «Сантехстройсервис» ЖШС-і KZO.01.0759 ҚСС №0006545 санды сәйкестік сертификатының көшірмесіндегі «Сартөбе» ЖШС-і деген атаудың орнына өзінің атауын енгізіп, оны нотариалды түрде куәландырып, конкурстық өтініммен бірге тапсыруы негіз болған. 

Сот Басқарманың талап арызын қанағаттандырусыз қалдыру жөніндегі шешімін жауапкер конкурсқа қатысуға құжаттарын тапсыру барысында дұрыс емес (жалған) ақпарат беруінен конкурсқа қандай да бір зияны келмеген деген тұжырымға келген.

Соттың мұндай тұжырымы негізсіз.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 8 бабының 1 тармағына сәйкес, әлеуетті өнім берушіге жалпы және арнайы біліктілік талаптары қойылады.

Заңның осы баптың 4 тармағына сәйкес, әлеуетті өнім беруші біліктілік талаптарына сәйкестігін растау үшін мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыға мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ережелерінде көзделген тиісті құжаттарды табыс етеді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 27 желтоқсандағы №1301 санды Қаулысымен бекітілген Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру Ережесінің (бұдан әрі - Ереже) 22 тармағында әлеуетті өнім берушінің біліктілік талаптарға сәйкестігін растау үшін ұсынылатын құжаттардың тізімі бекітілген.

Нақтылағанда, Ереженің 22 тармағының 1 тармақшасына сәйкес, конкурстық құжаттама лицензиялардың және (немесе) патенттердің, куәліктердің, сертификаттардың, жұмыстарды орындау, қызмет көрсету құқығын растайтын басқа да құжаттардың нотариалдық куәландырылған көшірмесін қамтуы тиіс.

Яғни, конкурсқа қатысуға берілетін өтінімге тіркелген нотариалды куәландырылған сәйкестік сертификаты әлеуетті өнім берушінің біліктілік талаптарға сәйкестігін растайтын құжат болып табылады.

Демек, «Сантехстройсервис» ЖШС-і біліктілік талаптары бойынша дұрыс емес (жалған) ақпарат ұсынған.  

Заңның 10 бабының 1 тармағына сәйкес біліктілік талаптары бойынша дұрыс емес ақпарат берген әлеуетті өнім берушілер осы Заңда белгіленген тәртіппен мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізіледі.

Яғни, Басқарма «Сантехстройсервис» ЖШС-ін мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы сотқа негізді талап арыз берген. Алайда, сотпен заңнамалардың жоғарыда көрсетілген талаптар ескерілмей, талапты қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешім шығарылған.

Сонымен қатар, сотпен төмендегі заң талаптарына назар аударылмаған.

Заңның 10 бабының 2 тармағына сәйкес, әлеуетті өнім беруші табыс ететін біліктілік талаптары бойынша ақпараттың дұрыстығын тапсырыс беруші, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы, уәкілетті орган не мемлекеттік қаржылық бақылау органдары мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың кез келген кезеңінде анықтауы мүмкін.

Заңның аталған нормасына сәйкес, әлеуетті өнім беруші табыс ететін біліктілік талаптары бойынша ақпараттың дұрыстығын мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың кез келген кезеңінде анықтау тапсырыс берушінің құқығы.

Заңның 10 бабының осы 2 тармағына сәйкес, тапсырыс берушімен бірге біліктілік талаптары бойынша ақпараттың дұрыстығын анықтау құқығы мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының, уәкілетті орган не мемлекеттік қаржылық бақылау органдарына да берілген.

Аталған уәкілетті не мемлекеттік қаржылық бақылау органдары бұндай ақпаратты өз құзыреті шеңберінде тексеру барысында, конкурс өтіп кеткеннен кейін де анықтай алады (мысалы, белгілі бір кезеңде жүргізілетін жоспарлы тексеру кезінде)

Заңның 5 бабының 1 тармағына сәйкес, мемлекеттік сатып алу процесі: 1) мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын әзірлеуді және бекітуді; 2) өнім берушіні таңдауды және онымен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуды; 3) мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың орындалуын қамтиды.

Демек, соттың жауапкер конкурсқа қатысуға жіберілмегеніне қарамастан, талапкер оның құжаттарын тексергендігі туралы уәждері негізсіз болып табылады.

Сонымен қатар, Заңның 10-бабының 1-тармағына сәйкес, біліктілік талаптары бойынша дұрыс емес (жалған) ақпарат берген әлеуетті өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізу императивтік норма болып табылады, және оның талабын өз бетінше қолдану немесе қолданбау құқығы соттың құзырына жатқызылмаған.

Менеджмент сапасының жүйесі сәйкестігін растау жөніндегі жауапты «КазБизнес-Консалтинг» ЖШС-і 2012 жылғы 28 мамырдағы №126 санды хатында жоғарыда аталған KZO.01.0759 ҚСС №0006545 санды сәйкестік сертификаты 2010 жылы 13 қыркүйектегі «Сартөбе» ЖШС-не берілгендігін хабарлаған.

Яғни, «Сантехстройсервис» ЖШС-і басқа заңды тұлғаға берілген сәйкестік сертификатына өз атауын енгізу арқылы жалған құжат жасап, оны заңсыз нотариалды куәландырып, конкурстық комиссияға жалған ақпарат ұсынған (көшірмесі іске тіркелді)

Алайда, кассациялық саты сотының қаулысында «КазБизнес-Консалтинг» ЖШС-і хатының аталған сертификат «Сартөбе» ЖШС-не берілгендігі туралы бөлігін қасақана көрсетпестен, іс бойынша заңсыз қаулы қабылданған.

Бұл орайда, біліктілік талаптары бойынша жалған ақпарат ұсынған тұлғаны мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізуден бас тарту әділдік пен парасаттылық қағидаларына сәйкес келмейді.

Осыған байланысты, қабылданған сот актілерінің күші жойылып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдануға жатады.

Қазақстан Республикасы АІЖК-нің 385, 387, 389 баптарын басшылыққа алып,

СҰРАЙМЫН:

Қызылорда мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының талапкер «Қызылорда облысының энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ-нің жауапкер «Сантехстройсервис» ЖШС-ін мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы 2012 жылғы 25 шілдедегі шешімінің, Қызылорда облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2012 26 қыркүйегіндегі және кассациялық сот алқасының 2012 жылғы 08 қарашадағы қаулыларының күшін жойып, талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды.

Қазақстан Республикасының
Бас Прокуроры
А. Дауылбаев

Анықтама: Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының 2013 жылғы 20 ақпандағы қаулысымен наразылық қанағаттандырылған.

Размер шрифта
Обычный размер
Большой размер
Огромный размер
Цвета сайта
Черным по белому
Белым по черному
Темно-синим по голубому
Изображения
Включить/выключить изображения
Настройки
Настройки
Обычная версия
Обычная версия
Орфографическая ошибка в тексте:
Чтобы сообщить об ошибке автору, нажмите кнопку "Отправить сообщение об ошибке". Вы также можете отправить свой комментарий.