You are here

Олардың ерлігі мәңгі ұмытылмайды

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Нұрғалым Әбдіров
Ақтөбе облысының прокуроры

Олардың ерлігі мәңгі ұмытылмайды

Елімізде ерлік шежіресі болып қалған Ұлы Отан соғысы жылдарында прокурорлық-тергеу кадрлары ерлік үлгісін танытып, өзінің Отанын, елін, туған жерін шексіз сүйгендігімен ел есінде қалды. 1942 жылдың тамызына дейін 885 прокуратура  қызметкерлерінің 411- і майданға аттанған. Олардың көбісі майданда ерлікпен қаза тапты. Атырау (бұрынғы Гурьев) облысы Мақат аудандық прокуратурасының халық тергеушісі Мұса Баймұқановқа майдандағы ерлігі үшін 1945 жылы 10 сәуірде Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Ұлы Отан соғысындағы ерлігімен аты аңызға айналған ұшқыш Кеңес Одағының  Батыры Нүркен Әбдіров Қарағанды облыстық прокуратурасында халық тергеушісі болып қызмет етті. Ол жау эшалонының күлін көкке ұшырып, ерлікпен қаза тапты.

Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, жазушы, даңқты әскери қолбасшы - Бауыржан Момышұлы соғысқа дейін аудандық ішкі істер бөлімін басқарып, соғыс басталар кезеңде әскери қызмете болады. Ұлы Отан соғысында талантты қол басшы, ержүрек жауынгер ретінде танылып,     Москва түбіндегі 28-Панфиловшылар шайқасында ерекше ерлігімен, қаһармандығымен көзге түсті. Неміс басқыншыларынан Отанын  қорғауда   келер ұрпағына батырлығын, батылдығын ұмтылмас мұра етіп  қалдырған ұлы тұлғаны  Жеңістің 70 жылдығы мерейтойында  аса үлкен құрметпен еске аламыз.    

Өмірі кез келген жанға үлгі боларлық арда азамат Република прокуратура органдарына ұлан-ғайыр еңбегі сіңген Сейітов Өтеген Сейітұлы - біздің мақтанышымыз. Бала кезінен жетімдік пен жоқшылықтың ащы дәмін татып, өзінің тірілігімен, өзінің адамгершілікке толы мейірімді жүрегімен, айналасындағы адамдарға жұғымды жақсы қасиеттерімен,  өмірдегі  жолын адаспай тапқан ол заң жолында аянбай еңбек етіп, ұрпаққа таусылмайтын мұра қалдырған дара тұлға ретінде ерекшеленіп, оның өмірі кейінгі заңгерлерге үлгі-өнеге ретінде Ақтөбе облыстық прокуратурасында дәріптеліп келеді.

Ақтөбе облысы прокуратурасында генерал Ө.Сейітовтың өмір жолын зерттеу, зерделеу, оны жас заңгерлерге үлгі ету жұмыстары кеңінен қолға алынып, оған арналған мұражай және өмірбаяндық стенділер ашылып,  2013 жылы генералдың  90 жылдық мерейтойын облыс прокуратурасы жоғары дәрежеде атап өтті. Оның мүсіндік бюсті прокуратура ғимаратының жанына генералдың отбасы мүшелерін қатыстырумен қойылды. Одан кейінгі аралықта да атақты жерлесімізді, талантты заңгерді  облыс тұрғындарының, қала тұрғындарының есінде мәңгі қалдыру мақсатында прокуратура ардагерлері ұйымы мүшелерінің бастамасымен облыстық  атқару органдарына ұсыныс жасап,  Ақтөбе қаласының 11–ші мөлтек ауданындағы, жаңа прокуратура ғимараты орналасқан көшенің атын Өтеген Сейітовке беру туралы облыс мәслихатының шешімі шығарылды. Осы көшеге генералдың есімі беріліп, меморальдық тақта орнатылды. Бұдан бұрын оның туған өлкесі  Шалқар қаласында бір көшеге ат беріліп, құрмет тақтасы орнатылған еді. Ө. Сейітовтің - «Өнегелі ғұмыр – Жизнь достойная подражания» деп аталған   кітабын облыс прокуратурасы алдырып, заңгердің өмірбаянын, соғысқа қатысқан ерлікке толы жылдарын, прокуратура органдарындағы қызметі мен өсу жолдарын жас заңгерлер оқып үйренуде.                                                               

Өтеген Сейітұлының өмір жолы қазақ халқы бастан кешірген қилы-қилы тарихи кезеңдерді көз алдыңа елестетеді.Уақыт  жүгін  халқымен бірге көтерген бала Өтеген елдегі сауатсыздықты, аштықты, қоғамдағы қалыптасып болмаған түрлі формацияларды басынан өткеріп, қажымай -талмай білімге ұмтылуымен, сол жолда төзімділік танытуымен, қайтпас қайсарлығымен, өжет өршілдігімен ерекше тұлға болып қалыптасты.

Түрлі қиындықтарға мойымай іздене жүріп, жасы кәмілетке толмай  жатып, прокуратура органында  іс-қағаздарын тіркеушіліктен еңбек жолын бастайды.Және де сол атқарған жұмыстарын  бар ынта - жігерімен жасап,  қызмет еткен ортасында адал еңбегімен, тиянақтылығымен көзге түседі. Балаң жігіттің осындай адалдығы мен алғырлығын айналасындағы  қызметкерлер бағалай біліп, оны барлық  уақытта қолдап отырады.

Біз арада қанша уақыт өтсе де, аға ұрпақ өкілдерінің өзімізге қалдырған мұраларын  бағалай білуді  азаматтық борышымыз деп санаймыз. Сондықтан  түрлі кедергілерге қарамастан, тек қана заңгер болуды армандаған , сол жолда жеңіске жете білген жерлестеріміздің жетістіктері мен өз кәсібіне берілгендіктерін насихаттаудан, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етуден  жалықпаймыз.

Сейітов Өтеген сол кездегі республика  астанасы Алматыға білім іздеп барып,  бірақ қаражат  тапшылығынан оқуын аяқтай алмай, Шымкент облысындағы ағайындарын паналайды. Сол жақта жүріп, Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының қылмыстық сот бөлімінің хатшысы, кейін кеңсе басшысы болып еңбек етіп, қадағалау органының ең маңызды бөлігі құжаттар айналымын өз қолынан өткізіп, оның  іс қағаздарының реттелу процестерімен жақын танысады.

Заңгердің өз қолымен жазылған еңбектерін оқып отырсақ, жасы енді ғана 17- 18- ге іліккен жас жігіттің сол кездегі   атқарып отырған қызметімен бронда қалуы ықтимал екен. Бірақ өзі сияқты жастардың соғысқа аттанып жатқанын көріп, есітіп отырған ол облыстағы лауазымды адамның  көмекшісі бола отырып, жылы орнын суытып дегендей, өзі сұранып, 1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып,  үш жыл   сұрапыл шайқастың ортасында жүреді. Ер жүрек жауынгер майдан шебінде үш рет жарақаттанады.

Ұлы Отан соғысынан жеңіспен оралған соң да өзінің одан  былайғы тағдырын тағы да қадағалау органымен ұштастырып, Оңтүстік Қазақстан облысы Келес және Сарыағаш ауданы прокуратура органдарының тергеушісі   қызметіне орналасады. Содан соң 1949 жылы облыстық прокуратураның аға тергеушісі қызметіне тағайындалады. Осылай қызмет жасай жүріп, соғыстан кейін бес жыл өткен соң ғана Алматыдағы Мемлекеттік заң институтына түсіп, 1953 жылы оқуын ойдағыдай бітіріп шығады.

Заңгердің өз кәсібіне жетіктігінің айғағындай одан кейінгі қызметтік баспалдақтары жоғарлай отырып, аз мерзімде  Қазақстан прокуратурасы органдарының  басшылары қатарынан шығады. 1951-1959 жылдары –Қазақ КСР прокуратурасы бөлімінің прокуроры, кейін Алматы қаласы Кеңес ауданының прокуроры, Алматы облысының прокуроры, Қазақ КСР Прокурорының бірінші орынбасары, ал 1966- 1984 жылдары –Қазақ КСР Прокуроры болады. Осы жылдары республиканың Бас Прокуроры ретінде, елімізде заңдылықтың орнығуына , прокуратура органдарының кадрларын жетілдіріп, олардың кәсіптік білімін шыңдауға көп еңбек сіңіреді. Өмірден алған тәжірибесі мол, адамгершілік парасаты мен әділдігі ұшан теңіз  прокурордың  алдынан тәлім тәрбие алған шәкірттерінің ол туралы  жылы лебізі, ұстазына деген ұлағаты әлі күнге дейін таусылмайтын ағар бұлақтай,  айтылып та, жазылып та жатқаны  осы  қадір- қасиетінінің  молдығынан.

Отаны мен еліне деген зор сүйіспеншілігінің, өз кәсібіне  берілгендігінің арқасында прокурор Ө.Сейітов көптеген марапаттар мен мақтауларға қол жеткізді. Оның Ұлы Отан соғысы кезінде алған марапаттары: «Қызыл Жұлдыз» ордені, 1 дәрежелі «Отан соғысы» ордені, одан кейінгі адал еңбегінің айғағындай  екі бірдей «Халықтар достығы» ордені  халқына сіңірген еңбегінің жемісі. Бұдан басқа да жоғары дәрежедегі  грамоталардың,  алғыстардың, марапаттаулардың есебі жоқ десек артық айтқандық болмайды.

Сейітов Өтегеннің өмірі - үлгілі өмір мектебі. Соның бір көрінісі  бірнеше буын өкілдері оны жәй ғана біздің Ұстаз деп құрметпен атап келеді. Оның қайталанбас қажыр- қайраты,  тау тұлғасы тек қана прокуратура қызметкерлеріне ғана емес, барша құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне үлгі-өнеге боларлық.

Ө. Сейітов 1997 жылдың 15 желтоқсанында дүниеден өтті. Оның жарқын бейнесін жадынан  бір сәт шығармайтын, әрине, оның артында қалған ұрпақтары - ұл мен қызы, одан тағылым алған шәкірттері, сонымен қатар туған елі , кір жуып, кіндік кескен туған жері.Оның ісін алға апарушы әріптестері мен прокурорлар.           

Соғыс ардагері, генералды, Ақтөбеліктер жерлесіміз деп мақтан тұтады,  бірақ оның білікті заңгер, қоғам қайраткері есебіндегі республикаға сіңірген  ерен еңбегі оны туған халқының ұлы етіп кетті.

1941-1945 жылғы Ұлы Отан Соғысына қатысып, ерлікпен күрес жүргізгендердің қатарында Ақтөбе облысы прокуратурасының бірқатар қызметкерлерінің болғандығын анықтайтын құжаттар табылды. Ақтөбе облысы Родников ауданының халық тергеушісі Әбілтай Ерсейітов - Отан соғысының алғашқы жылында армия қатарына шақыртылған қызметкерлер-дің бірі. 1966 жылы Москва облысы, Солнечногорск қаласының маңында жер қазу кезінде Әбілтай Ерсейітовтың бейіті табылып, киімдерінің ішінен прокуратура тергеушісі куәлігі шыққан. Әрине, оның Отан қорғауда жаумен алыса жүріп, өзімен бірге тергеушілік куәлігін қалтасында сақтауы өз мамандығына, қызметіне  берілгендігінің белгісі болып  табылады.

1943 жылдан 1946 жылға дейін  Ұлы Отан соғысына қатысқан Хобда ауданы прокуратурасының халық тергеушісі Горобченко Алексей Селантьевичтің есімін ерекше айтуға болады, ол соғыстан қайтып келгесін де Хобда және Мартук аудандық прокуратураларында халық тергеушісі қызметін 1955 ж. сәуір айына дейін атқарған. Ал, Бисенбай Хабиев - Кеңес Одағының батыры Ә.Молдағұлованың нағашы ағасы - облыстық прокурордың көмекшілік қызметінен армияға 1941 жылы алынып, 1946 жылға дейін әскери тергеуші, әскери прокурордың жәрдемшісі болып, заңгерлік міндетін үлкен абыроймен орындап келіп, Ақтөбе облысы  прокуратурасынан зейнеттік демалысқа кеткенше, зандылықты бақылауға өзіндік еңбегі сіңген қызметкер.

1941 жылдың қыркүйек айында Ақтөбе облысы прокуроры Федоров Алексей Андреевич әскер қатарына шақырылуына байланысты прокурорлық міндетінен босатылған. Бірақ одан кейінгі оның өмірі туралы ешқандай мағлұмат жоқ.

Отан соғысына қатысқан және еңбек ардагерлерінің әрқайсысының заңдылықты бақылау және қылмысқа қарсы күреске қосқан үлестері өз алдына естелік ретінде жазылып, Ақтөбе облысы прокуратурасы мұражайында өз орындарын тауып, олардың қызық та қиын  өмір жолдары кейінгі жастарға үлгі болуда.

Ұлы Отан соғысына қатысып, одан соң еңбек майданының да үздігі атанып, облыс прокуратурасының тарихында мәңгі қалған ардагерлеріміз бен қызметкерлерімізді ерекше мақтан тұтуға тиістіміз. Олардың қатарында: Құсайынов Үмбет Хасанұлы, Луценко Василий Иванович, Жанпейісов Маден, Сабырғалиев Нұрым Сабырғалиұлы, Еспанов Маханбет-Әли, Нұрмағанбетов Жандулла Нұрмағанбетұлы, Сұлтанғалиев Сәлімжан Сұлтанғалиұлы, Өмірбаев Омаш Өмірбайұлы, Құрманғалиев Рахметолла Құрманғалиұлы сияқты  ұмытуға болмайтын аяулы азаматтарымыз бар.

Биылғы Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекесінде Ұлы Отан соғысының ардагері болып мәңгіге қалған  Генерал Ө.Сейітовке Ақтөбе қаласынан  көшенің аты берілсе, Ақтөбе облыстық прокуратурасының ардагерлері, соғыс ардагерлері, генерал М.Құсайынов пен  соғыс ардагері М. Еспановқа да  ескерткіш тақта орнатылып, сұрапыл соғысқа қатысып, Отаны мен елін, жерін қорғаған аға ұрпақ өкілдерінің алдында тағы да тағзым еттік. Біз оларды ешқашан, ешуақытта ұмытпаймыз!

 

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.