You are here

МЫҢ ТАҒЗЫМ САҒАН, СОҒЫСТЫҢ ҚАЙСАР СОЛДАТЫ

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

 Ибраһим Иманов,
Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры,
 3-ші сыныпты Мемлекеттік әділет кеңесшісі.

МЫҢ ТАҒЗЫМ САҒАН, СОҒЫСТЫҢ ҚАЙСАР СОЛДАТЫ

Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасында қалыптасқан жақсы салт-дәстүр бар. Ол – аға ұрпақ өкілі мен бүгінгі ұрпақтың сабақтастығы. Кешегі күндері прокуратура органдарында заңдылық пен әділдіктің орнауына елеулі үлес қосқан ақсақалдарымыз қазіргі таңда сол үрдісті жалғастырып келе жатқан ұрпақ алдында әрқашанда сый-құрметке ие.

Прокуратура тарихында Ұлы Отан Соғысы жылдары ерекше орынға ие. Осы жылдары мемлекет қатаң әскери жағдайға көшті. Ұлы Отан соғысы жылдарында прокурорлық - тергеу кадрлары Отанды қорғау ісінде өшпес ерліктің өнегесін көрсетті.

Соғыс басталғаннан кейін 1942 жылдың тамыз айында қазақстандық 885 прокуратура қызметкерлерінің 411-і Қарулы Күштер қатарына шақырылып, соғысқа кетті. Көптеген прокурорлар мен тергеушілер бостандық пен мемлекетіміздің тәуелсіздігі үшін өз өмірлерін қиды. Ал, Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап өз еркімен майданға аттанған қаншама прокурорлар өз қызметіне оралмады. Ал туған отанын қорғап, соғыстан аман-есен елге қайтып, өз ісін қайта жалғастырған облысымыздың сол кездегі жас азаматтары Ә.Есжанов, Ә.Файзиев, Ә.Битасов, Ә.Көптаев, С.Богулей, И.Карпов, К.Тұрсынбеков, А.Сахов, Д.Төлегенов, Ш.Абдуллаевтар көп жылдар прокуратура органынан қол үзген жоқ.

Ұлы Отан соғысындағы біздің әкелеріміз бен аналарымыздың қан майдандағы, тылдағы жанқиярлық еңбектері өнеге болып тарап, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатыр.Соғыстан кейінгі бейбіт өмірде де ол кісілер жанқиярлықпен еңбек етті. Заңдылықтың сақталуы жолында бар күш-жігерлерін аяған  жоқ. Осы сәтті, пайдалана отырып, мен сондай кісілердің бірқатарына тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын. Өйткені, бұл ағаларымыз кеудесіндегі соғыс салған жарақатқа қарамастан, елдегі ауыр тіршілікке араласып кетті.

Айталық, Қазақ КСР прокуратурасын 18 жыл басқарған Өтеген Сейітұлы Сейітов 1941–1945 жылдары Румыния, Болгария, Югославия, Австрия, Венгрияны азат етуге қатысты. Жеңісті Вена қаласында қарсы алды. Ал бейбіт өмірдегі еңбек жолын Өтеген Сейітұлы Оңтүстік Қазақстан облысының Келес аудандық прокуратурасында халық тергеушілігінен бастаған. Бұл 1945 жылдың желтоқсан айы еді. Содан небәрі 2 ай ғана бұрын армия қатарынан босаған 22-дегі жас жігіт жеті жыл Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасында жемісті еңбек етті, өмір мектебінен өтті. Үлкен өмірге – бұдан кейінгі абыройлы да, аса жауапты қызметке жолдаманы осы біздің оңтүстік өңірінен алды. Бұл біз үшін мақтаныш.

2009 жылы 101 жасқа толған шағында дүниеден өткен ардақты генералымыз Нұрғали Смағұлов ағамыз 1956-1959 жылдары біздің Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры болып қызмет істеген. «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы ерен ерлігі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған Нұрғали Балдықбайұлы елімізге аты белгілі көптеген заңгерлерді тәрбиелеп шығарғанын біз әрдайым еске түсіріп отырамыз.

Ұлы Отан соғысының ардагерлері Досмахамбет Төлегеновтің, Әзімхан Файзиевтің, Әнуарбек Битасовтың, Әкімхары Есжановтың, Байзақ Есжановтың, Шәмші Абдуллаевтың, Василий Карпович Поданевтің, Әбдіхайым Көптаевтың, Арысбай Саховтың, Сағымбек Кенжебаевтың ерлік істері ешқашан ұмытылмақ емес.

1941 жылдың 7 қарашасындағы әскери шеру Қызыл Алаңды ғана емес, бүкіл майдан даласын дүр сілкінткені мәлім. Өйткені шеруге қатысқан еріктілер мен арнайы құрамалар бірден ұрыс даласына аттанған еді. Сол мыңдаған батырлардың арасында Әзімхан Файзиев ағамыз да бар болатын. Соғыстан кейін Ә.Файзиев прокуратура органдарында ұзақ жыл қызмет істеді. Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының бөлім бастығы дәрежесіне дейін көтеріліп, аға әділет кеңесшісі шенінде зейнет демалысына шықты.

Соғыс басталған жылы 18-ге енді толған Досмахамбет Төлегенов ағамыз 1942 жылы майданға алынады. Үш жыл өлім мен өмірдің ортасында жүріп «Қызыл Жұлдыз», екі мәрте «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған Д. Төлегенов 1945 жылғы Қызыл Алаңдағы Жеңіс шеруіне қатысқан. Досекең ақсақал өзінің бейбіт өмірдегі еңбек жолын 1948 жылы аудандық прокуратурада тергеуші болып бастаған. Одан кейін аудан прокуроры, облыстық прокуратураның бөлім меңгерушісі болып ұзақ жылдар еңбек етті. Жеті баладан немере, шөберелер сүйген Досмаханбет Төлегенов 1986 жылдан бастап зейнет демалысына шыққан. Алайда «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпес» дегендей Досмаханбет аға тәуелсіз еліміздің жас заңгерлеріне ақыл-кеңесін беруден жалыққан емес еді. Ұлы Жеңістің 65-жылдығын тойлағанда арамызда болған Досмаханбет аға да бұл күні дүниеден озды. Ағамыздың есімі мәңгілік есімізде сақталады.

Өзінің жастық жалынын майдан даласында өткізген Байзақ Есжанов 1-ші Беларусь майданына қарасты 16 атты әскер дивизиясында жүріп ондаған күрделі операцияларға қатысады. Сондай шешуші айқастың бірінде Б.Есжанов басқаратын 3-ші эскадрон құрамасы ерекше көзге түседі. Олар бұл жолы Н нүктесіндегі жау бекінісін бұзып өтіп, аса қуатты оқ-дәрі қоймасын жарып жіберген еді. Осы ұрыста көрсеткен ерлігі үшін Б.Есжановқа ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордені тапсырылады. Соғыстан кейін Байзақ ағаның Жамбыл облысының Қордай, Шу аудандық прокуратураларында ұзақ жыдар бойы жемісті еңбек еткенін жақсы білеміз.

Прокуратура саласында ұзақ жылдар еңбек еткен Әкімқары Есжановтың да ерлік істері кейінгі ұрпаққа өнеге болып тарады. Тек қана бір ұрыстың өзінде ол басқаратын взвод үш танкты, жүздеген жаяу әскерді жойып жібереді. Саптағы жауынгерлер опат болғанымен, жау бекіністі ала алмайды. Ә. Есжановтың өзі осы ұрыста ауыр жарақат алып, Томскідегі госпитальға жөнелтіледі. Алайда, жаужүрек батырдың еңбегі елеусіз қалмайды. Арада төрт ай өткенде барып «Даңқ» ордені ерліктің куәсіндей болып госпитальда жатқан батырдың кеудесіне тағылады. Есжанов Әкімхары ағамыз 4 ұл-қыз тәрбиелеген.

Айта берсек мұндай ерлік істер, әрине, көп. Кешегі қан майданның куәгерлері бүгінгі бейбіт өмірде де аянбай еңбек етті. Ұрпақ өсірді. Үлгі-өнеге бола білді. Өкінішке орай, олардың қатары күннен-күнге сиреп барады. Әкімхары, Байзақ ағаларымызбен көрісіп, амандығын, денсаулығын сұрап жүргеніміз кеше ғана сияқты еді. Қазір бұл батыр ағаларымыз да дүниеден озды.

Осы соңғы кезге дейін Ұлы Отан соғысының көзі тірі ақсақал-ардагеріміз Абдуллаев Шәмші ағамыз еді. Ол кісіні әр жылы 9 Мамыр Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, ерекше көңіл бөліп отыратынбыз. Өкінішке орай, бұл ағамыздан да өткен жылы қараша айында айырылып қалдық. Шәмші ағаға  2006 жылы прокуратура күніне орай облыс прокурорының ұсынысы негізінде ҚР Бас Прокурорының бұйрығымен “Аға әділет кеңесшісі” шені берілген болатын.

Бүгінгі Отырар ауданының түлегі Шәмші аға Абдуллаев майдандағы ерлік істері үшін ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен және басқа да көптеген марапаттарға ие болған. Прокуратура органдарында 1946 жылдан бастап тергеуші, прокурордың көмекшісі болып, жемісті жұмыстар атқарды. 1984 жылы зейнет демалысына шықты. Шәмші аға жастардың тәлімгері болды. Кешегі алапат майданның көкірегі шежіреге толы тағы бір куәгерінен Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында көз жазып қалып отырмыз.

Қазіргі таңда, жергілікті қала, аудан прокуратураларына тапсырмалар беріліп, ардагерлердің тұрмыс-жағдайынан хабардар болып отыруға айрықша көңіл бөлінген.

Прокуратура органдарында ұзақ жылдар адал да абыройлы еңбек еткен Ұлы Отан соғысының ардагерлері прокуратурадан қол үзіп кетпей, жас буын прокурорлардың жақсы заңгер болып қалыптасуына өз үлестерін қосып келді.

Ағаларымыздың өскелең ұрпаққа айтар өсиеті мен берер тәрбиесі мол деп білеміз. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерен еңбегін әрқашан жадымызда сақтап, ардақтай білу біздің парызымыз деп есептейміз.

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.