You are here

Менің атамның екі соғысқа қатысып... Жеңіс күнін жақындатқаны туралы

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Елбасымыздың «Нұрлы жол – болашаққа бастау жол» атты жолдауында «2015 жыл - ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы» деп атап өткен болатын. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын осы Жолдауда ерекше атап өткен болатын.

Ұлы Жеңіс! Осы күнді жақындатқан, қаратүнек фашизмге қарсы жан аямай күрескен әрбір жауынгерге қарыздармыз.

Сұрапыл сұм соғыста отан үшін неміс фашистерімен күресіп, от пен су кешкен жауынгерлер қатары таудан тамған тамшыдай сиреп барады. Сол майданнан аман-есен оралып, бейбіт күнге араласып, үлгілі өмірлік із қалдырған, беріректе бақилық болған соғыс батырларын да ұмытпау – біз, кейінгі қалған ұрпақтары үшін парыз! Сондай үлгілі жауынгердің бірі менің атам Сақыпбеков Бегалы. 

Менің атамның екі соғысқа қатысып...

Жеңіс күнін жақындатқаны туралы

 

Менің атам - Сақыпбеков Бегалы 1915 жылы сол кездегі Қарағанды облысы аумағындағы Түгіскен ауылында құрылған Сарысу ауданында туған. Кейіннен ашаршылық жылдары елдің көшіп келіп орналасқан жері, қазіргі Жамбыл облысы Сарысу ауданы Байқадам елді мекені және сол аймаққа қарасты ауылдар болып табылған.

Атам сауатсыздықты жою мектебінде еңбек етіп жүрген уақытында 1939 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауданы әскери комиссариатымен шақыртылып, әскерге алынған. Алғашқы әскери дайындығын 1939 жылы «Уфа қаласындағы кіші командирлер даярлайтын училище» курсанттары қатарында өткізген.

Ал, 1939–1940 жылдарда Кеңес-Фин соғысына аталған үчилище курсанттары қатарында 4-екпінді әскерге қарасты 254-арнайы шаңғышылар бригадасының құрамында қатысқан.

Содан кейін, неміс фашистеріне қарсы Ұлы Отан соғысының алғашқы кезеңдерінде сол бригаданың құрамында Смоленск облысы Понизенский ауданы Веложей қаласының Батыс жағындағы кескілескен ұрыста, ақ қар, көк мұзда, қалың орман ішінде атам бірінші мәрте оң қолынан жараланып, госпитальге түскен.

Госпитальден шыққаннан кейін алғашқы әскери құрамасынан ауысқан. 10.06.1942 жылдан 15.12.1942 жылға дейін 3-екпінді әскерге қарасты 69-мотоциклистерден құралған өздігінен қозғалатын арнайы бригадада атқыштар взводының командирі болып жүріп, Сталинград облысы Крышева деревнясын азат ету кезіндегі шабуылда  арқасынан және бетінен екінші мәрте жараланған жәнесол жылдың тамыз айында Смоленск облысы Витебск ауданының Харитонова деревнясын неміс фашистері әскерінен босатуда контузия алып, далалық госпитальде ұзақ емделіп шыққан.

Атам алған жарақаттарынан сауыққан соң, бұл жолы да әскери құрамасынан ауысып, 12.02.1943 жылдан 29.05.1943 жылға дейін 32-атқыштар дивизиясының 117-атқыштар полкінің құрамындағы бөлімде атқыштар взводының командирі кезінде Великие Луки қаласын неміс фашистері әскерінен қорғауда жамбасынан бірнешеленген жарақат алып, емделуге мәжбүр болған.

28-Гвардейский Невель атқыштар дивизиясының құрамындағы барлау взводының  командирі  болып жүрген кезінде Полецк қаласының маңында Белоус деревнясынан «жанды тіл әкелу» тапсырмасын орындау кезінде автоматтың оғынан және оң жамбасқа пышақ қадалудан ауыр жараланған. Красноярск қаласындағы №983 әскери госпитальде емделіп шыққан соң, аға лейтенант шенінде менің атам 2 топтағы соғыс мүгедегі болып елге оралған.

Атам өзінің барлық марапаттаулары туралы толық мағлұматтардан,соғыста алған жарақаттары салдарынан,бейқабар болған екен. Тек, «Қызыл жұлдыз» орденімен «За Отвагу» және «Германияны жеңгендігі» туралы медальдарын төсіне тағып жүргендігі туралы әкем - Сақыпбеков Жұмабектен білдім.

1980 жылы «Жеңістің 35 жылдық» мерекесіне орай, жергілікті журналист Ә.Әлменовтың «Білікті барлаушы» атты атам туралы үлкен мақаласы Сарысу аудандық «Октябрь таңы» газетінде жарық көрген.

Сонымен қоса, атамның ерлігі туралы «Сарысу» газетінде 07.05.2005 жылы Ұлы жеңістің 60 жылдығына арналған 37-ші нөмірінде «Екі соғысқа қатысып жеңіс күнін жақындатқан майдангер» атты, ал 2007 жылдың 8 және 12 қыркүйектеріндегі Сарысу ауданы білім саласының 80 жылдығы қарсаңында 80,81-ші нөмірлерінде Б.Нұрмахановтың «Өнеге өрісі» атты мақалалары шықты.

Бұдан тысқары, атам туралы Жамбыл облыстық «Арстан» газетінің 17.04.2015 жылғы №14 (341) санында «Бес рет жараланып, үш мәрте контозия алған майдангер, бейбіт өмірде ұстаздығымен де танылған» және «Сарысу» газетінің 18.04.2015 жылғы №40-41 сандарында «Отан үшін от кешкен аға» атты мақалар жарияланды.

Енді міне Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің «Халықтар Ерлігі» Жалпыға бірдей электронды құжаттар банкінде (сайт http://podvignaroda.mil.ru) «Сакипбеков Бегалы», кейбір сәттерде «Сакыпбеков Бегалы», соңғы әскери дәрежесі «аға лейтенант» бірнеше орден және медальдармен наградталғаны анықталды.

Қазіргі таңда, біздің отбасымыздың мұрағатында атамның «Қызыл ту», «2-дәрежелі Ұлы Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендері және «За Отвагу», «За победу над Германией», «30 лет победы в Великой Отечественной Войне 1941-1945 гг.», «50 лет Воруженных сил СССР», «60 лет Воруженных сил СССР», «За Доблестный труд. В ознаменование 100-летия со дня рождения Владимира Ильича Ленина» медальдарының куәліктері, сонымен қатар, соғыс кезінде әскери бөлімдердің командирлері тарапынан атамның соғыстағы ерліктері туралы қысқаша баяндаулары жазылған марапаттау парақтарымен олардың көшірмелері бірге сақталған.

Менің атамның Ұлы Отан соғысынан кейінгі еңбек жолдары

 

Атам соғыстан кейінгі бейбітшілік заманда, өзінің мүгедектігіне қарамастан ауданның білім саласында 30 жылдай еңбек еткен. «Уфа кіші командирлер даярлайтын училищеден» алған әскери білімінен бөлек, «Абай атындағы педагогикалық училищені», Алматы Мемлекеттік педагогикалық институтын оқып «қазақ тілімен әдебиеті» мамандығы бойынша бітірген.

1936-1938 жылдары аудандағы сауатсыздықты жою мектебінде, 1946 жылы Сарысу аудандық сауда бөлімінің меңгерушісі ретінде қызмет атқарған.

1952-1960 жылдары Жайлаукөл ауылындағы «Жданов» (кейінгі атауы «Жайлаукөл орта мектебі») атындағы жеті жылдық мектепте директорлық қызметте болып, 1952 жылы мектепті өзінің бастамасымен бастауыш мектеп негізінен жеті жылдық мектеп сатысына көшіріп, онда мектеп жанындағы 50 балалық интернатта малшылардың балаларын оқытқан. 

Осы шалғайдағы мектепке мұғалімдермен толықтыру мақсатында 1952-1953 жылдары Сарысу ауданының орталығы Байқадам ауылынан, атамның деректері бойынша Мекенов Құрақ, Майшин Шәріпбек, Аязбаев Жәнібек, Қожаниязов Мұқантай, Қожаниязова Күләш және Жамбыл қаласындағы педагогикалық училищесінің түлектері Егорова мен Пушкина текті азаматшаларды шақырту арқылы мектепке орналастырып, жергілікті азамат Жамбылбеков Әзімханды жаңадан ұстаздыққа қабылдаған. Кейін уақытта Ә.Жамбылбеков сол мектепте ұзақ жылдар бойы басшы болып қызмет еткен. 1960-1966 жылдары Сарысу ауданы сол кездегі «Бүркітті» кентіндегі (казіргі - Жаңатас қаласы) «Бүркітті жеті жылдық мектепте» директор және ұстаз қызметтерінде болып, ол мектепті «жеті жылдық» етіп, ауыстыруға атам күш салған.

 

 

1966-1970 жыдары Сарысу ауданындағы «Көкдала» елді мекеніндегі «Жайылма сегіз жылдық мектебінде» директор болып қызмет атқарған. Ол мектептіде атам «бастауыш мектеп» негізінен «сегіз жылдық» мектеп етіп ұлғайтып, өзі ашқан. Мектеп жанындағы 50 балалық интернатта Сарысу ауданының сол кездегі «Жайылма», «Коммунар», «Түркістан», «Жаңатас» совхоздарының «Талас» өзені бойындағы малшылардың балалары оқытылған.

1970 жылы атам Сақыпбеков Бегалы Ұлы Отан соғысының ардагері және мүгедегі ретінде сол кездегі заңдылықтарға сәйкес 55 жасында еңбек демалысына шыққан.

Зейнетке шыққаннан кейінде мектептегі ұстаздық қызметінен қол үзбей 1975 жылға дейін «Жайылма сегіз жылдық мектебінде» мұғалім ретінде еңбек етті.

 

 

 

 

Әжем Абильдина Күлбағдат Бимендеқызы - Ақмола облысы Қорғалжын ауданының тумасы, Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері, 35 жыл математика пәнінің мұғалімі болып атаммен бірге қызмет атқарған.

Менің әжем, 1928 жылы әкесі Абильдин Бименде «кәмпескеге» іліккен соң, Ресейдің әртүрлі қалаларында болып, 1940 жылы Жамбыл облысындағы нағашы жұртына келіп тұрақтаған. 1941 жылы Жамбыл педагогикалық орта оқуын оқыған. 1944 жылы Сарысу ауданы Чапаев колхозындағы Ленин атындағы орта мектепте бірге қызмет ете жүріп, атам екеуі отандасып жанұя құрған. Өнегелі өмірлері ұстаздықпен өткен Бегалы атаммен Күлбағдат әжемнің отбасылық 37 өмірлік жылында 6 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, мұраттарына жеткен. Бүгінгі өмірде жоқ болсада сондарында із қалдырған ардақты жаңдардан 23 немере, 50 шөбере, 6 немене өмірлерін жалғастырып жатыр. Ұрпақтарының ішінде атқа мініп, мемлекеттік қызмет тізгінін ұстап жүрген ұлдары мен немелері де баршылық. Солардың бірі, мен – немере қызы Сақыпбекова Сандуғаш Жұмабекқызы, бүгінде атамның жолымен орта, жоғарғы білім ордаларын үздік бітірген соң, білім және қаржы салаларында еңбектеніп, қазіргі таңда, Жамбыл облысы прокуратурасы органдарында 5-ші жыл нәтижелі қызмет етіп келемін.

Қорытынды

 

Иә, тақырыптық жұмысымды жасау барысында атамның өмірінде орын алған сан қилы ер жүректілік көрсеткен оқиғаларының бейнелері алдымнан ашылды. «Қызығынан- қиындығы» басым өмірі де көз алдыма елестеді.

«Ер есімі - ел есінде мәңгі сақталады» дегендей, болашағымыз үшін қасық қандары қалғанша күресіп, халыққа жеңіс сыйлаған ата-бабаларымызды естен шығармай ұлықтау біздің міндет.

Бұл жеңістің басты себебі, әрине, халқымыздың Отанға деген сүйіспеншілігі, қайтпас қайсар ерлігі, сын сағаттағы отаншылдық қасиеті. Екіншіден, ортақ жауға қарсы күрестегі көп ұлтты КСРО халықтарының ынтымағы мен достығы екені сөзсіз.

Қанша жылдар өтседе, бұл соғыста ерлікпен қаза тапқан, елге қайта оралған әрбір батырларымыздың аты тарих төрінен орын алды және мәңгі жеңіс алауын сөндірмей, Отан үшін от кешкендерді әрқашанда жүрегімізде сақтаймыз. Сол Батырлардың арасында менің атам - Сақыпбеков Бегалының аты да өзінің елеулі орнын тапты.

Менің атамның Кеңес-Фин және Ұлы Отан соғыстарындағы, сонымен қатар, кейінгі бейбітшілік өмірде елімен Отанына сіңірген ерең еңбектері орны толмас асыл қазына.

Сол себептен мен Батыр атамды және осындай асылдан туған ұрпақ екенімді әрдайым мақтан тұтамын!

Сонымен қатар, өткен ғасырдағы қиын-қыстау заманда, елі, жері, Отаны үшін еріңбей еңбек етіп, мандай терлерін төккен ер жүрек Батыр ата-баба рухтарына құрмет пен тағзым етемін! 

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.