You are here

Біз жеңімпаздардың ұрпағымыз. Соғыстан оралмаған солдат тағдыры туралы

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Екінші дүниежүзілік соғыс адамазат тарихында бұрын-соңды болмаған қантөгіс, қайғы-қасірет және миллиондаған адамдардың қазасын әкелді.

1941 жылдың маусым айында Германия СССР-ға  соғыс жариялауымен Ұлы Отан соғысы басталып кетті, мыңдаған Кеңес Одағының азаматтары қан майданға аттана бастады.

Сол кездегі Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстаннан да көптеген жауынгерлер майданға аттанды. Олардың тағдырлары әр-түрлі  болғаны бізге белгілі, біреулері соғыста қаза тапса, біреулер қолға түсіп, жаудың әскери тұтқындар лагерлерінде тағдыр кешті, қанша мыңдаған адамдар мүгедек болып, соғыстан оралды, ал кейбіреулері соғыстан оралмаған, тағдыры белгісіз – белгісіз солдат болып қала берді.  Бүгінгі  әңгіме сол  белгісіз кеткен мыңдаған солдаттардың бірі туралы. Олар не соғыста құрбан болғандардың қатарында, не тірілердің қатарында жоқ. Ең  ауыр тағдырдың бірі осы.

Себебі, артында қалған ата-анасы, зайыбы, балалары, бауырлары және туысқандары қанша іздеу салса да, ешбір хабар жоқ.

Ұлы Отан соғысы жауынгерлерінің бірі Нұрмахан Исмағұловқа (Смағұлов) осындай тағдыр жазылған екен.

Оның кадр есебі жөніндегі жеке іс-парағында келесі мәліметтер жазылған: 1908 жылы Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында туылған. Әкесі Смағұл – кедей-шаруа. Үш інісі бар: Ермахан, Қали және Есмахан Смағұловтар.

1922-1926 ж.ж. байдың жалдамалы жұмысшысы. 1926-1928ж.ж. Орынбор қаласындағы «жасөспірімдер» мектебінде  оқыған. 1928-1931ж.ж. Орынбор қаласындағы «Жұмысшылар факультетінде» студент. 1931-1932ж.ж. Наркоматтың Еңбек экономикасы бойынша бөлімінің жетекшісі (Алматы). 1932  жылдан бастап ВКП(б) партиясының  мүшесі. 1932-1933ж.ж. Мәскеудегі Автожол Институтында оқыған, бірақ анасының ауыруына байланысты оқуын тастап кетіп, ауылына оралған. Тұрмыстың тауқыметі Нұрмаханға сырттан оқуға да мүмкіндік бермеген. 1933-1934ж.ж. Алматы облысының Коғалы ауданында «Мирзоян» атындағы шаруашылық директорының орынбасары. 1935-1936ж.ж. Қарағанды облысындағы Тельман селосында орналасқан «Исаев» атындағы сүт совхозы директорының орынбасары. Содан соң Алматы қаласындағы совхоз директорлары курсының курсанты (Осы мәліметтер оның  өз қолымен жазылған).

Алматы қаласы Сталин атындағы аудандық партия комитетінің жолдауымен 1939 жылдың қараша айынан бастап Қазақ ССР Прокурорының көмекшісі лауазымына тағайындалған, кейін прокурорлық қадағалаудың бірнеше саласында қызмет атқарған.

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мұрағатындағы материалдарға сүйенсек, ол 1939-1942 жылдары ҚазССР прокуратурасында прокурорлық қадағалаудың әр саласында жауапты қызметтер атқарған. 1942 жылдың мамырында Алматы қаласындағы республикалық прокуратурада бөлім прокуроры болып жұмыс жасап жүрген кезінде Смағұлов Нұрмахан Қызыл Армия қатарына шақырылып, майданға аттанған (17.06.1942 ж. ҚССР Прокуроры И. Барановтың № 197 бұйрығы). Содан соң үйіне бір-екі хат жазған. Хатта ол қысқаша ғана өзінің майданға бара жатқандығы туралы хабар берген. Сонымен хабар үзілген.

Сол кеткеннен 70 жылдан астам уақыт бойы хабарсыз болған солдаттардың тізімінде тұрды. «Сабыр түбі сары алтын....» - дегендей, өткен жылы ғана - Ұлы Отан соғысының 70 жылдық мерейтойы қарсаңында Ресей Қорғаныс министрлігінің сайтындағы жарияланған ақпараттардан «Рота политругі Смағұлов Нұрмахан 1942 жылдың шілде айында Смоленск қаласының түбінде неміс-басқыншыларымен болған шайқаста қаза тапқан жауынгерлердің тізімінде» көрсетіліп, оның «бауырластар зиратында» жерленген жерін хабарлаған.

Ұрпақтарының ендігі міндеті Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Қарабұтақ селосында орналасқан Ұлы Отан соғысында белгісіз кеткен жауынгерлер аллеясындағы тізімге тиісті өзгерістер енгізуге ат салысуы  қажет.

Қазақстан Республикасы Президентінің архивіндегі материалдарда Отан үшін болған шайқаста қаза болған жауынгер - Смағұлов Нұрмаханның кадр есебі жөніндегі жеке іс-парағында көрсетілген мәліметте оның үш інісінің бар екендігі туралы ақпарат жазылған.

Енді олардың тағдыры турала қысқаша айта кетейік. Смагұлов Ермахан мен Смағұлов Қали ағасының артынша Қызыл Армия қатарында майданға жас кезінен алынған, үйіне суреттерін қоса бірнеше рет қана хат жазған олар да осы кезге дейін хабарсыз кеткен белгісіз жауынгерлердің тізімінде әлі күнге дейін тұр. Отбасын құрып үлгермеген, үйленбеген, сондықтан екі бауырынан да ұрпақ қалған жоқ.

Сонымен, тағдыры трагедияға айналған жауынгер Смағұлов Нурмаханның Алматы қаласында қалған зайыбы мен сәби қызы да тұрмыс қиындығынан азап шегіп, ауыру себептерінен көз жұмған.

Ал, Нұрмаханның үшінші, жалғыз қалған ең кіші інісі - Смағұлов Есмахан 1933 жылы туылған, ағалары соғыста, әкесі ерте қайтыс болғандықтан балалар үйінде тәрбиеленген. Ол Алматы қаласындағы Ауыл шаруашылық институтының гидромелиорация факультетін 1957 жылы бітіріп, 40 жылдан аса уақыт бой мамандығы бойынша қызмет жасады. Зайыбы Ботабайқызы Бағи екеуі Ақтөбе облысының Қарабұтақ ауданында тұрып, 8 бала тәрбиелеп өсірді. Өзі 2014 жылдың  желтоқсан айында 81 жасында дүние салды.

Дүниеден өтерден бір жыл бұрын ғана соғыста белгісіз кеткен ағасы Смағұлов Нұрмаханның 1942 жылдың шілде айында Смоленск қаласының түбінде неміс-басқыншыларымен болған шайқаста қаза тапқанын естіп, көзіне жас алды. Сол шайқаста қаза тапқан жауынгерлермен бірге «бауырластар зиратында» жерленгеніне көз жеткізді.

Отан үшін болған соғыста шаһид болған Нұрмахан ағасына арнап құран бағышталды және биыл Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы өткен соң, Есмахан атаның аманаты бойынша Смоленск қаласының түбінде неміс-басқыншыларымен болған шайқаста қаза тапқан жауынгер Нұрмахан жатқан «бауырластар зиратына»  барып, зиярат жасау жоспарланды.

2014 жылы 9 мамыр Жеңіс мейрамы қарсыңында Ақтөбе  облысы Қарабұтақ поселкасындағы өзі салып 43 жыл тұрған үйдің ауласына 1945 жылғы Жеңіс мейрамының құрметіне Алматы қаласында  тұратын балалары арқылы 45 түп (алма, алмұрт, өрік, шие т.с.с) жеміс ағаштарын арнайы алдыртуды тапсырды. Сөз жоқ, құрметті әкеміз Есмаханның тапсырмасы бұлжытпай орындалды. Жеміс ағаштары белгіленген уақытта жеткізілді.

 Осылай, Есмахан ата құран бағыштап, ырымдап 45 түп жеміс ағаштарын өз қолымен отырғызып, балалары мен немерелеріне оларды әрі қарай өсіруді аманат етті. Қазір Есмахан ата отырғызған жеміс ағаштары құлпырып өсіп тұр. Олар жайқалып, жеңіс пен бейбітшіліктің биін билеген сыңай білдіреді.

Балалары: Үлкен қызы - Алия кәсіпкер, Алматы қаласында тұрады, ұлы Серік – Ақтөбе облысы Ойыл ауданы ІІБ бастығы қызметінен зейнеткерлікке шыққан, полиция подполковнигі, Ақтөбе қаласында тұрады, ұлы Дәулет – 2014 жылы қайтыс болды, ұлы Мұрат – кәсіпкер, Алматы қаласында тұрады, қызы Айжан – криминалист, полиция майоры, Алматы қаласында тұрады, қызы Бақытгүл – кәсіпкер, Алматы қаласында тұрады, баласының кенжесі Болат – қаржыгер, шетел фирмасында қаржы директоры, Алматы қаласында тұрады.  

Ұлы Отан соғысының бар ауыртпашылығын көтеріп, Ұлы Жеңісті бізге алып берген аталарымыздың тарихынан дерек беруді өзімнің азаматтық борышым деп ұғына отырып, жоғарыдағы барлық мұрағаттар мен ақпараттық құжаттарды осы шығармаға жаратуды мақсат еттім.

 

Талдықбай Есмаханов,
аға әділет кеңесшісі,
PhD докторы 

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.