You are here

«Қазақстан Республикасының прокуратура органдарында, ведомстволары мен мекемелерінде лауазымдарға орналасу үшін конкурс пен тағылымдама өткізу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2014 жылғы 4 мамырдағы №40 бұйрығына өзгерістер

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Бас Прокурорының 25.02.2016 № 36 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

«Құқық қорғау органдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 2-тармағын іске асыру мақсатында, «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 4) тармақшасын басшылыққа алып, БҰЙЫРАМЫН:

1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының прокуратура органдарында, ведомстволары мен мекемелерінде лауазымдарға орналасу үшін конкурс пен тағылымдама өткізу ережесі бекітілсін.

2. «Қазақстан Республикасының прокуратура органдарында, ведомстволары мен мекемелерінде лауазымдарға орналасу үшін конкурс пен тағылымдама өткізу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2013 жылғы 28 тамыздағы № 89 бұйрығының күші жойылды деп танылсын (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8781 тіркелген, «Егемен Қазақстан» газетінде № 247 (28186) 2013 жылғы 6 қарашада жарияланған).

3. Кадр жұмысы департаментінің бастығы осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізуге шаралар қабылдасын.

4. Осы бұйрықпен Қазақстан Республикасы прокуратура органдары, ведомстволары мен мекемелерінің барлық қызметкерлері таныстырылсын.

5. Бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Кадр жұмысы департаментіне жүктелсін.

6. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

Қазақстан Республикасының
Бас Прокуроры
А.Дауылбаев

«КЕЛІСІЛДІ»
   Қазақстан Республикасының
      Мемлекеттік қызмет істері
      агенттігінің Төрағасы
      ______________ А.Байменов
      2014 жылғы 27 маусым

  Қазақстан Республикасы
 Бас Прокурорының
 2014 жылғы 4 мамырдағы
№ 40 бұйрығымен бекітілген

Қазақстан Республикасының прокуратура органдарында, ведомстволары мен мекемелерінде лауазымдарға орналасу үшін конкурс пен тағылымдама өткізу ережесі

1. Жалпы ережелер

1. Осы Қазақстан Республикасының прокуратура органдарында, ведомстволары мен мекемелерінде лауазымдарға орналасу үшін конкурс пен тағылымдама өткізу ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Құқық қорғау қызметі туралы» 2011 жылғы 6 қаңтардағы (бұдан әрі - «Құқық қорғау  қызметі туралы» Заң), «Прокуратура туралы» 1995 жылғы 21 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының заңдарына және құқық қорғау қызметі саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес әзірленді.

2. Прокуратура органдарына, ведомстволары мен мекемелеріне (бұдан әрі – прокуратура органдары) конкурстық негізде қызметке кіру бос лауазымдарға осы Ережелерге 1-қосымшаға сай Конкурстық негізде орналастырылатын лауазымдар тізбесіне (бұдан әрі – Тізбе) сәйкес жүзеге асырылады.

3. Конкурс:
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры тағайындауды жүзеге асыратын бос лауазымдарға Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасымен (бұдан әрі – Бас прокуратура);
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетімен (бұдан әрі - ҚСжАЕК) ҚСжАЕК-нің Төрағасымен;
облыстық, Астана, Алматы қалаларының прокуратуралары, Бас көлік прокуратурасы, ҚСжАЕК-нің аумақтық бөлімшелерімен - тиісті уәкілетті басшыларымен;
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясымен (бұдан әрі - Құқық қорғау органдары академиясы) - Құқық қорғау органдары академиясының ректорымен.
Конкурс құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, конкурстан тыс қызметке қабылдануға құқығы бар адамдардың, бос орынға орналасуға резервке енгізілген кандидаттардың қатарынан өздерінің жеке, моральдық, іскерлік, кәсіби қасиеттері бос орынға орналастыруға сәйкес келетін кандидаттар болмаған жағдайда жарияланады.
Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Бас Прокурорының 25.02.2016 № 36 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

4. Азаматтар іріктеуге және конкурсқа қатысу шығыстары (тестілеу, әңгімелесу, тағылымдама өтетiн жерге келу және қайту, тұрғын үй-жай жалдау, тұру, байланыс қызметiнiң барлық түрлерiн пайдалану және басқа да шығыстар) азаматтардың өздерінің жеке қаражаттарының есебiнен жүргiзіледi.

5. Конкурс келесі құжаттардың негізінде жүргізіледі:

1) осы Ережеге 2-қосымшаға сәйкес нысандағы өтініш;
2) осы Ережеге 3-қосымшаға сәйкес нысандағы сауалнама;
3) осы Ережеге 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша (тұрғылықты тұратын мекенжайы мен телефонын, оның ішінде байланыс телефонын көрсете отырып) толтырылған кадр есебі жөніндегі жеке іс парағы;
4) жақын туыстарын, оның ішінде бұрынғы ерлі-зайыптарын көрсете отырып, осы Ережеге 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша толтырылған қолмен немесе басылып жазылған толық өмірбаяны;
5) Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың нотариалдық куәландырылған көшірмесі;
6) бiлiмi туралы құжаттардың нотариалдық куәландырылған көшiрмелерi;
7) еңбек қызметін растайтын құжаттың нотариалдық куәландырылған көшiрмесi;
8) әскери билеттің немесе әскерге шақыру учаскесiне тiркелгені туралы куәліктің көшірмесі;
9) 3х4 үлгідегі (2 дана) сурет;
10) «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес азаматтың және оның жұбайының (зайыбының) табыстары мен мүліктері туралы декларацияны тұратын жері бойынша мемлекеттiк кiрiс органына табыс еткенін растайтын құжаттар;
11) конкурсқа қатысу үшін құжаттарды өткізу кезінде жарамды, шекті мәннен төмен емес қолданыстағы заңнаманы білуге арналған компьютерлік тестілеудің нәтижелері;
12) прокуратура органдарында қызмет өткеруге жарамдылығын анықтау үшін әскери-дәрігерлік комиссиялардан медициналық және психофизиологиялық куәландырудан, сондай-ақ полиграфологиялық зерттеуден өтудің және міндетті арнайы тексеріс қорытындылары;
13) құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі органдарының соттылығы жоқтығы, сот тәртібімен соңғы бір жылдың ішінде қасақана әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін тәртіптік немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылмағаны туралы анықтама;
14) соңғы жұмыс (оқу) орнынан мінездеме.

Көрсетілген құжаттардың біреуінің болмауы оларды қараудан бас тарту үшін негіз болып табылады.

Азаматтар бiлiмiне, жұмыс тәжiрибесiне, кәсiби деңгейіне және іскерлік беделіне қатысты (бiлiктiлiгiн арттыру, ғылыми (академиялық) дәрежелер мен атақтардың берiлуi, мiнездемелер, ұсынымдар, ғылыми жарияланымдар туралы құжаттардың көшiрмелерi) қосымша ақпарат бере алады.

Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Бас Прокурорының 25.02.2016 № 36 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2. Прокуратура органдарына қызметке қабылдау кезінде конкурс өткізу

6. Прокуратура органдары конкурс өткізу үшін конкурстық комиссияны құрады.

7. Прокуратура органының басшысының немесе өкілетті басшысының бұйрығымен бекітілетін конкурстық комиссияның құрамы бес мүшеден кем болмауы тиіс.

Конкурстық комиссияның орнында жоқ мүшелерін алмастыруға тыйым салынады.

Конкурстық комиссияның хатшысы болып прокуратура органының кадр жұмысы бөлімшесінің өкілі табылады және ол оның ұйымдастырушылық жұмысын қамтамасыз етеді және дауыс беруге қатыспайды.

8. Конкурстық комиссияның құрамына прокуратура органы бөлімшелерінің басшылары, ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, кадр жұмысы жөніндегі бөлімшелердің өкілдері және өзге де қызметкерлер енгізіледі.

Конкурс жарияланған бос лауазымы бар бөлімшелердің басшылары конкурстық комиссияның жұмысына қатысу үшін шақыртылуы мүмкін, олардың пікірі ұсыныс сипатында болады.

9. Прокуратура органы басшысының не уәкілетті басшысының шешімі бойынша конкурстық комиссияның төрағасы болып оның орынбасары немесе өзге тұлға тағайындалады.

10. Конкурстық комиссия осы Ереженің 5-тармағында көрсетілген құжаттарды, соның ішінде тағылымдамадан өту нәтижелерiн қарайтын және конкурсқа қатысуға ниет білдірген азаматтармен (бұдан әрі – кандидаттар) әңгiмелесуді өткiзетiн, сондай-ақ жарияланған бос лауазымға орналасуға кандидаттарды түпкiлiктi iрiктеудi және бос лауазымға орналастырудың резервіне енгізуді жүзеге асыратын алқалы орган болып табылады.

11. Конкурстық комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер отырысқа қатысқан конкурстық комиссия мүшелерінің ішінен көпшілік дауыс берсе, ол қабылданды деп есептеледі.

Дауыстар тең болған жағдайда, конкурстық комиссия төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.

Шешім хаттама түрінде ресімделеді және оған конкурстық комиссияның төрағасы, мүшелері мен хатшысы қол қояды.

12. Конкурстық комиссияның отырысы оның құрамының кемінде үштен екі бөлiгi қатысқан жағдайда заңды деп есептеледi.

13. Бас прокуратурада, ҚСжАЕК-те, Құқық қорғау органдары академиясында, Бас көлік прокуратурасында конкурсты өткізу кезінде хабарландыру Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында жарияланады.

Прокуратура органдарының және ҚСжАЕК-тің аумақтық бөлімшелерінде конкурс өткізу туралы хабарландырулар тисті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таратылатын мерзімді басылымдарда жарияланады.

Мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жарияланғаннан кейін конкурс өткізу туралы хабарландыру Бас прокуратураның және конкурсты жариялаған прокуратура органының интернет-ресурстарына орналастырылады.

Негізгі қызметкердің бала күтіміне байланысты жалақысы сақталмайтын демалыста болу кезеңіне бос лауазымға орналастыру үшін конкурс өткізілген жағдайда мұндай шарт конкурс өткізу туралы хабарландыруда көрсетіледі.

Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Бас Прокурорының 25.02.2016 № 36 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

14. Конкурс өткiзу туралы хабарландыру мынадай мәлiметтерді:

1) прокуратура органының орналасқан жері, атауы, пошталық мекенжайлары, байланыс телефондары мен факс нөмiрлерi;
2) негiзгi функционалдық мiндеттерi, еңбек ақысының көлемi мен шарттары көрсетiлген бос лауазымдардың атауы;
3) жарияланған бос лауазымға қойылатын бiлiктiлiк талаптарына сәйкес айқындалатын кандидатқа қойылатын негiзгi талаптар;
4) құжаттарды қабылдау мерзiмi мен орнын (конкурс өткiзу туралы хабарландыру соңғы жарияланған күнінен бастап бес жұмыс күні) қамтылуы тиіс.
Хабарландыру Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына қайшы келмейтін қосымша ақпаратты қамтуы мүмкін.

15. Конкурс өткізу туралы хабарландыру жарияланғаннан кейін конкурстық рәсімдер аяқталғанға дейін жарияланған бос лауазымға тағайындауға (ауыстыруға) жол берілмейді.

16. Конкурстық комиссия кандидаттардың құжаттарын алдын ала қарауды құжаттарды қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.

17. Алдын ала қарау қорытындысы бойынша конкурстық комиссия кандидаттың жарияланған лауазымға белгіленген талаптарға сәйкестігі туралы шешім қабылдайды, немесе хаттамада көрсете отырып конкурсқа одан әрі қатыстырудан дәлелді бас тартады.

18. Жарияланған лауазымға белгіленген талаптарға сәйкес келген кезде конкурстық комиссия кандидатты әңгімелесуден өтуге жіберу туралы шешім қабылдайды.
Кандидаттарға хабар беру телефон арқылы, оның ішінде олардың электрондық мекен-жайларына хабарламалар жолдау арқылы жүзеге асырылады.

19. Конкурстық комиссия кандидаттармен әңгімелесуді олардың жеке, моралдық, іскерлік және кәсіби қасиеттерін бағалау мақсатында кандидаттың әңгімелесуге жіберілгені туралы хабарланған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өткізеді.

20. Конкурстық комиссия кандидаттың жеке, моралдық, іскерлік және кәсіби қасиеттерін бағалай отырып, жарияланған бос лауазымға қойылатын біліктілік талаптары мен функционалдық міндеттерін негізге алады.

21. Әңгімелесу әрбір кандидатпен жеке өткізіледі және техникалық жазу құралдарының көмегімен кандидатқа ескертіле отырып бекітіледі.

22. Әңгімелесудің қорытындысы бойынша конкурстық комиссия кандидатты тағылымдамадан өтуге жіберу туралы шешім қабылдайды.

23. Тағылымдама кандидаттың кәсіби жарамдылығын, практикалық машықтарын, моральдық және іскерлік қасиеттерін зерттеу мақсатында жүргізіледі.

24. Конкурс жариялаған прокуратура органының кадр жұмысы бөлімшесі тағылымдама орнын және тағылымдама басшысын белгілейді.

25. Тағылымдама өту мерзімі 10 жұмыс күнін құрайды.

26. Тағылымдамаға бақылау жасау прокуратура органының кадр жұмысы бөлімшесіне жүктеледі.

27. Тағылымада жетекшісі:

1) тағылымдаманың жеке жоспарын әзірлейді және бекітеді;
2) тағылымдамашыны оның функционалдық міндеттерімен,
прокуратура органының жұмысын ұйымдастырумен таныстырады;
3) тағылымдаманың жеке жоспарында көзделген мәселелерді зерделеу үшін қажетті әдістемелік және практикалық көмек көрсетеді;
4) тағылымдаманың жеке жоспарының уақтылы орындалуын бақылайды.

28. Тағылымдама кезеңінде прокуратура органына қызметке кандидат:

1) белгіленген мерзімде тағылымдаманың жеке жоспарында
көзделген іс-шараларды орындайды;
2) прокуратура органының күн тәртібін және тәртіпті сақтайды;
3) атқарылған жұмыстың есебін жүргізеді;
4) тағылымдама процесінде алған мәліметтерді жария етпейді;
5) өз өмірі мен денсаулығына қауіп төнуі мүмкін іс-шараларды қоспағанда, прокуратура органдары өткізетін іс-шараларға қатысады;
6) қызметтік мүлікті және техникалық құралдарды ұқыпты ұстайды;
7) киімнің іскерлік стилін ұстанады.

29. Тағылымдама мерзімі аяқталған соң кандидат өзінің жеке жоспарды орындағанын көрсете отырып жазбаша есепті дайындайды. Есепке кандидат әзірлеген және тағылымдама жетекшісі қол қойған құжаттардың жобалары қоса тіркеледі.

30. Тағылымдама жетекшісі қол қоятын мінездеме кандидаттың тағылымдамадан өткен кезеңіндегі оның теориялық білімі мен практикалық жұмыстарын бағалаудың соңғы сатысы болып табылады. Мінездемеде кандидаттың алған білімі мен практикалық дағдыларының көлемі мен деңгейі, сондай-ақ кәсіби даярлығын, іскерлік қабілетін және кандидаттың жеке-дара нақты шешім қабылдау қабілеттілігін бағалау көрсетіледі.

31. Тағылымдама жетекшісі прокуратура органының кадр жұмысының бөлімшесіне тағылымдама аяқталған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей кандидатқа қатысты мінездемені ұсынады.

32. Кандидат тағылымдама өтетін орында дәлелді себептермен (науқастануы, отбасылық және өзге де мән-жайлар) болмаған жағдайда тағылымдама мерзімі ол болмаған уақытқа, бірақ бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.

33. Кандидат:

1) осы Ережелердің 28-тармағында көзделген талаптардың біреуін бұзған;
2) тағылымдама өту орнында дәлелсіз себептермен болмаған;
3) тағылымдама өту орнында осы Ереженің 32-тармағында көзделген мерзімнен артық дәлелді себептермен болмаған жағдайларда тағылымдамадан өтпеген деп есептеледі.

34. Конкурстық комиссияның қорытынды отырысы кандиадаттардың тағылымдамадан өткеннен кейін және прокуратура органдарына қызметке жарамдылығын анықтау үшін әскери-дәрігерлік комиссияларда өткізілген медициналық және психофизиологиялық куәландырудың, сондай-ақ полиграфологиялық зерттеудің қорытындылары дайын болғаннан кейін өткізіледі.

35. Конкурстық комиссия қорытынды отырысты өткізу нәтижелері бойынша мына шешімдердің біреуін:
1) жарияланған бос лауазымға тағайындауға ұсынуды;
2) бос орынға орналастыру резервіне енгізуге ұсынуды;
3) жарияланған бос лауазымға тағайындаудан бас тартуды қабылдайды.

36. Конкурстық комиссияның бос орынға орналастыру резервіне енгізуге ұсынған кандидаттары конкурс жарияланған лауазым санаты бойынша резервке енгізіледі.

37. Конкурстық комиссияның резервке енгізу туралы ұсынысы әр бос лауазымға үшеуден көп емес кандидаттарға қатысты шығарылады.

38. Резервке енгізу прокуратура органы басшысының бұйрығымен конкурстық комиссияның шешімі шыққан күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.

39. Кандидаттардың бос лауазымға орналасу резервінде болу мерзімі - оған енгізілген күннен бастап бір жыл.

40. Прокуратура органының кадр жұмысының бөлімшесі конкурстық комиссияның қабылдаған шешімі туралы кандидаттарға оның қорытынды отырысы болған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарлайды.

41. Жарияланған бос лауазымдарға тағайындалуға, сондай-ақ бос лауазымдарға орналастыру резервіне енгізуге ұсынылған кандидаттардың тізімі конкурстық комиссияның қорытынды отырысы өткізілгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік органның ақпараттық стенділерінде, баршаға көрінетін жерлерге, сондай-ақ оның интернет-ресурсына орналастырылады.

42. Прокуратура органының басшысы немесе уәкілетті басшысы жарияланған бос лауазымға конкурстық комиссия ұсынған кандидатты тағайындайды.

43. Конкурстық комиссияның шешiмiне жоғары тұрған прокуратура органына (жоғары тұрған лауазымды тұлғаға) немесе сотқа шағым келтірілуі мүмкін.

ТіркемеКөлем
File Ережеге қосымшалар43.87 KB
Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.