You are here

Прокурордың азаматтық процеске қатысуы

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Әсет Шындалиев,

Қазақстан Республикасы
Бас прокуратурасының
Соттарда мемлекет мүддесіне өкілдік ету
департаментінің бастығы

Осы жылы еліміздің Ата Заңы – Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданғанына 20 жыл толып отыр.

Заманауи, әлемнің дамыған демократиялық елдері конституцияларының идеялары мен тұжырымдамаларын өзіне сіңірген Конституция негізгі жалпы адамзаттық және демократиялық құндылықтарды бекітеді.

Конституция орасан зор әлеуетке ие, ол елдің саяси, әлеуметтік, экономикалық дамуының орнықтылығын да, динамизмін де қамтамасыз етуге тартылған бүкіл құқықтық жүйенің берік және бір мезгілде икемді тірегі.

 Ең басты бағыттардың бірі бүкіл қоғамның өмірінде заң шығарудың және құқық қолданудың күнделікті тәжірибесінде конституциялық қағидаларды іске асыруды қамтамасыз ету болып қала бермек.

Сондықтан, конституциялық деңгейде прокуратура органдарының қызметін ұйымдастыру мәселелері нақты реттелді.

Басты Заңның 83-бабымен прокуратура органдарына мемлекет атынан заңдардың, соның ішінде Азаматтық іс жүргізу кодексінің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын жоғары қадағалауды жүзеге асыру, соттарда өкілдік ету, сондай-ақ Республика Конституциясы мен заңдарына қайшы келетін сот шешімдерін қоса алғандағы кез келген құқықтық актілерге наразылық білдіру міндеттері артылған.

Алайда, прокурордың соттарда мемлекет мүддесіне өкілдік етуі мәселесін тікелей көтеруді жөн санаймын.

Көптеген қарсыластар прокурор процестің басқа қатысушыларына қарағанда үлкен процессуалдық өкілеттіктерге ие деп есептейді. Олар прокурорды азаматтық процестен толығымен шығарып тастап, оның сотқа қатысуын  тек қылмыстық қудалау шеңберінде шектеуді ұсынады.

Негізінен бұл былай негізделген.

Олар шетел сарапшыларының жоғары қадағалау туралы ережелер  тараптардың теңдігі қағидатын және соттың тәуелсіздігін бұзады деген пікірін басшылыққа алады.

Менің ойымша, Еуропада немесе Америкада сәтті әрекет ететін құқықтық институттар әр уақытта Қазақстанда сәтті қолданылуы мүмкін емес екенімен көпшілік келісер еді.

Негізгі себептері мынадай:

Біріншісі. Мүлдем өзгеше мемлекеттік құрылым.

Екіншісі. Шетелдік құқықтық жүйелердің қоғамның қалыптасқан ділі мен дәстүрлеріне сәйкес келмеуі. Бөтен заңнаманың импорты қоғам қажеттіліктерін толықтай зерттеген соң және де, әрине, отандық құқықтық жүйенің негіздерін тұжырымдамалық қайта қарағаннан кейін ғана мүмкін болады.

Прокурор функцияларын қысқартып, біз, ең алдымен, мыналарды ойлауымыз керек: «Ал қоғам осыған дайын ба? Осындай шектеу біздің азаматтар мен мемлекет мүдделеріне сәйкес келеді ме?».

Азаматтар мен заңды тұлғалардың өздері прокуратураға наразылық келтіру туралы өтініштермен жүгінеді ғой. Жыл сайын біз 6 мыңға жуық осындай өтініштерді қараймыз.

Біздің көзқарасымыз бойынша азаматтық сот ісін жүргізудегі прокурор институты – біздің өзіндік ерекшелік, отандық құқықтық жүйенің тарихи өзгешелігі.

Азаматтық іс жүргізу кодексінен прокурор өкілеттіктерін шектейтін нормаларды алып тастау Конституцияға қайшы келіп қана қоймай, мемлекетті әлеуметтік және қоғамдық мәні бар мәселелерді шешуден шеттетуге, бюджет қаражатын қолдануды қадағалаусыз қалдыруға және бірқатар басқа да қоғам мен мемлекеттің мүдделері, оның экономикалық қауіпсіздігі үшін кері зардаптарға әкеледі.

Конституциялық Кеңестің 1997 жылғы 6 наурыздағы №3 қаулысына сәйкес процеске тек азаматтар ғана емес, өздерiнiң кәсiби мiндеттерiн орындай отырып, тараптардың немесе үшiншi адамның мүдделерiн қамтамасыз ететiн лауазымды тұлғалар да қатыса алады. Мұндай лауазымды тұлғаның бiрi сотта мемлекет мүддесiн бiлдiретiн прокурор болып табылады. Прокурор тараптардың бірі және соттағы мемлекет мүддесiн бiлдiрушi өкiл ретiнде Конституция негiзiнде қабылданған iс жүргiзу заңы бойынша iс жүргiзу құқығын иеленедi. Сондықтан Конституцияның 14-бабының 1-тармағында көрсетiлген заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең деген нормасын сот процесі тараптарының, соның ішінде соттағы мемлекеттің өкілі ретінде прокурордың тең құқықтығы деп түсінбеу керек.

Қазақстанда қалыптасқан құқықтық жүйе соттарды сот төрелігін жүзеге асыру процесіне араласудан нық қорғайды. Конституциялық деңгейде соттар қызметін және судьялар мәртебесін ұйымдастыру мәселесі реттелген, бұл шешім қабылдау кезінде соттардың конституциялық дербестігі мен тәуелсіздігіне ерекше көңіл аудартады.

Прокурорлардың сотқа қатысуы жөніндегі конституциялық міндетін қамтамасыз ете отырып, прокурорлар белгілі бір істер санаттары бойынша ғана қатысады, бұл қаралған істер жалпы санының ¼-нен де кем, яғни, бұл тарап ретінде мемлекет немесе сотта мүмкіндіктеріне қарай өзін-өзі қорғай алмайтын азаматтар болатын істер. Мұндай азаматтарға зейнеткерлер, мүгедектер және кәмелет жасқа толмаған балалар жатады.

Осы ретте прокурорлар сотта қандай да бір тарапты қолдамайды, тек қана заңдылық қағидаттарын басшылыққа ала отырып, қорытынды жасайды. Наразылық сот актісін сөзсіз өзгертуге әкелмейді. Бұл істі қарауға оралуға және қабылданған шешімнің негізділігіне көз жеткізуге себеп қана. Кез келген дауда соңғы нүктені сот қана қояды және ол прокурордың пікіріне байланысты емес.

Талап қоюшы немесе жауапкер ретінде қатысқан жағдайда прокурор процесс барысында құқықтарды пайдаланады және тараптардың міндеттерін атқарады. Оның қандай да бір қосымша өкілеттіктері жоқ.

Дауларда прокурордың қатысуы үшін міндетті азаматтық істерді қайта қарауға оралып, заңдармен 8 жағдай бойынша қатысу қарастырылған.

Азаматтық іс жүргізу кодексінің 55-бабы прокурордың азаматтық сот ісін жүргізуге қатысуы  келесі жағдайларда міндетті деп қарастырады:

- заңда көзделген жағдайда;

- прокурордың осы іске қатысу қажеттілігін сот таныған жағдайда;

- прокурордың бастамасы бойынша қозғалған істер бойынша;

- мемлекеттің мүдделерін қозғайтын;

- жұмысқа қайтадан алу туралы;

- жалақыны өндіріп алу туралы;

- азаматты басқа тұрғын үй-жай берместен тұрғын үйден шығару туралы;

- өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу туралы істер бойынша.

Соңғы бес жылда прокурордың қатысуы міндетті азаматтық істер саны екі есеге дерлік артты.

2014 жылы прокурорлар 113 мың дауға қатысуды қамтамасыз етті, бұл олардың жалпы санының 25%-ын құрайды.

Әкімшілік істер бойынша ұқсас жағдай байқалады, өсім екі еседен де артық, 113 мың істен 244 мыңға дейін.

Бір прокурорға үш-төрт судьядан, ал ірі қалаларда бесеуден келеді. Прокурор судьялардың арасында бір өзі жүгіруге мәжбүр болады. Көп жағдайда оның іс материалдарын толық зерттеуге және мәселенің мәнін түсінуге ғана емес, сот қарауына қатысуды қамтамасыз етуге де уақыты жоқ.

Прокурорлардың осындай жұмысбастылығы, әрине, қадағалау функцияларын жүзеге асыру сапасына әсер етеді. Бірқатар жағдайларда бұл прокуратура органдары атына негізсіз сынды тудырады.

Осыған байланысты «Мемлекет басшысының бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының «Сот ресімдерін оңайлату және сот процестерін жеделдету үшін азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі соттарға прокурордың қатысуын қысқарту. Азаматтық іс жүргізу кодексіне тиісті өзгертулер енгізуді» қарастыратын 26-қадамын іске асыру қажеттілігі туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындай отырып, оларды қысқарту мәселесі пысықталды.

АІЖК 55-бабында  прокурордың азаматтық істердің бес санаты бойынша іс жүргізуге міндетті қатысуын алып тастау ұсынылды:

Біріншісі. Бұл заңда көзделген жағдайда. Азаматтық іс жүргізу кодексінің нақты даулар категорияларын қарау тәртібін қарастыратын жекелеген баптарында олар бойынша прокурордың міндетті қатысуы қажеттілігі көрсетілген. Осыған байланысты оларды қосымша көрсету орынсыз. 

Екіншісі. Жұмысқа қайтадан алу туралы.

Мемлекет әрбір нақты адамды жұмыспен қамту мәселесін шешуге міндетті деген стереотип социалистік өткеннің мұрасы болып табылады. Бүгінде мемлекет жалғыз жұмыс беруші емес. Егер жеке тұлғалар дауласса, онда прокурордың қатысуы талап етілмейді.

Үшіншісі. Жалақыны өндіріп алу туралы.

Кәсіпорынның нақты берешегі туралы құжаттар болған жағдайда жалақы бойынша қарызды өндіріп алу қиын емес. Оны сот бұйрығын шығару туралы өтініш беру жолымен  жеңілдетілген тәртіпте өндіріп алуға болады.

Растау құжаттары болмаған жағдайда, ал мұндай істер аз емес, оның болу фактісін дәлелдеу керек. Алайда, мемлекет тарапынан қолданылатын шаралардың арқасында халықтың құқықтық сауаттылық деңгейі жыл сайын өсіп жатқандығын ескерсек, азаматтар талап қою жолымен өз құқықтарын өздері қорғай алады.

Осы ретте прокуратура органдары жалақыны сот тәртібінен тыс өндіріп алу бойынша шараларды қолданады. Осылайша, егер 2014 жылы соттар 2 мың іс бойынша 1,3 млрд. теңгеге жалақыны өндіріп алса, ал прокурорлардың актілері бойынша 75 мың азаматқа 4 есе көп төленді.

Төртіншісі. Басқа тұрғын үй-жай берместен тұрғын үйден шығару туралы.

Тұрғын үйден шығару туралы істерге қатысу кеңестік өткеннің тарихи мұрасы (мемлекеттік меншікке, соның ішінде пәтерлерге монополия және жаппай бақылау). Бұрын мемлекеттен басқа тәсілмен тұрғын үйді алу мүмкін емес еді.

Қазір жеке меншіктің толыққанды институты қалыптастырылды, тұрғын үй еркін сатылады және сатып алынады. Азаматтар мемлекеттің қатысуынсыз мәмілелер жасайды. Ал осы мәмілелердің күшін жоюы сөзсіз тұрғын үйден шығаруға әкеледі (істер даусыз). Мемлекет өкілі ретінде прокурордың осындай дауларға қатысуы міндетті емес.

Бесіншісі.  Өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу туралы.

Зиянды өтеу туралы дауды шешуге судья, прокурор және өзге тұлғалардан тұратын мемлекеттің бірнеше өкілін тарту орынсыз деп санаймыз. Барлық азаматтық процестерге прокурорлар шын мәнісінде жетпейді.

Басымдылығын ескере отырып, азаматтық істердің 4 санаты бойынша прокурордың міндетті қатысуын сақтау ұсынылды:

Біріншісі. Прокурордың осы іске қатысу қажеттілігін сот немесе прокурор таныған жағдайда.

Кодексте барлық мүмкін болатын өмірлік жағдайларды қарастырып, жазу мүмкін емес. Сондықтан сот өз бастамасымен немесе тараптардың бірінің өтініші бойынша прокурорды тарту туралы мәселені шеше алады. Сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік мүдделерін немесе азаматтардың құқықтарын қорғау талап етілсе, прокурордың кез-келген дауға кіруге және  кез-келген сот актісіне ықпал ету актісін енгізуге мүмкіндігі болуы тиіс. Ал бұл Қазақстан Республикасы Конституциясының 83-бабының ережелерімен сәйкес келеді.

Екіншісі. Мемлекеттің мүдделері қозғалған жағдайда.

Жеке компаниялар бюджеттен көп қаражатты талап ететін жағдайлар аз емес. Негізінен мемлекеттік сатып алулар, салықтық даулар, мемлекеттік қажеттіліктер үшін мүлікті алу туралы істер бойынша. Осындай процестерге қатысу – бұл прокурордың конституциялық міндеті. Бұл сыбайлас жемқорлықпен күрес саласындағы мемлекет саясатымен сәйкес келеді.

Прокуратура органдары тарапынан мемлекет мүдделерін белсенді қорғау соңғы 2 жылдың өзінде енгізілген қадағалау актілерімен (наразылықтармен) 87 млрд. теңге бюджет қаражатының жоғалуын болдырмады.

Үшіншісі. Азаматтардың өз құқықтарын өздері қорғау мүмкіндігі болмаған жағдайда.

Мемлекет прокурор арқылы мүгедектердің, жетімдердің және басқа да әлеуметтік қорғалмаған топтардың конституциялық құқықтарын қорғауға кепілдік беруі міндетті. Сондықтан істердің осы санаты міндетті болып қалуы тиіс.

Төртіншісі. Қажет болған жағдайда қоғамдық мүдделерді қорғау.

Прокурор шын мәнісінде Конституциямен кепілдік берілген құқықтар мен бостандықтарды қамтамасыз ету  құралдарының бірі болып табылады.

Сондықтан, егер дау белгісіз бір тұлғалар тобының құқықтарын бұзуға әкелуі мүмкін болса, процеске түсу өкілеттіктері болуы қажет. Осы істер санаты кездейсоқ таңдап алынбады, бұл өткен жылдардың тәжірибесі болып табылады, бұрын прокурор азаматтарды қорғау мақсатында үлескерлерді қорғау туралы істерге қатысқан, олардың пайдасына талап қойған болатын.

Істер бойынша тиісті қамтамасыз етудің маңызды факторының бірі қаралатын істер туралы, соның ішінде заманауи ақпараттық технологияларды қолданумен уақтылы хабардар ету болып табылады.   

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.