You are here

Жұртшылықты жұмылдыратын жаһандық конвенция қажет

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Қазіргі уақытта Сирия мен Ирактағы қарулы қақтығыстарға 150-ден астам қазақстандық қатысуда.

Олармен бірге 200-ден аса әйелдер, балалар және мерт болған содырлардың жесірлері жүр». Бұл туралы кеше Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев мәлімдеді. Бұл күні Астанада «зорлықшыл экстремизммен күрес жөніндегі азиялық конференция» өз жұмысын бастады. Форум жұмысына Орталық және Оңтүстік Азия, АҚШ, Ресей, Еуроодақ елдерінің құзырлы органдарының басшылары, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ және басқа да ұйымдардың өкілдері қатысуда.

Нұртай Әбіқаев Қазақстан азаматтарының «арбау-арандатуға (вербовка) және экстремизм идеологиясының насихатына кең тартылып отырғанын» ашық айтты және бұл жайт өздерін қатты алаңдататынын білдірді.

– Біз Интернет арқылы, сондай-ақ елімізге заңсыз енген әралуан миссионерлер мен экстремистік әдебиет арқылы жүргізіліп жатқан кең ауқымды арбауға, экстремизм мен терроризм идеологиясының насихатына маңдай соғып отырмыз! Азаматтарымыздың жеткілікті діни сауаттылығының жоқтығы салдарынан бұл идеялар дінге сенушілердің бір бөлігінің радикалдануына ықпал етуде. Адамдардың кейбірі өмірдің қиыншылығы, тауқыметі басқа түскенде, жолдан адасып, «әлемдегі әділетсіздіктің басқы себебін ұғындым» деп біліп, «жихад» деп аталатынға қатысу жайын ойлай бастайды, – деді ҰКК төрағасы.

Ол осы орайда қоғамда да бір сауал туғандығын атап көрсетіп, оған өзі жауап берді:

– Кейде журналистер сұрақ қояды: «егер әлдебіреулер осы жолды өздері таңдаған болса, Ауғанстан, Сирия, Иракта бұған дейін өлген басқа да ондаған қазақстандық секілді қаза табуды қаласа, мұндайлардың сол жақтарға аттануына тосқауыл қоюдың қажеті қанша? Бұл олардың өз құқы емес пе?» Бірақ біз азаматтарымыздың өзге елдерде әскери қылмыскерге айналып, лаң салып, өліп жатуын «қалыпты жағдай» деп санамаймыз! Оның үстіне әбден адасып, рухани-адамгершілік бағдарларын жоғалтқан, сонымен бірге террорлық күрес пен адамды жоюдың кәсіби машықтарын меңгерген бұлар Қазақстанға қайта оралуы мүмкін. Және ой-санасы бұзылып, салдары зұлмат болар қарау ниеттермен қайтуы ықтимал, – деді ол.

Қазақстандық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы «Ислам мемлекеті» атауын пайдалануға қарсы шықты. Оның айтуынша, лаңкестер өздерін өздері солай атағанымен, шынында, қанішерлердің бұл құрылымында не исламға, не мемлекетке тән ештеңе жоқ. Өкінішке қарай, сенсация іздеген кейбір ақпарат құралдары лаңкестерге қызмет етіп жатқанын өздері де түсінбей қалады.

Мысалы, жақында кейбір ақпарат агенттіктері «ИГИЛ өз қаржысын шығаруға кірісті» деп жер-жаһанға жар салды. Шынында, терроршылардың «қолөнер» сипатында соққан бұл сөлкебайларын әлемдегі бірде-бір мемлекет, бірде-бір қаржылық институт, тіпті терроршылардың өздері де мойындамаған. Тағы бір дерек: жақында ресейлік ақпарат құралдары «ИГИЛ Орталық Азия шекарасына тақады» деп хабар таратты. Шынында, ауғандық лаңкестік топтардың бірі «Әл-Қаидадан» іргесін аулақ салып, «ИГИЛ-ға қосылатынын» жариялаған.

Осы орайда Н.Әбіқаев халықаралық БАҚ-ты террорлық ұйымға қатысты «Ислам мемлекеті» атауын қолданбауға шақыр-

ды: «Өзін «Ислам мемлекеті» деп атаған «ДАИШ» террорлық ұйымы әр елдердің ондаған мың өкілдерінің басын қосқан экстремистік интернационалға айналды. Біз саясаткерлер мен журналистердің «ДАИШ»-қа қатысты «Ислам мемлекеті» атауын кең қолдануын дұрыс емес деп санаймыз! Бұл лаңкесшілердің дегеніне бас шұлғу болып табылады, әрі «мемлекет» терминін қолдану осы қандықол ұйымға «заңдылық-легитимділік» нышанын береді. Өзіміздің арнайы қызметте біз «ДАИШ» аббревиатурасын пайдаланамыз. Терроршылар өздерін қалай атаса да мейлі, ал біз «мемлекет» терминін таңудан бас тартып, осы қысқарған сөзді жаппай қабылдағанымыз дұрыс!» деген кеңес берді Нұртай Әбіқаев.

ҰҚК ақпарынша, «ДАИШ» болашақта Орталық Азия да кіретін, Солтүстік Африкадан Қытайға дейінгі кеңістікті ен жайлайтын «Хорасан» халифатын құру идеясын ілгерілетуге жан салуда. Бұл жолда олар ештеңеден тайынбайтын түр танытуда. Демек, әсіресе, Оңтүстік және Орталық Азия елдерінің арнайы қызметтері өз аумақтарында лаңкестік актілердің алдын алу шараларын күшейтулері тиіс.

Нұртай Әбіқайұлы зорлықшыл экстремизмнің «қазіргі замандағы жаһандық ең бір өткір проблемаға» және «жекелеген елдерді ғана емес, сондай-ақ тұтас өңірлерді тұрақсыздандыратын факторға» айналғанын мәлім етті. Бұл қауіпті құбылыс алдында, тіпті ең ауқатты және дамыған елдер де қорғансыз болып шықты. ҰҚК төрағасының мәліметінше, қатыгездігі бойынша

«Әл-Қаидадан» да асып түскен «ДАИШ» және «Боко Харам» секілді террорлық ұйымдар кейбір елдерде мемлекеттік, саяси, экономикалық және күш құрылымдарына еніп кетуге талпыныс жасап жатыр».

«Олар жекелеген террактілерден диверсиялық-террористік соғыс сипатындағы кең ауқымды операцияларға көше бастады. Ақпараттық-психологиялық ықпал етудің заманауи әдістері қолданылуда» деді Нұртай Әбіқаев.

Өз сөзінде қазақстандық ҰҚК төрағасы әлемдегі лаңкестік ұйымдардың бірыңғай тізімін құруды және оған кірген құрылымдарға көмектескендерге саяси және экономикалық санкциялар қолдануды ұсынды.

Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Нұрлан Ермекбаевтың ақпарынша, 2014 жылы әлемде 12 мыңнан астам террорлық акт жасалған.

Форумда сөз сөйлеген Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Қазақстанның «кез келген қалыптағы және көріністегі экстремизмге қарсы» екенін жариялады.

– Біз зорлықшыл экстремизммен күресуге дайын барлық конструктивті күштермен өзара тиімді диалог орнатуымыз қажет. Бұл үшін біз арнайы қызметтер мен ведомстволардың байланысын нығайтып, ынтымақтастығын ары қарай дамыту жұмысын жалғастыруға тиіспіз! – деді К.Мәсімов. Оның айтуынша, қолданыстағы халықаралық келісімдер «тек экстремизм және терроризмнің жекелеген көріністерімен күресуге ғана бағытталған». Сондықтан «бұл зұлымдықпен күреске әлем жұртшылығын жұмылдыратын жаһандық Конвенция қажет».

Премьер қолға қару алып, «жихадқа» шығуға шақыру «Facebook» және «WhatsApp» арқылы тарала бастағанына назар аудартты: құзырлы органдар тауып, тосқауылдап үлгергенше, әлемде екі миллион адам оқып үлгерген.

Бас прокурор Асхат Дауылбаев болса, экстремизм және терроризм қаупінің жаһандана түсуі барлық әлемдік қауымдастықтың күш-жігерін шоғырландыруды, сондай-ақ күрестің тиімді стратегиясын әзірлеуді талап ететінін атап көрсетті.

– Бұл өте күрделі міндет және әлемдегі қауіпсіздіктің тағдыры оның сәтті болуына тікелей байланысты! Сондықтан бірлескен күш-жігер ең алдымен, радикалдық идеологияның таралуының алдын алуға және оның жолын кесуге, зорлықшыл экстремизммен күресуге дайын барлық сындарлы күштермен өзара тиімді қарым-қатынасты қалыптастыруға бағытталуы тиіс, – деп нықтады А.Дауылбаев.

Айхан ШӘРІП

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.