You are here

Жолдаудан туындаған міндеттер

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан кейін Бас прокуратураның кеңейтілген алқа мәжілісі болды.

Алқа жұмысына Президент көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Қайрат Қожамжаров, Президент Әкімшілігінің жауапты қызметкерлері, Бас прокуратура орталық аппаратының, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің, Бас әскери және Бас көлік прокуратураларының қызметкерлері, облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар, бейнеконференциялық байланыс режімінде облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі прокуратуралар қызметкерлері қатысты.

Алқада Бас прокурор мемлекеттік аппарат пен құқық қорғау органдарының алдына Президент Нұрсұлтан Назарбаев қойған стратегиялық міндеттерді жеткізді. Асхат Дауылбаев барлық жеке құрамға бағдарламалық құжаттың ережелерін мұқият зерделеуді, Жолдауда көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу бойынша жұмыс тобын құруды тапсырды. Сондай-ақ, жиналыста прокуратура органдарының өткен жылғы жұмыс қорытындылары талқыланды, Президент берген тапсырмаларды ескере отырып,­ қызметтің алдағы кезеңге арналған негізгі бағыттары айқындалды.

Бұдан кейін сөз сөйлеген Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Қайрат Қожамжаров, құқық қорғау органдарының тиімділігін, заңдылық пен құқықтық тәртіптің деңгейін одан әрі арттыру, шиеленісті жағдайларды ескерту және экстремизм мен терроризмге тосқауыл қоюдың ұтымды тетіктерін әзірлеу жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындаудағы прокуратураның үйлестірушілік рөлін атап көрсете отырып, «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудағы қадағалау органдары жұмысының ба­сым бағыттарын белгіледі. Мәжіліс барысында заңдылықтың жай-күйі және прокурорлық қадағалаудың әртүрлі қырлары егжей-тегжейлі талқыланып, шешімін табуы тиіс проблемалық мәселелер көтерілді, алдағы кезеңге арналған басым бағыттар айқындалды.

 «Қазақстан-2050» Стратегиясын, сондай-ақ, Президенттің 2013 жылғы қаңтарда құқық қорғау органдарымен өткізген жиналыста берген тапсырмаларын жүзеге асыру прокуратура органдары қызметінің негізгі өзегіне айналды. Мақсатқа бағытталған жұмыстардың нәтижесінде берілген тапсырмалардың толықтай және белгіленген мерзімінде орындалуына қол жеткізілді. Құқық қорғау қызметін жетілдірудің маңызды бағыттары бойынша жемісті заңнамалық жұмыс жылдың басты қорытындыларының бірі болды. Жаңа Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстері Парламент қарауына енгізілді. Құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғыртудың, діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдың мемлекеттік бағдарламалары, Құқық қорғау органдарының кадр саясаты тұжырымдамасы, Құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар басшыларының президенттік резервін қалыптастыру ережесі дайындалды және оларды Елбасы бекітті. Өзге де өзекті құқықтық актілер бойынша жұмыс жалғасуда.

Қадағалау қызметінің аясында прокурорлардың басты күш-жігері халықтың әлеуметтік әлсіз жіктерінің, кәсіпкерлердің және мемлекеттің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау проблемаларына бағыт­талды. Сыбайлас жемқорлық және экстремизм көріністеріне қарсы тұру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілген. 450 мыңнан астам заңдылықтың бұзылуы анық­талып, 32 мыңнан астам заңсыз құқықтық актілердің күші жойылды. 735 қылмыстық іс қозғалды. 670 мың азамат­тың құқықтары қалпына келтірілді, олардың арасында 155 мың кәмелетке жасы толмағандар, 14,5 мың мүгедектер мен қарттар үйлеріндегі адамдар бар. Азаматтардың құқықтарын бұзғандары үшін 11 мыңға жуық лауазымды тұлға және прокурорлық қадағалау актілері бойынша барлығы 60 мыңнан астам құқық бұзушылар әртүрлі жауапкершілікке тартылды.

Радикалдық діни идеологияны таратудың жолына тосқауыл қоюға бағытталған жұмыс жүргізудің нәтижесінде соттардың шешімімен терроризм және экстремизм идеяларын насихаттаушы 596 деструктивті интернет-ресурсқа кіру тоқтатылды. Кезекші прокурорлар институтының жемісті қызмет етуі нәтижесінде ішкі істер органдарының қызметтік бөлмелерінен заңсыз ұсталып отырған 2 мыңға жуық азамат босатылды. Негізсіз жүргізіліп келген 672 жедел-іздестіру іс-шаралары тоқтатылды. Прокурорлардың наразылығы бойынша 1432 тұлғаға қатысты 1142 сот актілері заңға сәйкес келтірілді.

Қылмыстық қудалау органдарының 2,5 мыңнан астам лауазымды тұлғалары есепке алу-тіркеу тәртібін бұзу және қылмысты жасыру фактілері үшін жауапкершілікке тартылды.

Прокурорлардың араласуынан кейін мемлекеттің кірісіне 8 миллиардқа жуық теңгені, азаматтар мен заңды тұлғалардың пайдасына 14 миллиард теңгені өндіру туралы сот актілері орындалды.

Алқа жұмысының қорытындысы бойынша Бас прокурор өңірлік прокурорларға қадағалау қызметінің тиімділігін одан әрі арттыру, ел Президентінің Жолдауындағы тапсырмаларды жүзеге асыру бойынша нақты міндеттер қойды.

Александр ТАСБОЛАТОВ

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.