Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Қазақстанда жол-көлік оқиғалары неғұрлым аз, жолдары қауіпсіздеу өңірлер анықталды.

Кеше еліміздің Бас прокуратурасы биылғы 7 айдың қорытындысын шығара келе, өзіндік бір рейтинг түзді. Оған сәйкес, көлік апаттары аз аймақтардың көшін Солтүстік Қазақстан облысы бастады, мұнда жыл басынан бері небәрі 134 жол-көлік оқиғасы (ЖКО) тіркелген. Егер еліміздің барлық өңірлері осындай төмен көрсеткішке қол жеткізсе, Қазақстан бүкіл әлемдегі қауіпсіз елдердің біріне айналар еді.

Әйткенмен, сарапшылар мұның мәнісін Солтүстік Қазақстан облысының еліміздегі «тұрғындары ең аз» облыс екендігімен де түсіндіреді: солтүстікқазақстандықтардың саны, мысалы, елорда тұрғындарынан екі есе аз! Тиісінше, көлік саны да өзгелердей сонша көп емес. Ал Шымкенттегі жағдайды ғажайып-феномен демесек те, таңғаларлық жайт деп атауға болады: Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің мәліметінше, Оңтүстік Қазақстан облысында былтырғы жылға қарағанда, биыл жол-көлік оқиғалары күрт азайған. Егер 2014 жылғы сәйкес мерзімде 1694 ЖКО тіркелсе, 2015 жылғы жеті айда 1308 оқиға орын алыпты. Жолдағы апат саны Ақмола облысында да 352-ден – 259-ға, Қарағанды облысында 533-тен 429-ға дейін кеміп отыр.

Бір атап өтер жайт, барлық жол-көлік оқиғаларының үштен біріне жуығы – 30%-ы Қазақстанның жалғыз мегаполисі Алматыда жасалады! «2015 жылғы 7 айда бұл қаланың бір өзінде адамдардың жарақаттануына және өліміне соқтырған 3 мың 99 ЖКО тіркелді» деп хабарлайды Бас прокуратура.

Айтқандай, «Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есептер туралы» заңы бойынша Бас прокуратураның жауапты комитеті тек адамдардың жарақаттануымен және өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғаларын ғана есепке алады. Ал бірін-бірі соғып кетіп, жүргізушілері мен жолаушылары дүрдараз не татуласып тараған ұсақ-түйек оқиғалардың есебін Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полициясы жүргізеді.     

Өкінішке қарай, кейбір өңірлерде жолдағы салдары ауыр апаттар саны керісінше, артуда. Атап айтқанда, биыл Батыс Қазақстан облысында ЖКО саны былтырғы 176-дан – 249-ға дейін, Шығыс Қазақстан облыстарында 726-дан 817-ге дейін өскен.

«БҚО-да ЖКО санының өсуімен бірге, оларда зардап шеккен адамдардың саны да 258-ден 382-ге дейін артты. ШҚО-да да жағдай қиын: былтырғы сәйкес кезеңде 994 адам зардап шексе, биылғы жеті айда бұл көрсеткіш 1133 адамға жетті. Дегенмен, бұл облыста жол-көлік оқиғаларында қаза тапқандар саны 28%-ға – 90-нан 72-ге дейін азайды. ЖКО салдарынан мерт болғандар саны Қарағанды (93-тен 83-ке дейін), Маңғыстау (52-ден 39-ға дейін) және Ақтөбе (55-тен 50-ге дейін) облыстарында кеміді» деп нақтылайды Бас прокуратура.

Талдау көрсеткеніндей, сол баяғыша, жолдардағы апаттардың басым көпшілігіне жүргізушілер айыпты: ЖКО-лардың 90%-ын жол жүрісі ережелерін өрескел бұзған «темір тұлпар» иелері немесе солар рөлге жіберген адамдар жасайды. Нақтылай айтсақ, бұлар 9 мың 559 апатқа соқтырды. Соның ішінде, 326 жүргізуші мас не есірткі қабылдаған күйде жолға шығыпты.

ЖКО-лардың он пайыздан азына жаяу жүргіншілер, табиғи жағдайлар және жануар-жәндіктер себеп болады екен. Жалпы алғанда, ағымдағы жылғы жеті ай ішінде елімізде адам өліміне және жарақаттануына әкелген 10 мың 187 жол-көлік оқиғасы болды. Оларда 14 мың 278 адам зардап шекті, оның 12 мың 956-сы жарақат алған, басқалары жантәсілім еткен. 126 бала қаза тапты.

Кеше Бас прокуратура адам өмірі мен денсаулығына қауіп-қатер төндіретін тағы бір сала – заңсыз ойын бизнесіне қатысты да өз қорытындыларын шығарды. Әрине, заңсыз ойынханалар – Қаржы министрлігінің тиісті комитетінің құзырындағы сала. Бірақ жасырын құмарханалар үстінен прокурорларға арыз-шағым түсірген азаматтар саны артуда екен. Қазақстандықтардың және журналистердің дабылына үн қатқан прокурорлар кеңауқымды тексерістер жүргізіп, нәтижесінде, «әртүрлі қоғамдық орындарда орнатылған лотереялық қондырғылардың іс жүзінде құмар ойындарын өткізуге арналған ойын қондырғысы» болып шыққанын анықтады.  

Осылайша, «ревизорлық» іс-шаралардың алдын ала қорытындысы бойынша заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырудың 186 фактісі әшкереленді. Бұл ретте заңға қайшы 524 қондырғы тәркіленіпті.  

Егер тарата айтсақ, бұлардың 342-сі «лотереялық терминал» деген атты жамылып, жұмыс жүргізген. Негізгі бөлігі қалалардағы дүкендерде, ірі сауда орындарында, мейрамханаларда және басқа жерлерде тұратын, көзге үйреншікті болған сары-жасыл түсті құрылғылар – «Лото-мания», «Лото-jump» және басқалары. Аттары солай болғанымен, бұлардың ұсынатын құмар-қызығы лотерея ойынына «үш қайнаса, сорпасы қосылмайды» екен.

Мамандардың түсіндіруінше, лотереяда ұйымдастырушылар ұтысы бар нөмірлерді алдын ала белгілеп қояды. Тиісінше, сондай нөмірі бар билетті сатып алған не сол нөмірді болжап, таба алған адам жеңіске жетеді, олжаға қарық болады.

Ал мына аталған терминалдарда басқа бағдарлама жұмыс істейді: ұтысы бар комбинация ұйымдастырушының не оның жұмысшысының қатысуынсыз, кездейсоқ түрде анықталады. Бұл электронды-техникалық қондырғыларда кем дегенде бес ойын қарастырылған, бұлар «Дай пять», «Курорт-Лото», «Фруктомания» және басқалары.

Бас прокуратураның түсіндіруінше, құрылғының жұмыс ережесіне сәйкес, ойыншы алдымен төлем енгізуге тиіс: ойын басталуы үшін «купюра қабылдауыш» арқылы арнайы есепшотқа қажетті қаржыны енгізеді. Ары қарай ойыншы сенсорлық дисплей көмегімен жүйеге кіреді де, орнатылған ойындардың бірін таңдайды. Егер ұтса, құрылғы сол олжа-қаржыға ойынды жалғастыруды ұсынады. Немесе адам ұтысын ақша түрінде талап ете алады.

Құмар ойынды ұйымдастырушы әрбір терминалымен тұрақты байланыста болады: «электронды-техникалық қондырғының жай-күйі және ондағы болып жатқан әртүрлі оқиғалар туралы ақпарат онлайн режимде белгіленген байланыс құралы арқылы беріліп отырады». Терминалдар, сондай-ақ жарықты және дыбысты имитациялайтын, ойынның басталуы мен аяқталуын білдіретін құрылғылармен жабдықталған. Бұлар ойынқұмар адамдардың құштарлығы мен қызығушылығының көрігін қыздыра түсуге қызмет етеді.   

Бұған қоса, терминалдар ойыншының есепшотына белгілі бір сомада кредит аударудың да техникалық мүмкіндіктеріне ие. Олар «ұпай» немесе «бонус» түрінде беріледі және адамдарды ойынды бастауға еліктіреді. Оның үстіне, «лотерея» аты бар терминалдар ешқандай лотереялық билет-чек бермейді.  

«Ендеше, аталған қондырғылар ойын автоматының барлық белгі-нышандарына ие. Бұл өз кезегінде ойын бизнесі туралы ұлттық заңнама талаптарына қайшы» деген «үкім» шығарды прокурорлар.

Мысалы, Алматы облысының прокуратурасы Талдықорған қаласындағы Ақын Сара көшесі, 114 мекенжайында орналасқан «Астана» сауда үйінде осындай 3 «лотереялық терминалдар» орнатылып, заңсыз ойын бизнесі ұйымдастырылғанын әшкереледі. Қондырғылардың барлығы тәркіленді. 2015 жылғы 11 наурызда бұл факт облыстың ішкі істер органдарының сотқа дейінгі тіргеу бойынша бірыңғай реестріне енгізілді.  

«Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» зерттеу жүргізе келе, «тәркіленген құрал-жабдықтар құмар ойындарын өткізуге пайдаланыла алады» деген эксперттік қорытындыға келіпті. Олар ақшаны қабылдау және беру функцияларымен жабдықталған. Ал лотереялық билеттер беру функциясы әу бастан қарастырылмаған.

Прокурорлар Интернет-кафелерге де қырағы назар аудара бастады. Осының нәтижесінде, виртуалды казино қызметін ұсынып келген ұйымдар анықталып, заңсыз жұмыстарының жолы кесілуде. Мәселен, бір Алматы қаласының өзінде букмекерлік кеңсе немесе Интернет-дәмхана атын жамылып, жасырын жұмыс жүргізген 13 онлайн-казино табылды. Бұл деректер бойынша Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің экономикалық тергеушілері тергеу жұмыстарын жүргізуде. 

Заңсыз ойын бизнесіне тоспа құру саласында заңбұзушылықтарға жол берген және алғышарт түзген факторларға талдау жүргізе келе, Бас прокуратура уәкілетті мемлекеттік органға құқықтық реттеудегі беті ашылған кемшіліктерді жою үшін ұлттық заңнаманы күшейтуге, жаңа заң жобасын әзірлеуге ұсыным берді.

Айхан ШӘРІП

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.