Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Қызылорда облыстық прокуратурасы оны шешуге белсене кірісті

Жердің дауы қай кезде де оңай шешіле салатын түйін болмаған. Ал қазір ол тіпті ушығып тұр. Бұған әртүрлі объективті-субъективті себептер әсер етуде. Ата Заңымызда қоғам өмірінің дамуының негізгі діңгегі екені атап көрсетілген жер және жер секілді басқа да табиғи байлықтардың дұрыс бөлінуі мен оң пайдаланылуы жайын тексеріп, осыған байланысты нақты шаралар қабылдауда соңғы кездері Қызылорда облыстық прокуратурасының қызметкерлері ауқымды жұмыстар атқарып келеді.

Еліміздің жер туралы заңнамасында жерді ұтымды пайдалану мен қорғаудың нормалық талаптары белгіленіп, оның табиғи нысан мен табиғи ресурс және барлық қоғам үшін әлеуметтік, өндірістік үдерістердің ажырамас бөлігі ретіндегі ерекшеліктері ескерілген.

«Алайда, бүгінгі күні Сыр өңірінде заң бұзушылықтардың алдын алу, жолын кесу және жою мақсатында көріліп жатқан ықпал ету шараларына қарамастан, жер қатынастары саласында заң талаптарының өрескел бұрмалануы, жемқорлық деректерінің өріс алуы тыйылмай отыр», – деді бізбен әңгімесінде облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов.

Аймақтың бас қадағалаушысы бұған дәлел ретінде 2014 жылдың бірінші тоқсанында жергілікті атқарушы органдарының 2012-2013 жылдардағы қызметтерінде Қазақстан Республикасының жер туралы заңнамалары талаптарының сақталуына жүргізілген жоспарлы тексеру нәтижелерін алға тартты. Тексеру барысы көрсеткендей, облыста жер заңнамалары тәртібін өрескел бұзушылық белгілі бір жүйеге айналған. Атап айтқанда, жер телімдерін беруді сұраған өтініштерді есепке алу, қарау, жер учаскелерін табыстау және пайдалану мен одан туындайтын төлемдердің өтелу кезінде және жер учаскелерін қайтару кезінде заңдылықтар сақтала бермейтіні белгілі болған.

Бүгінде облыстың жер көлемі 24 млн.га құрайды. Мұның 12 млн. гектары, яғни 50 пайызы босалқы жерлер болса, тағы 6,5 млн. гектарын, яғни 27 пайызын орман қоры құрайды. Мұның сыртында 2,4 млн. гектар (10%) алқап ауылшаруашылық мақсатындағы жер саналса, қалған 2,2 млн. гектары (9%) су қорының, 0,7 млн. гектары (3%) елді мекендер жерлері болып табылады. Облыс прокуроры келтірген тағы бір дерек бойынша білгеніміз, біздің еліміздің бір тұрғынына шаққанда 17 гектардан жер телімі келеді екен. Мұның ішінде әрбір тұрғынды 1,5 гектар егістік жерімен қамтамасыз етуге болады. Бұл – Австралия мен Канададан кейінгі әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

Қазіргі таңда Қызылорда қаласында – 40 000, Арал ауданында – 3 114, Қазалы ауданында – 4 486, Қармақшы ауданында – 898, Жалағаш ауданында – 1 451, Сырдария ауданында – 286, Шиелі ауданында – 5 835, Жаңақорған ауданында 313 адам жердің кезегінде тұр. «Былайша айтқанда, бүгінгі күнге облыстың 50 мыңға жуық тұрғыны немесе өңір халқының 7,6 пайызы өздері сұраған жермен қамтылмаған, – дейді бұдан әрі Сапарбек Айтуұлы. – Облыс аумағындағы 3 қала, 11 кент, 131 ауылдық округтердің құрылыс жобалары немесе толықтай егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары әлі жоқ, яғни Қазақстан Республикасының Жер кодексі 44-бабының талаптары сақталмаған».

Облыстық жер қатынастары басқармасының мәліметіне сәйкес, Қызылорда қаласын дамыту мақсатында 2010-2013 жылдары 1809 га. жердің егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын әзірлеуге 140,7 млн. теңге қаржы бөлінген екен. Ал «Сырдария өзенінің сол жағалауы» аумағының жоспарын әзірлеуге 2014 жылға 1532 гектар үшін 107,1 млн. теңге қаралғанымен, ол әлі күнге дейін дайын болмай отыр.

Прокурордың айтуынша, жер телімдерінің егжей-тегжейлі жоспарында көрсетілген мақсаттарға қайшы келетін деректер де тыйылмауда. Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысы бойынша «Урбастиль» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 36 863 100 теңгеге жалпы аумағы 500 га. болатын «Астана» шағын ауданының жоспарлау жобасын орындаған. Оны облыстық әкімдік 2010 жылғы 23 қарашадағы қаулысымен бекіткен. Бірақ, соған қарамастан, 2011 жылдан бері бұл аумақтағы жоспарлау жобасында көзделген мақсаттарға қайшы келетін жер телімдерін табыстау жұмыстары әлі жалғасып келеді. Айталық, «СМПК-70» тұрғын үй ауданында мұндай 37 дерек орын алса, «Ипподром» маңында 27 жағдай тіркелген. Сондай-ақ, бірінші кезекте құрылыс салу жоспарланған жер учаскелерінде, соның ішінде көпқабатты тұрғын үй орналасатын аудандарда 2 жер телімі табысталып кеткен.

Тексеру барысында Қызылорда қаласының әкімшілік-аумақтық бөлінісіне қарайтын Ақсуат ауылдық округінде жер учаскелерін сұраған 200-ге жуық азаматтың өтініштері негізсіз есепке алынбағаны белгілі болған. Сол сияқты қалалық жер комиссиясының оң қорытындысы қабылданған 7 мыңға жуық азаматқа жер учаскелерін табыстау жөніндегі құқықтық актілері әлі қабылданбаған. Бұған басты себеп – Қызылорда қаласы мен оған қарасты елді мекендерде инфрақұрылымы дайын бос алаңдар жоқ. Әзірге облыс орталығы жанынан 980 гектар жер учаскесі дайындалу үстінде. Ал қалған аудандарда жеке тұрғын үй құрылысы үшін табыс етілетін жер учаскелерінің бос алаңдары дайын емес.

Облыс көлемінде бөліп беруге арналған алаңдардың дайындығы, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін алуға кезектілік тізімі және жер учаскесін алған азаматтардың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында тізімі мен ақпараты арнайы стенділерге немесе бұқаралық ақпарат құралдарына жарияланбаған. Сөйтіп, Кодекстің 43-44-баптары талаптарындағы ашықтық қағидаттары сақталмаған. Бұдан бөлек, жер учаскесінің аукционсыз заңды тұлғаға табыс етілу дерегі де шықты. Бұған қоса, жер учаскесінің сатып алу қаржысын төлемей, үшінші тұлғаға жер учаскесін беру мақсатында жер учаскесіне меншік құқығын беретін актісін қайталап жасау, кезексіз жер учаскесін табыстау мақсатында әкімдік актісінің қосымшасындағы азаматтар тізіміне заңсыз өзгерістер енгізу секілді сипаттардағы қылмыстар да әшкереленген.

Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында ауылшаруашылық жерлеріне инвестиция тарту және озық технологиялар енгізуді ескеріп жалға беру және тиімді жер нарығын құру маңыздылығы, сондай-ақ, ауыл шаруашылығында жерді тиімді пайдалануға бөгет жасайтын барлық кедергіні жою қажеттілігі атап өтілген болатын. Өкінішке орай, аймақта бұл салада да жіберілген кемшіліктер жетерлік. Айталық, облыс көлемінде 140 жер пайдаланушыға берілген бүлінген жерлерді қалпына келтірудің жобасы әзірленбей қалған. Соның салдарынан ауылшаруашылық мақсатындағы 38 753 га. жер учаскелері заңсыз беріліп кеткен. Сондай-ақ, 16 жер пайдаланушының уақытша иелігіндегі 3 607 га. жер учаскесінің пайдалану мерзімі аяқталғанына қарамастан, мемлекетке қайтарылмаған.

Тексеру барысында тәртіп бұзушылықтың мынадай жолдары да ашылды. Жергілікті атқарушы органдары тарапынан жеке меншікке немесе пайдалану құқығы табысталған жер учаскелерінің сатып алу қаржысы, оның тұрақсыздық айыптары, ауылшаруашылық мақсатындағы жер учаскелерінің шығасылары төленбейтіні, тиісінше оған мәжбүрлеп өндіру шаралары жасалмай, мемлекеттік мүдделері қорғалмайтыны белгілі болды. Анықтап айтқанда, 2009-2013 жылдар аралығында ауылшаруашылық мақсатындағы жер телімдерін пайдаланғаны үшін 48 заңды тұлға 384 млн. теңге көлеміндегі ауыл-шаруашылық шығасыларын, 90 млн. теңге жер телімін сатып алу қаржысын төлемеген. Ал жергілікті атқарушы органдар оны өндіру үшін титтей де шара қарастырмаған.

Облыста «Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңның талаптары да бұлжытпай орындала бермейді. Оған мұнда күні бүгінге дейін құрылыс салу ережесінің бекітілмегені тікелей себеп болып отыр. Тексеру нәтижесі көрсеткендей, құрылыстар құрылыс нормалары мен ережелерінің талаптарына сәйкес жүзеге асырылмайды, олардың көбі қызыл сызық бойында салынуға дейін жеткен. Жер учаскелерін нысаналы мақсатын өзгертпей пайдалану, кәсіпкерлік қызметті жүргізу үшін, тіпті жер қойнауын пайдалану үшін де жер учаскелеріне құқық белгілейтін құжатын әзірлемей пайдалану деректері анықталды.

Жер учаскелерін мемлекет мұқтажына алу кезінде заңдылықтардың сақталмайтыны, оның ішінде бұл бағыттағы актілер формальді түрде қабылданатыны, құқықтық актілердің сапасы сын көтермейтіні, бұқаралық ақпарат көздеріне жарияланбай немесе кешіктіріп жарияланып, жекелеген меншік иелеріне жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы жазбаша хабарлама жолданбай, мемлекеттік тіркеу органдарына заңдық талап ретінде хабарлама берілмейтіні және жер учаскелерін көтеріңкі бағаға сатып алу деректері анықталды.

Облыстық прокуратура органдары енгізген прокурорлық қадағалау актілерінің негізінде облыс бойынша аумақтық жер инспекциясының талап-арызы бойынша сот шешімдерімен 979,32 га. жер учаскесі мемлекетке қайтарылған. Тексеру қорытындысы үстіміздегі жылдың мамыр айында аймақ басшысының қатысуымен облыстық прокуратураның көшпелі алқа мәжілісінде қаралып, анықталған заң бұзушылықтарды жоюға бағытталған нақты тапсырмалар белгіленді. Нәтижесінде, 16 наразылық, 52 заңдылықты бұзушылықтарды жою туралы ұсыныстар енгізілді. Ал олардың қаралу қорытындысымен 417 актінің күші жойылып, 1326 азаматтың конституциялық құқықтары қорғалды. Осының барысында 31 адамның тәртіптік, оның ішінде 5-уі сыбайлас жемқорлық сипатындағы іс қаралды. Жалпы, 46 әкімшілік іс бойынша 19 млн. теңге көлемінде айыппұлдар салынып, 95 млн.-ға жуық қаржы мемлекеттік бюджетке өндірілді.

Облыста жер учаскелері төңірегіндегі заң бұзушылықтарды анықтау бағытындағы пәрменді жұмыстар одан әрі жалғасып жатыр.

Серік ПІРНАЗАР

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.