You are here

Жеке сот орындаушылары институтының жөні бөлек

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

ЕҚЫҰ-ның Адам құқықтары және демократиялық институттар жөніндегі директоры Я.Ленарчич атап өткендей, «Құқықтық қорғау жүйесін енгізуде Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде алдыңғы қатарда».

Конституцияның 13-бабының 2-тармағына сәйкес, әркімнің өз құқы мен бостандықтарын сот арқылы қорғауына құқығы бар. Бұл құқық азаматтардың сотқа жүгінуі арқылы жүзеге асырылады. Сот-құқықтық реформалардың жүргізілуі мемлекетте тәуелсіз әрі мықты сот билігінің орнығуына әкелді. Сотқа азаматтар сенімінің артқандығын жыл сайын сотқа жүгінетіндер арыздарының артуынан көруге болады. Қазіргі таңда соттар сот шешімдерін шығара отырып жылына 450 мың істерге дейін қарайды. Алайда тәжірибе көрсеткендей, сот азаматтың талап-арызын қанағаттандырса да, оның құқын қалпына келтіруінің кепілі болып табылмайды. Осы жерде азаматтық іс жүргізудің негізгі сатыларының бірі – сот актісінің орындау сатысы келеді. Дәл осы заңды күшіне енген сот актісінің мерзімінде әрі нақты орындалуы азаматтық-құқықтық қатынастардағы соңғы саты және Конституцияның жоғарыда аталған нормасын шынайы жүзеге асыру болып табылады.

Сот актісінің орындалуы бүгінгі таңда көкейкесті мәселе екендігі ешкімге де құпия емес. Жыл сайын орындау үшін 1 миллионға жуық атқару құжаттары түсуде, олардың тек бестен бір бөлігі ғана орындалады.

Мемлекеттік сот орындаушылары өте ауқымды жұмыс көлемімен бетпе-бет келіп отыр. Соңғы бес жыл ішінде атқару құжаттарының саны екі есеге – 700 мыңнан 1,5 миллионға дейін, ал сомасы бойынша жеті есеге – 300 миллиардтан 2,2 триллионға дейін өсті.Нәтижесінде мемлекеттік сот орындаушылар атқару өндірістерінің астында қалды, бұл өз кезегінде сот актілерін орындауда теріс әсерін тигізді. Аталған мәселені шешу мақсатында жеке сот орындаушылар институтын енгізу туралы пікірлер айтыла бастады (ЖСО).

Алғашқы рет бұл ойды 2005 жылы өткен республика соттарының 4-съезінде Мемлекет басшысы ұсынды. Бұл институттың тиімді үлгісі ретінде әлемдегі 60 мемлекеттің оң тәжірибесі аталды.

Бұл мәселенің оңы мен солын айқындай келе, 2010 жылы «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заң қабылданды, аталған заңда орындаудың мемлекеттік моделінен аралас модельге көшу жүзеге асырылып, жеке сот орындаушылар институты енгізілді.Содан бері жеке сот орындаушыларының саны жыл сайын өсіп келеді. Бүгінгі таңда олардың саны 700-ден астам адамды құрайды.

Сонымен қатар жеке сот орындаушыларының өндірісіндегі атқару құжаттарының саны да артты. 2015 жылдың бірінші жартыжылдығында жеке сот орындаушыларының өндірісіндегі атқару құжаттары 360 мыңнан асып, жалпы сомасы 960 млрд теңгені құрады. Ағымдағы жылы жеке сот орындаушылар институтын әрі қарай дамыту және мемлекеттік сот орындаушылар институтын біртіндеп қысқарту басым бағыт ретінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында өз орнын тапты.

Аталған мәселенің төңірегінде жеке сот орындаушылар институтына толығымен көшіп, мемлекеттік сот орындаушылар институтын толығымен қысқарту туралы ойлар да айтылды. Аталған мәселені талқылай келе, мемлекеттік сот орындаушылар институтын белгілі бір сот актілері бойынша ғана қалдыру қажет деген тұжырым қабылданды. Атап айтқанда, мемлекеттен және мемлекет пайдасына өндіріп алу туралы атқару құжаттарымен мемлекеттік сот орындаушылары айналысуы қажет деп шешілді. Бұл ЭЫДҰ (экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) кейбір мемлекеттерінің тәжірибесіне сәйкес келеді. Мысалы, Францияда жеке сот орындаушыларымен қатар, мемлекеттік сот орындаушылар жүйесі де бар (мемлекеттік қазына сот орындаушылары). Олардың өкілеттігіне мемлекет пайдасына өндіріп алу туралы және әкімшілік сот актілерін орындау кіреді. АҚШ-та мәжбүрлеп өндіріп алуды жеке коллекторлық агенттіктер жүзеге асырады, ал мемлекеттік сот орындаушылары қақтығыс пайда болу қаупі бар және мемлекеттік билік өкілеттігі қажет болғанда пайдаланылады. Осылайша, аталған мемлекеттердің тәжірибесі мемлекеттік сот орындаушыларымен қоса жеке сот орындаушылардың болуының дұрыс екенін көрсетеді.

Жеке сот орындаушыларының құзырына жеке ұйымдар мен азаматтардың пайдасына өндіріп алу туралы (алимент, жалақы, зейнетақы және жәрдемақы өндіріп алу) барлық сот актілерінің орындалуын беру дұрыс қадам екені сөзсіз. Аталған тәсіл алдыңғы қатардағы мемлекеттер тәжірибесіне сәйкес келеді.Осыған орай, аталған санаттағы істерді 2016 жылдан бастап жеке сот орындаушыларына беру көзделіп отыр.

Мемлекеттен және мемлекет пайдасына (активтерді, мүлікті және қарыз сомасын) өндіріп алу жоғарыда аталғандай, тек мемлекеттік сот орындаушыларының өкілеттігіне кіреді. Сонымен қатар жеке сот орындаушыларының құзырына аталған санаттағы өндірістерден (мемлекет пайдасына өндіру) қарыз сомасы үлкен емес (айыппұл, мемлекеттік баж) атқару құжаттарын беру туралы ұсыныс қолданды. Тәжірибе көрсеткендей, жеке сот орындаушылары әкімшілік айыппұлдарды ойдағыдай өндіруде. Осыған орай, белгілі сомаға дейінгі атқару құжаттарын жеке сот орындаушыларына беру дұрыс деп танылды. Атап айтқанда, олардың өндіріп алу сомасы 1000 АЕК-тен аспауы керек.

Сонымен қатар Бас прокуратура азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келген жағдайда, атқару құжатын жеке сот орындаушының өндірісінен алып, мемлекеттік сот орындаушысына орындау үшін беруді көздейтін прокурордың тиісті құқығын қолданыстағы заңнамаға бекіту үшін ұсыныс енгізді.

Айдар СӘСЕНОВ,

Бас прокуратураның Соттарда мемлекет мүддесіне өкілдік ету департаменті бастығының орынбасары

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.