You are here

ЖАЗА ЖЕҢІЛДЕСЕ, ҚЫЛМЫС КЕМИ МЕ?

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Қазақстанның түрмелерінде бүгінде 43 мыңнан астам адам отыр. Егер қазіргі кезде Парламент қарауында талқыланып жатқан Қылмыстық кодекс пен қылмыстық іс жүргізу кодексінің жобасы қабылданған жағдайда, бұл сан 20 мыңға дейін қысқаруы мүмкін.

Өйткені жаңа құжатта жаза басып, заң бұзғандарды бұрынғыдай те­мірторға тоғыта беру көзделмейді. Негізінен, қылмыстық құрамына қарай ірі көлемде ақшалай айып­пұлдар салу, қоғамдық жұмыстарға тарту сынды жазалар алмастырылған. Жоба мақұлданған жағдайда талай жан­ның тағдырын тәлкек­ке түсіріп, жылдар бойы абақтыға отырғызған бірқатар баптар түбегейлі өзгеріп, қателес­кендер жай айыппұлдармен құтылатын болады.

– Нарықтық экономика жағдайында кез келген кәсіпкер өзіне 500 теңге көлемінде жалақы белгілеп, аталған сомадан 20 пайыз төлейді. Мұндай алдаусырататын жайт қайталанбауы үшін біз нақты сома белгіледік. Мәселен, 2 жыл ішінде ол 500 әлде 1000 теңге жалақының минималды есептік көрсеткішін төлеуі тиіс. Осылайша, сотталушының айыппұл төлеуден жалтаруына тосқауыл қойылады. Нәтижесінде, бұл тұрғыдан қазынаға түсетін түсімдер көбейеді, – дейді кеше Астанада ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген Бас прокурордың бірінші орынбасары Иогань Меркель. Дегенмен лауазымды тұлғаның мәлімдеуінше, жазаның барлығы жеңілдеп кеткен жоқ. Мәселен, жүргізуші мас күйде көлік жүргізіп, адам денсаулығына зиян келтіретін оқиғаларға ұрынса, 10 жылға дейін көлік айдау құқығынан айырылады. Сол сияқты сыбайлас жемқорлық си­патындағы қылмыстарға қатысты шектеулер де күшейтіледі. Егер қызметкер парақорлығы үшін сотталса, белгілі бір қызметтерді атқаруға өмірбойына тыйым салынады. Кәмелет жасқа толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмысқа барғандар да одан кейінгі өмірінде балалармен жұмыс істейтін мекемелерге мүлдем жоламайтын болады.

– Ал педофильдерді химиялық жолмен әтек етіп тастау бойынша екіұдай пікір бар, – деді тілшілер тарапынан туындаған сауалдарға орай жауап қатқан Иогань Меркель. – Заң жобасын дайындау барысында шетелдің тәжірибесіне жиі үңілдік ғой. Сонда байқағанымыз, Германияда жағдай былай: педофильді химиялық жолмен әтектеу үшін өзінен келісім сұралады. Егер ол келісіп, ота жасалған жағдайда темірторда отырмайды. Біз мұны әлі де терең зерттеуіміз керек.

Экономикалық қылмыстардың көбісінде егер күдікті өз қатесін түсініп, мемлекетке келтірген шығындарды толықтай өтеп берсе, бас бостандығынан айыруға тыйым салынады. Сонымен бірге кепілзат қою арқылы айыптаушылардың тергеу абақтысынан босатылу жайттары да көзделген. Тиісті талапқа сай кепілзат жасалған бойда тергеу оқшаулағыштың басшысы күдікті азаматты босатуы шарт. Оған соттың қосымша шешімі керек емес. Бірақ адам өлімі, ұйымдасқан қылмыс және лаңкестікке қатысы бар азаматтардың кепілзаты қабылданбайды.

– «Мұндай күрделі әрекеттерді анықтау үшін сотқа дейінгі іс жүргізу тәртібін бақылау мақсатында «тергеу судьясы» деген лауазымын енгізілмекші. Тергеу судьясы прокурорлармен бірге азаматтардың құқықта­рын қорғауды қадағалайды. Ол үй қамаққа отырғызу, медициналық мекемеге күшпен қамау және тағы басқа шаралардың қаншалықты заңды екендігін тексереді. Сондайақ тергеу судьясы ауыр және аса ауыр қылмыстардан бөлек істер бойынша кепілзаттың көлемін анықтайтын болады» дейді Бас прокурордың бірінші орынбасары.

467 баптан тұратын Қылмыстық Кодексте бұрынсоңды аса ескеріл­меген жаңа тараулар да қарастырылған. Атап айтқанда, киберқыл­мысқа қарсы ісқимылдардың тиісті деңгейін қамтамасыз ету үшін компьютерлік қылмыстар туралы жеке тарау қосылды. Оның ішінде жаңа технологиялар арқылы экстремизм мен терроризмді және радикалды идеологияны таратқаны үшін ауыр жаза қолданылады. «Жаза жеңілдеген сайын қылмыс көбейе түспей ме немесе қалталылар ешбір қорықпастан заң бұза бере ме?» деп күдіктенушілер де көп. Жалпы көптеген өзгерістерді қамтыған, Еуропалық стандарттарға біршама жақындаған кодексті талдау өз алдына үлкен бір тақырып. Дегенмен Президенттің «Қазақстан – 2050» стратегиясын жүзеге асыруға орай құқық қорғау жүйесін түбегейлі реформалау мақсатында дайындалған қос бірдей заң жобасы қолда­ныс­қа 2015 жылы енеді.

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.