You are here

Жария ету қалай жүргізіледі?

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Жуықта «Хабар» телеарнасында мемлекет қолға алып отырған Мүлікті жария ету акциясына байланысты дөңгелек үстел болып өтті. Тікелей эфирде түскен сауалдарға Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев, Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко, Әділет министрінің орынбасары Бақытжан Әбдірайым, Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Қуат Қожахметов жауап берді. Мүлікті жария ету шарасының бүкіл ел халқы үшін маңыздылығын ескере отырып, қойылған сұрақтар мен берілген жауаптарды ықшамдап жариялағанды жөн көрдік.

Сұрақ: Көптеген қазақстандықтар 1 қыркүйектен басталатын Мүлікті жария ету (заңдастыру) акциясының негізгі мақсатын білгісі келеді. Бұл көлеңкеден мүліктерді алып шығуды көздей ме, әлде ел экономикасына қаржы тартуды ма?

Б.СҰЛТАНОВ: Жария ету – әлемдік практикада жаңа нәрсе емес. Еуропаның бірқатар елдері, көптеген АҚШ штаттары мұндай акцияны бірнеше рет өткізіп келеді. Өйткені, капиталды көлеңкеден шығару проблемасы барлық елдерде де өте өзекті болып табылады. Мәселен, табыс пен капиталды жария ету жөніндегі бағдарламалар Үндістанда 5 рет, Португалияда 4 рет, Францияда, Австрияда, Ирландияда 2 реттен іске асырылған. Сол сияқты Италияда да жария ету бірнеше рет өткен. Капиталдарды амнистиялауға деген ұмтылыс Бельгия мен Германияда да болған. Мысал үшін, АҚШ-та 1982 жылдан бастап 1997 жыл аралығындағы кезең ішінде 40 штат шамамен 62-ге жуық салықтық амнистиялар өткізген.

Ағымдағы жылы 1 қыркүйектен басталатын жаңа акцияны өткізудің алғашқы алғышарты – Қазақстан экономикасындағы көлеңкелі айналымда қомақты қаржының жүргендігі. Оны жарыққа шығару керек. Мәселен, 2012 жылы көлеңкелі экономика үлесі жалпы ішкі өнімнің 19 пайызына жуықтаған. Бұл шамамен 6 триллион теңгені (Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша) құрады. Екіншіден, назар аударатын тағы бір нәрсе, бұл – шетелдік инвестициялардың қысқаруы мен ағымдағы операциялар шоты сальдосының төмендеуі. Үшіншіден, дағдарыс құбылыстарына байланысты банк секторы тарапынан экономиканы несиелендірудің төмендегені байқалады.

Міне, осылайша экономиканы дамыту үшін қосымша ресурстар тарту қажеттігі туындады. Сондықтан да Ұлттық қордан 1 триллион теңгені экономикаға құю, шетелдік инвесторларға қосымша ынталандыру пакеттерін ұсыну, отандық экономиканың ішкі ресурстарын көлеңкеден шығару секілді шаралар қосыла келе, жоғарыда аталған проблемаларды еңсерудің нақты құралы болып табылады. Сөйтіп, акцияның негізгі мақсаты – жария етілген капитал түрінде экономикаға қосымша қаражат тарту болып отыр.

Сұрақ: Мүлікті жариялағаннан кейін құқық қорғау, салық және басқа да органдармен арада проблемалар болмай ма? Мүлкін жария еткендердің үстінен қылмыстық және әкімшілік істер қозғалмай ма? Бұған қандай кепілдік бар?

А.КРАВЧЕНКО: Жария ету туралы заңда мүлкін жария етушілердің әкімшілік және тәртіптік жауапкершіліктің қандай түрлерінен босатылатындығы нақты жазылған. Сондай-ақ, қандай қылмыстардың жауапкершіліктен босатылмайтындығы да жазылған. Қандай қылмысты жолдармен алынған мүліктердің жария етуге жатпайтындығы көрсетілген. Ал енді кепілдік беру мәселесіне келсек, заң бойынша жария ету барысында алынған мәліметтердің құпиялы болатындығына кепілдік берілген. Екіншіден, жария етуді жүргізу үдерісі барысында алынған мәліметтер негізінде мүлкін жария етуші субьектіге жария етілген мүліктің шегінде қылмыстық қудалаудың, әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартудың болмайтындығы, мұндай әрекеттерге тыйым салатындығы жөнінде кепілдік берілген.

Сұрақ: Ұлттық Банк өкіліне сауалымыз бар. Жалпы ел экономикасынан шығарылған ақшаның көлемі қандай? Осындай бір нақты статистика бар ма?

Қ.ҚОЖАХМЕТОВ: Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі «Ұлттық Банк туралы» және «Мемлекеттік статистика туралы» заңдарға сәйкес сыртқы сектор статистикасын құруға және таратуға жауапты мемлекеттік статистика органы болып табылады (төлем балансы, халықаралық инвестициялық жайғасым және сыртқы қарыз жөнінде).

Сонымен бірге, халықтың қызығушылығын ескере отырып, Ұлттық Банктің интернет-ресурсында 2012 жылдың қаңтар айынан бастап жекеменшік секторының өз капиталының таза кіріс-шығысы туралы мәлімет жарияланады. Оған өз кезегінде елдегі төлем балансындағы қаржылық есебінде тіркелген жекеменшік секторының барлық операциялары кіреді, соның ішінде қателер мен қалып қойған операциялары да кіреді.

Соңғы жеті жылда (2007-2013 жылдар аралығында) жекеменшік секторы капиталының таза кірісі байқалды. Сол капиталдың кірісі мен шығысынан жалпы сомасы шамамен алғанда 39 млрд. АҚШ долларынан асты. Алайда, 2014 жылдың 1-тоқсанында жеке сектор капиталының таза шығысы 3 млрд. АҚШ долларын құрады.

Сонымен бірге, сырты экономикалық статистиканың әдіснамасы елден шығарылған қаражатты, соның ішінде заңсыз шығарылған қаражатты анықтау немесе ол бойынша жеке есеп жүргізуді қарастырмайды және мақсат етпейді де. Қаражатты елден заңсыз шығарылды деп тек құқық қорғау органдары растағаннан кейін ғана тануға болады. Сол себепті Ұлттық Банк елге кірген немесе елден шыққан қаражаттың қай бөлігі заңды немесе заңсыз екендігі туралы ақпаратты қадағаламайды. Бұдан басқа, көбінесе теріс балансты көрсететін Қазақстан төлем балансының «Қателер және қалып қойғандар» деген тармақтың мәліметіне сүйене отырып айтатын болсақ, толық есепке алынбаған капиталдың шығысының бір бөлігі елден шығарылған қаражат болуы да мүмкін.

Жеті жыл мерзім ішінде (2007-2013 жылдар аралығында) төлем балансының қателері мен қалып қойғандары 25,4 млрд. АҚШ долларын құрады. Алайда, алдында айтылғандай, көрсетілген мерзімде капиталдың таза кірісі байқалады. Сол себепті капиталдың елге кірісі шығысынан асты деп толық сеніммен айтуға болады.

Сұрақ: Біз Астана маңындағы Талапкер ауылына көшіп келгенде, әкімдік бізге жер бөлді. Әкімдіктің жер бөлу туралы шешімі қолымызда. Бірақ әлі жердің актісін алған жоқпыз. Жерімізге үй салып алдық. Осы үйді заңдастыра аламыз ба?

Б.ӘБДІРАЙЫМ: Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жер учаскесін беру туралы мәселені шешу және жер учаскесіне мемлекеттік акт беру жергілікті атқару органдарының құзыретіне жатады. Егер сізде жер учаскесін беру туралы шешім болса, бірақ оған мемлекеттік акт алынбаған жағдайда, сіз осы құжатты алу үшін тиісті әкімдікке жүгінуіңіз қажет. Сізге мемлекеттік акт берілмеген жағдайда, өз құқығыңызды қорғау жөнінде сот органдарына жүгіне аласыз. Мемлекеттік актіні алғаннан кейін, оны Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы әділет органдарында тіркеуіңіз қажет. Осы рәсімдерден кейін ғана, сіз өз үйіңізді заңдастыру бойынша акцияға қатыса аласыз.

Сұрақ: Мүлікті жария ету үшін комиссияға қандай құжаттар тапсыру қажет? Ол комиссиялар қайда отырады? Жария ету үдерісі қашан басталып, қай уақытқа дейін созылады?

Б. ЖӘМІШЕВ: Заңға сәйкес мүлікті жария ету үшін комиссияға мынадай құжаттарды тапсыру қажет: 1. Мүлiктi жария етуге өтініш, екi данадан; 2. Өтініш берген кезде жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi мен түпнұсқасын көрсету қажет; 3.Ғимараттар мен құрылыстарға техникалық тексеру жүргізген сарапшының қорытындысы; 4. Жылжымайтын мүлік нысанының техникалық төлқұжаты.

Комиссиялар барлық әкімдіктерде құрылады. Жария ету үдерісі 2014 жылғы 1 қыркүйектен басталады және 2015 жылғы 31 желтоқсанға дейін жүргізіледі.

Сұрақ: Осы уақытқа дейін бізде екі мәрте мүлікті заңдастыру (жария ету) шарасы өткені белгілі. Осы екі шарада қанша қаржы заңдастырылды? Алдағы мүлікті жария ету акциясынан қандай нәтиже күтеміз?

Б.СҰЛТАНОВ: Иә, шынында жария етуді өткізуде Қазақстанның тәжірибесі бар. Алғашқы ақшаны жария ету Қазақстан Республикасында 2001 жылғы шілде-тамыз айларында бір ай бойы өткізілді. Жария ету ол кезде бір жолғы акция түрінде, сол өткізу кезеңіне Қазақстан азаматтарының екінші деңгейдегі банктердегі арнайы шоттарға ақша салуы жолымен өткізілді. Амнистия нәтижесінде Қазақстан Республикасының шамамен 3 мыңға жуық азаматы 480,0 миллионнан астам АҚШ долларын жария етті.

2006-2007 жылдары жария етуге тек қана ақша емес, сол сияқты жылжымалы және жылжымайтын мүлік те жатқызылды. Осы ерекшелікті, сондай-ақ, мерзімдерін ұзартуды ескере отырып, акция анағұрлым созылмалы сипатта болды және бір жылдан астам уақытты қамтып, 2006 жылғы 3 шілдеден бастап, 2007 жылғы 1 тамызға дейін өткізілді. Сол кезде мүлікті жария етуді өткізу үшін жария етілген мүлік құнының 10 пайызы мөлшерінде алым алу көзделді.

Осы акцияны өткізу нәтижесінде 845 млрд. теңге немесе 7 млрд. АҚШ доллары мөлшеріндегі (бұл 2006 жылғы ІЖӨ-нің 8,3 пайызы) мүлік жария етілді. Оның ішінде 538 млрд. теңгенің ақшасы (бүкіл мүліктің 63,7 пайызы), 236 млрд. теңгенің жылжымайтын мүлкі жария етілді. Осы шарадан республикалық бюджетке шамамен 60 млрд. теңгенің немесе 483 млн. АҚШ долларының жария ету алымы түсті.

Сұрақ: Менің досымның шетел банктерінің бірінде есепшоты бар. Ол өз қаражатын заңдастырғысы келеді. Экономикалық дағдарысты, Еуропада заңдастырылған табысты қысқарту шараларына байланысты өз ақшасынан айырылып қалудан қорқады. Не істесе болады?

Б.СҰЛТАНОВ: Заңмен шетелдік банктердегі шоттарда тұрған ақшаны жария ету мүмкіндігі берілген. Ұсынылған жария ету рәсімі бойынша ақша екінші деңгейдегі банктерде, сондай-ақ, пошта қызметінің ұлттық операторында ашылған арнайы жинақ шоттарына есепке жатқызылуы тиіс. Одан кейін, субъект жария ету құралын таңдауы керек.

Біріншіден, ақшаны жоғарыда айтылған екінші деңгейдегі банктерде, сондай-ақ, пошта қызметінің ұлттық операторында ашылған арнайы жинақ шоттарында бес жыл бойында ұстауға болады, тіпті, оған нарықтық мөлшерлемемен сыйақы да алып тұрады. Екіншіден, егер ынтасы болса, бұл қаржыға мемлекеттік бағалы қағаздарды, ұлттық басқарушы холдингтердің және компаниялардың, екінші деңгейдегі банктердің облигациялары мен акцияларын сатып алу арқылы, «Халықтық ІРО» бағдарламасына қатысу арқылы экономикамызды инвестициялауға болады. Үшіншіден, азаматтар жария етілген ақшаларына жекешелендірудің екінші толқынына шығарылатын нысандарды сатып ала алады.

Егер азаматтардың мұндай істерге қатысуға ынтасы жоқ болса, онда ол жария етілген қаражатын өз қалауы бойынша жұмсай немесе сақтай алады. Мұндай ақшаны жариялау кезінде екінші деңгейдегі банк немесе пошта қызметінің ұлттық операторы азаматтан жариялаған ақшасының 10 пайызын алым ретінде ұстап қалады.

Сұрақ: Ақшаны жария еткенде ол қай уақыттан бастап заңдастырылған болып танылады? Банктің есепшотында сақталатын бес жылды, яғни толық мерзімді күту керек пе?

Қ.ҚОЖАХМЕТОВ: Осы заң бойынша ақша банкте немесе Қазпоштада ашылған арнайы жинақтау шотына салған сәттен бастап заңды деп танылады. Ол үшін тиісті құжат беріледі. Сол себепті бес жыл күтудің қажеті жоқ.

Сұрақ: Осы заңдастыру шарасын өткізуге мемлекет қанша қаржы бөлді? Егер жоспарланған ақша келмей қалса, не болады?

Б.СҰЛТАНОВ: Мүлікті жария ету акциясын өткізуді жекелеп қаржыландыру жоспарланған жоқ. Барлық жұмыс осы акцияны өткізу үдерісіне тартылған мемлекеттік органдардың ағымдағы шығыстары шеңберінде жүргізілетін болады. Өткен жария етулердің нәтижелері мен халықаралық тәжірибені ескере отырып, түсетін түсімдер бұдан алдыңғы акциялардан артық болмаса, кем болмайды деп күтудеміз.

Сұрақ: Жақында Шымкент қаласына жақын жатқан аудандарды қосты. Біз тұратын кент қазір қалаға жатады. Маған осы үйімді заңдастыруға қажеттілік бар ма? Ол үшін қандай құжаттар керек? Сосын менің таныстарымның саяжайы орналасқан учаске де осылай қалаға қосылды. Олар мүліктерін заңдастыра ала ма?

Б.ӘБДІРАЙЫМ: Бұл сұрақ заңдастыруға (жария етуге) қатысты емес. Сонымен қатар, Жер кодексінің 6-бабының 108-тармағына сәйкес жep учаскелерiн қала, кент, ауыл шегiне қосу осы учаскелерге меншiк құқығын немесе жер пайдалану құқығын тоқтатуға әкеліп соқпайды.

Бұдан басқа, «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Заңның 6-бабының 2-тармағына сәйкес жылжымайтын мүліктің сәйкестендіру сипаттамаларының өзгеруі мемлекеттік органдардың шешімі бойынша болған жағдайда, оның ішінде елді мекендердің атауы, көшелердің аты, сондай-ақ, үйлер мен өзге де құрылыстардың реттік нөмірлері (мекенжайы) өзгерген кезде немесе әкімшілік-аумақтық құрылысын реформалауға байланысты кадастрлық нөмірлер өзгерген кезде мұндай өзгерістерді тіркеу құқық иеленушіге жүктеле алмайды және өтеусіз жүзеге асырылады.

Сіздің жағдайыңызда мынадай реттілік тәртібімен ХҚО-ға: 1. мекенжай туралы анықтаманы алу үшін (архитектура органдары); 2. мемлекеттік актідегі кадастрлық нөмірге өзгерістер енгізу (жер қатынастары органдары); 3. сәйкестендіру мәліметтерінің өзгергенін тіркеу үшін (әділет органдары) жүгінуіңіз қажет.

Сұрақ: Ауыл тұрғындарына да сауал қоюға мүмкіндік берілгеніне рахмет. Мен Қостанай облысы, Жангелдин ауданының тұрғынымын. Мен өз ауданымнан сіздер айтып отырған сарапшыларды таба аламын ба? Ол сарапшылар ауылдарға келе ме?

Б.ЖӘМІШЕВ: Қазіргі уақытта Өңірлік даму министрлігі мүлікті жария етудің жаңа қағидаларын әзірлеп жатыр. Осы қағидаларға сәйкес сейсмикалық емес аудандарда сарапшының қорытындысын ұсыну қажет болмайды. Сейсмикалық аудандарда орналасқан елді мекендердің тізімі құрылыс нормалары мен ережелерінде көрсетілген. Осы құжатта Қостанай облысы сейсмикалық қауіпті ауданға жатпайды.

Сұрақ: Жалпы, елімізде қанша сарапшы бар? Олар аздық етпей ме?

Б.ЖӘМІШЕВ: Бүгінде еліміз бойынша ғимараттар мен құрылыстарға техникалық зерттеулер жүргізетін 451 сарапшы аттестаттаудан өткізілген. Сараптамадан өткізуге берілген өтініштер санына байланысты олардың қатары өсіріле беретін болады.

Сұрақ: Көптеген саяжай учаскелерінде тұруға қолайлы жақсы үйлер салынған. Бұл тұрғын үйлерді жария етуге бола ма?

Б.ЖӘМІШЕВ: Заңға сәйкес Қазақстан Республикасындағы ғимараттар жария етуге жатады. Ғимараттар құрылыс талаптарына және жер учаскесінің мақсатына сәйкес келуі керек. Саяжайлар, ғимараттар тек өзінің мақсатына қарай жария етіледі, оның жер учаскесі жеке меншікте болуға тиіс және құрылыс талаптарына сәйкес болуы керек.

Сұрақ: Жылжымайтын мүлікке техникалық төлқұжатты қалай аламыз? Ол қанша уақытта жасалады?

Б.ӘБДІРАЙЫМ: Жария ету аясында, егер сізде жер учаскесіне мемлекеттік акт болса, құрылысқа техникалық төлқұжат алу үшін жылжымайтын мүлік нысанының орналасу мекенжайы бойынша тиісті құжаттар тізбесімен Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуіңіз қажет (өтініш; жеке басын куәландыратын құжат; жер учаскесіне сәйкестендiру құжатын қоса бере отырып, тіркеу нысанын растайтын құқық белгілеуші құжаттар; алым сомасын төлегенiн растайтын құжат).

Техникалық төлқұжатты әзірлеу мерзімі жылжымайтын мүлік нысанының түріне байланысты жасалады.

Атап айтсақ, пәтерлерге, жатақханалардағы бөлмелерге техникалық төлқұжат үшінші жұмыс күні, жеке тұрғын үйлерге, жеке гараждарға, саяжай құрылыстарына техникалық төлқұжат жетінші жұмыс күні беріледі және оның бағасы мүліктің аумағына байланысты 3 мың теңгеден жоғары болады.

Басқа жылжымайтын нысандарға техникалық төлқұжаттар олардың аумағы мен күрделілігіне байланысты 20 жұмыс күніне дейін жасалады.

Көрсетілген мерзімдерге Жылжымайтын мүлік орталықтарының қызметкерлері сізбен келісе отырып, техникалық зерттеу жүргізу үшін нысанға бару және оның нәтижесінде техникалық төлқұжатты әзірлеп, сізге беру уақыты да кіреді.

Әлеуметтік желі арқылы сұрақ: Менің Барселонада үйім бар. Қазір іс жүзінде екі елде өмір сүріп жатырмыз. Күз бен қыста Испанияда боламыз. Қазақстан азаматтарымыз. Бізге осы мүлікті заңдастыру қажеттілігі бар ма? Және қандай шарттармен заңдастыру жүреді? Өйткені, техникалық сарапшылар Қазақстаннан Испанияға бармайтын шығар? Шетелдік жылжымайтын мүлкі бар азаматтар осы акциядан не ұтады?

Б.СҰЛТАНОВ: Акция бар мүлікті жария ету және заңды айналымға енгізу мүмкіндігін береді. Біріншіден, бұл алдымызда тұрған жалпыға бірдей декларациялаудың енгізілуімен байланысты, азаматқа кейіннен оны қорықпастан декларацияда көрсетуі үшін мүлкін қазір жария етіп алу құқығы беріледі. Екіншіден, шетелдегі мүлікті жария ету кезінде жария етілген мүліктің құнынан жария ету үшін алынатын 10 пайыз мөлшеріндегі алым мемлекет бюджетіне түседі.

Сұрақ: Заң бойынша мүлікті оралмандар да заңдастыра алады деп жазылыпты. Олар Қазақстан азаматтары емес пе? Неге бұлай бөлген? Әлде оралмандарға артықшылықтар бар ма?

Б.ӘБДІРАЙЫМ: «Халықтың көші-қоны туралы» Заңның 1-тармағы 13) тармақшасына сәйкес оралмандар – тарихи Отанында тұрақты тұру мақсатында Қазақстан Республикасына келген және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өңірлерге қоныстандырылатын және осы заңда белгiленген тәртiппен тиiстi мәртебе алған, Қазақстан Республикасы егемендiк алған кезде одан тыс жерде тұрақты тұрған этностық қазақтар және оның Қазақстан Республикасы егемендiк алғаннан кейiн одан тыс жерде туған және тұрақты тұрған ұлты қазақ балалары.

Осыған байланысты, «Жария ету туралы» Заңға сәйкес оралмандар және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдар мүлікті жария ету субъектілеріне жатады (1-бап, 4)тармақша).

Сұрақ: Мүлікті заңдастыруды тегін жасауға бола ма? Комиссия біздің өтінішімізді қанша уақыт ішінде қарайды?

 Б.СҰЛТАНОВ: Жария ету үшін алынатын алым жария етуші адамдардан екі жағдайда алынады.

Біріншіден, екінші деңгейдегі банктердегі арнайы шоттан ақшаны мерзімінен бұрын (бес жыл толмастан), экономикаға инвестиция жасамастан алса.Екіншіден, Қазақстан аумағынан тыс жердегі мүлікті жария еткенде, оның ішінде тиісті адамға рәсімделмеген мүлікті жария етсе алынады.

Сонымен бірге, талқылауларды ескере отырып, заң жобасына мынадай нақтылаушы ережелер енгізілді:

Мемлекеттік тіркелуге жататын жария етілген мүлікті субъект өзі дербес тіркейді. Жария етілген мүлікті рәсімдеумен байланысты Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шығыстардың барлығын жария ету субъектілерінің өздері дербес көтереді.

Комиссия жария етуге өтініш пен тиісті құжаттар келіп түскен күннен бастап құжаттарды 30 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде қарауы тиіс.

Сұрақ: Менің туысым – Ресейдегі компанияның құрылтайшыларының бірі. Қазір ол мүліктің өзіне қатысты бөлігін Қазақстанда жария еткісі келеді. Мұндай активтер жария етуге жата ма?

Қ.ҚОЖАХМЕТОВ: Иә, «Жария ету туралы» Заң бойынша заңды тұлғаның, соның ішінде шетелдерде тіркелген заңды тұлғаның жарғы капиталындағы қатысушылық үлесті жариялау мүмкіндігі де қарастырылған.

Сұрақ: Ақшаны мемлекет ұсынатын құралдарға салмай заңдастырған кезде барлық қаражаттың 10 пайызын төлеуіне тура келеді. Бұл көп емес пе? Мысалы, 100 000 долларды заңдастыру үшін 10 000 долларды төлеу дұрыс па?

Б.СҰЛТАНОВ: Берілген мүмкіндікті пайдаланғысы келген адам үшін алынатын алымның мөлшері кедергі болмайды деп санаймыз. Мөлшерлеме жеке табыс салығы бойынша (10 пайыз) қандай болса, дәл сол мөлшерде белгіленген. Бұдан басқа мүлікті (ақшадан басқа) жария ету бойынша алынатын 10 пайыз мөлшеріндегі алым елдің ішінде белгіленбейді. Өйткені, шетелдегі мүлікке қарағанда іштегі мүлік салық әкеледі немесе әкелетін болады. Осыған байланысты, заңда шетелдегі жария етілетін мүлікке, сондай-ақ, елдің экономикасына инвестиция жасамастан мерзімінен бұрын алынатын жағдайда ақшаға алым салығын салу көзделген.

Әзірлеген Сұңғат ӘЛІПБАЙ

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.