You are here

Жалған хабар жарға жығады

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Соңғы жылдары еліміз бойынша халық көп жиналатын жерлерге «бомба қойылды» деген жалған ақпарат беру жиіледі. Яғни мекеменің әлеуметтік-экономикалық жұмыс ырғағына нұқсан келтіріп, жалпы қоғамға елеулі шығын әкелетін жалған терроризм қаупі туралы жалған хабарлама жасау орын алып, тұрғындар арасында үрей тудырып, адамдардың тыныштығы бұзылуда. Құқық қорғау органдары ғимараттан адамдарды басқа жерге көшіріп, қоғамдық көліктің тоқталысын шектеп, жоқ бомбаны іздеуге мәжбүр. Бұл бағытта облыстағы ахуал қандай деген сұрақпен Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасының экстремизмге және терроризмге қарсы күрестің заңдылығын қадағалау бөлімінің аға прокуроры Алмас Таспиховқа жолыққан едік.

– Терроризм актісі туралы жалған хабар фактілеріне жасалған сараптамаға үңілсек, облыс бойынша 2013 жылы 1-ақ қылмыс болса, 2014 жылы 4 факті тіркелді. Бұл аталған қылмыстың аз да болса өсіп отырғанын көрсетеді, – дейді Алмас Таспихов. – Яғни 2 жылда терроризм актісі туралы жалған хабарлама жасаудың 5 фактісі тіркелді. Оқиға орнына барған шұғыл қызметтің барлық шығыны кінәлі адамның мойнына салынды. 2013 жылдың 30 қараша күні, 22.45 сағатта 1971 жылы туған В.Кисиков мас күйінде өзі тұратын Зеленов ауданы Калинин ауылындағы Фрунзе көшесіндегі үйінде отырып, Зеленов аудандық ішкі істер бөліміне телефон шалып, аудандық ауруханаға бомба қойылғаны туралы хабарлаған. Зеленов аудандық сотының шешімімен В.Кисиков 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Мемлекетке келген 214 023 теңге шығын В.Кисиковтан өндіріліп алынды.

Прокурордың айтуынша, «бомба қойылғаны» туралы хабар берушілер оқиғаның соңы неге апарып соғатынын ойламаудың салдарынан жауапқа тартылып, жазасын алуда.

Дүрбелеңге салған психолог

Мысалы, 2014 жылдың 24 шілдесі күні, 10.30 сағатта Тасқала аудандық ішкі істер бөліміне аудандық ауруханада белгісіз қорап табылғаны туралы хабар түскен. Қылмыстық іс қозғалған. Дегенмен тексере келе ҚР Қылмыстық кодексінің 37-бабы, 2-тармағы 1-бөліміне сәйкес әрекетте қылмыс құрамының болмауына байланысты iс тоқтатылған. Оқиға былай болыпты: Аурухана психологы Х.Сапақова сол күні таңертең емделуші А.Әбдрахмановадан тіркеу кабинеті жанына қолдан жасалған жарылғыш затты елестететін тұлып (муляж) қоюды өтінген. Оны көрген аурухана қызметкері Э.Жаманғарина аурухана директорының орынбасары Н.Дүйсекешеваға хабарлаған. Бұл хабарды Н.Дүйсекешева аурухана директоры Г.Кенжешеваға жеткізеді. Ал директор ІІДБ телефон шалып, адамдарды көшіру шараларын қолға алған. Ал Х.Сапақова болса бұл әрекетін оқу мақсатында, әріптестерінің психологиялық жағдайы мен әрекетін байқап, зерттеу мақсатында істегенін айтады. Х.Сапақовадан келтірілген 45000 теңге материалдық шығын өндіріліп алынды.

Орал қаласы аумағында жасалған тағы да екі қылмыс бойынша «террористер» анықталып, қамауға алынды. 14 желтоқсан 2014 жылы 15.25 сағат шамасында М.Жанәділов есімді азамат терроризм актісі туралы қасақана жалған хабарлама жасау мақсатында, өзінің ұялы телефонынан көлік бекетінің кезекші нөміріне телефон шалып, «бекет ғимаратын жарамын» деп қорқытады. Орал қалалық сотының үкімімен оның қылмысы дәлелденіп, ҚР ҚК 242-бабымен 3 жыл бас бостандығынан айырылды. Залал сомасы 32 744 теңге өндірілді.

Осыған ұқсас тағы бір оқиғада 26 маусым 2014 жылы оралдық В.Володин мас күйінде «112» нөмеріне телефон шалған. Ол Шаган-Набережная көшесіндегі бір үйде үш ер адамның электресептегішті алып, жарылғыш зат қойып жатқанын хабарлайды. В.Володиннің де қылмысы дәлелденіп, 3 жылға сотталды. Келтірілген 17 664 теңге көлеміндегі шығын толықтай өңдірілді.

«Мастықпен білмей қалдым...»

Біз мақала дайындау мақсатында Орал қаласындағы РУ-170/2 еңбекпен түзеу мекемесінде болғанымызда жалған терроризм фактісі бойынша сотталушылармен кездескен едік. Соның бірі – Нұрсұлтан Кабул. Бөкей орда ауданының «қойдан да жуас» деуге болатын баласы бір емес, екі бірдей қылмысқа барыпты.

2014 жылдың 9 қыркүйегі күні шамамен 12.49 сағатта Орал қалалық ішкі істер бөліміне Достық даңғылы 195-үйде орналасқан «Билайн» ұялы байланыс ғимаратына жарылғыш зат қойылғаны туралы хабар түскен. ҚР Қылмыстық кодексінің 242-бабы, 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалып, кінәлі Нұрсұлтан Кабул есімді азамат ұсталған. Келтірілген 74 012 теңге келтірілген шығын әлі өндірілген жоқ. Себебі Н.Кабул түрмеде отыр.

– Ол күні мас болып, ішіп отыр едім. Ұялы телефонымның бірлігі бітіп қалды. «Билайн» орталығы маған қайта-қайта: «Сіздің бірлігіңіз бітті, тарифпен кіріңіз» деп хабарлама сала береді. Сол мүмкіндікті пайдаланып «Билайн кеңсесіне бомба қойылды, қазір жарылады» деп телефон шалдым. Екінші күні мені ұстап әкетті, – дейді Нұрсұлтан.

Оған «сен осылай істе» деп ешкім айтпаған және бұл жалған хабарды жасағанда қасында жан баласы болмапты. Бас бостандығын шектеу жазасын алған Нұрсұлтан шыққан күннің ертеңіне темір торға қайта түскен.

– Екінші күні адам тонап, түрмеге қайта түстім, – дейді ол. Оның шығатынын отбасы білмей қалады. Сондықтан қалтасында көк тиын болмапты. Көшеде әрі жүреді, бері жүреді, қарны ашады, күн кешкіре бастайды. Ауылға кетпек түгілі, қаладағы танысының үйіне жететін тиыны жоқ. Нұрсұлтан көшеде келе жатқан кішкентай баланың телефонын тартып алады. Ойы – сатып, ақшасына ауылға жету. «Осы – қылмысым үшін 2 жылға сотталдым», – дейді ол. «Адам тонағанша, қоғамдық көлік кондукторынан баратын жеріңе дейін ақысыз мінгізуді неге сұрамадың?» деген сұрағыма ол: «Ұялдым» деп жауап берді. «Ал кішкене баланы тонап, телефонын тартып алуға неге ұялмадың?» деген сұрағым жауапсыз қалды. Орал қалалық соты оны 2 жылға бас бостандығынан айырды. «Бірінші сотталғаным- арақтың кесірі. Енді түрмеден шыққан соң арақты аузыма алмаймын», – дейді ол.

– Жалған терроризм фактілерінің орын алуына әртүрлі жағдай себеп болуда. Біреулер отбасына, не сүйген адамына деген ашумен, біреулер ұшаққа кешігіп, оны тоқтата тұру үшін, ал жасөспірімдер қызық көргендіктен, осындай қылмысқа барады, – дейді Алмас Таспихов. Бүгінде прокуратураның бастамасымен жергілікті атқарушы органдар, аудан жастарын деструктивтік дін ағымдарына тартудың жағымсыз салдары туралы ақпараттандыру және жалған терроризмнің алдын алу мақсатында акциялар өткізуде. Акция аясында үкіметтік емес ұйым мүшелері аудан прокуратурасының сенім телефондары көрсетілген жаднама және үлестіру материалдарын таратты.

«Жұмыс жеткіліксіз»

Прокурордың айтуынша, халық арасында жалған терроризм туралы профилактикалық түсіндіру жұмыстарының ұйымдастырылуы жеткіліксіз. Орал қаласы және аудан прокурорларының мәліметі бойынша, жергілікті орындаушы және уәкілетті органдармен бұл бағытта бастамашы және дербес жұмыстар жүргізілмейді. Түсіндіру жұмыстары көбінесе прокурорлардың ықпалымен Теректі, Тасқала, Зеленов, Бөрлі және Шыңғырлау аудандарында жүргізілген. Жалған хабар жарға жығадыСоның ішінде Зеленов аудандық прокурорының жұмысына оң баға беруге болады. Шыңғырлау, Қаратөбе, Тасқала, Теректі, Казталов аудандары прокурорлары мектеп және колледж оқушыларымен кездесіп, жалған терроризмнің қоғамға әкелер залалы мен қаупі туралы әңгіме өткізген. Басқа аудан прокурорларының осы бағыттағы жұмыстары әлі де жақсартуды талап ететін көрінеді.

– ҚР Қылмыстық кодексінде терроризм актісі туралы жалған хабарлама жасаған адамға бас бостандығынан айыру және айыппұл салудың балама шараларын жою арқылы құқықтық жауапкершілік қатаңдатылды. Бұрын бас бостандығынан шектеу, айыппұл төлеу жазасы болған. Бүгінде мұндай қылмысқа барған адам міндетті түрде бас бостандығынан айырылады және сонымен қатар шығынды да төлейді. Жалған терроризм халықты үрейлендіріп, дүрбелең туғызатындықтан қоғамға қауіпті. Сондықтан халықтың арасында түсінік жұмыстарын жүргізу, оқу орындарында тәрбие сағаттарын өткізу арқылы жалған хабар берген адамның жазасыз қалмайтыны туралы тұрғындарға ақпарат беріп, жұмыс істеудеміз, – дейді Алмас Таспихов.

Ұлдай САРИЕВА,

Орал қаласы

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.