Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Әлемдегі өркениетті елдер сияқты тәуелсіз Қазақстан да құқықтық, демократиялық, зайырлы қоғам орнату жолына түсті. Мұндай қоғамда жариялылықтың жаршысы саналатын БАҚ-тың рөлі артатыны белгілі. Дегенмен де, шындықты айтқаны үшін журналисті кінәлап, сот арқылы қуғындауға әрекет жасайтын жайлар кездесіп жатады. Сондай-ақ, түрлі заңбұзушылықтар үшін басылым құрылтайшыларын жауапқа тартатын жағдайлар да болып тұрады. Әрине, журналист немесе құрылтайшы заңсыздыққа жол берсе, әңгіме басқа, ал, жазықсыз жазаға тартылса ше?

Ақмола облыстық прокуратурасы өткен жылы ақпарат құралдарына қатысты шығарылған 4 шешімге наразылық білдіріп, заңсыз шешімдерді өзгертуге қол жеткізді. Олардың арасында журналистердің жазған мақалалары үшін сотқа шағымданған жайлар жоқ. Бәрі де басылым құрылтайшысының қолданыстағы заңды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартуға бай­ланысты шығарылған сот шешімдері. Бірақ та, қадағалаушы орган шешімдердің заң негізінде шығарылмағандығын анықтады.

Мәселен, Астрахань аудандық «Маяк» газеті өткен жылы Ақ­мола облыстық мәслихатының елді мекендерде азаматтардың итпен серуендеуінің ережелері туралы шешімін жариялады. Облыстық газетте шыққан мәслихат шешімін аудандық газеттің көшіріп беруінің себебін түсінуге болады. Облыстық газетті жергілікті жерде халықтың бәрі жаздырып ала бермейді. Осыған орай, аудандық газетте тұрғындар үшін білуге тиісті маңызды ережені жариялау арқылы халық оқып, құлағдар болсын деген ниет жатқан сияқты. Дегенмен, аудандық газет редакциясының бұл әрекеті жоғары орган тарапынан заңбұзушылық болып көрініп, облыстық Әділет департаменті аудандық газетті сотқа береді.

Әділет департаментінің айтатын уәжі: аудандық газет облыс­тық мәслихаттың шешімін жариялауға құқылы емес, оны тек облыстық газет қана жариялай алады. Осы істі қараған Астрахань аудандық соты да Әділет департаментінің уәжін қабыл алып, аудандық «Маяк» газетін әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы шешім шығарады. 50 есептік көрсеткіш, яғни, 86550 теңге бюджет қаржысымен қалт-құлт тірлік кешкен аудандық газет үшін аз ақша емес. Бірақ, ең бастысы, басылым басшылығы үшін ақша төлеуде емес, оқырман білсін деп жариялаған материал үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуда болған сияқты. Содан болар, редакция заңды қадағалаушы органға шағымданады.

Прокуратура өз кезегінде аудандық газетке қатысты сот ше­шімінің заңсыздығын анықтайды. Заң бойынша ресми құжат ақпарат құралында ресми түрде жарияланған соң оны көшіріп басу заңбұзушылық болып табылмайды. Осыған сүйенген прокуратура сот шешіміне наразылық білдіріп, Бас прокуратураға ұсыным жазды. Бас прокуратураның наразылығымен аталмыш істі қараған Жоғарғы Соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалау алқасы Астрахань аудандық сотының «Маяк» газетіне қатысты шығарылған шешімін өзгертті. Аудандық газетке қатысты әкімшілік іс оның құрамында әкімшілік құқық- бұзушылық жоқтықтан тоқтатылды.

Қалкөз ЖҮСІП

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.