Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Жаңа жылдың басында танымал заңгер, тәуелсіз еліміздің прокуратурасының дамуына, жалпы құқықтық жүйемізге зор үлес қосып келе жатқан тұлғалардың бірі, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Нұрмаханбет Молдалыұлы Исаев 60 жасқа толады.

Нұрмаханбет Исаев 1956 жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Бөген ауданының Бадам стансасында  дүниеге келген. 1978 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіріп, Жамбыл облысы Жамбыл ауданы прокуратурасына тергеуші болып барды.

Ұзын-ырғасы отыз жеті жылдан бері Нұрекең заңдылық жолында қажырлы еңбек етіп келеді. Бойындағы қайсарлық, жігерлік пен зеректік Нұрекеңе қызметтік баспалдақпен жоғары өрлеуге мүмкіндік берді. Еңбек жолын тергеуші, облыс прокурорының көмекшісінен бастап, кейін Мерке ауданының Шу қаласының прокуроры, Бас прокуратураның департамент бастығы, Астана қаласы прокурорының бірінші орынбасары, Павлодар облысының прокуроры лауазымдарын абыроймен атқарды.

«Өмір – өткен күндер емес, есте қалған күндер» деп бекер айтылмаса керек. Нұрекеңмен 1988 жылы таныстым. Ақтөбеде прокуратура саласындағы озық тәжірибелерді бөлісуге арналған республикалық жиналыс болды. Жиын барысында сөз Нұрекеңе де берілді. Мінбеге өз-өзіне сенімді, аяғын нық басқан жігіт бет алды. Ол кезде Мерке ауданының прокуроры еді. Алғашқы сөздерінен-ақ аудитория назарын өзіне тартып алды. Ат құлағында ойнаған шабандоздай өз ісінің маманы, майталманы екені көрініп-ақ тұр. Өзінің салмақты, жаңалыққа жаны құмар, тереңінен ойлайтын қасиеттері ерекше еді. Бүкіл республикадан жиналған прокурорлар Нұрекеңнің әрбір сөзін құптап, ұшқыр ойларына тәнті болып, бастарын изеп, онымен келісетіндерін білдіріп отырды. Жасы үлкендеу прокурорлар «өсетін жігіт екен, генерал болуға лайық» деп бір-бірімен сыбырласып та қояды. Нұрекең сол алғашқы қарапайымдылық пен салмақтық ұштасқан қалпында. Ал біз өзімізше «прокуратура саласында бір Толағай пайда болды» деген түйін жасадық.

Жалпы, азаматқа тән жүкті көтеру үшін адам бойында айтар ойы мен лайықты мінезі болуы қажет. Халық қашанда Нұрекеңдей кесімді сөз айтып, өз ісін соңына жеткізе білетін нар тұлғалардан сүйеніш іздейді.

Бүгінде Нұрмаханбет Молдалыұлы – Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары. Тәуелсіз еліміздің прокуратурасының дамуына қосып келе жатқан үлесі зор. Қырық жылға жуық қызметінде мол тәжірибе жинақтап, әр мәселенің түйінін дұрыс шешуді мақсат тұтады. Қашанда дамыл таппай еңбек етуінің арқасында бірталай марапаттарға да ие болды. Прокуратураның құрметті қызметкері.

Мінсіз қызметін ескере отырып, Елбасы оған «Даңқ» орденін табыстады.

Бүгінгі лауазымына тағайындалысымен, табиғатынан тынымсыз еңбекқор, ізденімпаз, іскер Нұрекең қылмыстық заңнаманы жетілдіруге көп көңіл бөлді. Қылмыстық процестегі азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету мінезді прокурордың қашанда басты назарында.

2015 жылдың басынан бері Қазақстанның қылмыстық істерді тергеу мен оны сотта қараудың жаңа моделіне көшкені көпшілікке белгілі. Қоғамда жан-жақты талқыланып, көпшіліктің қолдауын тапқан осы енгізудің бастамашысы да Нұрекең еді.

Нәтижесінде Нұрекеңнің ұсынысы тергеуді анағұрлым жеңілдетіп, азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдіктерді күшейткен жаңа Қылмыстық-процестік кодекстің қабылдануына бастау болды. Уақыт талабын үнемі ескеріп, болашақты болжай білетін ойлы, зерделі Нұрекеңнің идеяларын негізге алған кодекс тез арада, еш қиындықсыз практикаға сіңіп кетті.

Бауыржан Момышұлы былай деген екен: «Әбден байыпталған орынды, әділ, аяусыз қаталдыққа солдат ешқашан ренжімейді, қайта ондай қаталдық адамгершілікке, гуманистікке негізделген. Әділдік әрбір командир, әрбір солдат мойнына үнемі тағып жүруге тиіс бойтұмар сияқты. Тек әділдік күшінің арқасында ғана әділ жандардың әділеттілігі өмірден орын алады». Отты жылдарда қан кешіп, болашаққа аманат ретінде қалдырған данышпан ағамыздың бұл сөздері тура Нұрекең жайлы айтылғандай. Принципшіл, талапшыл, екі айтпайтын қазақтың нағыз қайсар азаматы.

Нұрекеңнің кәсіби біліктілігімен қатар адами қасиеттері де бір төбе. Оның барлығына тоқталмай, тек үшеуін айтайын.

Ең алдымен, Нұрмаханбет Молдалыұлы – керемет азамат. Қызметте қаншалықты талапшыл болғанмен, өмірде жұмсақ. «Сояды, бірақ қанын шығармайды, жарға апарады, бірақ жықпайды» деп Нұрекең сияқты азаматтар туралы айтқан болар.

Екінші қыры – батырлығы. Мәселенің заңдылығы ақсап тұрғанын көрсе, оны батыл айтады. Өз ойын жасырмайды. Бой тасалап қалу мінезінде жоқ.

Үшіншіден, нағыз іскер. Өзінің жоғары біліктілігін құрғақ сөзбен емес, қыруар іспен дәлелдеуде. Бастаған жұмысын аяғына жеткізбей қоймайды. Еңбегі нәтижелі, ісі тыңғылықты. Қолына алған кез келген жұмыста көшбасшылық қасиеттері айқын байқалады.

Бұл айтылғандар Нұрмаханбет Молдалыұлы сияқты нар тұлғаның асыл қасиеттерінің тек бір қыры.

Еліміздегі құқық пен заңдылықтың нығаюына, қоғам мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында қажырлы еңбек етіп, заңдылықты ту еткен ардақты әріптесіміздің алар асуы әлі алда. Оған денсаулығының қуатты, өмірінің шуақты болуына тілектеспіз.

Ж.Асанов,

Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.