You are here

Заңды бұзған жазалануы тиіс

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Алматы облысының прокуратура органдары ағымдағы жылы «Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы» (әрі қарай – Заң) Қазақстан Республикасы Заңының сақталуын қатаң қадағалауға алып, оның іс жүзінде жүзеге асырылуына жүргізген тексерулер нәтижесінде мемлекеттік органдардың заң талаптарын бұзу фактілерін анықтады. Атап айтқанда, облыстық прокуратура органдары жергілікті атқарушы және өкілетті органдарда, басқа да мемлекеттік мекемелерде жоғарыда аталған заңның орындалуына, тексерулер жүргізілу барысында 137 заң бұзушылық анықталды. Тексеру қорытындылары бойынша мемлекеттік органдарға 54 ұсыныс жолданып, прокурорлық ықпал ету актілерін қарау нәтижелері бойынша 66 тұлға  тәртіптік жауапкершілікке тартылды. «Ескелді аудандық орталық ауруханасы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын тексеру барысында, Заңның 4-бабының талаптарына қайшы, мекеме басшысы мен қызметкерлерді кезекті демалысқа, іссапарға, кезекшілікке және басқа қызметке ауыстыру туралы бұйрықтары тек орыс тілінде ғана жазылып, мемлекеттік тілдегі нұсқасы дайындалмаған. Сонымен қатар аурухананың емханасына келушілердің назарына ұсынылған хабарландырулар, ақпараттар, нұсқаулар және ережелер, ауруханада ілінген көрнекі ақпараттар, аурухананың жедел-жәрдем қызметіндегі ақпарат тақтасында көрсетілген ішкі ережелер туралы мағлұматтар, құтқару жоспары, кезекшілік тізімдері және т.б. мәліметтер тек орыс тілінде жазылған.

Осы мекеменің дәрігерлерінің қызметтік жеке мөрлері заңның 21-бабының талаптарына қайшы мемлекеттiк тiлде дайындалмаған, аурухана қызметкерлерімен науқастарды тіркеу, анализдерді тіркеу және сол сияқты басқа да журналдары мемлекеттік тілде жүргізілмеген.

Осындай заңбұзушылықтар Алакөл ауданының денсаулық сақтау мекемелерінде де анықталған. Тексеру қорытындалары бойынша Ескелді, Алакөл ауданының прокуратуралары мен денсаулық сақтау мекемелерінің басшыларының атына заңбұзушылықтарды жою туралы ұсыныстар енгізілді, кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Панфилов ауданының Үлкенағаш ауылдық округінің әкімдігінің қызметін тексеру барысында Қазақстан Республикасының «Тілдер туралы» Заңының 9, 10 және 11-баптарының талаптары бұзылғандығы анықталған. Тексеру сәтінде аталған мекеменің жұмыс кестесі, іс жүргізу номенклатуралары және өзге мекемелерге жолданған қатынас хаттары орыс тілінде дайындалған. Сонымен қатар әкімдікке қажетті анықтама алу мақсатында жүгінген азаматтардың мемлекеттік тілінде берілген арыздарына кейбір жауаптар немесе анықтамалар заң талаптарын бұза отырып, орыс тілінде берілген. Облыс прокуратурасы тарапынан, «Зейнетақы төлеу орталығы» МҚКК Алматы облыстық филиалында жургізілген тексеру нәтижесінде Заңның 4-бабының талаптарына қайшы, мекеме басшысы шығарған жеке құрамға қатысты бұйрықтары мен мемлекеттік сатып алу құжаттамасының барлығы орыс тілінде жүргізілетіндігі анықталды.

Сонымен қатар аталған мекемемен тілдерді дамытуға арналған дөңгелек үстелдер, кеңестер тағы басқа шаралар өткізілмеген, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренулеріне жағдай жасау, ынталандыру, озат тәжіри­белерді насихаттау, байқаулар ұйымдастырылмаған, қанша пайыз іс құжаттары мемлекеттік тілге өткен немесе өтуге не кедергі жасап отырғаны жайлы талдау жасалмаған. Қазақстан Республикасының «Тілдер туралы» Заңының 19-бабының талаптарына сәйкес елдi мекендердiң, көшелердiң, алаңдардың, сондай-ақ басқа да физика-географиялық нысандардың дәстүрлi, тарихи қалыптасқан қазақша атаулары басқа тiлдерде ережелерге сәйкес берiлуге тиiс. Талдықорған қаласындағы кейбір атаулар Заңның 19-бабының талаптарына қайшы болғаны айқындалды. Мысалы, М.Төлебаев атауының орнына, М. Толебаев немесе Толебаева деп жазылған. Осыған ұқсас кемшіліктер Қазақстан, Ескелді би, Ж.Жабаев, Ш.Уәлиханов, Қабанбай батыр және Н. Алдабергенов атауларында да қателіктер жіберілген.

Сөйтіп, облыс прокуратурасымен мемлекеттік мекеме басшыларының аттарына заңбұзушылықты жою туралы ұсыныстар енгізілді. Соның нәтижесінде аталған кемшіліктер жойылды.

2012 жылы прокуратура органдары жүргізген тексерулер нәтижесінде көбінесе Заң талаптарының бұзылуы сыртқы жарнамаларды дайындауда жіберіледі. Текелі, Қапшағай қалаларының кейбір мемлекеттік органдарында қателіктер анықталды. Қазақ тілінде дайындалған құжаттарда грамматикалық, стилистикалық қателер кездеседі.

Заңның 21-бабында «Бланкілер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткіштері, басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде және орыс тілінде, ал қажет болған жағдайда басқа да тілдерде жазылады» деп көрсетілген. Соған қарамастан, сыртқы жарнама мен көрнекі ақпараттардың көбісі орыс тілінде жазылады. Мысалы, «План эвакуации при пожаре», «Выход» деп тек қана орыс тілінде ғана жазу.

Осыған ұқсас заңбұзушылықтар Сарқан және Алакөл аудандарының орталығында орналасқан мемлекеттік органдарында жүргізілген тексерулер нәтижесінде де анықталды.

Тексеру қорытындылары бойынша анықталған заңбұзушылықтарды жою және оларды болашақта болдырмау туралы прокурорлық қадағалау актілері жергілікті мемлекеттік органдарға жолданып, нәтижесінде оған кінәлы мемлекеттік қызметкерлер тәртіптік жазаға тартылды.

Дегенмен, аталған Заң талаптарын бұзуға жол берген мекемелер мен мемлекеттік органдардың басшыларын жауапкершілікке тарту мәселесі көп жағдайда назардан тыс қалып келеді. Аталған заңның 24-бабында «Қазақстан Республикасының Тілдер туралы» Заңының бұзылуына кінәлі мемлекеттік органдардың кез келген меншік нысанындағы ұйымдардың бірінші басшылары мен заңды және жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болатыны көрсетілген. Алайда күні бүгінге дейін Үкімет бекіткен заңның нормаларын жүзеге асыруға бағытталған тиісті Ереже жоқ. Осы кемшіліктің салдарынан аудандық прокуратура заңбұзушылыққа жол берген мекеме басшыларын тәртіптік немесе әкімшілік жауапкершілікке тартудың шараларын қолдана алмай отыр.

Жасыратыны жоқ, қаншалықты демократиялық қоғамға бет бұрдық дегенімізбен, заң талаптарын біреудің нұсқауынсыз өз бетімізбен талапқа сай орындауға құлшыныс жоқтың қасы. Оның үстіне санамызға сіңіп қалған кеңестік дәуірдегі әміршілдік тәсілдің салқыны да өше қойған жоқ. Жауапкершілікті сезінбейтін мемлекеттік органдар мен мекеме басшыларына жазалау немесе ықпал ету шаралары қолданылмаса, жуық арада мемлекеттік тілдің мәртебесі мен оны қолдану аясы кеңейеді дегенге сену қиын. Сондықтан «Тілдер туралы» Заңның 24-бабына байланысты Үкімет тарапынан нақты шаралар қарастырылса, заңбұзушылық жойылады деген сенімдеміз.

Жұмағұл ОМАРОВ, Алматы облысы прокурорының

аға көмекшісі міндетін атқарушы, кіші әділет кеңесшісі

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.