You are here

«ЗАҢДЫ БҰЗҒАН АДАМ ЛАУАЗЫМЫНА ҚАРАМАСТАН, ЖАУАПҚА ТАРТЫЛАДЫ»

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Мұратбек ИСАДИЛОВ,

 Ақмола облысының прокуроры: «Заңды бұзған адам лауазымына қарамастан, жауапқа тартылады»

 Заңның орындалуын қадағалайтын Ақмола облыстық прокуратурасы биылғы жылдың алғашқы жартысындағы атқарылған жұмыстарын қорытындылады. Алқалы жиында тілге тиек болған заңбұзушылықтар мен жасалған қылмыстар туралы мәліметтер басқаны былай қойғанда, өзгелерге үлгі көрсетуі тиіс лауазымды тұлғалар мен азаматтардың құқығын қорғайтын құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасында да заңбұзушылықтардың жиі орын алып жататынын айғақтайды. Ақмола облысының прокуроры Мұратбек Исадиловпен әңгімеміз облыстағы заңбұзушылықтар төңірегінде өрбіді.

– Бүгінде тамырын тереңге жайып, белең алып кеткен қоғамдық дерт – сыбайлас жемқорлықтың тыйылар түрі көрінбейді. Заң бұзғандардың арасында облыстық басқарма бастықтары мен орынбасарлары сияқты лауазымды адамдардың болуы қынжылтады. Осы санаттағы заңсыздықтар туралы не айтасыз?

– Өкінішке қарай, жемқорлық заңбұзушылықтар мен қылмыстар қатары азаймай отыр. Заң бұзғандардың арасында облыстық деңгейдегі лауазымды тұлғалардың болуы өкінішті, әрине. Биылғы жылдың басынан бері басшы буыннан 15 адам сыбайлас жемқорлық санатындағы заңбұзушылықтар бойынша жауапкершілікке тартылды. Олардың арасында облыстық орман және аңшылық шаруашылығы инспекциясының бастығы мен жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру, жолаушылар тасымалы мен жол құрылысы басқармасы бастығының орынбасарлары, аудандық жер қатынасы бөлімдерінің басшылары бар.

Мәселен, жоғарыда аталған облыстық орман және аңшылық шаруашылығы инспекциясының бастығы Ерейментау ауданындағы «Ақмырза» аңшылық шаруашылығын жұбайының атына рәсімдеп берген. Астананың дәл іргесіндегі аңшылық шаруашылығы арқылы қаншалықты табыс табуға болатыны айтпаса да белгілі. Яғни, осылай жасау арқылы лауазым иесі қызмет бабын пайдалана отырып, қалтасын қалыңдатуды ойлағаны анық. Осындай заңсыз шешім қабылдаған лауазымды тұлға қызметінен босатылды, ал, «Ақмырза» аңшылық шаруашылығы мемлекет меншігіне қайтарылды. Жемқорлыққа қарсы заңдардың ең көп бұзылатын жағдайы мемлекеттік сатып алу шарасын өткізуге  қатысты болып отыр. Прокуратураның тікелей араласуымен жалпы құны 2,3 миллиард теңге болатын 12 конкурстың күші жойылды. Сондай-ақ, заңның көп бұзылатын жағдайларының бірі – жерге қатысты. Биылғы жылдың басынан бері прокуратураның атсалысуымен жалпы аумағы 47 мың гектар болатын 39 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Жерге қатысты заңбұзушылықтар туралы айтқанда, мемлекеттік мұқтаждықтарға қатысты жер телімдерін сатып алуда нарық бағасынан әлдеқайда жоғары баға белгілеу жайлары жиі орын алатынын айтпай кетуге болмас. Мәселен, қадағалаушы органның араласуымен Көкшетау қаласындағы бағасы негізсіз көтеріліп белгіленген 3 жер телімі бойынша баға 159 миллион теңгеге дейін төмендетілді. Ал, тағы бір азаматтан мемлекет қажетіне 177 миллион теңгеге жер телімін сатып алу шешімінің күші жойылып, баға қазіргі нарық жағдайына сәйкестендіру арқылы 16 миллион теңгеге дейін түсірілді. Көріп отырғанымыздай, осындай заңсыздықтардың салдарынан мемлекет бюджетіне миллиондаған теңге залал келуде.

 – Азаматтардың құқықтарын қорғауы тиіс құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында да түрлі заңбұзушылықтардың орын алып жататыны жасырын емес. Осындай заңсыздықтар туралы не айтасыз?

– Көрсеткішті жақсарту мақсатында жасалған қылмыстарды тіркемей жасырып қалу оқиғалары, өкінішке қарай, оқта-текте көрініс беріп қалады. Биылғы жылдың басынан бері прокуратура қызметкерлерінің араласуымен тіркелмей жасырылып қалған осындай 67 қылмыстық оқиға анықталды. Әр қылмыстың тасасында адам тағдыры тұратынын ескерсек, мұндай келеңсіздікке көзжұмбайлықпен қарауға болмайды. Осыған орай, есептік-тіркеу тәртібін бұзған 74 лауазымды тұлға жазаланды. Олардың 28-і басшы құрамнан, 5-еуі қалалық және аудандық ішкі істер бөлімінен.

Қылмысты ашу көрсеткіштерін жасанды түрде көтеруге бағытталған статистикалық кәртішкелерді қате ұсыну фактілерінің алдын алу шаралары да жасалуда.

 – Әкімшілік жауапкершіліктерге тартылып, айыппұл төлеуге тиісті азаматтардың айыппұлды мерзімінде төлемеуі бүгінде еліміз бойынша өзекті мәселеге айналып отыр. Облысымыздағы жағдай қандай?

– Соңғы кезде бұл бағытта құзырлы органдар тарапынан жұмыстар жандандырылды. Прокуратура, ішкі істер органы, салық қызметі өкілдерінен құрылған жедел топтар рейдтер, түрлі акциялар өткізуді дәстүрге айналдырды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде айыппұлдарды төлеу бағытында біршама ілгерілеушіліктерге қол жеткізілді. Өз тарапымыздан прокуратураның қоғамдық кеңестерінде осы мәселе арнайы көтеріліп, тиісті органдармен талқыланған болатын. Қазіргі күні әкімшілік айыппұлды өндіріп алу көлемі өткен жылғы 22,8 пайыздан 29,1 пайызға дейін өсті.

Бүгінгі күні мемлекет есебіне берешек мөлшері 3,4 миллиард теңге болып отыр. Өткен жылғы осы кезеңде ол 7,2 миллиард теңге болатын. Осыдан байқалып отырғандай, бұл салада айтарлықтай ілгерілеушілік бар. Десек те, әлі де сот шешімімен салынған айыппұл, басқа да мемлекет есебіне түсуі тиіс берешектер көлемі қомақты күйінде қалып отыр. Осыған орай, алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасын табатын болады. 

 – Сыбайлас жемқорлыққа қатысты заңбұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғаларды, жоғарыда айтып кеткеніңіздей, қызметінен босату, басқа да тәртіптік жауапкершілікке тартудан басқа шаралар қолданыла ма? Мәселен, басы таудай болып басталған лауазымды қызметкерлерге қатысты істердің аяғы сұйылып, қысқарып кетіп жататыны бар...

– Қадағалаушы орган ретінде біз әрбір заң бұзған немесе қылмыс жасаған адамның заң шеңберінде міндетті түрде жауапқа тартылуына үнемі баса назар аударамыз. Бұл орайда, әлгіндей азаматтардың үстінен қозғалған іс сотқа жетіп, тиісті жаза тағайындалуы әрдайым назарымызда тұрады. Мәселен, биылғы жылдың басынан бері облыс соттарымен сыбайлас жемқорлыққа қатысты 28 адамға қатысты 24 іс қаралып, сот шешімі шығарылды. Ірі көлемде пара алған бұрынғы Ақмола облысы бойынша Сот актілерін орындау департаментінің бастығы Ж.Күзенбаев жеті жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Жоғарыда аталған сотпен қаралып, шешім шығарылған істердің арасында облыстық, аудандық деңгейдегі көптеген лауазымды тұлғалар бар. Яғни, заңды бұзған азаматтар қандай қызмет атқарғанына қарамастан, заң бойынша жауапқа тартылатын болады.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбатты жүргізген Қалкөз ЖҮСІП, Ақмола облысы 

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.