You are here

ЗАҢ ІСКЕ ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ МҮДДЕСІН КӨЗДЕЙДІ

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Қылмыстық іс жүргізу кодексінің жаңа жобасы қоғамымызда түрлі пікірлерге арқау болуда. Соған орай, Жетісу ауданының №2 сотында аталған заңға енетін өзгерістер туралы әңгіме өрбіді. Талқыға сот төрағасы Елмахан ДІЛДАБАЕВ, судьялар Гүлнар МҮСІРЕПОВА, Жомарт МҰХАМБЕТЖАН және аудан прокуроры Нариман БЕКНАЗАРОВ пен оның орынбасары Дінмұхамед ШҮЙКЕБАЕВ, адвокат Альбина ҚАСЫМОВА қатысып,  кодекстің жаңа редакциясы жайлы ойларын ортаға салды.

– Алдымен қолданыстағы кодекс пен жаңа жобадағы айырмашылықтарға тоқталсаңыздар.

Елмахан ДІЛДАБАЕВ:

– Жалпы, Қылмыстық іс жүргізу кодексінің жобасына байланысты өзіміздің ой-пікірімізді жобаны жасаушыларға білдірдік. Енді сондағы өзгерістердің қарапайым халық үшін қаншалықты тиімді екенін түсіндірсек, онда құқықтық сауаттың артуына үлесімізді қосқан болар едік. Жобадағы жаңалықтардың бірі – сотқа дейінгі іс жүргізуде соттың бақылауын кеңейту мақсатында қылмыстық процеске тергеу судьясы институты енгізілмек. Бұл – сот тарапынан бақылау болады деген сөз.

Нариман БЕКНАЗАРОВ:

– Бас прокуратураның бастамасымен заңды толықтыру жайлы мәселе көтеріліп, прокуратура қызметкерлері жаңа Қылмыстық іс жүргізу кодексі бойынша біраз жұмыс жасады. Мысалы, шетелдік семинарларға қатысқанда байқағаным, оларда прокуратураның функциясы өзгеше. Бізде қолданыстағы кодекске жүгінсек, іс жүргізу органдары ішкі істер басқармасы, қаржы полициясы өздері шешім қабылдайды да, прокурор заңдылығын қарайды. Шетелдіктерде де тура осы функциялар бар, алайда, негізгі мәселені прокурор көтереді. Егер прокурор істе қылмыстың құрамы жоқтығы жайлы шешімге келсе, ол өтпейді. Іс жүргізу органдарымен екіжақты көзқараста болып қалады. Осындай түсініспеушіліктер тумау үшін біздегі жаңа жобада прокурордың да, тергеушінің де жауапкершілігі арттырылып, адвокаттардың құзыреті күшейтілді. Яғни, іске қатысушы азаматтардың барлығына негізгі жағдай жасалды деуге болады. Тағы да бір тоқталарлығы, «ассоцируимый свидитель». Мұндай куә қазіргі Қылмыстық іс жүргізу кодексінде жоқ. Литва мемлекетінің тәжірибесінде бар. Мысалы, куә ретінде тартылған адамның сол қылмысқа қатыстылығы анықталса, оның статусы ауыстырылады. Бірақ, тергеу органдары қылмысын дәлелдейтін дәлелдемелерді барынша жинауы тиіс. Бұдан кейін куәден күдіктіге, сосын айыптыға өтеді. Өйткені, мәртебесі куә болғандықтан, қорғаушы алып, өзін қорғай алмайды. Куә жаңа мәртебеге ие болу арқылы ғана өзін қорғайды. Егер жала жабылса, оған шағым жаза алады.

Жомарт МҰХАМБЕТЖАН:

– Жаңа редакциямен танысып шықтық. Көп өзгеріс бар. Ең бастысы, Қылмыстық іс жүргізу кодексі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға арналған. Маңыздылығы да осында. Мысалы, бүгінде екі ай тергеу амалдары, одан кейін екі ай қылмыстық іс бойынша сот тергеуі болады. Сотта кейбір мән-жайлар анықталса, ол іс қайта тергеуге жіберіледі.

Нариман БЕКНАЗАРОВ:

– Осыған қатысты мысал айта кетейін. Бас прокуратураның статистикалық мәліметтері соңғы 5 жылдың ішінде 4 жарым мыңнан аса істің қайта тергеуге жолданғанын көрсетіп отыр. Мұндай жағдай тергеудің кемшілігі немесе тергеуші білмейтін кейбір мән-жайлар, айыпкер ретінде танылған қосымша адамдар болуы не айыпкерге одан ауыр айып тағылуы салдарынан орын алуы мүмкін. 

Жомарт МҰХАМБЕТЖАН:

– Осындай істерді сот кері қайтаруға мәжбүр. Бұл өз кезегінде сотқа қатысушылардың шағымдарын көбейтеді. Сондықтан, қылмыстық істі соттан кері қайтару мәселесі жойылады. Ол үшін не істеледі десек, егер сот процесінде айыпталушының бұдан да ауыр қылмыс жасағаны немесе тағылған айыбының дұрыс еместігі, яғни, жеңілдігі анықталса, прокурор сот процесі барысында басқа айып тағуы мүмкін. Бұл өте дұрыс. Олай дейтінім, судья сот төрелігін жүргізіп отыр. Қорғаушы, прокурор, сотқа қатысушылардың бәрі процесте. Қосымша дәлелдеме үшін қажеттілік туса айыпталушылар да, жәбірленушілер де сол сәтте сұралып, іске нүкте қоюға болады.

Альбина ҚАСЫМОВА:

– Жобада қорғаушының құқықтары кеңінен қамтылған. Мұнда тек айыпталушы ғана емес, сонымен бірге куәнің де қорғаушы алуына мүмкіндігі бар. Негізгі ерекшеліктің бірі – осы. Сонымен қатар, адвокат тергеу судьясына жетпей жатқан құжаттарды, сондай-ақ, куәларды мәжбүрлі түрде алдыртуды мәселе етіп қоя алады. Егер тергеу органдары сараптамалар тағайындаудан бас тартса, онда адвокат тергеу судьясынан сараптама тағайындатуды сұрауға құқылы. Бұларды азаматтар құқығын жан-жақты қорғауға жасалған нақты қадам ретінде бағалауға болады.

Гүлнар МҮСІРЕПОВА:

– Негізінен, заңның жаңа редакциясы сот өндірісінің тиімділігін арттыру, оның жеделдігін, оңтайлылығын қамтамасыз ету және іс жүргізу уақытын үнемдеу мақсатын көздейді.  Мұнда Эстония, Литва, Түркия, Ресей сынды елдердің тәжірибелері алынған. Атап айтсақ, қылмыстық істі қозғау сатыларынан бас тарту. Бұл ретте сотқа дейінгі өндіріс бастауы болып қылмысқа қатысты арыздың тіркелуі немесе алғашқы шұғыл тергеу әрекеттері қарастырылған. Яғни, Қылмыстық іс жүргізу кодексінің жаңа жобасына сәйкес, болашақта тергеуге дейінгі тексеру болмайды. Осыған байланысты жәбірленуші жақтан өтініш түскен бетте тергеу амалдары жүзеге асырылады. Бүгінгі күні қылмыстық істі қозғамас бұрын, тергеуге дейінгі тексеру жұмыстары жүреді.

Дінмұхамед ШҮЙКЕБАЕВ:

– Тағы бір өзгеріс – тергеуалды тексеріс жойылады. Егер азамат өзіне қатысты қылмыс жасалғанына шағымданып ішкі істер органына барса, екі айға дейін тергеу жүргізілетін. Бұл заңды. Екі ай бойы жәбірленуші шақырылып, сұралады. Бірақ, тиісті құқықтары іске қосылмайды. Азаматтар шаршап-шалдығады. Өйткені, оны екі ай бойы ешкім қорғамайды. Жаңа жоба бойынша енді мұндай болмайды. Бірден қылмыстық іс орбитасына кіріп, нақты дәлелдемелер жиналады. Осы кезден бастап азаматтардың қандай құқықтары бар, солардың бәрі іске асырылады.

Нариман БЕКНАЗАРОВ:

– Әріптесім дұрыс айтып отыр. Шетелдік киноларда ұсталған азаматқа бірден құқықтары түсіндіріледі. Бұл жай мәселе емес. Арнайы тәртіп – Миранда ережесі. Егер азаматты қылмыстық іс жасады деп тергеу органдары ұстайтын болса, оған ең бірінші құқықтары түсіндірілуі, ұсталушы сол сәттен бастап өзі заңды қорғауда екенін білуі керек. Бізде де осы жайт ереже ретінде енгізілді.

Альбина ҚАСЫМОВА:

– Жаңа заңда нақты ұстау уақыты күдіктіні ұстаған сәттен басталады және ұстау хаттамасына секунд, минутына дейін жазылады. Бұған қарап кез келген адам өз құқығын біледі. Жасырынып қалған ештеңе жоқ.

– Тергеу судьясынсыз да азаматтар құқығының қорғалып келгені белгілі. Ендеше, бұл қызметтің қаншалықты қажеттілігі бар?

Елмахан ДІЛДАБАЕВ:

– Қылмыстық іс жүргізу кодексінде санкция сотқа берілді. Өйткені, Кеңес өкіметі кезінде «прокурор кабинетінде отырып қамай береді, кінәлі ме, кінәсіз бе, оған қарамайды» дейтін әңгімелер болатын. Қазір қоғам алға жылжуда. Осы себепті санкция ашық сот мәжілісінде беріледі. Бұрын санкцияны берген судья істі қарай беретін. Бүгінде қамауға санкция берген тергеу органдарының іс-әрекетіне түскен шағымды қараған судья істі негізінен қарай алмайды. Сондықтан, тергеу судьясын жеке бөлді. Мұндағы басты мақсат – сот бақылауын күшейту. Қажет деп тапса тергеу судьясы тергеу органдарына сараптама тағайындау жөнінде нұсқау береді. Ал, енді тергеу судьясының құзырына қандай мәселелер енеді дегенге келсек, жаңа кодекс жобасы бойынша оның өкілеттігіне қамауда ұстау, үй қамағы және олардың мерзімдерін ұзарту, сот-психиатриялық сараптамасы іс жүргізуі үшін қамауда отырмаған адамды медициналық мекемеге қамау түріндегі бұлтартпау шарасын белгілеу, мәйітті эксгумациялау, мүлікке тыйым салу, халықаралық іздеу жариялау, кәмелетке толмаған адамды арнаулы мекемеге қамауды санкциялау туралы өтініштерді қарау кіреді.

Жомарт МҰХАМБЕТЖАН:

– Қоғамда тергеу судьясы жайлы қате түсінік бар. Мысалы, «тергеушіге енді істі тергейтін судья қосыла ма?» дейтін сұрақтар жоқ емес. Тергеу судьясы негізінен тергеудің заңдылығын қадағалайды. Оның бекітілген нақты құзыреттері бар. Сотқа дейінгі іс жүргізуде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылмауын бақылайды. Бұл қызмет бізге қажет. Себебі, әлемде сот қорғауы деген бар. Біз де соған қадам бастық. Бүкіл өркениетті елдерде барлық заңсыздықтардан сот қорғап, соңғы нүктені сот қояды. Сондықтан, тергеу судьясы дер кезінде қолға алынған шара дер едім.

Нариман БЕКНАЗАРОВ:

– Тергеу судьясының құзыреті кең. Бірақ, негізгі мәселе қылмыстық іс бойынша бір сатылы қадағалау болса, алдағы уақытта біз екі сатылы қадағалауды іске асырамыз. Прокурор тергеу орындарының іс-әрекетін, ал, прокурорды сот қадағалайды. Бұл – ең жоғары қадағалау. Егер прокурор да қателесіп заңсыздыққа жол берсе, оны сот түзейді. Және сот процесінде емес, тергеу судьясы нақты тергеудің кезінде жөндейді. Бұл процесті барынша тез және заңды өткізуге жағдай жасайды. Тағы бір артықшылығы – заңға жәбірленушілер мен куәлардың жауаптарын дефонациялау мәселесі енді. Нақты айтсақ, тергеуде жауап берген куә басқа қаладан келген болуы мүмкін. Ол тергеушіге, прокурорға, сонымен қатар, сотқа шақырылады. Қанша уақыты кетеді. Әрине, бұдан кейін ешкім куә ретінде жауап бергісі келмейді. Жаңа кодекс талабына сай, егер осындай куәлар болып, келуінде қиындық туса, одан тергеу судьясы бірден жауап алады. Содан кейін істі қараған судьяға оны шақырудың қажеті болмайды. Мұндай жайт басымыздан өтті. Мәселен, қырғыз азаматына үлкен айып тағылды. Оны Қырғызстаннан шақыру қиын. Куәлар, қорғаушылардың қатысуымен жауабын алып, жан-жақты механизмдерді келтіріп, нақты зерттеу керек. Себебі, сот талқылауында судья оның жауаптарын өз құлағымен естіп, жағдайды бүге-шігесіне дейін зерделеуі тиіс. Осындай сәтте тергеу судьясының  маңызы зор. Шақыруға қатысты сот кейін қалдырылмайды. Бір алынған жауап сол күйі қалады.

– Жаңа кодексте зерделі мерзім (разумный срок) көрсетілген. Қарау уақытының нақты көрсетілмеуі іске нүкте қойылуына кері әсерін тигізбей ме?

Дінмұхамед ШҮЙКЕБАЕВ:

– Бұл, негізінен, тергеуге қатысты жайт. Жаңа айтылғандай, қазіргі заң бойынша тергеу мерзімі екі ай. Бірақ, бізде уақытша тоқтата тұру институты бар. Бұл институт ай емес, тіпті, жылдарға созылуы  мүмкін. Егер тергеу органдары тарапынан істі уақытша тоқтату туралы қаулы шығып, ол созылып кетсе, жәбірленуші зерделі мерзім ішінде жеткілікті уақыт болса да, істің қозғаусыз қалғандығы жайлы арыздана алады. Егер сот зерделі мерзімнің бұзылғанын анықтаса, онда тергеушіні қадағалайтын прокурорды жауапкершілікке тартуы мүмкін.

Елмахан ДІЛДАБАЕВ:

– Жобада сотта да нақты бір істі қарауға арналған мерзімдер алынып тасталады. Бірақ, зерделі мерзім деп істі айлап-жылдап созуға болмайды. Шетелдерде айлап-жылдап созылып жата береді екен. Түркияда бізге лекция оқыған Жоғарғы Соттың судьясы өзі қараған азаматтық істің өзі тумай тұрып басталғанын айтты. Бірнеше рет шешім қабылданғанымен, оларды Жоғарғы Сот бұзып отырған. Шетелдік тәжірибенің жақсы, жаман жағы бар. Біз заңды мемлекетке, азаматтарға тиімді, менталитетімізге сай жағын қарастыра отырып қабылдауымыз керек. Билеріміз адам тағдырын бір ауыз сөзбен шешкен ғой. Осыны ескерсек, біздің алға қойған мақсатымыз – істі қысқа мерзімде әділ шешу. Осы себепті, жаңа кодекс соттың да, прокурордың да, тергеудің де жұмысын оңтайландырып, іске қатысушыларды сарсаңға салмай, үкім қабылдауға бағытталған деп ойлаймын.

– Қылмыстық іс жүргізу кодексінде медиация, яғни, бітімгершілік, татуластыру процедураларымен бірге айыбын мойындау туралы келісімшарт жайы да айтылады.

Гүлнар МҮСІРЕПОВА:

– Айыбын мойындау туралы келісімшарт бітімгершілік институтына жатады. Бұл мәселе басында бұқаралық ақпарат құралдарында әділ соттың келісімге келуі деп берілді. Мұны көпшілік түсінбеді. Егер азамат өзі жасаған қылмысты түсініп, кінәсі нақты тергеу органдарымен дәлелденіп тұрса, ол өзіне жеңілдік жасау және сот процесін қысқарту үшін мәмілеге келеді. Ол үшін жәбірленушінің залалы толығымен өтелуі міндет. Жәбірленуші кешірсе, онда істі тез арада қарауға жағдай жасалады. Және Қылмыстық кодекс бойынша қатаң дәрежедегі жаза тағайындалмайды. Егер адам өзінің қылмыс жасағанын түсініп, жәбірленуші оны растаса, істі екі-үш айға созудың қандай қажеттілігі бар? Тез арада, сол жерде бітіріп, әділдіктің орнауына жағдай жасау керек. Айтып отырған институт осыған мүмкіндік береді.

– Жоғарыда тергеу судьясы жайлы айттық. Тағы бір жаңа қызмет – іс жүргізу прокурорының міндеті қандай болмақ сонда?

Нариман БЕКНАЗАРОВ:

– Жаңа заңда прокурордың жауапкершілігі күшейіп, іс жүргізу прокуроры деген қосымша статус енгізілді. Қылмыстық іс қай уақыттан басталады, содан бастап нақты бір іске іс жүргізу прокуроры бекітіліп, ол бәріне толығымен жауапты болады. Одан кейін ол аудан немесе қала прокурорына жинақталған дәлелдемелердің барлығын көрсетіп, біріге жұмыс жасайды. Қылмыстық іс жүргізу кодексінде азаматтардың құқықтарын барынша қорғайтын, оның ішінде айыпталушы, жәбірленуші де бар, сонымен қатар, сот процесін әлдеқайда тез өткізуге мүмкіндік беретін қағидаттар жетерлік.

– Кодекс талаптары бірден тәжірибеге еніп кетеді дей алмаймыз ғой, қиыншылық болатын шығар...

Нариман БЕКНАЗАРОВ:

– Әрине, жаңалық болғаннан кейін алғашқы кездері кемшіліктері де болады. Оны жоққа шығара алмаймыз. Десек те, кодекстің қарапайым халық үшін маңызы зор болмақ. Мәселен, азамат құқықтары бұзылса, Ата Заң бойынша мемлекеттік органдарға арыздана алады. Сол арызға негіз болған адам бірден өзін қорғауға әрекет етеді. Қорғаушылардың көмегімен өзін ақтап алатын дәлелдемелер келтіре алады. Осы принцип жүзеге асса, бірер жылдан соң адамдар тек арыз жазуды ғана емес, өзін-өзі қорғауды да үйренеді. Құқықтық сауаттарын арттырады. Соған орай, үстіңнен біреу арыз жазса, бірден айыптымын деп сезінбе. Кінәлі болмасаң, өміріңе ешқандай кедергі келмейді. Кінәлі болсаң, әрине, жауапқа тартыласың.

Дінмұхамед ШҮЙКЕБАЕВ:

– Тергеу органы айыптау актісін жасайды. Қысқа жазады. Дәлелдеме жеткілікті болса соттайсың, жеткіліксіз болса ақтайсың. Қазіргідей жүре бермейсің. Сот бақылауының шеңбері кеңіп, қосымша тергеу уақытының қысқаруы, әрине, бірден еш қиындықсыз қолданысқа түсе қоймас. Дегенмен, мамандар халықпен үздіксіз жұмыс істесе, нәтижесін берері анық.

Жомарт МҰХАМБЕТЖАН:

– Қылмыстық іс жүргізу кодексі күшіне енген соң процессуалдық, яғни, тергеуге және сотқа қатысты көптеген құжаттар бұрынғыдай том-том болып жазылмайды. Керісінше, тұжырымдап қана жазу жүзеге асырылып, тергеушілердің жұмысы біраз жеңілдейтін сынды. Бұл өз кезегінде істің сапалы қаралуына оң ықпал етеді. Әсіресе, біз үшін тіркелген қылмыстардың басым бөлігін құрайтын ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстарға қатысты сот өндірісін қысқартудың маңызы зор болып отыр.

Елмахан ДІЛДАБАЕВ:

– Оның бәрі заңды тәжірибеге енгізу барысында байқалады ғой. Ертең біз нақты қолданған кезде кейбір нәрселердің артық не кем екені шығады. Тәжірибе барысында қиыншылықтар болары анық. Қазіргі іс жүргізу кодексімен жеңілдету жағына сот та, прокурор да көше алады. Айыпкердің жағдайы жәбірленуші келіссе ғана жеңілдетіледі. Келіспесе, сот тағылған айып негізінде қарайды. Ал, енді жаңа өзгерістер бойынша прокурор сот мәжілісінде айыпты өзгерте алады. Ол қайта тергеуге жіберіп, елдің уақытын кетірмейді. Екінші жағынан, бір қиындығы, бізде сапалы кадр үлкен мәселе. Прокурордың көмекшілері жаңадан келген жас жігіттер. «Көш жүре түзеледі» дейді ғой халқымыз. Ел игілігі үшін жасалған әрбір қадамды іске асыру біздің міндетіміз. Жалпы, жобаны дұрыс, уақтылы қолға алынып, жетілдірілген заң деуге болады.

– Пікір қосқандарыңызға рақмет.

Дина ДАУТБЕКОВА

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.