You are here

«ҰРПАҚ АЛДЫНДАҒЫ БОРЫШЫМЫЗҒА АДАЛ БОЛСАҚ ДЕЙМІН»

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Ғабит МИРАЗОВ,

Алматы облысының прокуроры:

– Ғабит Төреұлы, Елбасы өткен жылы Жетісу өңіріне іссапармен келгенде игерілмей немесе өз мақ­сатына пайдаланылмай жатқан жер телімдерінің сақталуына бай­ланысты заңдылықтарына жан-жақты тексеру жүргізіп, шара қарас­тыруды өзіңізге арнайы тапсырған болатын. Соның қорытындысы туралы айтып берсеңіз?    

– Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың шеңберінде өткен жылы кадастрлық құны 343,9 млн теңге болатын алаңы 26,0 мың гектардан астам 403 пайдаланылмаған жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның сыртында, мақсатты пайдаланылмай жатқан құны 6 млрд теңге болатын 3 мыңнан астам жер учаскесі анықталды. Сондай-ақ, бүгінгі күнде алаңы 40,9 мың гектар болатын 124 жер телімін қайтару бойынша талап арыздар сот органдарына жіберілді. Қолы жеткендер кезінде жер телімдерін гектарлап алып, оны қымбат бағаға сатқаны ешкімге құпия емес. Баспана салу үшін 10 сотық жер телімін ала алмай жүрген қарапайым халықтың жылдар бойы кезекте тұруы өзекті өртейтін өкініш. Мұны, әсіресе, Алматы қаласының маңайында тұратын жандар ерекше сезінуде.

Мемлекет қажеттілігі үшін мүлік­ті қайтарып алуда да өрескел заң- бұзушылықтарға жол берілгенін айта кету керек. Кемшілікке атүсті қараған жергілікті атқарушы органдар, лауа­зымды тұлғалар мемлекетке 2 млрд теңге көлемінде шығын кел­тір­ген. Қазіргі кезде 1,8 млрд теңге көлеміндегі заңсыз төленген компен­сацияны қайтару жөніндегі сот актілері өткізіліп, талап арыздар қаралуда. Соңғы жылдары 4 мыңнан астам заңбұзушылық анықталып, 231 адам, оның ішінде, аудандар мен қала әкімдері түрлі жауапкершілікке тартылса, 8 қылмыстық іс қозғалып, 500 млн теңгеден астам залал өн­дірілді.

– Ел экономикасына сүбелі үлес қосып отырған кәсіпкерлерге Елбасы жиі қолдау көрсетіп, оларды түрлі тексерулерден босатып, жеңіл­діктер жасауда. Бұл, әсіресе, шағын кәсіппен айналысатын кәсіпкер­лердің тынысын ашуға зор мүмкіндік туғызуда. Осы бағытта кәсіпкерлердің құқығы қалай қорғалуда?

– Иә, қазіргі қоғамда капитализмнің дәуірі қайта жанданып, жекеменшік­тің желі есіп тұр. Кәсібің болса, тиісті салығыңды төлеп, өзің үшін де, мемлекет үшін де қарқынды жұмыс жасауға болады. Табыс көздерін ашып, халықты жұмыспен қамтуда кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, бизнестерін жариялы түрде жүргізуге үкімет тарапынан барлық мүмкіндіктер жасалуда. Оларды заңсыз тексеруден арашалауға қадағалаушы орган өз үлесін қосуда. 2014 жылы кәсіпкерлік туралы заңнаманың сақ­талуын қадағалау кезінде 257 биз­нес субъектісінің құқықтары қор­ғалды, кәсіпкерлерді тексерудің 117 заңсыз жоспары анықталып, олар­дың барлығы тоқтатылды. Кәсіп­кер­лердің құқығын бұзғаны үшін 104 лауазымды тұлға тәртіптік және әкім­шілік жауапкершілікке тартылды. Прокуратураның жедел топтары мен Кәсіпкерлер палатасы 33 заң- бұзушылықтың, 16 заңсыз тексерістің жолын кесіп, қадағалау актілерімен ҚР Жер кодексінің 43-бабына сәйкес, барлық аумақтық жер комиссияларының құрамына Кәсіпкерлер палаталарының өкілдері енгізілді.

47 кәсіпкердің қатысуымен биз­нес субъектілерінің рұқсат алу про­цедураларынан өтуіне жүргізілген сараптау нәтижесінде құрылыс үшін жер мен құжаттар алу процедурасын жеңілдету туралы Бас прокуратураға ұсыныс енгізіліп, бұл ұсыныс қолдау тауып, Үкіметке жолданды. Салық органдарында салық төлеу­шілердің банктік есепшот­тарын­дағы шығын операция­ларын тоқ­тату туралы өкімдердің күшін дер кезінде жоймауына байланысты заңбұзу­шылықтар байқалды. Прокурорлық ықпал ету шаралары бойынша заңсыз өкімдер қайтарылып алынып, 81 кәсіпкердің ҚР Конституциясының 26-бабы 4-бөлігімен бекітілген кез кел­ген заңды кәсіпкерлік үшін өз мүлкін еркін пайдалануға қатысты құқықтары қорғалды.

– «Ақбұлақ бағдарламасы» бо­йынша елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстарында ағат­тық бар ма?

 – Қазіргі кезде елді мекендердегі тұрғындарды алаңдатып отырған бас­ты мәселе – жер телімдері мен ауызсу мәселесі. Шаруалар малдарын жаятын өрістің тарылғанымен қатар, әлі күнге дейін ауызсуға зарығып отырғандарын айтады. Ал, су құбыры тартылған елді мекендерді тексере қалсаңыз, сапасыз жұмыстардың куәсі боласыз. Мемлекеттік бюджеттен бөлінген қыруар қаржы тиісінше жұмсалмай талан-таражға түскен. 2002-2010 жылдары жалпы ауызсумен қамтудың 355 нысанына жөндеу жүргізіп, қайта жаңғыртуға 13 млрд  967 мың  220 теңге бюджет қаржысы жұмсалған. Облыс бойынша «Ақбұлақ» бағдарламасының 2011-2015 жылдарға жоспарланған бірінші кезеңінде 350 нысанды жөндеу көзделсе, бұл жұмысқа 55,5 млрд теңге қажет болған. Алайда, мұнда да бармақ басты көз қыстылыққа жол берілген. Тексерулер шеңберінде өткен жылы 3 қылмыстық іс қозғалды. Мысалы, Панфилов ауданы Қорғас ауылындағы сумен қамту жүйесі құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасына сәйкес құрылыс құны 192 440 000 теңгені құраған. Келісімшартпен жұмыс істеген мердігер «Дәнекер» ұйымы нысанды 2013 жылы қарашада іске қосқан. Тексеру кезінде 11 млн 829 мың 211,6 теңге көлемінде құрылыс жұмыстарының орындалмағаны, шын мәнінде бұл соманың ұрланғаны әшкереленді. Дәл осындай факті аудан­ның Көктал ауылында, Айдар­лы ауылында, Сарқан ауданының М.Төлебаев ауылында, Шатырбай ауылында, Ақсу ауданының Қопа, Б.Сырттанов ауылдарында орын алған.

– Қоғамның  жегі құртындай болып отырған сыбайлас жемқорлық­пен күрес пәрменділігі қалай жүзеге асуда?

– Аталған қылмыс тек Қазақстанды ғана емес, әлем мемлекеттерін алаң­датуда. Жеңұшынан жалғасу, бармақ басты көз қыстылыққа салынып, мемлекет мүлкін талан-таражға салу­шылар­мен аянбай күресу құқық қорғау органдарының ғана міндеті емес, бұл кеселмен бұқара халық болып жұмыла күрескенде ғана нәтиже көңілдегідей болмақ. Аты айтып тұр­ғандай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған заңна­ма­лардың қадағалануы прокура­тура­ның жұмыс кестесінен түскен емес. Бұл тұрғыда өткен жылы бірқатар тексеру­лер жүргізіліп, 490 заңбұзушылық анықталды. 70 заңбұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізіліп, 12 қылмыстық іс қозғалды. Қолданылған шаралар бойынша барлығы 94 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, оның ішінде 20 тұлға қызметінен босатылды. Осы келеңсіз жағдайларды талдау барысында сыбайлас жемқорлық туралы құқық бұзушылықтар көбіне­се мемлекеттік сатып алу, жер және басқа да мемлекеттік мүлікті бөлісу кездерінде орын алғаны анықталды. Жер бөліп, жер сатуды май шелпекке айналдырып алғандар әшкере болды. Мысалы, Талғар және Іле ауданы әкімдігінің лауазымды қызметкерлері жер телімін 10 есе көбейтіп сатып, қадағалаушы орган назарына ілінді. Бүгінде олардың үстінен 2 қылмыстық іс қозғалды. Мемлекет мүлкін талан-таражға салғандар қазынаға 540 млн теңге залал келтірген.

– Биылдан бастап бірнеше жаңа кодекс қолданысқа енгізілді. Онда өзгерістер мен толықтырулар аз емес. Заңнамадағы жаңалықпен қарапайым халық әлі толық таныса қойған жоқ. Елдің құқықтық сауат­тылығын көтеруге прокуратура орган­дары белсене атсалысып жат­қан болар?

– Жаңа қылмыстық заңнамалардың басты ерекшелігіне келсек, олар құқық қорғау саласына біраз жетіс­­тіктер әкелуі тиіс. Дүние бір орнында тұрмайды. Жаһандану талабына сай біздің де заңдарымыз көрнекті әрі мығым болуы керек. Ел экономикасы қарышты дамып, әлемдік бәсекеге сай болуы үшін бұрынғы қылмыстық заңнамалардың көптеген мәселелерді шешуде қиын­дықтар тудырғаны белгілі. Жаңа қабылданған кодекстер еліміздегі құқықтық тетіктерді жетілдіруде қылмыстық процестерді оңайлатуға, оның тиімділігін арттырып, тергеу органдарының жұмысын барынша жеңілдетуге, халықаралық стан­дарттарға жақындатуға бағыт­талған. Азаматтардың құқықтары мен бос­тандықтарының қорғалу кепіл­діктерін күшейтуге негізделген.

Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексі мен Қылмыстық процестік кодексіне енгізілген өз­геріс­ке сай, процессуалдық про­курор институты қолданысқа түспек. Оның артықшылығы көп. Жаңалық­ты таныс­тыруда облыстық прокура­тура органдары бұқаралық ақпарат құрал­дарымен бірігіп жұмыс жүргізуде. Сонымен бірге  құқық қорғау орган­дарының, қоғамдық ұйымдардың қатысуымен дөңгелек үстел және семинар жиналыстар мен оқу дәрістері өткізілуде.

– Қазақстанның қай өңірін алсаңыз да, байлыққа тұнып тұр. «Жер жәннаты – Жетісу» солардың қатарында. Шыбық шаншысаң, алып бәйтерекке айналып кететін өңір­дің көз тоймас табиғатына қас­тан­дық жасайтындар да жоқ емес. Бұл бағытта не айтар едіңіз?

– Табиғат-анаға құрметпен қарап, оны аялай білу – баршамыздың борышымыз әрі міндетіміз. Кір жуып, кіндік кескен туған өлкеге қазақтан басқа ешкімнің басы ауырып, балтыры сыздамайды. Абайсызда қолыңызға тікен кіріп кетсе де жаныңыз ауырады. Ал, табиғатты, Жер-ананың тәнін жаралап, қойнындағы байлығын тонап, өзін күл-қоқысқа толтырып тастау қаншалықты әділ? Табиғаттың тамырына балта шауып, өзіміз жұтқан ауаны өзіміз ластар болсақ келер ұр­пақтың қарғысына қаларымыз анық. Облыс аймағында тұрмыстық қатты қалдықтарды орналастыру орнының жоқтығы экологиялық басты мәселеге айналып отыр. «Өндіріс және тұтыну қалдықтарын жою және орналастыру орнын анықтау» туралы облыс әкімінің қаулысына сәйкес, қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыруға 363 орын бөлінген. Осы тұста облыс аумағындағы 8 полигон ғана экологиялық талапқа сай жұмыс істеуде. Тексеру барысында облыс көлемінде 56 экологиялық заң- бұзушылық анықталып, нәтижесінде 7 тұлға тәртіптік, 24-іне әкімшілік, екеуі материалдық жауапкершілікке тартылған.  Үш  қылмыстық іс қозғалып, мемлекет кірісіне 1 млн 242 мың 711 теңге өндірілді. Мұның сыртында, өсімдіктің сирек кездесетін түрлерімен, аңдарға да қасақана зиян келтіретін оқиғалар аз емес. Бұл бағытта да прокуратура тарапынан табанды түрде күрес жалғасын таба бермек.

– Ұлы Отан соғысының жеңісіне биыл жетпіс жыл толмақ. Сіздің де әкеңіз соғысқа қатысқан екен. Ол кісі атақты батыр, жазушы Бауыржан Момышұлымен, жазушы Ғабит Мүсіреповпен де араласыпты. Сіздің есіміңізді қаламгер жазушының атымен атағанын да білеміз.

– Сәби дүниеге келгенде әр отбасы оған жарасымды, әдемі есім беруге тырысады. Менің әкем сұрапыл соғыста Панфиловшылар гвардия дивизиясын­да атақты батыр, Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлымен бірге болған. Соғыстан кейінгі жылдарда да әкем Баукеңмен аралас-құралас болды. Бірі батыр, бірі орманшы майдандас достардың татулығына, сөзге, іске мығымдылығына көзіміз қанықты. Бойымда жылт еткен бір қасиет болса, ол әкемнен жұққан тәлім-тәрбие. Ал, енді есімімнің Ғабит қойылуының тарихы әріде. Бауыржан атамыз біздің ауылдың маңындағы «Берікқара» сайындағы демалыс үйіне келген. Әкем орманшы болып жұмыс істейтін. Мен дүние есігін ашқаннан хабардар болған Баукең әкеме: «Төреке, балаңның атын Ғабит Мүсіреповтің құрметіне арнап Ғабит қой», – деп қолқа салыпты. Қандыкөйлек қаруласының айтқанын екі етпеген әкем менің есімімді Ғабит деп қойған. Осы ұлы жазушының есіміне кір келтірмей жүру менің азаматтық борышым. Әттең, Ғабит Мүсіреповтей қаламы қарымды жазушы болу менің бағыма бұйырмады. Есесіне заң саласында бір Ғабиттің жүруін қаладым. «Жақсыдан – шарапат» деген осы шығар.

– Әңгімеңізге үлкен рақмет.

Айтақын БҰЛҒАҚОВ,

«Заң газеті»

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.