You are here

ҰРЛАНҒАН ҚАРЖЫНЫ ҚАЗЫНАҒА ҚАЙТАРСА, ЖАЗА ЖЕҢІЛДЕТІЛМЕК

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Ел қазынасынан бөлінген қаржыны «еншілеген» шенеуніктер бұдан былай жазадан босатылуы мүмкін. Сенат талқылауындағы Қылмыстық кодекстің жаңа жобасында мемлекет мүлкіне қол салғандарға осындай «жеңілдік» қарастырылған. Бұл жайлы жобаны халық қалаулыларының назарына ұсынған Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель мәлім етті.

Бұған дейін әніміз де, жырымыз да жол ережесіне қатысты жаңа заң жобасы болып келгені белгілі. Айыппұлдарды арттырып, жол тәртібін бұзғандарға жазаны қатайтқан аталмыш заң да үлкен қоғамдық талқы тудырып еді. Соған қарамастан ол қабылданып, 30 сәуірден бастап күшіне еніп үлгерді. Ал, Мәжіліс мақұлдап, Сенаттың сараптауынан өткен Қылмыстық кодекстің жаңа нұсқасы әлі қоғамдық талқылауда. Оның ұзағырақ созылуының бір себебі, жобаға көптеген өзгерістердің, жаңа баптардың енгізілуінде болса керек. Сондай өзгерістердің бірі, бұдан былай мемлекет мүлкін талан-таражға салған шенеуніктердің жауапкершілікке тартылмауы да ғажап еместігі. Әрине, егер шығынды қайта қалпына келтіріп, қол салған мүлкін орнына қойған жағдайда ғана. Жалпы, Қазақстанда экономикалық қылмысқа қолданылатын жазаны жеңілдету керектігі көптен бері көтеріліп жүрген мәселе. Алайда, ішіп-жеп қойды деп айыпталғандарды жазадан мүлдем босату туралы айтылып отырғаны бірінші рет. Осы ретте «Тіпті, оффшордан бәрін Қазақстанға қайтарсын, орнына қойсын, сонда бас бостандығынан айырып жазаламаймыз», – деді Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель.

Қолдан келсе қоныштан басу қашаннан бар әдет. Мемлекеттен белгілі бір мақсатқа бөлінген қыруар қаржыны қолды еткендер туралы жиі еститін болып кеткеніміз рас және бұған етіміз үйрене де бастағандай. Ондайлар аймақтық атқарушы биліктен де, білім саласынан да, қорғаныс саласынан да көптеп табылады. Мәселен, 2013 жылдың мамырында бұрынғы білім және ғылым вице-министрі Саят Шаяхметов қаржы полициясының құрығына ілінгенін білеміз. Оған Өскемендегі 700 орынға арналған білім беру мекемесінің құрылысы барысында «қызметін асыра пайдаланып, мемлекетке 1,5 миллиард теңгеге жуық залал келтірді» деген айып тағылған-ды. Тергеу амалдары бір жылға созылған экс-вице-министрдің соты өткен айда ғана басталды. Павлодар облысын басқарған экс-әкім Ерлан Арынның да тұтқындалғаны осы жылдың мамыр айында ғана. Деректерге сүйенсек, ол облысты абаттандыруға бөлінген қаржыны қалтаға басқан. Оған қоса, аса ірі көлемде пара алғаны тағы бар. Ғалым әрі ректор, қайраткер һәм әкім болған Ерлан Арынның ісін қазір қаржы полициясы тергеп жатыр. Біз бұл арада бірінші ойға оралған бір-екеуін ғана түртіп өттік және соңғы нүктесін сот қоймай жатып оларды айыптаудан аулақпыз. Өйткені, бірінің ісіне қатысты сот процесі жүріп жатса, екіншісі әлі тергеу сатысында. Қаржы полициясы тарапынан «мемлекет мүлкін талан-тараж етіп, қаржысын ысырап қылды» деп кінә тағылғандардың бәрі бірдей судан таза, сүттен ақ болмаса да, арасында айыбы дәлелденбей ақталып шыққандары да жоқ емес. Сондықтан, қалай дегенде де әліптің артын бағуымыз қажет. Оның үстіне, жоғарыдағы екеудің, расында, мемлекет қаржысынан «сыбаға» иеленгені сотпен дәлелденгеннің өзінде, олар қолданыстағы заң бойынша жауапкершілікке тартылады. Ал, бұл ретте қазіргі Қылмыстық кодекстің 176-бабында бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Парламент талқылауындағы жаңа заң жобасы 2015 жылдан бастап күшіне енуі тиіс. Яғни, оның сол мерзімге дейін мемлекет мүлкін ысырап еткендер мен аталмыш қылмысы үшін түрмеде отырғандарға қатысы жоқ.     

Әлбетте, ел қазынасына қол салғандарды «періште алтын көріп жолдан тайыптының» кері болған шығар деп ақтауға болмас. Алайда, алғанын қайта орнына қойды деп босату жазаға, жауапкершілікке тартудың жүгін арқаламайтыны ақиқат. Жемқорлық, лаңкестік әрекет, ауыр немесе аса ауыр қылмыс туралы біле тұра айтпағаны үшін бірнеше жылға түрмеге тоғытқан жөн саналып, сіз бен біздің салығымыздан жиналған және халыққа пайдалы белгілі бір мақсатқа бөлінген қыруар қаржыны қалтаға басқандарды жазалау орынсыз саналғаны ма?! Бұл маңдайынан сипағанмен бірдей тірлік емес пе, келтірген шығынның орнын толтырған күннің өзінде. Осы екі мысалды салыстыра отырып айтпау (жемқорлық, лаңкестік әрекет, ауыр немесе аса ауыр қылмыс туралы) қылмыс та, алу, жеп қою, талан-тараж ету (мемлекет мүлкін) қылмыс болмағаны ма деген ойға қаласың. Ел қоржынынан бөлінген миллиондарды немесе миллиардтарды ұрлау, бөтен көліктің магнитоласын немесе біреудің ұялы телефонын ұрлау еместігі аян. Екеуінің арасалмағы жер мен көктей. Бірақ, бізде көбіне соңғысына қатысты жазаның қаталдау болып келетіні бар. Бәлкім, талан-тараж еткен мемлекет қаржысын екі есе, не болмаса одан да көп мөлшерде артығымен қайтарту, содан соң қандай да бір лауазымды қызметті атқару құқығынан белгілі бір мерзімге емес, өмір бойына айыру керек шығар. Себебі, шенеунік мұндай қылмысты білместікпен, абайсыздықпен жасамайды, оған турасын айтқанда, саналы түрде, заңның тілімен жеткізсек, қасақана барады.

Сәкен ОРЫНБАСАРҰЛЫ

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.