You are here

Ұлықбек ПАТСАЕВ, Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар департаментінің бастығы, аға әділет кеңесшісі: «Резонансты істердің бәрі арнайы прокурорлардың қолынан өткен»

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

– Ұлықбек Қаныбекұлы, қылмыстық істерді тергеу прокуратура органдарының дәстүрлі функцияларының бірі болып табылады. Арнайы прокурорлар институтының қалыптасуы қалай болған еді?

– Иә, арнайы прокурорлар институты өз дамуының түрлі кезеңдерінен өтті. 1996 жылға дейін прокуратура тергеуіне ауыр және аса ауыр санаттағы, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары жасаған қылмыстар туралы қылмыстық істер жатқызылды. Содан кейін 2001 жылға дейін прокурорлар алдын ала тергеу жүргізу құқығынан айырылған болатын. Осы кезеңде сотқа дейінгі сатыда қылмыстық қудалау сотта мемлекеттік айыптауды қолдау, сондай-ақ, қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысының заңдылығын қадағалаудың жекелеген элементтері арқылы жүзеге асырылды.

Тек қадағалау өкілеттікте­рі шеңберінде ғана шектеулі болғандықтан, прокуратура қылмысқа қарсы күрестің, оның ішінде сыбайлас жемқорлық көріністері бар қылмыстарға қарсы күрестің жалпы ахуалына кері әсер ететін жүйелі проблемаларды жеткілікті деңгейде тиімді шеше алмады. Прокурорлар тергеудің сапасына салмақты әсер ете алмады, себебі, ол субъективті сипаттағы көптеген факторларға, оның ішінде, корпоративтік мүдделер, ведомствоаралық бәсекелестік секілді факторларға тәуелді болды. Бұл құқықтық кемшіліктер тек 2001 жылы ғана Бас Прокурор ерекше жағдайларда прокурордың басшылық етуімен ведомствоаралық тергеу топтарын құруға құқық алғанда жойылды. Прокурорға осындай өкілеттіктер беру үлкен нәтиже берді, тергеудің әділдігі мен сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызды. Топтарға түрлі ведомстволардың тергеушілерін енгізу олардың әрқайсысының оперативтік және техникалық мүмкіндіктерін пайдалануға жағдай жасады, бұл олардың нәтижесіне оң әсер етті.

Арнайы бөлімше құрылғаннан кейін біздің күшіміз қылмыстық істерді тергеп-тексеру жөніндегі өкілеттіктерді тиімді жүзеге асыру бойынша шаралар жасап шығаруға бағытталды. Жаңа мәртебе елдегі криминогендік ахуалды ескере отырып, ұйымдастыру және штаттық өзгерістерді қажет етті. Біздің алдымызда қызметімізді лайықты кадрлармен жасақтау проблемасы тұрды. Бүгінгі күні біз жақсы тергеу практикасын қа­лыптастырдық, қойылған міндеттерді лайықты орындайтын және күрделілігі кез келген дәрежедегі қылмыстық істерді тергей алатын мықты кәсіби мамандар құрамын қалыптастырдық. Сондықтан, арнайы прокурор­лар жүзеге асыратын, қоғамға үл­кен қауіп төндіретін қылмыстар туралы қылмыстық істердің тергелуін үйлестіру қылмыс­тық процестегі прокуратураның рө­лін нығайтады, барлық күштік ор­гандарды қылмысқа қарсы күреске жұмылдырады.

 Бүгінгі күні қандай қылмыстық істер арнайы прокурорлардың тергеуіне берілген?

– Еліміздің құқықтық кеңіс­тігіне арнайы прокурорлар енгізілген уақыттан бері, заң шығарушы тергеулік шегін әдейі айқындаған жоқ. Бұл жоғарыда аталған себептерден болды, құқықтық қатынастардың түрлі салаларында жасалатын жүйелі қылмыстарға қарсы әрекет етуге тарту қажет болды. Дей тұрғанмен, қандай да бір қылмыстық істердің басым мәселелерін Бас Прокурор салалық актілерде айқындады. Бүгінгі күні бұл Прокуратура органдарында сотқа дейінгі тексеруді ұйымдастыру туралы нұсқаулық бойынша шешіледі. Оның ережелеріне сәйкес, басым санат ретінде құ­қық қорғау және арнайы орган қызметкерлері қызмет бабында жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар, оның ішінде азаптау қылмыстары айқындалған. Прокуратура органдарының қылмыстық істерді сотқа дейінгі тергеуінің мұндай тетігі әлемнің барлық озық елдерінде белгіленген.

– Азаптау проблемасы әлі күнге дейін өзекті ме?

– Өкінішке қарай, мұндай проблема әлі де бар. Адам құ­қықтарын өрескел бұзушы­лық­ты, оның ішінде, азаптау мен тергеу жүргізудің өзге де заңсыз әдістерін түбірімен жою – құқық қорғау органдарының алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі. Осы міндетті іске асыру шеңберінде, елде соңғы жылдары қабылданған пәрменді шаралар аз емес. Атап айтқанда, Қазақстан адам құқығын сақтауға қатысты бірқатар халықаралық конвенцияларға қосылды, оның ішінде БҰҰ-ның Азаптауға қарсы ковенциясының Факультативтік хаттамасын ратификациялады.  Адам құқығы саласындағы озық халықаралық стандарттар­дың бірі – бұл Азаптауға қарсы ұлттық алдын алу тетігі. Сон­дықтан, оның құрылуы Қазақстан үшін адам құқығын қор­ғау кепілдіктерін күшейтуге бағытталған аса маңызды қадамдардың бірі болды. Біз жаңа қоғамдық институттың елдегі заңдылықты күшейтудің пәрменді құралына айналатындығына сенімдіміз.

Бұл мәселені шешуде прокуратура органдары да белгілі бір үлес қосып келеді. Кезекші прокурорлар институты же­тілдірілуде, бірнеше жыл бұ­рын ішкі істер органдарына келу­шілерді электрондық есепке алу жүйесі енгізілді, жаңғырту процесі жүруде. Азаптауға қарсы іс-қимыл жасауға арнайы прокурорлардың да күші жұмсалды, тек 2015 жылдың өзінде ғана олар осындай 255 факті бойынша сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асырды, бұл өндірісте болған істердің жалпы санының 40 пайызға жуығы.

Алайда, біз қабылдап жатқан шараларға қарамастан, азаптау туралы арыздар санының жылдан жылға ұлғаю үрдісі сақталып отыр. Мұндай фактілердің ұлғаюын құқық қорғау органдары жұмысының әлсіздігімен байланыстыруға болмайды. Азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен мәдениеті­нің артқандығын ескеру қажет. Және тек прокурор ғана азаматтар мен қылмыстық қудалау органдары арасындағы төреші ретінде қызмет ете алады. Қылмыстық қудалаудан құтылу мақсатында қызметкерлерге жала жабу жағдайлары да кездеседі. Тек 2015 жылдың өзінде ғана біз 74 жалған арызданушыға қарсы қылмыстық қудалау істерін бастаған болатынбыз.

 Өткен жыл арнайы прокурорлар үшін қандай жыл болды?

– Ең алдымен, мен қылмыс­тық істер көлемінің артқандығын айтқан болар едім. Бұл қылмыстық-процестік заңнаманы жаңғыртумен, дәлірек айтсақ, тергеуге дейінгі тексеру кезеңін алып тастаумен байланысты. Жалпы, соңғы жеті жыл ішінде арнайы прокурорларға түсетін жүктеме 7,5 есеге – 2009 жылы 97 істен 2015 жылы 737 іске дейін өскен. Сотқа 171 іс (23%) жіберілді, 225 тұлғаға қатысты 128 айыптау үкімі шығарылды. Сотқа дейінгі сатыда 267 іс тоқтатылды, оның барлығы дерлік ақтау негіздері бойынша тоқтатылды. Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар департаменті тергеген істер саны екі есеге дерлік, 50-ден 95-ке дейін артты.

2014 жылмен салыстырғанда арнайы прокурорлар тергейтін қылмыстық істер бойынша анықталған залалдың 30 есеге — 3 млрд. теңгеден 95 млрд. теңгеге дейін өскендігі байқалады. Келтірілген залалдың басым бөлігі Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан облысындағы банк саласы мен жалған кәсіпкерлік қылмыстары туралы бірқатар істер бойынша анықталды.

 Осы жылдар ішінде арнайы прокурорлар қандай аса шулы қылмыстық істерді тергеді?

– Барлық дерлік резонанс­тық және өзекті қылмыстық істер бойынша, оның ішінде, ел басшылығының бақылауында тұрған қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеуді арнайы прокурорлар жүзеге асырды десек, дұрыс айтқан болар едік. Еліміздегі қаржы-банк саласындағы жүйелі бұзушылықтарға қарсы күрес бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. Қылмыстық жауапкершілікке «БТА Банк», «Темір Банк» және «Альянс Банк» акционерлік қоғамдарының бұрынғы басшылары тартылды, олар қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдас­тыру және миллиардтаған ақша ұрлау қылмыстарын жасаған.

Әрине, атышулы істердің бірі – бұл «Қорғас» ісі. Ол бойынша тергеу менің басшылығыммен 2011-2013 жылдар аралығында екі жылға жуық уақыт жүргізілді. Қылмыстық жауапкершілікке Қытайдан кедергісіз тауар әкелу үшін кәсіпкерлерден ақша алумен айналысқан ұлттық қауіпсіздік және кеден органдары қызметкерлері бастаған 45 адам тартылды. Жалпы сомасы 4 млрд. 285 млн. теңге мөлшеріндегі мүлік мемлекет кірісіне айналдырылды.

2015 жылдың соңында Алматы қаласында мемлекеттік шекараны бұзуға ұласқан экономикалық контрабанда туралы іс бойынша үкім шығарылды. 22 тұлға сотталды, құны 1,3 млрд. теңге тұратын контрабандалық тауар тәркіленді, 287 млн. теңге сомасында төленбеген кеден төлемдері өндіріліп алынды. Арнайы прокурорлардың әлеуеті мемлекет үшін маңызды, қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделерін қорғау саласындағы істерді тергеу кезінде де пайдаланылады.

Көріп отырғанымыздай, прокуратура органдарындағы сотқа дейінгі тергеу институты жұмыс істеген аз ғана жылдар ішінде өз қызметінің өзектілігі мен қажеттілігін көрсетіп келеді және одан әрі дамыту қажеттігін талап етеді.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Назерке Инақынова

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.