You are here

Үгіт жұмыстары заңға сәйкес жүргізілді

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Үгітті қоса алғанда, дауыс берілетін күннің алдындағы барлық іс-шаралар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес жүргізілді. Мемлекеттік органдар тарапынан қандай да бір заң бұзушылықтар тіркелген жоқ. Бұл туралы кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Бас прокуратураның  ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.

«Конституцияға және Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, Бас прокуратура ағымдағы сайлау процесінің заңдылығын қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдады. Электораттық кезеңде азаматтардың конституциялық құқықтарының және сайлау заңнамасының сақталу мәселелері прокурорлар үшін жұмыстың негізгі басымдылығы болып белгіленді», деді Бас прокуратураның ресми өкілі.

Тек сайлау алдындағы үгітті жүргізу шарттарының жекелеген бұзушылықтары орын алған. Нақты айтқанда, Шығыс Қазақстан облысының Зырян ауданында прокуратура учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы А.У.Жүнісоваға қатысты мәслихат депутаттығына кандидаттардың бірін қолдаумен сайлау алдындағы үгіт жүргізгені үшін әкімшілік іс қозғаған. Жүнісова комиссия төрағасының міндеттерін атқарудан босатылып, сондай-ақ, оны сот 30 АЕК мөлшеріндегі айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартқан.

Сонымен қатар, Шымкент қаласының Қаратау ауданында қалалық мәслихаттың депутаттығына кандидаттың үгіттеу материалдарын бүлдіргені үшін қала тұрғыны Ж.К.Бубеев әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Сондай-ақ, сайлау алдындағы үгітті жүргізу ережелерін бұзу фактілері бойынша прокуратура елорданың үш тұрғынына заңды бұзуға жол берілмейтіні туралы алдын ала ескерту жариялаған.

«Прокуратура органдары сайлау заңнамасының бұзылу фактілері бойынша өзге қадағалау актілерін енгізген жоқ. Дауыс берiлетiн күннің алдындағы кезеңде Парламент Мәжілісіне сайлау бойынша прокуратура органдарына үш өтініш қана келіп түсті. Мысалы, Валентина Безрукова Парламент Мәжілісінің депутаттығына өзін өзі ұсынған кандидат ретінде тіркеуден бас тартқан сайлау комиссияларына шағымданған. Оған кандидаттарды ұсыну саяси партиялармен ғана жүзеге асырылатындығы түсіндірілді. Жалпы, сайлау заңнамасының қандай да бір елеулі бұзушылықтарының болмауы, біздің пікірімізше, ағымдағы сайлау процесінің барынша ашық және заңды екендігін куәландырады», деді Н.Сүйіндіков.

Ол, сондай-ақ, сайлау күні, яғни кешегі күнге қатысты да ақпараттармен бөлісті. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес, сайлау күні прокуратура органдары үшін жұмыс күні болып табылады және сол күні түскен өтініштер дереу шешілетін болады. Орталық деңгейде де, жергілікті жерлерде де сайлау комиссияларымен және мүдделі мемлекеттік органдармен біздің үздіксіз байланысымыз орнатылған. Сайлау учаскелерінде қоғамдық қауіпсіздікті полиция органдары қамтамасыз етті. Электораттық науқан сияқты сайлау күні де байсалды жағдайда өтті. Азаматтардың сайлау құқықтарының бұзылуы немесе өзге елеулі құқыққа қайшы іс-әрекеттер тіркелген жоқ», деп мәлімдеді Бас прокуратураның ресми өкілі.

Кешегі күнгі сағат 16.00-дегі жағдай бойынша прокуратура органдарына 8 өтініш түскен. Мәселен, Астанада прокуратураға партиялардың бірінің өкілі Рахымжановтан жәшiктердің байқалуына жағдай жасауды қамтамасыз етпегені үшін №78 учаскенің сайлау комиссиясының төрағасына шара қолдану туралы екі ұқсас өтініш түскен. Оңтүстік Қазақстан облысында Созақ ауданының прокуратурасына Г.Жақайқызы (аудандық мәслихатқа кандидат У.Шүкееваның сенім білдірілген адамы) кандидаттардың бірінің жақтастары дауыс беру үшін келген адамдардың фото/бейнетүсірілімін жүргізгендігіне шағымданған. Аталған өтініштер құзыреті бойынша сайлау комиссияларына жолданған.

Н.Сүйіндіковтің айтуынша, Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданының прокуратурасына аудандық мәслихатқа кандидаттардың бірінің сенім білдірілген адамы А.Сүлейменова басқа кандидаттың сенім бiлдiрілген адамы оның ар-намысы мен қадiр-қасиетін қорлағаны туралы арызбен жүгінген. Өтініш қарау үшін полицияға жолданған. Осы облыста А.А.Кузнецов емдеу мекемелерінің бірінің пациенттерін сайлаушылар тізіміне енгізілуінің негізділігіне қатысты прокуратураға арызбен жүгінген. Аталған өтінішті арызданушы дереу қайтарып алған, осыған байланысты қараусыз қалдырылыпты. Қалған өтініштер бойынша оларда көрсетілген бұзушылықтардың белгілері туралы ақпараттар тексерілуде.

Динара БІТІКОВА,

«Егемен Қазақстан».

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.