You are here

Үгіт кезеңіндегі бақ қызметін реттеу

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етудің маңызды бөлігі

Кеше Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясында бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларымен сайлауды ақпараттық сүйемелдеу және сайлау алдындағы үгітті жүзеге асыру ережесін сақтау мәселелері жөніндегі семинар өтті. Семинарды Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос жүргізіп отырды.

Жиында Орталық сайлау ко­мис­сиясының мүшесі Ләззат Сүлей­мен баяндама жасады. Баян­дамасында ол бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін электораттық кезеңде БАҚ қызметін ұйымдастыруға қатысты сайлау заңнамасының ережелері, партиялар мен кандидаттардың сайлау алдындағы үгіттерін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүзеге асырудың тәртібі және шарттары туралы ақпараттандырып, сайлау науқаны барысын жариялаудың негізгі қағидаларына тоқталды.

Орталық сайлау комис­сия­сының мүшесі өз сөзінде атап көрсеткендей, бұқаралық ақпа­рат құралдары арқылы сайлау алдындағы үгіт партиялық тізім­дер мен кандидаттарды Консти­туциялық заңға сәйкес белгі­ленген тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталады және сайлау бола­тын күннің алдындағы күнгі жергілікті уақыт бойынша сағат 00-де аяқталады. Партия­лық тізімдерін ұсынған саяси пар­тияларға, мәслихаттар депутат­тығына кандидаттарға сайлау алдындағы үгіт жүргізуі үшін бұқаралық ақпарат құралдарына қол жеткізуінің тең жағдайына кепілдік берілген.

«Сайлау күні және оның қарсаңындағы күні үгіт ма­териалдарын бұқаралық ақпа­рат құралдарында жариялау, эфир­ге шығаруға тыйым салынады, – деді Л.Сүлеймен. – Бұрын орна­ластырылған материалдарды ин­тернет-ресурстардың бас­ты бет­теріне шығаруға жол беріл­мейді. Сайлау алдындағы үгіт кезең­інде партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың, мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды сайлау алдындағы үгітіне байланысты мерзімді баспа басылымының таралымы барлық партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар, мәслихаттар депутаттығына кандидаттар үшін бірдей болуға тиіс».

Сонымен қатар, ол сайлау ал­дын­дағы үгіт материалдарын тара­туда кімдерге тыйым салын­ғанын атап өтті. Олар – мемле­кеттік органдар, жергілікті өзін өзі басқару органдары, сондай-ақ, қызметтік міндеттерін орын­дау кезінде олардың лауазым­ды адамдары, Қарулы Күштер­дің, басқа да әскерлер мен әске­ри құралымдардың әскери қыз­мет­шілері, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау орган­дарының қызметкерлері мен судьялар, сайлау комиссия­ларының мүшелері және діни бірлестіктер.

Бұдан кейін ОСК мүшесі пар­тиялық тізімдері тіркелген сая­си партияларға, мәслихат депутаттығына тіркелген кан­ди­даттарға шарттық негізде эфир уақы­тынан, баспасөз бетінен орын беру тәртібінен хабардар етті. Бұқаралық ақпарат құралдарының редакциялары партиялық тізімдері тіркел­ген саяси партияларға, мәслихат депутаттығына тіркелген кан­ди­даттарға шарттық негізде эфир уақытын және баспасөз беті­нен орын береді. Партиялық тізім­дерін ұсынған саяси партияларға бұқаралық ақпарат құралдарында эфир уақыты мен баспасөз бетінен орын беру үшін Орталық сайлау комиссиясының партиялық тізімді тіркеу туралы шешімінің кө­шір­месі мен уәкілетті адам қол қой­ған, хабар беруді, эфирге шыға­руды жүзеге асыратын бұқа­ралық ақпарат құралы басшы­сының атына жазылған жазбаша өтініш негіз болып табылады.

«Партиялық тізімдерін ұсын­ған саяси партиялардың, мәсли­хаттар депутаттығына канди­дат­тардың бұқаралық ақпарат құрал­дарына шығуының кезектілігі жазбаша өтініштердің келіп түсу ретімен немесе өтініштер бір мез­гілде келіп түссе, жеребе бойынша белгіленеді, – деді Л.Сүлеймен. – Партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар, мәслихаттар депутаттығына кандидаттар жазбаша өтініштерінде қай кезде сөз сөйлейтінін жорамал­дайтын күнін, уақытын көрсе­теді. Осы ұсыныстардың негізін­де бұқаралық ақпарат құрал­дарының редакциялары партия­лық тізімдерін ұсынған саяси пар­тиялардың, мәслихаттар депу­тат­тығына кандидаттардың сөз сөй­леуі үшін эфир уақыты мен бас­пасөз бетінен орын беру кестесін белгілейді».

Сөзінің соңында ОСК мүшесі сайлау қорынан төленетін қара­жатқа да тоқталды. Партиялық тізім­дерін ұсынған саяси партия­лардың, мәслихаттар депутат­тығына кандидаттардың сайлау алдындағы үгітін қамти­тын мерзімді баспасөз басылым­дарының барлық жарияланымдары, теле-және радиохабарлары қаржыландыру көздері тура­лы ақпаратты қамтуға тиіс. Ақпараттандыру тәсілін бұқара­лық ақпарат құралы редакция­сының өзі айқындайды. Партия­лық тізімдерін ұсынған саяси пар­тиялардың, мәслихаттар депутат­тығына кандидаттардың үгіт ма­териалдарын жарыққа шығару, эфирден беру құны партия­лық тізімін ұсынған саяси пар­тияның, мәслихат депутат­тығына кандидаттың сайлау қорының қаражатынан төленеді. «Құны партиялық тізімін ұсынған саяси партияның, мәслихат депутаттығына кандидаттың сайлау қорынан өзге қаражат есебінен төленген кандидаттардың үгіт материалдарын жарыққа шыға­руға, эфирден көрсетуге жол беріл­мейді», – деді Л.Сүлеймен.

Жиында бұқаралық ақпарат құралдарының редакциялары партиялар мен кандидаттардың сайлау науқанын шынайы көрсе­туді жүзеге асырып, БАҚ-қа тең қол жеткізуді қамтамасыз етуде міндетті екені атап өтілді. «Сайлау алдындағы үгіт кезеңін­де БАҚ қызметін реттеу – сайлау үдерісінің ашықтығын, жария­лылығын және әділдігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі болып табылады», – деді Ортсайлауком мүшесі.

Семинарда, сондай-ақ, Ин­вес­тициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің төрағасы Т.Қазанғап өкілетті органның қыз­меті туралы айта келіп, БАҚ-тың сайлау үдерісіндегі және қоғамды оның барысы тура­лы ақпараттандырудағы маңыз­ды рөліне тоқталды. Ал Бас прокуратураның Әлеумет­тік-экономикалық саланың заң­ды­лығын қадағалау департаменттің басшысының орынбасары Н.Сүйіндіков үгіт жүргізу нау­қанын құқықтық реттеу мәсе­лелеріне назар аударды.

Жалпы, сайлау алдындағы үгітті жүргізу құқығына кедергі жасағаны және бұқаралық ақпа­рат құралдары арқылы сайлау ал­дындағы үгітті жүргізу шарттарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленген. Ал сайлау алдындағы үгітті оған тыйым салынған кезеңде жүргізу әкімшілік жауапкершілікке, дәлі­рек айтқанда, кандидаттарды тіркеуден бас тарту немесе тіркел­гені туралы шешімді жоюға әкеп соқ­тырады. Пікір алмасу бары­сында сайлау заңнамасы норма­ларының сақталуын тиімді қамта­масыз ету, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері сайлау нау­қанын немесе сайлау алдындағы үгітті жүргізуді жариялауда «Сай­лау туралы» Заңның талаптарын бұ­зушылықтарды айқындау және бол­дырмау жолдары мен әдістеріне баса мән берілді.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.