You are here

Тіл жанашырлары қошеметтелді

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

 «Тіл жанашыры» құрмет белгісі қазақ тілінің өркендеуіне атсалысып жүрген азаматтарды ынталандыруды көздейді.

Кеше Астанада Қазақстанның Тұңғыш Президентінің музейінде өткен салтанатты рәсімде тілдің жоғын жоқтап, барын дамытып, сол арқылы бүкіл мемлекетіміздің көркеюіне және дамуына үлес қосып жүрген ұлтжанды, патриот азаматтар «Тіл жанашыры» Құрмет белгісімен марапатталды.

Бірден айта кетейік, 2009 жылы №1 «Тіл жанашыры» арнайы Құрмет белгісі Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген болатын.

«Тіл жанашыры» құрмет белгісі қазақ тілінің өркендеуіне атсалысып жүрген азаматтарды ынталандыруды көздейді. Кеше бұл құрмет белгісі 21 адамға табысталды.

«Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігінің құрметті төрағасы, Президент Кеңсесінің бастығы, «Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасы» директорының міндетін атқарушы Махмұт Қасымбековтың айтуынша, биылғы жылғы осы марапатқа 100-ге жуық ұсыныс келіп түсіпті. Солардың ішінен әрбір бесінші үміткер ғана іріктеп алынған.

 – Туған тіліміздің дамуына үнемі үлкен үлес қосып, нағыз тіл жанашыры болып жүрген азаматтар республикамыздың түкпір-түкпірінен келіп отыр. Елімізде тілге жанашырлық көрсететін адамдар көптеп саналады. Сіздердің әрқайсыңыздың орныңыз бөлек. Бәріңіз де тілдің тағдыры үшін тынбай күресіп жүрсіздер! Жас ұрпақтың тілінің таза болуына атсалысып келесіздер. Өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуіне қамқорсыздар. Сондай-ақ жылдар бойы көзмайын тауысып, сөздіктер жасадыңыздар. Тілді дамытуға арналған жобаларды қолдап, ұлт меценаты атандыңыздар. Соның барлығы да ескеріліп отыр, – деді марапатталушыларға Махмұт Қасымбеков.

Бұл Құрмет белгісі осымен бесінші рет табысталып отыр. Биылғы марапатталғандар арасында еліміздің барлық өңірлеріндегі тіл жанашырлары, сонымен қатар Мәскеу мен Орынбор қалаларында қазақ халқының мәдениеті мен тілін насихаттап жүрген азаматтар бар.

«Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігінің аталған Құрмет белгісі – қазақ халқының тілін, мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын насихаттауда ерекше еңбек сіңірген азаматтарға тапсырылады. Үміткерлерді белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен меценаттардан тұратын арнайы комиссия іріктеді. Комиссияға Махмұт Қасымбеков төрағалық етті.

Елдос СЕНБАЙ

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.