Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Елбасы өткен жылдың тамызында Алматы облысына келген жұмыс сапары барысында облыс прокурорына жер телімдері дауы мен басқа да күрмеуі көп күрделі мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берген еді. Осыған байланысты не атқарылды? Міне, осы мәселелердің орындалуы жайында Алматы облысының прокуроры Ғабит Миразовпен әңгімелескен едік.

– Ғабит Төреұлы, Елбасы дүйім жұрттың алдында сізге бер­ген тапсырмалар қалай орындалуда?

– Мемлекет басшысы жер­лердің нысаналы мақсатта қол­данылмай жатқандығы үлкен мәселе болып табылатынын атап өтіп, бұл жер телімдеріне қатысты қатаң тексеру жүргізу керектігіне нұсқау берді.

Елбасы берген тапсырмалар шеңберінде 2014 жылы облыс бойынша кадастрлық құны 341,9 млн.теңге болатын көлемі 26,0 мың гектардан астам 403 пайдаланылмаған жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Бүгінгі күнде көлемі 40,9 гектар болатын 124 жер телімін қайтару бойынша талап арыздар соттарда қаралуда. Сонымен қатар, белгіленген мақсатта пайдаланылмай жатқан кадастрлық құны 6 млрд. теңгелік жалпы көлемі 255,2 мың гектар болатын үш мыңнан астам жер телімі анықталды. Мә­селен, қадағалау актісі бойынша, Сарқан ауданындағы Балқаш көлінің жағалауында орналасқан бір мың гектардан астам пайда­ланылмай жатқан жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Сон­дай-ақ, жерді күтіп пайдалануға, алқаптарда ауыл шаруашылығы дақылдарын алмастырып се­будің белгіленген талабының сақ­­талуына ерекше назар аударылды. Ақсу, Алакөл, Кербұлақ, Сарқан, Ескелді, Көксу және басқа да бірқатар аудандарда жер иелері жыл сайын мақсары егеді. Бұл дақыл өз кезегінде топырақтың мелиоративтік жағдайы мен өнім­ділік деңгейін төмендететіні бел­гілі. Осы саладағы қадағалау қыз­меті Үлкен Алматы айналма автожолының және Алматы қала­сының 4 серіктес қаласының құры­лыстары үшін жер телімдерін қайтарып алудағы заңнамалардың сақталуына қатысты әкімдіктер жұмысын тексеру барысында заң­сыздықтарды анықтады. Жер­гілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғаларының заңсыз әрекеттерінен мемлекетке 2 млрд. теңге көлемінде шығын келтірілген.

Алматы қаласының маңындағы елді мекендерде бос жерлерді белсенді түрде бөлгеннен кейін лауа­зымды тұлғалар ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жер­лерді ауыл шаруашылығы саласы жұмыстарын жүргізуге еш­қандай қатысы жоқтығына қара­мастан, өзге мақсаттарға ұсы­нуға «кіріскенін» атап өту керек. Нақтылай түссем, жер телімдері 6-10 сотықтан бөлініп сатылған. Бұл заңсыздықтардың орын алуына жергілікті атқарушы орган­дарда елді мекендердің бас жос­парларының болмауы себеп бол­ған. Ел тәуелсіздігі жылдарында облыс бойынша бас жоспармен қам­тамасыз ету 12,6 пайызды құрады.

Өткен жылы Бас прокура­ту­раның әлеуметтік-экономикалық са­ладағы заңдылықтың сақталуын қадағалауды жүзеге асыру департаментінің басшысы Қанат Сейдғапбаровтың қатысуымен алқа жиыны өткізілді. Онда қадағалау актісі енгізіліп, мақсатты жұмысты жүзеге асыру үшін қосымша қаржы бөлінуіне қол жеткізіліп, бас жоспармен қамту көрсеткіші 6 есе ұлғайды. Жалпы, облыстық прокуратура органдары тарапынан соңғы жылдары 4 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды, 174 наразылық қанағаттандырылды. 1,7 мың заңсыз актілердің күші жойылды және өзгертілді, 231 адам, оның ішінде аудандар мен қалалардың әкімдері түрлі жауапкершілікке тартылды, 8 қылмыстық іс қозғалды, 500 млн. теңгеден астам көлемдегі залал өндірілді.

– Елбасы көтерген тағы бір мәселе, яғни «Ауыз су» және «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?

– «Ауыз су» бағдарламасын жү­зеге асыру барысында 2002-2010 жылдары 355 нысанға жөн­деу жүргізілуіне, қайта жаң­ғыртылуына, жасалуына 14 млрд. теңгеге жуық бюджет қаржысы жұмсалған. Ал «Ақ бұлақ» бағдар­ламасының 2011-2015 жылдары бірінші кезеңін жүзеге асыру шеңберінде 350 нысанда жұмыс жүргізу көзделген, бұл жұмыс 55,5 млрд. теңгені қажет ететіні анық.

«Ауыз су» және «Ақ бұлақ» бағдарламаларының орындалу барысына жүргізілген тексерулер шеңберінде өткен жылы 3 қылмыстық іс қозғалды. Мәселен, Ақсу ауданының прокуроры тарапынан Арасан ауылындағы сумен қамту жүйесін жаңғырту жұмыстары кезінде 4 015 216 тең­геге құрылыс жұмыстарын орындамау фактісі бойынша ҚК 307-бабы, 2-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, кінәлі тұлғалар заңмен белгіленген жауапкершілікке тартылды. «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша бөлінген бюджет қар­жысын тиімсіз пайдаланудағы заң бұзу­­шылықтарға сот-құрылыс сарап­тамасын тағайындау туралы 10 қаулы шығарылды. Мы­салы, Панфилов ауданы, Қорғас ауы­лындағы сумен қамту жүйе­сі құры­лысының жобалық-сме­талық құжаттамасына сәйкес құрылыс құны 192 440 000 теңгені құрап, тек­серу кезінде 11 829 211,6 теңге көле­мінде құрылыс жұмыстарының орындалмағаны, шын мәнінде, бұл соманың ұрланғаны және мақсатсыз жұмсалғандығы анықталды. Сон­дай-ақ, Панфилов ауданы, Көктал ауылындағы сумен қамту нысанына қатысты 15 656 477 теңге көлемінде, Сарқан ауданы М.Тө­ле­баев ауылында 10 442 000 тең­геге, Ақсу ауданы Қопа ауылында 9 044 598 теңгеге құрылыс жұмыс­тарының орындалмағаны анықталды. Оған сай бірнеше тексеру құжаттары процессуалдық шешім қабылдау үшін Алматы облысының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне жолданды. «Ақ бұлақ» және «Ауыз су» бағдарламасының тек­серу қорытындысы өткен жылы облыс прокуратурасының алқа мәжілісінде қаралып, анық­талған заң бұзушылықтар бойынша облыс әкімінің атына заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізілді. Атал­ған бағдарламаның өз мақса­тында заңнама талабына сай орындалуы прокуратура органдарының қатаң бақылауында тұр.

– Кәсіпкерлердің құқығы қа­лай қорғалуда?

– 2014 жылы кәсіпкерлікке қатысты заңнамалардың сақталуын қадағалау барысында 257 бизнес субъектісінің құқықтары қорғалды. Қадағалаушы органдардың кәсіп­керлерді тексеруді көздеген 117 заңсыз жоспары анықталып, күші жойылды. Кәсіпкерлердің құқығын бұзғаны үшін 104 лауазымды тұлға тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңсыз 6 нормативтік-құқықтық актілерді шығарған ауылдық әкімдер әкім­шілік жауапкершілікке тартылды. Прокуратураның жедел топтары мен кәсіпкерлер палатасы бірлесе атқарған жұмыстар нәтижесінде 33 заң бұзушылықтың, 16 заңсыз тексерудің күші жойылды. Қада­ғалау актілері бойынша Жер ко­дексінің 43-бабына сәйкес барлық аумақтық жер комиссияларының құра­мына кәсіпкерлер палатала­рының өкілдері енгізілді. Проку­рорлық қадағалау бойынша агроөнеркәсіп кешеніндегі субъек­тілерді субсидиялауға қатысты заң бұзушылықтарды жою шаралары қабылданды. Мәселен, 2000 ауыл­шаруашылық тауар өндірушілеріне бөлінген субсидия­ны 237 556 252 теңге көлемінде толық төлемеу, сол сияқты 1 272 кә­сіпкерге 280 808 485 теңге көле­міндегі субсидия­ны дер кезінде төлемеу фактілері анықталды. Осы заң бұзушылықтар бойынша про­курорлық ықпал ету актілері енгізіліп, кінәлі тұлғалар заңмен белгіленген жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, 2014 жылы облыс прокуратурасы және облыстық кәсіпкерлер палатасы арасындағы кәсіпкерлердің құ­қықтарын қорғау мәселелері жө­нін­дегі өзара ынтымақтастық туралы меморандумына қол қойылды. Демек, тапсырыс талабы – нәтижеден көрініп тұр.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,

«Егемен Қазақстан».

Алматы облысы.

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.