You are here

«ТАЛДАУ ЖОҒАЛҒАН ЖЕРДЕ САПА НАШАРЛАЙДЫ»

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Ибрагим ИМАНОВ, Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры:

«ТАЛДАУ ЖОҒАЛҒАН ЖЕРДЕ САПА НАШАРЛАЙДЫ»

– Ибрагим Әлжанұлы, халық сеніміне ие болу ең маңызды мәселе, халық прокурорларға сенеді деп ойлайсыз ба?

– Халықтың сеніміне кіру дегеніміз не? Әңгімені осыдан бастайық. Айталық, прокурорға бір азамат арызданып келген болса, оның мұқтаждығымен өз проблемамыздай айналысуымыз қажет.

Біз осындай әдіске көшіп жатырмыз. Егер шағымданушы аудан прокурорының іс-әрекетіне қанағаттанбай, маған, яғни, облыс прокурорына шағым түсірсе және сол шағымы оңды шешімін табатын болса аудан прокурорына қатысты қызметтік тексеру жүргіземіз. Азаматтардың шағымына немқұрайлы қараған қызметкерлерге міндетті түрде шара көріледі. Егер облыс прокурорынан да қанағат таппай, мәселесі Бас прокуратура тарапынан шешілер болса бұл нені білдіреді? Бұл, әрине, немқұрайлылық немесе білімсіздік деген сөз. Қазір технология дамыған, жұмыс істеу мүмкіншілігі артқан заман. Кез келген жайт жіті бақылауда болу қажет. Бізге келіп түскен әрбір арызға байланысты қандай қадағалау жұмыстары жүргізіліп жатқаны бүге-шігесіне дейін жазылып тұрады. Ол компьютер арқылы аудан прокурорларының, менің, қала берді бас прокурордың бақылауында болады. Сол себепті халықтың мұң-мұқтажын барынша таза, барынша жылдам тексеріп беруіміз керек. Кез келген азаматтың арызы, әсіресе, қылмысқа байланысты шағымы мүмкіндігінше үш күн ішінде қаралып, шешімін табуы тиіс. Бұл аралықта бітпеген күрделі істер он күннен, ең ақыры екі айдан аспауы тиіс. Басына іс түскен адам бізге шағымын алып келсе, оны ертең кел, арғы күні кел деп әуре-сарсаңға салсақ, олардың сенімін емес, күдігін арттырарымыз анық. Біз осы келеңсіздіктен құтыла бастадық. Осыдан екі жыл бұрын екі ай қаралған шағымдар саны 80 пайызды құраса, бүгінде үш күннің ішінде шешімі табылған шағымдар саны 90 пайыздан асып кетті.

«Тіркелмеген қылмыс» деген дерттен құтыла бастадық. Бұрын мұндай келеңсіздік жиі кездесетін. Тіпті, азаматтарды алдап та іс қозғалатын жайттар кездесетін. Қазір қадағалау қатаң. Байқасаңыз, бүгінде әр полиция басқармасында кезекші прокурорлар жұмыс істейді. Оған қосымша бейнебақылаулар орнатылған. Ол арқылы басқармаға кірген-шыққан адамдардың барлығын көріп, бақылап отырамыз. Ішке кірген адам үш сағаттан артық шықпай қалса, бірден сұрау жасаймыз. Бұрын-соңды мұндай жіті бақылау болған ба? Болған жоқ, әрине. Мұның барлығы халықтың сенімін оятуға себеп болады деп ойлаймын.

– Дегенмен, бүгін ұсталған күдікті ертеңіне бостандықта жүретін жайттар әлі де аз емес қой. Бұл халықтың көңіліне күдік ұялатпай ма?

– Рас, халықтың арасында қазір «пәленше ұсталып еді, бірдеңесін алып, босатып жіберді» деген сөздер барын жоққа шығара алмаймын. Шындығында, олай емес. Қылмыс жасаған адамды жазалайтын да, соттататын да, кешіретін де бірінші кезекте полиция да, прокурор да, сот та емес, жәбірленушінің өзі. Иә, жәбірленушілерге осындай құқық берілген. Сізге түсіндірейін, бізде, әсіресе, Оңтүстік Қазақстан облысының ауылдарында кілең ағайындылар тұрады. Мәселен, ұры ұрлық үстінде ұсталып қалса, полицияға алдымен жәбірленушілердің өздері жүгіріп барады. Сөйтеді де, «құрысын, бұл менің пәленшем еді, түгеншем еді, кешірдім, өз арамызда шешеміз» дейді. Нақты мысал айтайын, Сарыағаш ауданында үстіміздегі жылдың үш айында 18 ұрлық ашылды десек, соның екеуінде ғана ұрылар қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қалғандарының барлығы жәбірленушілер тарапынан берілген кешірімнің арқасында жауапкершіліктен аман қалды.

– Медиацияның да мақсаты татуластыру емес пе?

– Кінәлі жақ пен жәбірленушілердің өзара ортақ мәмілеге келгені, бір жағынан, дұрыс та шығар. Жәбірленушіден кешірім сұрап, шығынын өтесе, екінші рет қайталамауға уәде берсе, оларды топырлатып темір торға тоғыта бергеннен не пайда? Қазір жеңіл қылмыстар бойынша медиацияны қолдануға көбірек көңіл бөлініп жатыр. Америкада – 98, Қытайда 30 пайыздан астам іс бітімгершілікпен бітеді екен. Ал, біздің елдегі бітімгершіліктің үлесі 0,3 пайыздың шамасында ғана. «Медиация туралы» заңның қолданылу мүмкіндігін әлі де жандандыруымыз қажет.

– Онсыз да мемлекет сотталушыларды қамтамасыз ету үшін көп шығындалып жатыр емес пе?

– Негізінде, ауыр қылмыстық істерге байланысты жұмсалатын шығынды үкімет өз мойнына алады. Ал, көптеген шетелдерде олай емес. Олардың киноларынан байқасаңыз, не деген ауыр қылмыскерлер, күдіктілер тергеу барысында қомақты кепіл қояды да, өзі бостандықта жүре береді. Олар бір адамды да үкіметтің мойнына отырғызбайды. Қамауға алудың шығыны көп. Оларды жатын орынмен, тамақпен қамтамасыз етіп, қарауылдап, ары-бері тасымалдаудың өзіне қаншама шығын жұмсалады. Негізінде, мұның барлығы қылмыскерге сотталғаннан кейін барып жасалуы керек. Біз осындай жүйені қалыптастыра алмай отырмыз. 2012 жылы осындай кепілге қою жолымен бір-ақ адамға, ал, 2013 жылы 24 адамға санкция берілген. Биыл мұндай шара жиі қолданыла бастады.

– Мұндай тәсіл күдіктінің тергеу амалдарын жүргізуге кедергі келтіруге немесе қашып кетуіне мүмкіндік туғызбай ма?

– Жоқ, туғызбайды. Өйткені, күдіктінің бүкіл мүлкі, қаражаты кепілге қойылады. Тергеу амалдарына титтей де кедергі келтірер болса, кепілзаты толықтай мемлекет меншігіне өткізіледі. Сондықтан, олардың да мұндай қадамға бара қоюы екіталай. Есесіне, кепілге қоюдың көптеген артықшылықтары бар. Біріншіден, күдікті бостандықта жүрсе өз қажеттілігін өзі қамтамасыз етеді. Үкіметке масыл болмайды. Жаңа Қылмыстық кодекстің жобасында жазалаудың айыппұлды күшейту, қоғамдық жұмыстарға тарту секілді жолдары күшейтілуде. Үлкен көлемде айыппұл салу арқылы түрлі қылмыстардың, оның ішінде экономикалық қылмыстардың да алдын алуға болады.

– Елбасы тексеруші органдардың асыра сілтеп жіберетінін сынға алды, облысымыздағы ахуал қандай?

– Республикадағы жағдай бізде де бар екенін жасыра алмаймыз. Біздің басым бағыттарымыздың бірі – кәсіпкерлікті қорғау. Кәсіпкерлермен тығыз байланыста жұмыс жасап жүріп байқағаным, облыста жер сату үлкен бизнеске айналып кетіпті. Өйткені, кәсіпкерлікті бастаған адамға міндетті түрде жер телімі қажет. Ал, оған қол жеткізу оңай шаруа емес. Қазір жерге қатысты былықтар жан-жақты тексеріліп жатыр.

– Соңғы кездері әмбебап полицияларға қатысты халық арасында наразылықтар көбейіп кеткен секілді. Сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Тұрған үйді бұзып, қайтадан салу – жаңадан үй тұрғызудан да қиын. Бұл жерде де осындай жағдай орын алып отыр деп айтуға болады. Әмбебап полицей – заман талабына сай туындап отырған жүйе. Шетелде бұл жүйенің енгеніне көп жылдар болды. Біз де соған келуіміз керек. Бізде жаңа жүйеге полицияның өздері де, халық та үйрене алмай отырғанын байқаймын. Мәселен, бұрын полицияда профилактика деген болатын, әсіресе, жол полициясында. «Қай жерде қанша жол-көлік апаты болып жатыр, оның себебі неде?» деген секілді сауалдарға талдау, алдын ала болжамдар, ұсыныстар жасалатын. Қазір әмбебап полицейлердің міндетінде мұндай мәселе жоқ болуы керек. Бар болған күннің өзінде бұрынғы жүйеден әлдеқайда әлсіреп қалды деп ойлаймын. Өйткені, полицейлердің дені көшеге шығып кетіп, талдау жасайтын мамандардың жұмысы ескерусіз қалды. Талдау жоғалған жерде сапа нашарлайды. Сондай-ақ, көшеге шыққан полицейлерге деген қадағалау барынша күшейтілуі тиіс. Олардың қайда, не істеп жүргендерінен хабардар болып отыру үшін, әрине. Қауіпті қылмыскерлерді, күдіктілерді алып жүретін арнайы «конвой» деген көлік бар. Олар өзінің бағытынан кішкене айныса болды, оны бірден іздейді. Өйткені, ол қандай да бір қауіпке жолығуы мүмкін. Осы секілді полициялардың да әрбір көлігіне ЖПС құралын қою керек. Сонда әр көлік өз бағытымен жүретін болады. Демек, жүйе дұрыс болғанымен, бақылау жетіспей отырған болуы мүмкін. Такси қызметіндегілердің өзі кімнің қайда жүргенін біліп отырады. «Солдат ұйықтап жатыр, қызмет жүріп жатыр» деген ұғым бар. Өрт сөндірушілер сіз бен біздің салығымыздан құралған ақшадан жалақы алып жатыр, бірақ, олардың таңертеңнен кешке дейін жұмыссыз, бос отырғанына қуануымыз керек. Неге? Өйткені, олардың жұмыссыз отырғаны – өрт жоқ деген сөз. Ал, полицейлер, керісінше, таңертеңнен кешке дейін тыным таппауы тиіс.

– Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен Шадияр МЕКЕНБАЙҰЛЫ

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.