You are here

СУДЬЯЛАРДЫҢ ШТАТ БІРЛІГІН КӨБЕЙТУ АРҚЫЛЫ ЖҮКТЕМЕНІ АЗАЙТУ МҮМКІН ЕМЕС

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Азаматтық іс жүргізу кодексінің жаңа жобасы қазір жан-жақты талқылаудан өтіп, дайындалып жатыр. Бұл жауапты жұмыс Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотына жүктелген болатын. Арнайы жұмыс тобын құрып, заңнаманы жетілдіруге кіріскен Жоғарғы Сот арада өткен небары төрт ай уақыт ішінде кодекстің негізгі сұлбасын жасап та үлгерді. Бүгінде жаңа құжат жер-жерде сот ұйымдары, прокуратура мен адвокатура, үкіметтік емес құрылымдар, өзге де мүдделі мемлекеттік орган өкілдері тарапынан қызу талқылануда.

Еліміздің бірқатар өңірлерінде дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, ол жиындарда да заңнамада қамтылған мәселелер пысықталып, жетілдірілуде. Тұтастай алғанда, 4 бөлім, 60 тарау, 533 баптан тұратын кодекс жобасы соттардың азаматтық істерді қарау кезіндегі тиімділігін, шапшаңдығы мен мінсіздігін арттыруға бағытталып отыр. Мұндағы басты мақсат – cот төрелігін жүзеге асыру сапасын, сот билігінің тәуелсіздігін одан әрі нығайтып, Қазақстанның әлемдегі неғұрлым дамыған 30 елдің қатарына кіруіне ықпал ету. Өткен аптаның жұмасында Жоғарғы Сотта өткен дөңгелек үстелде де осы Азаматтық іс жүргізу кодексінің жобасы қаралып, құқықтың әр саласында еңбек етіп жүрген мамандар жаңа низамдағы өзгерістерге қатысты өз пікірлерімен бөлісті. Алқалы басқосуға Жоғарғы Сот және жергілікті сот судьялары, Конституциялық Кеңес мүшелері, Бас прокуратураның, Судьялар одағының, құқық қорғау органдарының, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен шетелдік сарапшылар қатысқан болатын. Басқосудың тізгінін Жоғарғы Соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалау алқасының төрағасы Еліс Әбдіқадыров ұстап отырды. Отырыста айтылған әңгімеден жаңа заңнама жобасында көрініс тапқан мәселелердің артық-кем тұсына қатысты біраз сауалдарға жауап тапқандай болдық.

Жақып Асанов, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары:

– Бүгінгі таңда азаматтық құқыққа қатысты істерді қарайтын судьялардың жүктемелері тым көп болып отыр. Жылына оларға кем дегенде 700 мыңнан аса арыз келіп түсіп, сот талқысына осы уақыт ішінде 1,5 млн азамат тартылады. Олар экономикалық белсенді азаматтардың төрттен бір бөлігі. Тек соңғы бес жылдың ішінде азаматтық істер қатары 40 пайызға артқан. Мұны тек судьялардың штат бірлігін көбейту арқылы шешу мүмкін емес. Еуропа елдерінде олардың 40 пайыздан 90 пайызына дейінгі дау көлемі соттан тыс қаралып, шешіледі екен. Бұл елдердің тәжірибесінің арқауында екі тұғырнамалық мән бар. Біріншісі, мемлекет әлеуметтік қауым арасында туындайтын барлық дау-шардың төрешісі бола алмайды. Екіншіден, дауларды мәмілеге келтіретіндер бәрін өз уысында ұстай алатын ерекше құдіретке ие жандар болып саналады. Шынында да, мәміле, бітім келтіру шарасының пайдасы орасан. Бұл мәселені өзара түсіністік негізінде шешуге алып келу арқылы қоғамда қолайлы ахуал туғызады. Азаматтардың орынсыз жүйке жұқартып, материалдық шығынға ұшырауынан сақтайды. Құптарлығы сол, Азаматтық процессуалдық кодекстің жаңа жобасында осы шара тиісті деңгейде құқықтық тұрғыда реттеліп отыр. Онда бітімгерлік амалдары мен оны жүзеге асыратын бітімгер судья тұлғасының міндеттері айқындалған. Өзара мәмілеге келген жағдайда тараптарға төлеген мемлекеттік баждары қайтарылып беріледі. Барлық айғақтар сотқа дейін анықталып, мәселені сотқа дейін реттеу міндеті қойылып отыр. Бұл судьялар жүктемесін жеңілдетуге де елеулі ықпал ететін шаралар.

 – Бізге белгілі болып отырғандай, азаматтық істердің қаралуын жеңілдетіп әрі жеделдету мақсатында жаңа құжатқа біраз жаңалықтар енгізіліп отыр. Олар қандай шараларды қамтиды және қалай жүзеге асырылмақ?

Ұлбосын СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР Жоғарғы Сотының судьясы:

– Азаматтық іс жүргізу кодексінің жобасында соттардың бірінші сатысындағы сот өндірісі бойынша енгізіліп отырған өзгерістер көп. Олардың қатары қолданыстағы заңнамада 46 тарауға біріктірілген 450 бап болса, жаңа құжатта 60 тарауға топтастырылған 533 бап болып отыр. Мен олардың негізгілеріне тоқталып өтейін. Жеңілдетілген өндіріске арналған бөлім бұйрықтық және жазбаша өндіріс деген екі тараудан тұрады. Бұйрықтық өндіріске енгізілген өзгеріс көп емес. Онда, негізінен, сот бұйрығы шығарылатын талаптар тізімі ұлғайтылып отыр. Олар алынбаған кедендік салықтарды, міндетті зейнетақы жарналары тағы басқа төлемдерді өндіріп алу шараларын қамтиды. Ал, жазбаша іс өндірісінде өтінішті қабылдап алғаннан кейін соттарға айғақтар мен басқа да құжаттарды тараптарды шақыртпай қарау үшін бір ай мерзім беру қарастырылды. Бұл, негізінен, талап құны заңды тұлғалар үшін – 500, жеке кәсіпкерлер үшін 100 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын ақшаларды өндіріп алу шаралары үшін белгіленді. Біздіңше, бұл сот талқысы үшін қажет құжаттарды екі тараптың да толыққанды жинақтауына мүмкіндік беретін үлкен, тиімді өзгеріс. Сонымен қатар, істерді жеңілдетілген тәртіппен қараудың амалдары айқындалды. Мәселен, іске қатысу туралы үшінші тұлғаның өтініші болған жағдайда, қарсы талап арызды қабылдау және басқа негіздерге сай сот істі қарай алады. Жоба жоғарыда айтылып кеткендей, негізінен, дауларды сотқа дейін реттеуді көздейді. Осыған байланысты заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер арасында туындаған дау кезіндегі наразылықты және оны жауапкердің қарағандығы жөніндегі мәліметтер соттарға ұсынылуы қажет құжаттар қатарына қосылып  отыр. 158-бап Кодексте қаралған жалпы өлшемдерге сәйкес келмейтін талап арыздарды қайтарудың жаңа негіздерімен толықтырылды. Бұрын мұндай өтініштер еш қозғалыссыз жататын. Біздіңше, осы және сот талқысына дайындық мерзімінің ұзартылуы судьяға өтінішті қабылдап алған сәттен бастап тараптардан жеткіліксіз құжаттарды талап етіп, толықтыруына мүмкіндік береді. Мұндай дайындықтың нәтижесі, әрине, соттың заңды шешімді шығаруына мүмкіндік беретіндіктен, жаңа құжатта осы үрдіске айрықша маңыз берілді. Мәселен, талапкердің өз құқын сот процесін ұзарту арқылы асыра пайдалануына жол бермеу үшін жауапкерге сот талқысына дайындықтың соңына дейін қарсы арыз беру мүмкіндігі қарастырылды. Талаптың орындалуын қамтамасыз ету мәселесі судьяның істі қарауға дайындық барысында шешіледі. Оның судья бастамасы бойынша жүзеге аспайтыны белгілі. Жобада осыған қатысты да арнайы өлшем бар. Онда, мәселен, жауапкердің соттың күшіне енген шешіммен белгіленген міндетін толықтай орындамайынша, Қазақстаннан кетуіне тыйым салынып отыр. Ол бұл ретте соттың қабылдаған шешімін сот шешімдерін орындау өндірісінің бақылау есепшотына талап арыз құнына сай қаржы аударымын жасап өзгерте алады.

 Жобадағы үлкен жаңалықтың бірі – азаматтардың құқықтарын тиімді қорғау мақсатында істі сот талқысына дайындау шарасына айрықша маңыз беріліп отырғандығында. Мәселен, іске қатысатын тұлғаларды, сонымен қатар, қаралатын мәселені зерттеп, зерделеуге ықпал ететін сарапшылар, куәгерлер, мамандарды соттың өтетін орны, уақыты жөнінде толыққанды хабардар ету міндеттелді. Бұл нақ осы сатыда тараптарға айғақтарын ұсыну мен ашу қажеттігіне орай қабылданып отырған шешім. Сонымен қатар, талаптар өз деңгейінде орындалу үшін дайындық мерзімі бір айға созылғаны да орынды. Осы жұмыс барысында сот тараптарға дауды мәмілегерге немесе арбитраж мен төрелік сотқа беру, сол секілді ақшалай құн өтеу, қарызды кешу амалдарымен шешу құқығының бар екендігін айтып түсіндіреді. Қысқасы, жаңа құжаттағы осы және өзге де қарастырылып отырған өлшемдер азаматтық істерді қараудың үрдісін жеңілдетумен қатар, тиімділігін арттырады деген ойдамыз. Әрине, ұсыныстар көптеп түсіп жатыр. Олардың бәрі жұмыс тобында тиісті деңгейде назарға алынып, зерделенетін болады. Құжатты жұртшылыққа жақындатып, сот жүйесінің халыққа адал қызмет етуіне себепкер бола алатын кез келген ұсыныс жерде қалмақ емес.

 – Елбасымыз былтыр өткен Судьялардың VI съезінде соттардың азаматтар үшін қолжетімділігін арттырып, істердің қаралуындағы қағазбастылықтан арылып, жеделдігін қамтамасыз ету мақсатында сот жүйесіне заманауи ақпараттық технологияны кеңінен енгізуге тапсырма берді. Бұл маңызды талапты орындау мәселесіне құжаттың жаңа жобасында қаншалықты маңыз беріліп отыр? Заң жобасын жасаушылар мұны тиісті деңгейде ескерді ме?

Зәуреш Баймолдина, Әділет вице-министрі:

 – Кодекстің жаңа жобасында шешімін тапқан мәселелер аз емес. Мен де бұл ретте даулардың сотқа дейін бітімгершілік арқылы шешілуінің құқықтық тұрғыда реттелуін дұрыс қадам ретінде санаймын. Дегенмен, құжаттың әлі де жетілдіре түсетін тұстары аз емес. Соның бірі  – Елбасымыз судьялардың былтырғы өткен VI съезінде міндеттеген сот жүйесі қызметін жедел, ыңғайлы, ашық ету үшін ақпараттық технологияны кеңінен енгізу шарасына тікелей қатысты болып отыр. Өкінішке орай, Кодекс жобасында бұл мәселеге толыққанды назар аударылмаған. Бұл ретте бізге шетелдік тәжірибеден көп нәрсе үйрену керек. Олар осы ақпараттық технологияны жан-жақты қолдану арқылы сот өндірісін сараптамалық үлгіде ұйымдастырудың, яғни, оларды азаматтар үшін қолайлы, қолжетімді етіп жүргізудің түрлі мүмкіндіктерін іске қосып отыр. Арызды электронды түрде қабылдау, сот отырыстарына шақыруға, сот актілерін қайта қарауға осы технологияны пайдалану бұл азаматтар үшін ғана емес, судьялар мен сот кеңсесі қызметкерлері үшін де тиімді. Бұл – сот жүктемесін азайтудың бірегей жолы. Біз уақытында бұл жөнінде өз ұсыныстарымызды қосқан болатынбыз. Оның бәрі заң жобасының тұжырымдамасында көрініс тапқан. Яғни, онда айғақтарды қашықтықтан зерттеу, түсініктемелерді тыңдау, барлық іс құжаттарымен электронды түрде танысу, арыздарды электронды түрде қабылдау шаралары түгел дерлік қамтылған. Бірақ, бүгінгі таңда кодекс жобасында олар толыққанды көрініс таппай отыр. Яғни, заңнамада тұжырымдамада айтылған ұсыныстар тиісті деңгейде жүзеге асырылмаған.

 Тағы бір айта кететін мәселе – жобада азаматтардың Ата Заңда айқындалған құқықтарын шектейтін өлшемдер бар. Соларға қатысты Әділет министрлігі өз көзқарасын білдіріп, оларды алып тастау жөнінде ұсыныс қосқан болатын. Мәселен, құжат жобасындағы азаматтардың Жоғарғы Сотқа көлемі аз қаржыны өндіріп алу үшін талап арыз беруіне салынып отырған шек Конституцияның 13-бабының екінші тармағына сай емес. Онда дәйектелген өлшем барлық азаматтарға аталмыш мәселе бойынша тек бірінші сатыдағы ғана емес, келесі сатыдағы соттарға да өтініш беруге құқық береді. Осыған байланысты біз Кодекс жобасындағы аталмыш талапты азаматтардың Ата Заңда жария етілген құқының орындалуына шек қойылу деп санаймыз. Бұл, жалпы, әлемдік талапқа жат үрдіс. Мәселен, АҚШ-тың тәжірибесіне қарасаңыз, онда істі жоғарғы сатыларда қарау үшін қандай да бір соманың көлемі белгіленбеген. Олардағы негізгі талап – адам құқының сақталуы. Бұл жерде бізге ештеңе ойлап таппай-ақ дамыған елдерден үйренуге болады. Сонымен қатар, жобада істерді талқылауға қатысушылардың процессуалдық құқыларының нақты тізімі жоқ. Бұл өлшем қолданыстағы заңнамада бар. Меніңше, олар сақталуы керек. Өйткені, қандай жағдайда да азаматтар құқығы мен бостандығының барынша кең деңгейде қорғалуы еліміз ұмтылып отырған құқықтық зайырлы мемлекеттің басты сипаты.

– Кодекс жобасында прокурорлардың азаматтық іс өндірісіндегі құзыреті шектелгенін біліп отырмыз. Бүгінде бұл жөнінде сарапшылар пікірі екіге жарылып отыр. Бір тарап жағынан азаматтық іс жеке құқық саласы, сондықтан, оған мемлекет мүддесін қорғайтын прокурордың қатысуы артық деген пікір айтылып жатыр. Бұл қаншалықты шындыққа жақын? Прокурор, жалпы, қай істе де заңдылықтың сақталуын қадағалайтын институт болғандықтан, азаматтық іс өндірісіндегі негізгі орынды атқаруы керек сияқты.

Жақып АСАНОВ, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары:

 – Шынында да, бұл Кодекс жобасында прокурор азаматтық іс өндірісіне тек үш жағдайда қатыса алатын болып отыр. Біріншіден, өзінің талабы бойынша; екіншіден, судья қажет деп тапқан жағдайда; үшіншіден, ол заң бойынша қарастырылған болса. Соңғысын тәпсірлейтін болсақ, прокурор азаматтық іс өндірісіне кәмелетке толмағандар мүдделеріне қатысты, нормативтік құқықтық актілерді даулау, азаматтардың қайтыс болғанын немесе қабілетсіздігін айқындау шараларына байланысты қатыса алады. Шын мәнінде, прокурор құзыретінің дәл осындай деңгейде шектелуінің қоғам үшін, мемлекет үшін зардабы өте көп. Мәселен, бүгінгі таңда бюджет қаржысынан миллиардтаған теңге өндіріп алуға қатысты талап арыздар жыл сайын жүздеп жасалады. Ал, жаңа Кодекс бойынша мемлекеттік органдар мүддесін сотта қорғауға сондағы кеше оқу бітірген жас заңгер келеді. Сот өзінің құзыреті аясында белгіленген талап бойынша қосалқы мәліметтер мен айғақтар жинауға құқылы емес. Ал, талапкерлер жеке компаниялар мен жеке тұлғалар. Білігі мен тәжірибесі жетпеген жауапкер кінәсін мойындайды. Сот талапкер өтінішін қанағаттандырады. Мұны прокурор білмейді. Бұдан кім ұтылады? Әрине, мемлекет. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Нақ осы прокурорлардың наразылығы арқасында мемлекет бюджетіне қаншама миллиард теңгелер қайтарылып жатыр. Прокурорлардың еңбек дауларын, үлескерлер мәселесіне қатысты шаралардағы заңдылықтарды қалпына келтіруде атқарып жатқан жұмыстары аз емес. Енді осы мәселелер қалай шешілмек? Заң жобасын жасаушылар бұл тұрғыда туындайтын мәселелерді тыңғылықты екшеп, сындарлы шешімге келуі керек. Прокурорлық наразылық – бұл біздің қалауымыз емес, ол біздің конституциялық міндетіміз.

 – Жоғарғы Сотта сот актілерін қадағалауға қатысатын адвокаттар өкілдерін аккредитациялау қажеттігі жөніндегі талаптар бүгінде сарапшылар, заңгерлер тарапынан ең өткір пікірталас тудырып тұрған мәселе болып отыр. Олардың ойынша, арнайы адвокаттар институты құрылып, бұл ұйым белгілі бір өлшемдерге сай соттың ең жоғарғы сатысына енуге құқық алады. Яғни, адвокаттардың арнайы мақсатқа жасақталған армиясы қалыптасады деген көзқараста...

Әнуар Түгел, Қазақстан адвокаттар одағының төрағасы:

 – Иә, Кодекс жобасында адвокаттар қауымдастығына осындай үлкен құзырет беріліп отыр. Бұл еліміздің Конституциясына толық сай. Онда, өздеріңізге белгілі, әрбір сотқа жүгінген азаматтың білікті заң көмегін алуға құқысы айқын көрсетілген. Бұл талапты азаматтардың соттардағы құқын қорғайтын бірден-бір тұлға –адвокаттардан артық кім жүзеге асыра алады?! Жаңа жиында өздеріңіз де естідіңіздер, адвокаттар жоғарғы сатылардағы сот актілерінің заңдылығын қадағалайтын тұлғалардың бірі болады. Бұл міндетті арнайы тәжірибеден өткен, біліктілігі жоғары адвокаттардың жүзеге асыратыны белгіленіп отыр. Меніңше, бұл өте дұрыс талап. Шындығында, бүгінде азаматтардың соттардағы құқын бұл салаға қатысы жоқ, сондықтан да білімі мен білігі, тәжірибесі жетіспейтін түрлі сала мамандары қорғауда. Бұл, әрине, өз кезегінде түрлі заңсыздықтардың орын алуына себеп болып жатыр. Сондықтан, жаңа құжат жобасы бойынша адвокаттарға осындай талаптардың қойылуы уақыт талабы қажет етіп отырған шара деп білемін.

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.