Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Кезінде қазақ билерінің әділдігі өз жұртымызға ғана емес, айналадағы өзге елдерге аңыз болып тараған. Қазақ әдет-ғұрпын зерттеген Левшин, Баллюзек, Козлов «қазақтың билер соты – нағыз бітім мен келісім соты» деп таңғала жазған.

Ғалым Күлтелеев өзінің «Уголовное обычное право казахов» деген кітабында Ресейдің 120 мың шаруасының өз дауларын шешу үшін қазақ билеріне жүгінгенін айтады. Олар осылай өз еліндегі сот бюрократиясынан қашқан. Ал қазақ сотындағы қазіргі жағдай қандай? Бұл мәселе кеше ел Парламентінде жан-жақты талқыланды.

Ел Үкіметі Мәжіліске Қазақстанның жаңа «Азаматтық процестік кодексінің» жобасын және оған ілеспе түзетулерді енгізіп отыр. Кеше осы құжаттардың тұсауы кесілді.

– Бұл Кодексті жаңадан қабылдау – қазіргі уақыт талабы! – деді Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашев. – Өйткені қолданыстағы Азаматтық іс жүргізу кодексі сонау 1999 жылы, яғни нарықтық қатынастар қалыптасуының бастапқы кезеңінде қабылданған. Сондықтан оның негізгі мақсаты мен міндеті нарықтық қатынастарды құру және шетелдік инвестицияларды тарту болатын. 

Р.Мұқашевтың айтуынша, жаңа Кодекс тараптарды бітістіруге және заманауи технологияларды қолдануға бағдарлануы керек. Оның бағалауынша, келіп түскен жоба қойылған бұл міндеттерге сайма-сай жауап береді.

Расында, жаңа жобаға сәйкес, енді Қазақстанда дауласу жақтарды татуластыру мәселелеріне үлкен маңыз, зор көңіл бөлінеді. Жоғарғы соттың судьясы Ұлбосын Сүлейменованың айтуынша, даудың сотқа жетпей-ақ реттелуі – тараптарға жанжалды тез, қысқа мерзімде, ең аз материалдық және моральдық шығындармен шешуге мүмкіндік береді.

Осы мақсатта «Азаматтық процестік кодексте» тараптардың келісімге келуінің тәртібін және оның салдарларын регламенттейтін «Татуластыру рәсімдері» деген арнайы тарау енгізілуде.

– Медиацияны қолдану мүмкіндігі кеңейтілуде, оны енді тек кәсіби медиаторлар ғана емес, сондай-ақ тараптардың өтініш-хаты бойынша судьялар да жүргізе алатын болады, – деді Жоғарғы сот судьясы. – Осының арқасында дауласушылар бір іс аясында-ақ көптеген талаптар бойынша жанжалдарын реттей алады, өйткені медиацияда талап-арыздың негіздемесін және нысанасын өзгертуге рұқсат етіледі.

Оның айтуынша, әсіресе, мұның балаларға қатысты тартыстарды, сондай-ақ туысқандар арасындағы мұрагерлік туралы дауларды, көршілер, еңбек ұйымдары арасындағы дауларды шешу кезінде игілігі көп. Егер бұл ретте тараптар медиацияға емес, сотқа жүгінуге шешім қабылдаса, онда шиеленісті тез реттей алмауы ықтимал. Себебі, талап-арыздың негіздемесі мен нысанасын өзгерту жаңа талап-арыз қою болып табылады. Оларға сотқа қайтара жүгінуге тура келмек. Қазір қазақстандықтар қит етсе, сотқа жүгіретін болған. «Кәсіпкерлерден «жағдайың қалай?» деп сұрай қалсаң, «біреумен соттасып жатырмын» деген жауапты жиі естисің. Біреу меншігін даулайды, екіншісі қарызын талап етеді, үшіншісі еңбекақысын өндіргісі келеді. Отбасындағы проблемаларын сотта шешемін деушілер де көп: ағасы  інісімен, әкесі баласымен соттасып жатқан жағдайлар, өкінішке қарай, аз емес. Тіпті қыздың әкесі үйленбей қойған жігітті сотпен қорқытады!» дейді Бас прокурордың орынбасары.

Нәтижесінде, соттар арыз-шағымның астында қалуда. 2014 жылы соттарға 750 мың талап-арыздар түскен екен. Әр іс бойынша қос тараптан кемінде 2 адам болса, демек, Қазақстанда шамамен 1,5 миллион адам сот әуресіне салынған.

– Сонда қалай, табиғатынан сабырлы, жанжалды жақтырмайтын халқымыз дауға құмар болып бара жатқаны ма? – деп таңғалады Жақып Асанов. – Олар, әрине, бала-шаға, қалшылдаған қарт емес, көбісі – бизнес жасап, жұмыс орындарын ашып, қоғамға пайда келтіріп жүрген атқамінер ересектер. Кәсібін ысырып қойып, алтын уақыттарын соттасуға жұмсауда. Дауласып жатқандарға судьяларды, сот қызметкерлерін, прокурорларды, адвокаттарды, заңгерлерді, эксперттерді, сот орындаушыларды, «жанкүйерлерді» қосыңыз!

Оның үстіне істер әртүрлі сатыларда бірнеше реттен қаралады. Мысалға, Астана қаласында бір судья күніне он шақты азаматтық іс қарайды екен. «Соттарды «адам тағдырының конвейеріне» айналдырсақ, олардан қандай сапалы шешімдер күтуге болады? Ал сот екі жақты бірдей қанағаттандыра алмайды. Алғашқыда бір жағы риза болса, екінші жағы өкпелі. Кейін соттың шешімі орындалмаса, дауда жеңгендер де ренжіп жатады. Осылай, дауды шешу жүйесі мемлекет үшін үлкен салмақ болып отыр» дейді Бас прокурордың орынбасары.

Енді мемлекет осы шектен тыс салмақтан құтылмақ. Ол үшін дауды сотқа дейінгі реттеу тетіктері күшейтіледі. Ол ол ма, тіпті кейбір істер бойынша «дауды сотқа дейінгі тәртіппен реттеуге бағытталған шаралар қабылданбаса», бұл судьяның ондай талап-арызды қараусыз қалдыруына негіз болып табылады.

Жаңа Кодекс жобасының тағы бір жаңалығы – оған сәйкес, инвесторлар құқығын қорғайтын мамандандырылған сот құрамы ендірілетін болады. Осы мақсатта Жоғарғы соттың апелляциялық алқасы құрылады ал Астана қаласы сотында инвестициялық дауларды ғана қарайтын мамандандырылған судьялық құрам түзіледі. Бұл шара инвестицияларды ынталандыруға бағытталып отыр.

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.