You are here

Сот міндеті – істі жеңілдету

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Кеше Мәжілісте Азаматтық процестік кодекс жобасының (жаңа редакцияда) тұсаукесер рәсімі болып өтті. Аталған заңдық құжат Құқықтық саясат тұжырымдамасын және Мемлекет басшысының судьялардың VI съезінде алға қойған міндеттерін орындау мақсатында әзірленген.

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашев қолда­ныстағы 1999 жылғы заң алғашқы нарықтық қарым-қатынастар енді орнай бастаған кезде қабылданғанын айта келіп, жаңа редакцияда заң жобасын әзірлеу уақыт талабынан туғандығын жеткізді. Жалпы, Кодексті әзірлеуге судьялар, мемлекеттік органдар, кәсіпкерлер, адвокатуралар және өзге де жақтардың қатысқандығын айта кету керек. Заң жобасы бойынша жұмысшы топ жетекшісі –Мәжіліс депутаты Нұрлан Әбдіров.

Отырыста баяндама жасаған Жоғарғы Сот судьясы Ұлболсын Сүлейменова Кодекстің кейбір ережелері БҰҰ-ның Даму бағдар­ламасы шеңберінде «Соттағы татуластыру рәсімдері» деген қанатқақты жобада сынақтан өткендігін, ал жалпы 2014 жылдың 5 желтоқсанындағы мәлімет бойынша соттар медиацияны жүргізумен байланысты 7000-нан астам істі қарағанын атап көрсетті. Жаңа Кодекс бұрынғы 46 тараумен 450 баптың орнына, 60 тарау және 533 баптан тұрады екен.

Бұдан кейін сөз алған Бас Прокурордың орынбасары Жақып Асанов сот шешіміне наразылық білдірілген бірер мысалдар келтірді. Соның ішінде Алматы қаласында әкімдік ғимаратын жарып жібермек болған адамның әрекеті сот шешімімен келіспеуден туындағандығына назар аудартты. Морозов деген азаматтың мылтық сатып алып, көшеде Зоринді атып тастайтын оқиғасы да осы сарындас. «Кәсіпкерлерден «жағдайың қалай?» деп сұрай қалсаң, «біреумен соттасып жатырмын» деген жауапты жиі естисің. Біреу меншігін даулайды, екіншісі қарызын талап етеді, үшіншісі еңбекақысын өндіргісі келеді. Отбасындағы проблемаларын сотта шешемін деушілер де көп – ағасы інісімен, әкесі баласымен соттасып жатқан жағдайлар, өкінішке қарай, аз емес. Тіпті, қыздың әкесі үйленбеген жігітті сотпен қорқытады», деді Бас Прокурордың орынбасары істің ашығын айтып.

Оның мәліметіне қарағанда, 2014 жылы соттарға 750 мың талап-арыздар түссе, әр іс бойынша кемінде 2 тарап болса, сот әуресіне шамамен 1,5 млн. адам салынып жүр екен. «Кәсібін ысырып қойып, алтын уақыттарын соттасуға жұмсауда. Дауласып жатқандарға судьяларды, сот қызметкерлерін, прокурорларды, адвокаттарды, заңгерлерді, сарапшыларды, сот орындаушыларды, «жанкүйерлерді» қосыңыз. Оның үстіне істер әртүрлі сатыларда бірнеше реттен қаралады. Астана қаласында бір судья күніне 10 шақты азаматтық іс қарайды екен, – деп сөзін сабақтады Ж.Асанов. – Соттарды «адам тағдырының конвейеріне» айналдырсақ, олардан қандай сапалы шешімдер күтуге болады? Ал, сот екі жақты бірдей қанағаттандыра алмайды. Алғашқыда бір жағы риза болса, екінші жағы өкпелі. Кейін соттың шешімі орындалмаса, дауда жеңгендер де ренжіп жатады».

Жалпы, заң жобасын қабылдау соттармен азаматтық істерді қарастыру тиімділігін көтеруге мүмкіндік беріп, сот билігінің тәуелсіздігін нығайтуға оң әсер етеді және сонымен бірге, Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына енуін жылдамдатуға ықпал етеді деп күтілуде.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.