You are here

Әскери салада заңның сақталуы өте қатаң

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Қазақстан Республикасы Бас әскери прокурорының орынбасары, әділет полковнигі Бақытберген ҚАСЫМБАЕВ:

Қандай ведомствода болмасын заңға қайшы әрекеттерге барып, сыбайлас жемқорлық бабымен айыпталған қызметкерлер табылады. Бұл жағынан тәртібі қатал әскери сала да сырт қалған жоқ. Тек соңғы жылдардың ішінде бірнеше жоғары шендегілер істі болды. Қазіргі кезде бұл салада құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Әскери саладағы заң бұзушылықтар туралы Қазақстан Республикасы Бас әскери прокурорының орынбасары, әділет полковнигі Бақытберген ҚАСЫМБАЕВПЕН сұхбаттасқан едік.

– Бақытберген Иембергенұлы, прокурорлық қадағалау қызметі азаматтық сот ісін жүргізуде мемлекетке келтірілген залалдардың орнын толтыру, мемлекеттің мүддесін қорғау бойынша жасалған шаралардың нәтижесіне қарап бағаланады. Мемлекетке келтірілетін залалдарды өндіру, қылмыстардың алдын алу бойынша азаматтық-қадағалау саласында әскери прокуратура органдары қандай жұмыстарды атқарып жатыр?

– Биыл прокурорлық мән беру шараларының нәтижесінде 4 азаматтық іс бойынша шығарылған заңсыз сот шешімдеріне дер кезінде наразылық жолданды, сөйтіп, 10 млн теңгеден астам соманың қаржысы мемлекет пайдасына өндіріліп алынды. Атап айтқанда, прокурорлық тексеріс барысында азаматтардың арызы бойынша, солардың пайдасына сот шешімімен Ішкі істер министрлігінен – 8 665 000 теңге, Шекара қызметінен – 1 278 207 теңге, Қорғаныс министрлігінен 1 022 659 теңгенің өндірілгені анықталды. Мемлекеттік мекемелерден аталған соманы өндіріп алу жөніндегі алдында шығарылған сот шешімдері әскери прокурорлардың наразылығы бойынша апелляциялық инстанциядағы соттың қаулыларымен күшін жойды, азаматтардың арызы қанағаттандырылған жоқ. Өйткені заң бойынша оларға аталған ведомстволар ешқандай төлемақы беруге тиісті емес.

Мысалы, Ақмола гарнизонының әскери сотының шешімімен, Әлімбековтің банктегі кредит сомасының орнын толтыру үшін Ішкі істер министрлігінен қаржы өндіріп беру жөніндегі 2014 жылы 8 қаңтарда жазған арызы толықтай қанағаттандырылып, Ішкі істер министрлігінен Әлімбековтің пайдасына 8 665 000 теңге өндірілген. Сот актісінің заңдылығымен келіспеген Ақмола гарнизонының әскери прокуроры апелляциялық тәртіппен наразылық білдірді. Өйткені бірінші инстанциядағы сот «Әскери қызметкерлердің мәртебесі және олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғау туралы» заңның күшін жоғалтқан нормаларын қолдана отырып арызды қанағаттандырған. Ол нормаға сәйкес, тұрғын үйді сатып алу немесе жекеменшік баспана құрылысы үшін банктен несие алған әскери қызметкерлерге Үкімет белгілеген тәртіппен және көлемде несие сомасы қайтарылуы тиіс. Алайда бұл заң Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы «Әскери қызмет және әскери қызметкерлердің мәртебесі туралы» заңмен күшін жойған. Соңғы заңның ережелерінде Ақмола гарнизонының әскери соты қолданған норма қазір жоқ.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1993 жылы 30 қарашадағы № 1207 қаулысымен бекітілген «Әскери қызметкерлерге кооперативтік баспана, жекеменшік тұрғын үй құрылысы үшін қайтарымсыз қаржылай көмек және осы мақсатқа бөлінген қаржыны сол мақсатқа пайдалануды бақылау тәртібі туралы нұсқаудың» 1 бөлігіндегі норманы сот теріс пайдаланған. Бұл Нұсқау Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылы 28 тамызындағы №1091 қаулысымен күшін жойған. Осындай фактілерден кейін соттың шешімі күшін жойып, Әлімбековтің арызын қанағаттандырмау туралы шешім қабылданды. Осылайша Ақмола гарнизонының әскери прокуратурасының заңсыз сот актісіне жолдаған наразылығымен мемлекетке келтірілген ірі көлемдегі экономикалық залалдардың беті қайтарылды.

 Өткен жылы әскери прокуратураның жұмыстары біршама нәтижелі болды деп айтуға болады. Заңсыз сот шешімдеріне наразылық білдіру нәтижесінде 48 млн теңгеден аса қаржы мемлекет бюджетіне қайтарылды. Мемлекеттік мүддені қорғаудың маңыздылын ескере отырып біз бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береміз.

– Әскери салада әртүрлі заң бұзушылықтар, соның ішінде әкімшілік құқық бұзушылықтар жиі болатыны ешкімге құпия емес. Әскери прокуратура тарапынан құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Прокуратура органдары құқық бұзушылықтармен күрес мәселесінде Мемлекет басшысының кез келген заң бұзушылыққа төзбеушілік жағдайлар жасау жөніндегі талабын басшылыққа алып отыр. Бұл жерде негізгісі – түзегеннен гөрі алдын алған жақсы деген принципті ұстануда. Іс жүзінде әрбір құқық бұзушылықтар бойынша қызметтік тексерулер жүргізіледі және кешендік алдын алу-ескертулер шаралары атқарылып жатыр.

Әскери салада әкімшілік заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында әскери қызметкерлердің қатысуымен көшпелі сот отырыстарын өткізу тәжірибесі енгізілді. Биылғы жылы мұндай шаралар 45 рет өткізілді. Бұл сотта қаралатын әкімшілік істерді 42 пайызға қысқартты, өткен жылы осы мерзімнің ішінде 408 іс қаралса, биыл мұндай процестер 237-ге азайды. Мысалы, прокурорлық тексерулерден кейін айтылған ұсыныстар бойынша Қорғаныс министрлігі заңның, тәртіптің сақталуын, әскери бөлімдерде заң бұзушылықпен күресті күшейтуді қамтамасыз ететін ұйымдастыру шаралары жүргізіле бастады. Әкімшілік заңдардың талаптарын және әскери қызметкерлерге қатысты әкімшілік істерді қараудың бірыңғай тәртібін бұлжытпай орындау туралы Қарулы күштердің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Ұлттық гвардияның әскери полиция органдарына хат жолданды.

– Қазіргі кезде сот шешімдерінің орындалуы қиындық туғызып отырғаны белгілі, заңның орындалуын қадағалау саласында бұл мәселеге қалай қарайды?

– Иә, шындығында бұл мәселе ерекше назар аударуды қажет етеді. Сот актілерінің орындалуына қиындық тудыратын жағдай – борышкерде ешқандай мүлік немесе қолында қаражаттың жоқтығы. Дегенмен, әскери прокурорлар сот шешімдерінің орындалуы бойынша тиісті шараларды атқаруда. Бұл бағытта биыл әскери прокурорлар 37 тексеру жүргізді. Нәтижесінде, прокурорлық мән беру туралы 55 акт жасалды, 45 лауазымды тұлға тәртіптік жауапқа тартылды, 50 млн теңгеден астам соманың 41 құжаты атқарылды. Әскери прокуратура органдарының тексеру нәтижесінде бір қылмыстық және екі әкімшілік іс қозғау туралы қаулы шығарылды. Алматы облыстық сот актілерін орындау жөніндегі департаменттің лауазымды қызметкеріне қатысты «Тойота-Виндом» маркалы автокөлікті заңсыз сатқан факті бойынша, Қылмыстық кодекстің 307 бап, 2 бөлігінде қарастырылған қылмыстық элемент бойынша іс қозғалды. Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Тағы бір мысал келтірейін, Семей гарнизонының әскери сотының шешімімен, Аягөз аудандық пайдалану бөлімінің азамат Стулинге қатысты, жауапкерді және оның отбасын қызметтік баспанадан шығару туралы шағымы қанағаттандырылды. Стулин Аягөз гарнизонында баспанаға зәрулер тізімінде тұрмаған, бірақ ол отбасы мүшелерімен рұқсатсыз қызметтік баспанаға кіріп алған. Сөйтіп, Стулин «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 109 бабын бұзған. Сот оны пәтерден шығару туралы акт жасап, өткен жылдың желтоқсанында Аягөз өңірлік сот орындаушылар бөліміне тапсырған. Биылғы жылы мамыр айында әскери прокуратура тексеру барысында бұл отбасының аталған мекенжайда тұрып жатқанын, сот орындаушылары сот шешімін әлі орындамағанын анықтады. Осыдан кейін Стулин Әкімшілік кодекстің 524 бабы бойынша жауапқа тартылып, оған 10 АЕК айыппұл салынды. Әскери прокуратура сот актілерінің орындалуы бағытында да осындай жұмыстарды атқарады.

– Қазіргі кезеңде әлемдегі жаһандану процесі мен шиеленісу әлеуетінің өсуі халықаралық және ұлттық қауіпсіздік ахуалына елеулі әсерін тигізіп отыр. Осы ретте діни экстремизм мен терроризм қатері әр мемлекеттің ұлттық мүддесі қорғалу деңгейінің халықаралық қауіпсіздік ахуалына тәуелділігін жоғарылатып, жаһандық сипатқа ие болды. Бүгінгі күні барлық аймақтарда кәсіби мемлекеттік қызметкерлер, білікті теологтар, дінтанушылар қатарынан қалыптастырылған жергілікті атқарушы органдардың жанындағы ақпараттық-насихаттау топтары әрекет етуде. Әскери салада да осы бағытта жұмыстар атқарылып жатқан болар?

– Әскер қатарына діни экстремизм мен терроризмнің енуіне жол бермеуге бағытталған қызмет әскери прокуратура органдарының басты назарында. Бұл теріс үрдістің Қазақстан аумағында өршуіне жол бермеу және оның алдын алу үшін Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 24 қыркүйектегі № 648 Жарлығымен Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаның мақсаты діни экстремизм көріністерінің алдын алу және терроризм қатерлеріне жол бермеу арқылы адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.Сондай-ақ осы бағдарламаны іске асыру аясында қоғамда тағатты діни сананы және радикалдық идеологияға деген иммунитетті қалыптастыруға бағытталған діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шараларын жетілдіру міндеті тұр. Қойылған міндетті орындау Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 23 қазандағы № 1141 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013 – 2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары шегінде жүзеге асырылуда. Жоспарда айқындалған іс-шараларға сәйкес, ел тұрғындары, соның ішінде жастар мен діни негіздегі радикалдық идеологияға бейім және ұшыраған адамдарда экстремизм мен терроризм идеяларын қажетсінбейтін сананы қалыптастыру ақпараттық-насихаттау топтарының алға қойған басты мақсаттарының бірі болып саналады. Бұл ретте қоғамда, ең алдымен, жастар ортасында діни экстремизмнің алдын алуды күшейту қажеттілігіне, сондай-ақ конфессияаралық бейбітшілік пен келісім орнаған, діншілдер мен атеистік көзқарасты ұстанған азаматтардың да құқықтары сақталатын және құрметтелетін зайырлы мемлекет – Қазақстан Республикасының дәстүрлері мен мәдени құндылықтарына сәйкес тұрғындарда діни сананың қалыптасуына ерекше назар аударылады. Жоғарыда келтірілген жоспар арқылы қарастырылған іс-шаралардың әскери ортада іске асырылуы әскери басқару органдарымен бірлесе отырып әскери прокуратура органдарымен ұйымдастырылуда.

Жалпы, осы жылдың өткен кезеңінде тағатты сана мен патриоттық сезімдерін нығайту, сондай-ақ бұрмаланған діни көзқарастардың қалыптасуының алдын алу мақсатында әскери қызметшілермен 2 248 ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары өткізілді, олардың 1 781 әскери ведомстволары және 467 әскери прокуратура органдары ұйымдастырды, сондай-ақ бұл жұмысқа ақпараттық-насихаттау топтары кеңінен тартылуда. Жұмысты ұйымдастыру мақсатында аймақтар мен гарнизондардың әскери прокуратураларына видеофильмдер мен әдістемелік құралдар жолданып отырады. Алдын алу, соның ішінде ақпараттық-түсіндіру қызметі саласындағы іс-шаралар өткізу тәжірибесі қалыптасқан. Осымен бірге, бүгінгі күні әскери прокуратура органдарымен әскери қызметшілерге діни қатынастар саласында туындаған мәселелерін шешу мақсатында Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің деструктивті қызметтен зардап шеккендерге кеңес және психологиялық көмек көрсетуге арналған «Қауырт желі» (тел. 114, 8 (7172) 78-22-88) жұмыс жасайтыны туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қайыржан ТӨРЕЖАН

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.