You are here

Әскерге бөлінген қаржы мақсатқа сай пайдаланылуы тиіс

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Соңғы жылдары Қазақстан әскерінің қуаты артып, күші нығайды. Бұған талас жоқ, өйткені, олар қаржыдан таршылық көріп жатқан жоқ. Тіпті, үш жылдық бюджет жиынтығы бір триллион теңгеге жақындады. Осылайша, мемлекет қарулы күштер мен әскери қызметшілер үшін барлығын жасауда. Мәселен, тек өткен жылы ғана 7 мыңға жуық әскери қызметші тұрғын үймен қамтамасыз етілді, 5430 адамға тұрғын үй жалдауға өтемақы төленді. Қарулы Күштер офицері айлық жалақысының орташа мөлшері – 170 мың теңге. Әскери қызметшілерді зейнетақымен қамтамасыз ету ел азаматтарының барлық санаты арасында ең жоғары деңгейде. Мұндай қамқорлыққа жауап ретінде Қазақстан халқы армиямыздан – жоғары жауынгерлік дайындық, ал әскери қызметшілерден – кіршіксіз тазалық күтуге құқылы екені өте орынды. Дегенмен, жасыратыны жоқ, әскери салада кемшіліктер де, кемістіктер де жоқ емес. Осы орайда, біз мұндай келеңсіздіктердің алдын алатын, заңдылықтың қатаң сақталуын қадағалайтын еліміздің Бас әскери прокуроры Ерғали МЕРЗАДИНОВКЕ жолығып, әскердегі жағдайды құзырлы органның ұдайы назарда ұстауы туралы әңгімелескен едік.

– Ерғали Серікбайұлы, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылы осы ведомствода өткен жедел-стратегиялық кеңесте: «Мемлекет басшысы және Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде мені және еліміздің барша азаматын қорғаныс ведомствосында орын алған сыбайлас жемқорлықтың пайда болу жайттары қатты алаңдатады. Қазақстан қоғамы мұны ұлттық қауіпсіздікке тікелей төнген қатер ретінде қабылдайды. Қарулы Күштерде мұндай нәрсе мүлде болмауға тиіс. Армияға бөлініп жатқан мемлекеттің қаражаты тек қана мақсатқа сай пайдаланылуы қажет. Ондай жайттар бұдан кейін қайталанбас үшін тиісті шараларды қабылдаған жөн», деді. Бұл орайда, яғни аталған салада заңдардың бұзылмауын, тиісінше орындалуын, сақталуын қадағалайтын құзырлы орган басшысы ретінде не айта аласыз?

– Есепті кезеңде әскери прокурорлардың күш-жігері Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысының тапсырмаларын және Бас прокуратураның алқа мәжілісі шешімдерін жүзеге асыруға бағытталды. Соңғы екі жылда біз өз жұмысымызды орталықтандырылған жоспарлау қағидасымен ұйымдастырғанбыз. Бұл бізге Қарулы Күштердегі заңдылық пен құқық тәртібі деңгейіне әсер ететін біраз проблемаларды анықтауға мүмкіндік беріп, оларды әскери ведомство басшыларымен бірлесе шешудің жолын көрсетті. Осы ретте, біздің бұл жұмысымыз тұрғындардың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыру мен Қазақстан әскерінің жағымды бейнесін қалыптастыру арқылы ұйымдастырылуда. Бұл жұмысқа барлық өкілетті органдар, қоғамдық ұйымдар жұмылдырылған.

– Айтып отырғаныңыздың бәрі орынды, бірақ әскердегі сыбайлас жемқорлық мәселесіне қарай ойыссаңыз?

– Иә, жасыратыны жоқ, әскердегі сыбайлас жемқорлықтың ауқымы елеулі, онымен күресте ең қатаң шаралар қолданылуда. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қозғалған қылмыстық істер туралы қоғамды тұрақты түрде хабардар етіп отырамыз. Мәселен, өткен жылы миллиондаған пара алу және бюджет қаржысын миллиардтап жымқырумен байланысты генералдар Ильясов, Асенов, Бөлдешов және тағы басқалар басқарған қылмыстық топтар әшкереленіп, биліктерін теріс пайдаланғандары үшін сотталды.

Алдын ала тергеу мен прокурорлық тексерулердің нәтижелері көрсеткендей, бұл заң бұзушылықтардың барлығы мемлекеттік сатып алу саласында орын алған. Сол себепті, сыбайлас жемқорлықтың себептерін жоюға бағытталған профилактикалық шараларды жүргізе отырып, біз әскери ведомство басшыларынан қаржылық бақылауды күшейту мен мемлекеттік сатып алудың ашық жүргізілуін, мемлекет қаражатын мақсатқа сай және тиімді пайдалануын талап етудеміз.

– Сонда бұл сыбайлас жемқорлықтың деңгейі қандай болып тұр? Соны ашып айтсаңыз және оны төмендету де командирлердің рөлі қандай?

– Біздің ұсынысымыз бойынша қазіргі кезде Қорғаныс министрлігінде әскердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуіне жауапты уәкілетті мемлекеттік органның құрылуы мәселесі қаралуда. Бұның әскердегі сыбайлас жемқорлық деңгейінің төмендеуіне сөзсіз әсер ететіндігіне сенімдіміз, ал командирлердің жұмысы тек жауынгерлік әзірлікке бағытталатын болады.

Мемлекеттің экономикалық мүддесін қорғауға қатысты біз елеулі жұмыс атқардық, экономикалық қауіптің ықтимал аймақтарын айқындап, келтірілген залалдың орнын толтыру және алдын алу бойынша әсерлі шараларды анықтадық. Прокурорлық ықпал ету шаралары бойынша біз мемлекет кірісіне 750 миллион теңге өндіріп және 5 миллиард теңгенің сапасыз қару-жарағын әскерге жеткізілуіне жол бермедік. Жер қатынастары заңдылығына тексеру жүргізу барысында әскери прокурорлар 9 гектар қорғаныс жерлерінің мемлекетке қайтарылуына қол жеткізді. Қылмыстық істердің тергелуі барысында процессуалдық шығындарды өндіру бойынша жеткілікті тәжірибе жинақтап, жалпы істердің 70 пайызынан астамы бойынша шығындар өндірілді.

– Әскердегі тәртіпті нығайту жолында қоғамдық институттар жұмыс істей ме?

– Әскердегі тәртіпті нығайту жолындағы қоғамдық институттардың үлесі зор. Бас әскери прокуратураның жанындағы заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі қоғамдық кеңес толық күшімен өз жұмысын бастап кеткен. Қоғамдық кеңесті Парламент Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов басқарады. Қазіргі кезде аталған органның аймақтардағы көшпелі отырыстарын өткізу, шалғайдағы шекара бөлімшелеріне танысу сапарларына шығу кеңінен қолға алынған. Бұған қоса өскелең ұрпақтың отансүйгіштік тәрбиесінде біз құрған Жас әскерилер бірлестіктерінің республикалық штабының атқарып жатқан рөлі зор. Аталған штабтың ұсынысымен Президент жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңеспен әскерге шақырылатын жастарға байланысты бірқатар маңызды жобалар жүзеге асқан, сонымен қатар осы жылдың мамырында Мемлекет басшысының қатысуымен әскери-патриоттық форум өткізу жоспарланып отыр.

– Мұның бәрі дұрыс қой, дегенмен, әскердегі қылмысты алдын алудың жай-күйіне тоқталып өтсеңіз?

– Әрине, біз заң бұзушылықтармен күрес мәселелерінде Елбасының тәртіпсіздікке шыдамдылық танытпау қағидасын ұстанудамыз. Құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуды басты талап етіп қойдық. Осы ретте біз «түзетуден гөрі ескерту жақсы» деген қағидатты ұстанамыз. Бүгінгі күнде әрбір құқық бұзушылық бойынша арнайы қызметтік тексерулер жүргізіледі және ескерту, яғни алдын алу шаралары қолданылады. Бұл бізге әскери қызметшілердің қаза болуын 26 пайызға, оның ішінде жол-көлік оқиғаларында 15 пайызға, ал жауынгерлік даярлықты төмендетуді мүлдем жоюға қол жеткізді. Сөйтіп, әскери қызметшілердің жарақат алу фактілерін 11 пайызға азайтуға мүмкіндік берді. Алайда, жасыратыны жоқ, соңғы үш жыл бойы өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары сол деңгейде тұр. Өткен жылда мұндай оқиғаның 25-і орын алса, оның 3-еуі ғана жарғыдан тыс қарым-қатынастар нәтижесінде болған. Аталған фактілердің барлығына тергеу жүргізіліп, кінәлілер жауапқа тартылуда.

Құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мәселелерінде заң бұзушылықтарды жоюға енгізілген ықпал ету актілерін қамту тәжірибесі елеулі рөл атқаруда. Біз тергеушілер енгізген заң бұзушылықты жою туралы ұсыныстардың қаралуының 100 пайызға жуығына әскери прокурорлардың қатысуын қамтамасыз еттік. Оларды қарастыру нәтижесінде 880 лауазымды тұлға тәртіптік жауаптылыққа тартылды. Қабылданған шаралар Қарулы Күштердегі қылмыс деңгейінің тұрақталуына қол жеткізді, оның соңғы төрт жылдағы деңгейі 600 қылмыстың о жақ, бұ жағында болып тұр. Дегенмен, өткен жылда ауыр және аса ауыр қылмыстар санының көбеюі байқалды.

– Енді Шекара қызметіне байланысты не айтар едіңіз?

– Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшылығы Шекара қызметінің дамуына және мемлекеттік шекараны қорғауды күшейтуге басты назар аударуда. Бірінші кезекте кадрлық құрамды күшейту мәселесі тұр, шекаралық саясатты және аймақтардағы инфраструктураны жетілдіру бойынша тиісті шаралар қолданылуда. Әлі де болса Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарындағы шекара заставаларын сәйкестендіру мәселелері шешілмей тұр. Байқоңыр кешеніндегі шекаралық бақылауды ұйымдастыру проблемалары толығымен шешімін таппаған.

– Ал шекарадағы ақша жинау мәселесіне не дейсіз?

– Өкінішке қарай, мұндай фактілерден толығымен арылған жоқпыз. Аталған проблемамен басшылық құраммен қоса, тиісті жедел-іздестіру қызметтерімен бірлесе шұғылданудамыз. Мысалы, қазіргі уақытта Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Қапланбек» шекара бақылау бөлімшесінің қызметкерлерінің қатысуымен ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды. Аталған топ заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған. Осыған ұқсас тағы да бірнеше қылмыстық істер тергелу барысында. Тергеудің нәтижесі туралы міндетті түрде жұртшылыққа хабарланатын болады.

– Әскери прокурорлардың халықаралық оқу-жаттығуларға қатысуы қандай деңгейде?

– Өткен жылы біз алғашқы рет халықаралық оқу-жаттығу барысында әскери контингенттің қызметіне қадағалауды реттедік. Белоруссиядағы «Әрекеттестік-2013» және Ресейдегі «Мызғымас бауырластық» секілді оқу-жаттығуларындағы өз әскерлеріміздің қызметіне қадағалау ұйымдастырылды. Болашақта әскери прокурорлар бітімгершілік операциялар шеңберінде де қадағалауды жүргізуге дайын.

– Дұрыс екен, ал кадрлар мәселесі ше?

– Елбасы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында зор өкілеттілік пен құқық иеленген шенділер жоғары кәсіби деңгейімен ғана емес, мінсіз мінез-құлқымен ерекшеленуге тиіс деп тағы бір рет баса көрсетті. Біз қашанда болса осы қағидаттарды басшылыққа ала отырып әскери прокуратура органдарындағы кадрлық саясатты жүргізудеміз. Жеке құраммен жұмыстың дәстүрлі формаларымен қатар, моралдық-психологиялық ахуалды күшейтуге, қызметкерлердің әскери-тактикалық, саптық және дене даярлықтарына көп назар аударамыз. Қорғаныс министрімен және Ішкі әскерлердің Бас қолбасшымен келісілген Құрлық және Ішкі әскерлердің әскери институттарының базаларында әскери прокуратура қызметкерлерін оқыту жүргізілуде.

Тұрғын үй мәселелері де өз шешімін табуда. Бүгінгі таңда 45 әскери прокуратура қызметкері тұрғын үйді жалға алғаны үшін өтемақы алады. Прокуратураның беделін көтеру және прокурорлық кәсіпті насихаттау мәселелерінде №71 лицей-мектебімен бірлесе алғашқы рет «Әскери прокуратура кадеті» арнаулы сыныбын ашу туралы жаңа жоба жүзеге асуда. Біздің кадеттер сәйкесінше киім-кешекпен, оқу-әдістемелік құралдарымен және қарудың макеттерімен қамтамасыз етілген. Олардың бейінді дайындықтарымен білікті прокурорлық қызметкерлерден құралған арнайы топ шұғылданады. Аталған жоба ойдағыдай іске асатын болса біз осы секілді сыныптарды басқа да аймақтарда ашамыз деген ойдамыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.