You are here

ШЕКАРАДАН ШЫҚҚАН ШЫРҒАЛАҢ

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

«Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сыбайлас жемқорлық – тек құқық бұзушылық емес екендігін ерекше атап өтті.

Сыбайлас жемқорлық Қазақстанның қауіпсіздігіне, мемлекет пен қоғамның тұрақтылығына, ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіреді, халықаралық аренада Қазақстан Республикасының жағымсыз имиджін жасай отырып, жүргізіліп жатқан экономикалық және әлеуметтік реформаларға кедергі жасайды. Мемлекеттік қызметкерлер тарапынан бюрократизм неғұрлым етек алса, соғұрлым сыбайлас жемқорлық көбейеді. Шенеуніктердің қызметтік құзырлығын асыра пайдалануы, астамшылық та коррупцияға жатады. Сыбайлас жемқорлық жөніндегі тәуелсіз сарапшылар қауымдастығының мәліметтері бойынша, коррупция еліміздегі тауарлар мен қызметтердің құнын 50 пайызға дейін көтереді екен, бұдан бүкіл халқымыз зиян шегіп отыр. Осылайша, коррупция қазіргі қоғамға қатты әсер етіп отыр. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту қажет. Мемлекет басшысының бұл стратегиялық ұстанымы бұлжытпай орындауды талап етеді. Қазақстанда мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам жүзеге асыратын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2011 – 2015 жылдарға арналған салалық бағдарламаны Үкімет 2011 жылы 31 наурызда қаулымен бекіткен. Бұл бағытта жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр, бірақ «батпандап кірген дерт мысқалдап шығады» деген, коррупциялық элементтер күн сайын дерлік алдымыздан шығады. «Сүрінбейтін тұяқ жоқ» деп көз жұма салатындай ұсталып жатқандар бірен-саран емес, соңғы жылдары мемлекеттің қаржысын талан-таражға салған немесе пара алып тұтылған шенеуніктердің саны жүздеп саналады.

Коррупция дерті тәртібі қатал әскери, құқық қорғау органдарын да жайлап, басшы эшелондарға да жетті. Тек соңғы айлардың ішінде ғана сыбайлас жемқорлық бабымен бірнеше әскери генералдар істі болды. Олардың кейбіреулері тергеліп жатса, енді біреулеріне соттың соңғы шешімі шықты. Мамандандырылған ауданаралық әскери соттың Шекара қызметінің әскери қызметкерлерінің қылмыстық істеріне қатысты, алқабилердің қатысуымен, 2013 жылы 30 желтоқсанда шығарған үкімі үстіміздегі жылдың 19 наурызында күшіне енді. Бұл қылмыстық іс басталысымен ел ішіне тез таралып, бұрын-соңды болмаған мұндай жағдайды халық сан-саққа жүгіртті. Өйткені бұл іске қатысты фигуранттар халықтың бейбіт өмір сүруін, ел іргесінің тыныштығын күзетуді сеніп тапсырған жоғары лауазымды генерал-майор Ілиясов бастаған мемлекеттік құрылымның өкілдері болатын.

Әңгіме ұйымдасқан қылмыстық топтар немесе жалпы қылмыс туралы болғанда көпшілігінің көз алдына тоқсаныншы жылдардағы адам тонау, ұрлау, өлтіру сияқты қатыгездіктер, яғни нақты жәбірленушілері бар қарақшылық әрекеттер, қанқұйлы оқиғалар елестейді. Алайда солармен қатар кез келген елде кинодағы немесе детективтегі әдеби стереотиптерге келмейтін, өздері мемлекеттік билік қызметін атқарып жүріп қоғамға қауіпті қылмыстар жасайтын оқалы мундирдегі лауазымды тұлғалар болады. Мүмкін олардың кейбіреулері осы уақытқа дейін адал қызмет еткен шығар, бірақ өзінің лауазымы мен кәсіби тәжірибесін қара басына пайдалану үшін бір сәт тура жолдан ауытқыған болар. Сөйтіп, тұтылады. Ұсталған соң қоғамның мүддесі мен билік институтына қайшы әрекеттері үшін заң алдында қатаң жауапқа алынады.

Бұл жерде әңгіме жекелеген азаматтарға залал келтіретін коррупциялық қылмыс емес, мемлекеттік басқару тәртібі және әскери қызметтің мүддесін төмендететін ұйымдасқан қылмыстық іс жайлы болып отыр. Ұйымдасқан топтың құрамымен жасалған коррупциялық қылмыстық істі әшкерелеу құқық қорғау органдарына қиынға түседі. Өйткені ұйымдасқан қылмыстық топ қылмысқа барғанда іздерін жасыру үшін алдын ала мұ-қият жоспарлап, әр нәрсені бүге-шігесіне дейін ойластырады. Оның үстіне қылмыскерлердің өздері жасайтын қылмыстар саласын жетік біледі, олардың қолында билік, қаржы ресурсы, сондай-ақ бақылау, қадағалау органдары тарапынан объективті тексерулерден бұлтаруға жағдай жасайтын жеке басының немесе іскерлік байланыстары болады. Қалай болғанда да, құқық қорғау және арнайы органдар осындай санаттағы қылмыстық істі ашып, айыпты адамдарды қылмыстық жауапқа тарту үшін принциптік шараларға барды. Соның нәтижесінде Шекара қызметінің «Батыс» өңірлік басқармасының бастығы, генерал-майор А.Ілиясов, шекаралық бақылау бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы капитан А.Ғабдуллин, «Тажен авто» шекаралық бақылау бөлімінің бақылаушысы, келісімшарт аға сержанты А.Есімов, 2029 әскери бөлімі командирінің орынбасары, подполковник Д.Елемесовтерге ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасады деген айып тағылды.

– 2012 жылдың басында Ілиясов мемлекеттік шекарадан өтетін адамдардан ақша алатын қылмыстық жүйені ұйымдастырған. Яғни өңірлік басқармаға қарайтын шекара бөлігінен кедергісіз өткізгені үшін алынатын параны өзінің бақылауына алған, – дейді Бас әскери прокуратура басқармасының әскери аға прокуроры, әділет майоры Кемел Шаяхмет. – Мұндай заңсыз баю әдісін тек ұйымдасқан топ құру арқылы жасау мүмкін екендігін түсінген Ілиясов ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамына қажетті мөлшерде әскери қызметкерлерді, сондай-ақ азаматтық тұлғаларды тартқан. Олардың қылмыстық әрекеттерін былайша ұйымдастырады – мемлекеттік шекарадан кедергісіз өткізгені үшін алынатын параның негізгі бөлігі ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кепіл ретінде Ілиясовқа табысталады, ал қалған ақша табыстан түскен «үлес» ретінде топтың мүшелері өзара бөліске салған. Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне бөлініп жүктелген қызметі мен атқаратын рөлдері иерархиялық құрылыммен жасалған – пирамида тәрізді, ақша жинау және оны бөлісу ұйымдасқан қылмыстық топтың төменгі буынынан жоғарыда тұрғандар-ға қарай кетеді. Топтың басында ұйымдасқан қылмыстық топтың жалпы жұмысын басқаратын генерал Ілия-сов отырған: жиналатын параның сомасын бақылайды, ұйымдасқан топ мүшелерінің жұмысын жоспарлап, үйлестіреді, оларды қылмыстық қудалау болған жағдайда қорғауды қамтамасыз етеді, өзінің әкімшілік ресурстарын ұйымдасқан топ құрамының тұрақтылығын сақтау үшін пайдаланады. Төмендегі топ мүшелері, соның ішінде Ғабдуллин, Елемесов, Есімовтер генералдарының заңсыз нұсқауларын бұлжытпай орындаған. Шекара пункттерінде қанауды ұйымдастырған, Ілиясовқа беретін параны өз деңгейлерінде тазартып отырған.

Ұйымдасқан топ «Бейнеу железнодорожное», «Тажен авто» және «Сырым авто» шекаралық бақылау бөлімдері арқылы өтетін шетелдік азаматтардың көліктерін тексерусіз өткізгені үшін әртүрлі сомада пара алып отырған. Топтың жұмысы үзіліссіз жүргізілген, 2012 жылдың наурызынан қыркүйегіне дейін бұлар мемлекеттік шекарадан әрлі-берлі өтетін көліктерді тексерусіз өткізіп, олардан ақша жинап қана отырыпты. Әрине, бұлар сақтықты ұмытқан жоқ, басшыларының нұсқауларымен әртүрлі конспирацияға барды. Бірақ қаншама ширығып жатса да жіптің ұшы табылады емес пе, бір күні бұлар ұсталды. Бәлкім, пара беретіндердің де шыдамы таусылған болар. Жіптің ұшы генералға алып келді. Алқабилер соты генерал-майор Ілиясовқа қатысты ұйымдасқан қылмыстық топты құрудан басқа тағы бір фактіні – құзырлығын асыра пайдалану ісін қарады. 2012 жылы ақпан айында генерал жеке басының қажеттілігі үшін қарамағындағы подполковник С.Байтаковқа тұрмыстық заттарды алғызған және қызметтік пәтердегі балконды жөндеуге ақша талап еткен.

Бұл қылмыстық істі алқабилердің қатысуымен сот өткен жылдың шілде айынан желтоқсанға дейін қарады. Бас әскери прокуратура басқармасының әскери аға прокуроры, әділет майоры Кемел Шаяхметтің айтуынша, сот процесі барысында алдын ала жүргізілген тергеу жұмыстары кезінде жиналған көптеген материалдар зерттелген, 50-ден астам куәгерлерден жауап алынған. Өткен жылдың соңғы күндерінде алқа билердің вердикті негізінде А.Ілиясов, А.Ғабдуллин, А.Есімовтер айыпты деп табылып, сот ұзақ жылдарға бас бостандықтарынан айыру туралы үкім шығарды. Сотталушы Д.Елемесов айыпты деп табылды, алайда сот оның істерін қарап, қылмыстық жазадан босату туралы шешім қабылдады.

Алқабилер шешімімен келіспеген Елемесовтен басқа сотталушылар жоғары деңгейге апелляциялық шағым жазды. Ол жоғарыда қаралды. Наурыздың 19-ы күні Қазақстан Республикасы Әскери соттың апелляциялық алқасы бірінші инстанциядағы сотта алқабилердің вердикті негізінде шығарылған үкімді өзгертусіз қалдыру туралы қаулы шығарды.

Қайыржан ТӨРЕЖАН 

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.