You are here

САЙЛАУ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЗАҢ ТАЛАПТАРЫНА САЙ ЖҮРГІЗІЛДІ

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын кезектен тыс сайлау және мәслихаттардың депутаттарын кезекті сайлау барысында заңдылықтың сақталуы туралы Бас прокуратура мәлімдеме жасады.

«Конституцияға және Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Бас прокуратура Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің, мәслихаттардың депутаттарын сайлау барысында заңдылықты қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қабылдады. Электоралдық кезеңде сайлау процесінің барлық қатысушыларымен заңнама талаптарының және азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуы прокурорлар үшін жұмыстың негізгі басымдылығы болды. Сайлау бойынша заңдылықты қадағалау жұмыстары барысында азаматтардың сайлау құқықтарын өрескел бұзу фактілері анықталған жоқ» деп мәлімдеді Бас прокуратура.

«Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы 2016 жылғы 19 ақпанда және 16 наурызда бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау процесіне қатысушыларға сайлау заңнамасының нормаларын түсіндірумен және оларды бұзғаны үшін жауапкершілік туралы ескертумен екі рет ресми үндеу жасады. Үгітті және дауыс беру процесін қоса алғанда барлық сайлау іс-шаралары «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сай жүргізілді.

Әрине, заңнан сәл ауытқушылықтардың өзі прокуратура органдарының назарынан тыс қалған жоқ. Дауыс берудің қорытындыларына ықпал етпеген заңнама талаптарын сақтамаудың жекелеген фактілері ғана орын алыпты. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысы Зырян ауданының прокуратурасы учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы А.Жүнісоваға қатысты мәслихат депутаттығына кандидаттардың бірін қолдаумен сайлау алдындағы үгіт жүргізгені үшін әкімшілік іс қозғады. А.Жүнісова комиссия төрағасының міндеттерін атқарудан босатылды, сондай-ақ сот оны Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 122-бабы бойынша 30 АЕК мөлшеріндегі айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Сондай-ақ Шымкент қаласының Қаратау ауданында қала мәслихатының депутаттығына кандидаттың үгіттеу материалдарын бүлдіргені үшін қаланың тұрғыны Ж.Бубеев Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 114-бабы бойынша 15 АЕК мөлшеріндегі айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сайлау алдындағы үгітті жүргізу ережелерін бұзу фактілері бойынша прокуратура елорданың үш тұрғынына заңды бұзуға жол берілмейтіні туралы алдын ала ескерту жариялады. Бұдан басқа, 19 наурызда әлеуметтік желілерді қоса алғанда жекелеген интернет ресурстарда үшінші тұлғалардың дауыс беруге арналған бюллетеньдерді жасау процесіне заңсыз араласуы туралы көрінеу жалған ақпарат таратылу фактісі анықталды. Осыған байланысты Бас прокуратура Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша (Бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып, көрінеу жалған ақпарат тарату) сотқа дейінгі тергеп-тексеруге бастама жасады, оны жүргізумен Ішкі істер министрлігі айналысуда екенін мәлімдеді заң қадағалаушы орган. Сайлау заңнамасының бұзылу фактілері бойынша өзге қадағалау актілері енгізілген жоқ.

Дауыс берiлетiн күннің алдындағы кезеңде прокуратура органдарына Парламент Мәжілісіне сайлау бойынша небәрі үш өтініш түсіпті. Мысалы, Валентина Безрукова Парламент Мәжілісінің депутаттығына өзін-өзі ұсынған кандидат ретінде тіркеуден бас тартқан сайлау комиссияларына шағымданған. Арызданушыға кандидаттарды ұсынудың белгіленген тәртібі түсіндірілді. Ал мәслихаттарға сайлау бойынша 181 өтініш түскен, олардың көпшілігі сайлау алдындағы үгiтті жүргізу тәртібіне, сондай-ақ сайлау комиссияларының әртүрлі шешімдеріне қатысты болған. 113 арыз құзыреті бойынша қарау үшін сайлау комиссияларына және уәкілетті органдарға жолданды, 51 өтініш бойынша олардың авторларына заңнаманың нормалары түсіндірілді, зерделеу/тексеру нәтижелерімен 12-сі бойынша бас тарту сипатындағы жауаптар берілді, 5-і арызданушылардың өздерінің өтінімдері бойынша қараусыз қалдырылды. Дауыс беру күні прокуратура органдарына 21 өтініш түсті, олардың 16-сы құзыреті бойынша сайлау комиссияларына және ішкі істер органдарына жолданды. 5-і соның ішінде тексерістер жүргізу арқылы прокурорлардың өздері қарады.

Мысалы, Көкшетау қаласының №22 сайлау учаскесі бойынша комиссия сайлаушы Д.Жетпісбаев үшін бюллетень заңсыз үшінші тұлғаларға берілгендігі туралы шағым түсірді. Тізімде жанында орналасқан басқа сайлаушы (О.М.Жетеев) дауыс беру барысында көзінің нашар көруіне орай Д.Жетпісбаевтың фамилиясының тұсына қате қол қойғаны анықталды. Тексеріс нәтижесі бойынша Д.Жетпісбаевқа дауыс беру мүмкіндігі берілді, яғни оның сайлау құқығы бұзылған жоқ.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Сайлау алдындағы штабы өтінішіне бейнежазбаны тіркей отырып, Алматы қаласының №535 учаскесінде сайлаушылардың біреуі бүкіл отбасы үшін заңсыз дауыс бергені туралы мәлімдеді. Аталған бейнежазба бюллетеньдерді жаппай тастау фактілері бар екендігінің дәлелі ретінде интернет желісінде таратылған. Тексеріс кезінде аталған тұлғаның (Р.И. Розиев) жеке басы анықталды, ол өзінің отбасы мүшелерімен сайлау учаскесінде болғанын, олардың әрқайсысы бюллетеньдерді алғанын және дауыс беру кабиналарында жеке-жеке толтырғанын, ол тек бүктелген бюллетеньдерді барлық отбасы мүшелері үшін жәшіктерге салғанын көрсетті. Р.Розиевтің айғағын учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері, сондай-ақ, сайлаушылар тізіміндегі оның отбасы мүшелерінің қойған қолдары растады. Осылайша, заңнаманың әрбiр сайлаушының өзi дауыс береді деген талаптары бұзылмаған.

Түркістан қаласында арызданушы өкілінің қатысуымен жүргізілген тексеру №273 сайлау учаскесінен бюллетеньдердің ұрлануы туралы мәслихат депутаттығына кандидат Б.Атаевтың хабарламасын растаған жоқ. Жалпы, электоралдық науқан сияқты, дауыс беру күні де тыныш жағдайда өтті. Азаматтардың сайлау құқықтарының бұзылуы немесе басқа елеулі құқыққа қарсы әрекеттер тіркелген жоқ.

Электоралдық кезеңдегі қадағалау қызметінің нәтижелері Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын кезектен тыс сайлау, сондай-ақ мәслихаттар депутаттарын кезекті сайлау Қазақстан Республикасы Конституциясының және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарын сақтай отырып өткізілген деп қорытындылауға мүмкіндік береді» деп мәлімдеді Бас прокуратура.

Қайыржан ТӨРЕЖАН

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.