Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Мақсұт Сұлтанұлы Нәрікбаев өмірден озды. Бұл барлығымыз үшін орны толмас, ауыр қаза. Ерекше дарынды, жарқын жүзді ғажап адам, нағыз кәсіпқой, саясаткер, ғалым және педагог, аса қадірменді әріптесіміз әрі ұстазымыз бақиға аттанып кетті.

Мақсұт Сұлтанұлы Нәрікбаев егемен Қазақстан тарихындағы белді тұлғалардың бірі болды. Оның қазақстандық құқықтық жүйеде алар орны мен ғылыми ортадағы, қоғам өміріндегі сіңірген ерен еңбегі өз алдына орасан. Ол өзінің бар өмірін, көп қырлы дарынын, терең білімі мен шығармашылық шабытын Отанға және туған халқына адал қызмет етуге арнады.

Бүгінгі күннің биігінен қарағанда үлкен саясаткер мен ірі ғалымның басты өмір белестері көз алдымызда сайрап жатыр. Еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі жемісті қызметі, мемлекеттік-құқықтық институттардың құрылуы мен дамуына бел шеше белсенді атсалысуы, заң ғылымының және білім беру ісінің дамуына орасан үлес қосуы Мақсұт Сұлтанұлының еліміздегі ең бір белді де беделді құқықтанушы деңгейіне көтерілуіне ықпал етті.

Құқыққа және заң ғылымына қызмет ету оның өмірінің мәніне айналды, өз орнын тап осы ғылымнан тапқан ол тамаша кәсіби мектептен өтіп барып, кәсіпқой тұлға ретінде қалыптасты.

Заң ғылымдарының докторы, профессор Нәрікбаев үлкен ғылыми ортаға апарар жолды бір кездері қалалық прокуратура тағылымдамашысы мен аға тергеушісінен бастаған болатын. Бұдан кейін адвокаттық іспен шұғылданып, сот жүйесінде жұмыс жасап, орталық мемлекеттік органдарда қызмет етті. Қай ортада қызмет етсе де оның басшылық жасау және ұйымдастырушылық дарыны, күш-жігері, бастамашылдығы, жауапкершілігі ерекше айшықталып тұратын.

Егемен мемлекетіміздің құқықтық реформасының маңызды бастамалары жүзеге асырылып жатқан сындарлы кезеңде Мақсұт Нәрікбаев еліміздегі заңдылық пен әділ сот төрелігінің үстемдік құруының бастауында тұрды. Жоғарғы қадағалау органын басқара отырып, прокуратураның қоғам өміріндегі рөлі мен орнын нығайтуға, оның қызметінің ұйымдастырушылық-құқықтық негіздерінің күшеюіне, прокурорлық қадағалау ісінің тиімділігінің артуына сүбелі үлес қосты.

Бұл прокуратураның қоғам өміріндегі орнын анықтап берген маңызды өзгерістер мен шешуші оқиғалардың уақыты болатын. Сапалық жағынан жаңа және тиімді прокуратура жүйесін құру жөніндегі стратегиялық міндеттер түбегейлі жаңа және сабырлы шешімдерді, мақсатқа бағытталған және көп еңбекті талап етті. Қадағалау органының бірінші басшысынан бұл үлкен жауапкершілікті талап етті. Ал Мақсұт Сұлтанұлы шынайы кәсіби шебер және талантты басшы ретінде бұл міндетті де ойдағыдай жүзеге асырды.

Көбінесе оның табандылығы мен принципшілдігінің арқасында прокуратура құқық қорғау жүйесінің негізгі институттарының біріне айналды. Дәл осы кезеңде прокуратура органдары үшін өте маңызды нормативтік құқықтық акт – «Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Заң күші бар Жарлығы қабылданды.

Жастардың тәлімгері болу да оның жан-жақты қызметінің маңызды қырларының бірі болды. Мақсұт Сұлтанұлы шабытты еңбегі мен тынымсыз жүрегінің он бес жылын өзінің сүйікті төл тумасы – Қазақ гуманитарлық-заң университетіне арнады. Еліміздің алдыңғы қатарлы заңгерлік жоғары оқу орнының жетекшісі ретінде ол оқу орнының қалыптасуына, қазіргі заманғы жоғары білімді мамандарды даярлауға көп күш салды. Университет көптеген студенттердің алтын ұясына айналып, республикамызға танымал құқықтанушыларға өмірлік жолдама беріп, тәрбиелеп шығарды.

Мақсұт Сұлтанұлын прокуратура қызметкерлерінің көптеген буыны сыйлап, құрметтейді, олар үшін білгір ұстаз және тәлімгер бола білді. Көптеген шәкірттері үшін оның есімі мен беделі жоғары талант пен кәсібиліктің бейнесі болып қала бермек.Оның әдептілік, кеңпейілділік, адамдарға деген ыстық ықылас, өмірге құштарлық тәрізді керемет адамгершілік қасиеттері әріптестерінің арасында үлкен құрметке ие болған еді. Біз өзіміздің әріптесімізді осылай есте сақтаймыз. Ғажап адам және әріптесіміз Мақсұт Сұлтанұлы Нәрікбаевтың жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгілік сақталады.

Андрей Кравченко,

Қазақстан Республикасы

Бас прокурорының

орынбасары.

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.