You are here

Салафизм — тұрақтылыққа төнген қауіп

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Бүгінгі таңда әлемдік деңгейде белең алған діни экстремизм және терроризм бір мемлекеттің ғана проблемасы емес екені анық.

Былтыр АҚШ-та өткен БҰҰ Бас Ассамблеясы 70-ші сессиясында Мемлекет басшысы Н. Назарбаев халықаралық экстремизм мен терроризмге қарсы тұра алатын бірыңғай әлемдік желіні құруды ұсына отырып, қатерлерге төтеп беру үшін жаһан жұртына жұдырықтай жұмыла күресудің ұтымды тетіктерін ерекше айқындап берген еді.

Соңғы уақытта елді елең еткізген лаңкестік әрекеттер салафизмнің радикалды ағымдар мен экстремистік идеялардың бастауы екендігін дәлелдей келе, оның идеялықтан қылмыстық негізге өту қаупін көрсетті.

Салафилік идеология —  зайырлы мемлекет ұстанымын терістеп, азаматтардың бостандығы мен қауіпсіздігіне, ішкі тұрақтылық пен ұлттық құндылықтарға шабуыл жасау арқылы ислам мемлекеті идеясымен алмастыру мақсатында әрекет етіп, орасан зор қауіп төндіруде. Сондықтан Қазақстан қоғамына жан-жақты орнығып, қалыптасқан мемлекет ретінде салафизм идеологиясының тамырына балта шабатындай шешім қабылдайтын уақыт келді.

Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде еліміздің конфессиялық кеңістігі және дін мен саясат қатынасында біраз тәжірибе жинақталып, құқықтық жағынан дін туралы заң жобалары мен баптары толықтырылып, өзгерістер енгізілді. Осы ретте бізге радикализмге шектеу қоятын жеке жолдарды қарастыру керектігі айқындалады.

Бүгінде салафизм идеологиясымен көптеген мемлекеттер күресіп бағуда. Бұл тұрғыда көрші мемлекеттердің тәжірибесіне үңіліп қарайтын болсақ, әлемнің бірқатар елдері әлдеқашан тыйым салып үлгерген. Атап айтар болсақ, Тәжікстан, Өзбекстан, Дағыстан елдері де салафизм ағымының қызметіне заңмен шектеу қойған.

Ішкі мазмұнынан гөрі сыртқы формаға баса мән беру арқылы мұсылмандықтың көрінісін қалыптастырғысы келетін бұл ағым ежелден қалыптасқан дәстүрлі ұғымдарды, елдің тірегі болып саналатын ұлттық-рухани құндылықтарды, салт-дәстүр, мәдениет және тарихымызды жоққа шығаруды көздейді.

Олардың керітартпалықтары, сондай-ақ зайырлы мемлекеттердің қағидаттарына, дінаралық татулық пен толеранттылық түсініктеріне, түбегейлі қарсылық көрсетіп, шариғат заңымен басқарылмайтын мемлекеттерді мойындамау және бағынбау арқылы жақтастарын «дінсіз мемлекетпен» күресуге үгіттеп, қоғамда үлкен алауыздық тудыруынан көрініс табуда. Бұның бір ғана дәлелі — төрткүл дүниеде орын алып жатқан лаңкестік әрекеттердің қаптап кетуінде.

Кез келген діннің қиянат біткенге қарсы екендігіне мән бермейтін салафизм ешқандай да дін емес, саяси мүдделерге негізделген идеология деп тану керек. Осы қарапайым қағиданы түсінбей, санасы уланғандардың бүгінде билікке, басшыға, ата-анаға қарсы шығып, оларды «кәпір» деуі, мемлекеттік жүйеге түбегейлі қарсылық таныту арқылы өз елінде лаң жасап жүргендердің белең алуы, қазақтың қасиетті топырағында саясиланған салафиліктің тыйым салынуы керектігін айғақтайды.

Бүгінгі таңда елімізде жат идеологияға қарсы күреске ерекше ден қойылып, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Елбасы Н.Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесі отырысының күн тәртібінде экстремизм мен терроризм қаупі және оған қарсы күрес мәселелері ерекше талқыланып, елімізде орын алған шабуылдардың мәнсіз және зұлым әрекет екені басты назарға алынды. Мұның дәстүрлі емес салафизм діни ағымы жолын ұстанушылар тобының  террорлық шабуылы екенін және республикада дін ұстану бостандығына кепілдік бере отырып, діннің атын жамылып, елдегі жағдайды ушықтырушылардың барлығына қатаң тойтарыс беру жақтары қатаң ескерілді. Елбасының бұл тапсырмалары керағар идеологияға қарсы күрес жүргізу бағыт-бағдарын тайға таңба басқандай айқындай түседі.

Осы ретте, тек бізді ғана емес, бүкіл ислам әлемін алаңдатып, жастардың санасына шабуыл жасап жатқан бұл идеологияға қарсы ғылыми, ақпараттық және құқықтық тұрғыдағы ұтымды шараларды қабылдау — кезек күттірмейтін мәселе. Сондықтан қоғамда орын алуы мүмкін қатермен күресте мемлекеттің жат идеологияға қарсы жүргізіп отырған саясатына қолдау таныту ел мен келер ұрпақ алдындағы азаматтық қоғамның борышы екені анық.

 Р.АМАНТАЙ,

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі

мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы

ақпараттық жұмыс және БАҚ-қа мониторинг бөлімінің

жетекші сарапшысы.

http://www.aktobegazeti.kz/?p=46313

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.