You are here

Салафитпен емес, САЛАФИЗММЕН күресу идеясы керек

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №37 (354) от 13 октября 2016 г.

Ақтөбе облысына Астанадан ҚР бас прокуроры Жақып Асанов бастап, екі жүзге жуық құқық қорғау және басқа да әртүрлі сала қызметкерлері келіп, жұмыстарын бастап кетті. Халыққа заң, қаржы, медицина жағынан көмек көрсетілмек. Ақтөбе халқы ұғымсыз емес, жағдайды терең түсінеді. Үгіт-насихат негізінен интеллигенция, ардагерлер, мән-жағдайды терең білетін адамдар арасында жүріп жатыр. Ал қарсылыққа бейімділер өздерін бөлек ұстайды.

Егер ағаштың тамыры қураса, оның бірде-бір бұтағы көгермейтіні сияқты, бір облыстағы шаралар елді сауықтырмайды. Терроризм негізінен тікелей қызметін атқара алмайтын, әділетсіздік пен зорлық күшейген, адам құқы бұзылған, заңсыздық етек алған елдерде көрініс алады. Бірақ біздің билік сын көзбен ішкі саясатты саралауға, келеңсіз жағдайларды ой елегінен өткізуге бара алмай отыр.

Ең бастысы – елдегі моральдық ахуал күрделі. Халық пен билік арасындағы байланыс шірік жіптей үзіліп барады. Билік те, халықтың бірқатары да салафиттердің көзін жою керек дейді. Ол мүмкін де емес. Тіпті мүмкін болғанның өзінде де адамды жойғанмен, салафиттік идеяны жоя алмаймыз. Күшке сене берсек, мемлекет халықтың қорғаушысы емес, терроризмге дем беруші болады. Салафитттердің қатарын толтыратын көзге ұрып тұрған материалдық теңсіздікті, орынды-орынсыз билікке өкпелегендерді, ашулы-ызалыларды, қылмыстық ортаны қайда қоямыз?

Елімізде қарапайым халықтың тұрмысын білмейтін, білгісі де келмейтін, не өндіріп байығаны белгісіз байлардың шығуы және олардың бірқатары жоғары билікке жақын адамдардан болуы халықты ойландырмай қоймайды. «Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» деп, ақшаға табынбайтын қазақ бұл байларды қабылдамайды. Егер қандайда бір экстремист Алланың атымен өзін жемқорлармен күрескермін деп жарияласа, қазіргі қымбатшылықтан кедейленіп бара жатқан ортада оны қолдаушылар да табылады.

Біз әзірге шырғалаңнан шыға алмай жүрміз. Террористтер атады, өлтіреді, құқық қорғау қызметкерлері оларға іздеу салады, ұстайды, соттайды, колонияға жібереді. Қылмыскер онда өз қатарын көбейтеді, түбі бостандыққа шығады…. Барлығы қайта басталады.

Мемлекет терроризмге қарсы тактикалық қадамдар жасап жатыр, ал стратегиялық ұзақ мерзімді шаралар, ішкі саясатта артықшылық беретін бағыттар нақтыланған жоқ. Бір мәселе белгілі болды: үкімет күштік құрылымдарға бөлінетін қаржыны 70 млрд теңгеге арттырды.

Дегенмен, бүгін терроризмге қарсы күресте біздің мемлекет таңдау алдында тұр.

Арнаулы қызмет органдарын қаржыландырамыз ба, оларға жаңа кадрларды қызметке тартамыз ба, әлде білім беруге, әсіресе ауылдық жердегі жастарды квотамен оқуға көбірек тартамыз ба? Бұл – бірінші мәселе.

Жұмысты бұрынғыша тек теріс бағытта, экстремистік топта жүр дегендермен жасау керек пе, әлде халықты тәрбиелейтін, парасаттық жол сілтейтін, атыс-шабыстан алыс кинофильмдер, қоғамға имандылық ықпал ететін театрларды көбірек қаржыландырамыз ба, қазақ салт-дәстүрін насихаттайтын мәдени құндылықтарға тереңірек мән береміз бе, әлде халықты жалықтыратын, қасаң ми, үйренген, ығыр болған жолмен кете береміз бе? Бұл – екінші мәселе.

Террорға қарсы күреске бірбеткей кетіп, қаржыны қару-жарақ алуға жұмсап, жұмыссыздық, кедейшілік кейінгі орынға ысырылса, халық оны қолдай ма? Тағы шиеленістер тумай ма? Бұл – үшінші мәселе.

Ұзақ мерзімді стратегиялық бағыт өз жемісін бүгін емес, ертең береді.

Еліміздің ішкі саясатында дін саласын басқаруда жүйелі жұмыстың жоқтығы да назар аудартады. Қараңыз: үкімет жанында әуелі дін мәселесін реттейтін хатшылық болды, кейін ол комитетке айналды, комитет агенттікке, агенттік қайтадан комитетке, енді комитет министрлік болып қайта құрылды, ол негізінен күштік құрылымдар қызметкерлерінен жасақталуда.

Осы министрлікке азаматтық қоғам мәселелерінің қоса берілуі де қисынсыз. Себебі азаматтық қоғам проблемалары бір министрліктің ісі ғана емес. Дін әлеуметтік институт ретінде азаматтық қоғамның бір маңызды бөлігі.

Енді жастар мәселесін алыңыз: әуелі Спорт министрлігіне, кейін Білім және ғылым министрлігіне, одан Мәдениет министрлігіне, енді Дін істері жөніндегі министрлікке берілді. Осы ауыс-түйістер тұсында талай тәжірибелі мамандар жұмыстарынан кетеді, олардың орнына жаңа министрлердің өз адамдары келеді. Осылай бірізді жүйелі жұмыс ұйымдастыру күні бүгінге дейін болмай келді.

Терроризммен күресте бірбеткей қамшылау, діни ұйымдарды, күдікті дейтіндерді бұрышқа тықсыру басым, ал ол қарсылықты күшейтеді. Салафизммен күресте жұмсақ саясат, қоғамды демократияландыру, азаматтық қоғамның белсенділігін арттыру өте маңызды.

Египет пен Алжирде, мысалы, экстремистермен күресте жергілікті халықты жұмылдырып, жастардан дәстүрлі діни салттарын қорғайтын топтар ұйымдастырып, теріс ағымдағыларды қоғамнан оқшаулап, жұмыстарын шектеген. «Дінімізді қорғау – ұлтымызды қорғау» деген қоғамдық қозғалыс бізге де тиімді болады.

Философ Платон айтқан: өз еліңде жауыңның болуы мүмкін емес. Егер де қарсыластарың, келіспеушілерің болса, онда оларды сабырмен ақылға шақырып, ымыраға келген жөн. Сөйтіп, олардың өмірін сақтап қалуға жұмыстану қажет, өйткені шалыс басқанның бәрі бірдей жау емес.

Амангелді АЙТАЛЫ,

профессор,

Abai.kz

http://planetanyne.ru/salafitpen-emes-salafizmmen-k-resu-ideyasyi-kerek/

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.