You are here

ПОЛИЦИЯНЫ ЦИФРЛАР МЕН ПАЙЫЗДАН ҚҰТҚАРУ КЕРЕК

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалығымен заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы болып өткен болатын. 

Жақында Бас прокуратурада Елбасы Жолдауында құқық қорғау органдарының алдына қойылған бірқатар міндеттер мен тапсырмаларды пысықтап, оларды орындау үшін атқарылар жұмыстарды айқындау мақсатында Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалығымен заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы болып өткен болатын. Осы жиында қаралған құқық қорғау саласындағы бірқатар түбегейлі мәселелер бойынша Бас прокурордың орынбасары Нұрмаханбет Исаевқа сұрақтар қойған едік. 

– Нұрмаханбет Молдалыұлы, жақында Бас прокуратурада Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған құқық қор­ғау органдарының алдына қойылған мін­деттер талқыланды. «Еліміздегі халықтың, қарапайым тұрғындардың қауіпсіздігі қан­дай деңгейде қорғалады?» деген сұраққа не айтар едіңіз?
– Мемлекет басшысы Жолдауда «біздің еліміз әр адамға өмір сүру үшін әлемдегі ең қауіпсіз және қолайлы елдердің бірі болуы керек» деп атап өтті. Бұл мақсатқа жету тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғам­ның парызы болып табылады. Шындығын айту керек, көп жылдар бойы қылмыстар­дың алдын алу стратегиясын, өкінішке қарай, өзіміз өте бұрмалаған ахуалға қарай бірде көңіл қуантатын, бірде реніш туды­ра­тын – жалған деректердің негізінде жа­сап келдік. Тек қазір ғана біз қылмыстар жөнінде ақиқат мәліметтерге жетіп отыр­мыз. Бүкіл әлемде 100 мың халыққа шақ­қан­да кісі өлімі деңгейінің көрсеткіші ха­лық­тың жеке қауіпсіздігінің жалпы дең­­гейін бағалауда негізгі болып табы­лады. 
БҰҰ деректері бойынша сараптама жасалып, рейтингке енген 207 мемлекеттің ішінен Қазақстан 100 мың адамға шақ­қанда 16,6 кісі өлімі көрсеткішімен 96-орында тұр. Ал біздің көршіміз Ресей 10,2 көрсеткішпен 72-орынды иеленеді. Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік туралы есепке 2013 жылы «полиция қызметтерінің сенімділігі» көрсеткіші бойынша біз 88-орынға тұрақтадық. 
Мемлекет басшысының 2013 жылдың желтоқсанындағы Жарлығына, құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғыртудың мем­лекеттік бағдарламасына сәйкес, елі­міз осы көрсеткіш бойынша 2020 жылға қарай 56-орыннан төмен иеленбеуі, ал азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімі 60 пайызға жетуі тиіс. Егер Құқықтық статистика комитетінің пор­талындағы электрондық дауыс беру нәти­желері бойынша полиция қыз­меткер­лерінің жұмысына азаматтардың тек 10 пайызы ғана қанағаттанатынын ескерсек (қанағаттанбағандар – 77 пайыз, ал қалыс қалғандар – 13 пайыз) біздің атқаратын жұмысымыз әлі де қыруар.
– Халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыру үшін полиция қызмет­кері қандай болуы керек деп ойлайсыз? Заңмен белгіленген тікелей атқаратын мін­дет­терінен басқа оларға жүктелетін қандай этикалық шарттар бар?
– Батыс зерттеушілерінің пікірінше, полиция қызметкері – халық танитын және қолжетімді болуы керек, ол да тұрғындарды біліп, олардың мұң-мұқта­жы­на көңіл аударуы тиіс. Азаматтардың проблемаларын тыңдай білуі, халықты қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырып, соған басқаларды тарта әрі жұмылдыра білуі шарт. 
Полиция қызметкері өзінің әрекеттері мен жұмысының нәтижелері жөнінде есеп беруі тиіс. Ең бастысы, одан заңның сақ­талуына мұқият болып, нормативтік ак­тілермен бекітілген қызметтік міндеттерін орындау талап етіледі. Мұның барлығын біз де білеміз, бірақ істемейміз.
– Құқық қорғау органдарында тергеу, жазалау сияқты әртүрлі бағыттар бар, сон­дықтан барлығының халыққа жақсы көрінуі мүмкін емес. Тұрғындармен ең тығыз жұмыс істейтін учаскелік инспектордың қызметі туралы пікіріңіз қандай?
– Профилактика мәселелерінде учас­ке­лік полиция инспекторларына ерекше маңыз берілген. Алайда учаскелік инспек­торлар өз ауданындағы тұрғындармен жақын болып, белсенді жұмыс істемесе, оны ешкім танып, білмейтін болады. Елор­дада осы қаңтар айында жүргізілген, 3,5 мыңнан артық респондент қатысқан сауалнама нәтижелері бойынша тұрғын­дардың 70 пайызы өздерінің учаскелік инспекторларын білмейтін болып шықты. Осынша пайыз респондент «халықтың қа­тысуымен жиналыс өткізілгенін көрген жоқ­пыз» деп жауап берді, ал 80 пайызы өздерінің учаскелік инспекторын тағай­ын­дауға қатыспаған екен. Сондықтан әлде­қан­дай жағдай болып, полицияның көмегі қажет болған кезде олар кімге ша­ғым жа­сайтындарын білмейді. Норматив­тік құ­жаттарға сәйкес учаскелік инспектор­ға өзінің күнделікті қызметінде жүзеге асы­руы тиіс 20-дан астам міндет жүктеледі екен. «Ол осы міндеттерді тиімді орындай ала ма?» деген сұрақ туындайды. Учаскелік полиция инспекторының күн сайынғы жұмысына жүргізілген қарапайым хроно­ме­тражды алып қарасақ, нақты профилак­тиканы жүзеге асыруға олардың мүлдем уақыты жоқ екенін көруге болады. Олар­дың барлық уақыты құжат айналымына, мемлекеттік органдардың түрлі тапсыр­маларын орындауға және Ішкі істер ми­нис­трлігінің ведомстволық актілерімен тікелей тыйым салынса да, мәдени-көп­шілік, спорттық және өзге де іс-шараларға тартылады. Мысалы, көшіру кезінде, жер учаскелерін алып қою кезінде шараларға қатысады, жол полициясы салған айып­пұлдарды өндіреді, әскерге шақырылған­дарды әскери комиссариатқа жеткізеді және т.б. қосымша жұмыстарды атқарады. Бұдан басқа, учаскелік инспекторлардың айтуы бойынша кейбір өңірлерде, әсіресе, қалаларда, олар бір әкімшілік материалды соттарда қарау кезінде тұтас жұмыс күнін жоғалтады. Осылайша, учаскелік инспек­торлардың нақты өмірі теориядан мүлдем алшақ, олар барлығымен және қажет, қажет емес нәрсенің барлығымен айналы­сады, өйткені оларға бастық көп және барлығы олардан талап етеді.
– Жұмысты тиімді атқару үшін «әр қыз­меткер тек өз ісімен айналысуға тиіс» деген қағида бар емес пе?
– Бұл мәселе бұрыннан айтылып келеді. Естеріңізде болса, Елбасы да мұны 2010 жылы талап етті. Әркімнің өзінің нақты әрі анық міндеттері болуы керек. Әр қызметтің тиімділігін арттырудың ор­нына, біреулердің күшімен басқа бөлім­шелердің жұмысын орындатып жүрген бастықтарды атқарып отырған лауазым­дары­нан босату керек. Себебі олар бүкіл жүйенің тиімді жұмыс істеуі үшін кедергі жасайтын және кездесетін жүйелі пробле­маларды жасырып көп жылдар бойы айт­пай, көз жұмып қарап отыр. Проблемалар жөнінде айту керек, сонда ғана біз олардың шешімін таба аламыз. Қылмыстың алдын алу, яғни профилактика – жаңа жолдарды, идеяларды, шешімдерді үнемі іздестіру деген сөз. Соңғы жылдары «жұмысты қа­лай жақсартамыз немесе оның тиімділігін қалай арттырамыз» деп ұсыныс жасаған бірде-бір учаскелік инспектор, ешбір по­лиция қызметкері болған жоқ. Күн сайын осы проблемаларды көзбен көріп, құлақ­пен естіп жүрген мыңдаған полиция қыз­мет­керлерінің арасында жұмыстың тиімді жақтарын ойлайтын адам жоқ дегенге кім сенеді?! Әрине, бар, бірақ бастықтары қағаз бен цифрларға көміліп оларды есті­мейді және естігісі де келмейді. Соны­мен бірге біз құқық қорғау органдары қылмыс­ты тудыратын әлеуметтік дамудағы бүкіл кемшіліктер мен қарама-қайшылықтарға ықпал ете алмайтынын және ықпал ете ала­тын күйде емес екенін түсінуге тиіс­піз.
– Нұрмаханбет Молдалыұлы, заңның бұ­зылмауын қадағалаушы орган ретінде, құқық қорғау органдарына қылмыстың ал­дын алуға қатысты прокуратура қандай ұсы­ныс айтар еді? 
– Жекелеген зерттеушілердің пікірі бойынша, қылмыстың жасалуына әсер ететін 250 фактордың ішінен құқық қорғау органдары тек 30-40-на ғана нақты ықпал ете алады. Мысалы, ашылған қылмыстарға жасаған талдау бойынша кінәлілер – орта білімі бар 21 ден 29 жасқа дейінгі жұмыссыз жүрген ер адам екені анықталды. Сондық­тан халықтың жұмыспен қамтылуы жер­гілікті атқарушы биліктің тікелей міндеті болуы тиіс. 
Осы проблема тиімді шешілгенде ғана нақты аумақта, жалпы елімізде қылмыстың деңгейі едәуір төмендер еді. Бас прокура­тура қылмыстың алдын алуға қатысты нақ­ты ұсыныстар жасап отырады, атап айт­қанда – жұмыссыздық деңгейінің төмен­дігі, азаматтардың профилактикалық жұмыстарға қатысу дәрежесі, кәмелетке толмағандар мен жасөспірімдердің түрлі спорт түрлерімен айналысуға, өңірдің қоғамдық-пайдалы қызметіне тартылу дәрежесі, халық арасында құқық бұзушы­лықтарға төзбеушілікті, қарсы тұруға қалыптастыру сияқты критерийлермен бағалауды бұрын да ұсынған еді. Осындай бағыт халықтың тікелей атсалысуымен профилактиканың жаңа нысандарын енгізу процесін тездетеді деп есептеймін.
Патрульдік қызметтердің жақсы үйлес­тірілген жұмысы үлкен рөл атқарады. Кей­бір елдерде автопатрульмен бірге халыққа жақын болуға мүмкіндік беретін үздіксіз жаяу патрульдік жұмыстары кеңінен қол­даны­лады. Бүгінгі біздің міндетіміз олар­дың санын жинақтау және қылмыстың электрондық картасы мен учаскелік по­лиция инспектор­ларының пікірлерін ес­кере отырып, учас­кедегі қылмыстың ахуа­лы туралы нақты де­ректердің негізінде оларды күн сайын керекті бағыттарға ор­наластыруды қам­тамасыз ету. Бүгінгі таңда жеке автокөлікке орнатылған бей­нерегистраторлардың мүмкіндігін пайда­лануымыз қажет. Осы мақсатта кез келген адам түсірілген бей­не­сюжетті орналастыра алатын интернет-ресурсты жасау керек. Еуропада бұл тех­но­логиялар ондаған жыл бойы қолданылып келеді және өзінің тиімділігін дәлелдеді. Бүгінгі күні Астана­да елордалық әкімдіктің ресми сайтында бір­не­ше ай бұрын құрылған «Халық бақы­лауы» деген модуль жұмыс істейді, бірақ оған әзірге тек фото­материалдарды орна­ластыруға болады. 
Сонымен қатар Қазақстанда еріктілер, яғни волонтерлік институтын енгізу мүм­кіндігін зерделеу қажет. Осы институт қыл­мысқа қарсы күрестің оң тәсілі ретінде көрсетіп, бүгінде Еуропа, АҚШ, Ресей, Израиль сияқты көптеген елдерде қолда­нылуда, азаматтарға заңдылықтың жай-күйіне нақты ықпал етуге мүмкіндік береді және қоғамда құқықтық сананы арттыра­ды. Өздерінің таңдау жасағандығын ескер­сек, алғашқы волонтерлар ретінде заң­герлік жоғары оқу орындарының сту­­дент­­тері полицияға көмектесе жүріп, практикалық дағдыларды меңгеріп кетер еді. Қозғалысты дамытуға еліміздегі жетекші партия «Нұр Отанның», әсіресе, оның Жастар қанаты­ның, басқа да партия­лар мен қоғамдық бірлестіктердің осы бастамаға қолдау жасауы мықты серпін бола алады.
– Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың мәлімдеуінше, республика бойынша қыл­мыс­тың орташа есебі 25,1 пайызға өсіпті. Статистикада қылмыс жасау жағынан 52,7 пайыз көрсеткішімен Астана тұр. Мұнда 10 мың тұрғынның ішінде 441 қылмыс жаса­лады екен. Республика бойынша қылмыстың күрт өсу себебі неде деп ойлайсыз?
– Қылмысты ашудың төмен болу себеп­терінің бірі жасалған қылмыстарды ашуда жедел бөлімшелерде тиісті жұмыс­тың жоқтығы болып табылады. Жедел қызметкерлердің тергеушілермен үздіксіз байланысы жоқ, олар тек өздерінің ішкі көрсеткіштерімен (жедел есептегі түрлі істерді жүргізумен) ғана айналысады. Шартты түрде олар бір орамда тұрған сияқты, бірақ олардың әрқайсысының ойында әрқашан бірінші орында болатын өз нұсқаулықтары мен өз проценттері тұр. Біздің ойымызша, жедел қызметтің жұ­мысына басқа бағыт беріп, оларды бірін­ші кезекте жасалған, оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстарды тер­геуші­лер­мен бірге және солардың басшылығымен ашуға жіберу керек. 
Президенттің осы екі қызметті бірік­тіру туралы 2010 жылғы Жарлығының да талабы– осы. Оның күшін әлі ешкім жойған жоқ, ол тек жаңа қылмыстық іс жүргізу кодексі қабылданғанға дейін тоқтатылды. Сондықтан бұл мәселе жақын арада бізден келісілген әрекеттер мен шешімдерді талап етеді.
Қазіргі заманғы технологияларды тиім­ді қолданбайынша қылмыстың ашы­луын жақсарту жөнінде ұмытуға болады. Полицияның қолында ақпарат­тарды беретін және өңдейтін қазіргі заманғы техникалық құралдар міндетті түрде болуы тиіс. Ұрлық санын төмендетіп және олар­дың ашылуын ұлғайтудың тиімді шарала­ры­ның бірі – Ішкі істер министрлігі жүйе­сінде ұрланған телефондардың IMEI-код­тарының деректер базасын қалыптастыру және оны онлайн-режи­мінде телефонның активизация­ланған жері туралы мәлімет алуға мүмкіндік бере­тін ақпараттық жүйемен біріктіру. Ал егер сатып алушыларға ұялы телефондарды жеткізушілерден емес, адамдардың қолы­нан сатып алған жағдайда, оны белсенді еткізуге және одан 102 қызметіне белгілен­ген нысанда, мысалы, «тексеру» деген белгімен тегін СМС жіберуді міндеттеу жөнінде нормативтік актіні қабылдасақ осы шара одан да тиімді бола түсер еді. Төмен деңгейдегі барлық бөлімшелердің, учаскелік полиция пункттерінің, кезекші бөлімдердің, көптеген полиция нарядтары­ның және жедел топтардың қай жерде болмасын, нақты уақыт режимінде Ішкі істер министрлігіндегі деректер базасына қолы жетіп тұруы тиіс. Бірақ бұл ретте, әри­не, барлық қызметкерлердің заң бо­йынша қатаң қолдануы тәртіпке айналуы тиіс. 
Қылмыстың ашылуы мәселесі бойын­ша шындықты негізге алуға тиіспіз. Әрине, егер барлық қылмыстар ашылатын болса, бұл өте жақсы, бірақ біз реалист болуымыз керек және полициядан мүмкін емес нәр­сені талап етпеуіміз қажет. Мысалы, Гер­ма­нияда жылына пәтерге жүз мыңдаған ұры кіреді және оның ашылуы небәрі 15 пайызды құрайды, ал бірақ кісі өлтіру бойынша олардың ашылуы 96 пайызға дейін жетеді. Ең бастысы, германиялық полицияның «біз адамдар үшін жұмыс жасаймыз!» деген девизін барлығы біледі. Полицияның реакция ету уақыты Берлин­де – 7 минут, селолық жерде – 30 минутқа дейін. Шетелде миллиондаған құқық бұзушылықтар мен қылмыстар есепке қойылады. Полиция үнемі қоғаммен бір­ге, олардан аулақ кетпейді, осы проблема­лардың барлығын нақты шешуге тырыса­ды. Сондықтан Германия, Америкадағыдай полиция қызметкерлеріне сенім білдіру деңгейі біздің елімізбен салыстыруға келмейді. Біздің барлық жобаларымыз бен идеяларымыз, бірінше кезекте халықтан қолдау табуы тиіс.
– Сонымен, әңгімені қорыта келгенде, құқық қорғау органдарының қызметкерлері халықтың алдында қайтсе «сүйкімді» бола­ды?
– Біз «полиция – халық» деген тығыз және үздіксіз байланысты қамтамасыз етуміз керек. Кез келген мәселе бойынша полиция халыққа қызмет етуі тиіс. Осыдан екі жыл бұрын мен «140 мың адам алдымен ұрлықшылардан, содан соң көмектің орнына өздерінің полициясынан зардап шекті» деп айтқанмын. Адамдарға әдеттен тыс еш нәрсенің керегі жоқ. Ешкім де полициядан адамдарды тұншықтырып, қолын сындырып, қылмысты ашуды талап етіп отырған жоқ қой. Егер ол адам ұрлықты ашу үшін полиция қолынан кел­ген­нің бәрін жасағанын көрсе, соған қара­мастан ұрлық ашылмаса да, адамдар оларды кінәламайды. Өйткені полиция­ның адал әрекеттерін көрді және білді. Сөзімді қорытындылай отырып, күш ор­гандары «құқық қорғау» деген өз атауына сәйкес жұмыс істеуі тиіс дегім келеді. Олар­дың тиімділігін бағалауда негізгі критерий халықтың оларға деген сенім деңгейі бо­лу­ға тиіс. Біз барлық қылмыс­тарды толық тіркеуге қол жеткізу арқылы кез келген қылмысты ашуға алғашқы қа­дам­ды жаса­дық. Халық мұны сезініп жүр. Келесі қадам кез келген пайыз түріндегі «таяқты» жүйенің (палочная система) соңғы, сіресіп қалған мұраларынан бас тар­туға тиіс. Халыққа цифрлар емес, нақ­ты тын­ды­рылған істер қажет. Сондық­тан по­лицияны цифрлар мен пайыздан құт­қару керек. Тек сол кезде полиция пайыз қу­май, қылмыс­тан зардап шеккен адам­дар­ды нақты қор­ғауға мән беретін болады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.