You are here

Педофилдерге қарсы үкіметтік бағдарлама әзірленуі мүмкін

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Еліміздегі балаларға қарсы жыныстық зорлық жасау деректерінің артуына байланысты бұл проблеманы Бас прокуратура бақылауға алыпты.

Кеше Астанада Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалығымен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысы болып өтті. Онда кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қылмыстарды тергеу, ашу, жаза тағайындау мен өтеу, сондай-ақ олардың алдын алу бойынша, уәкілетті органдар қабылдап отырған шаралар талқыланды.

Отырысқа Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің, орталық мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлері қатысты.

Жиында сөз сөйлеген Бас прокурор Асхат Дауылбаев балаларға қарсы жасалатын «жыныстық» қылмыстар санының артқандығына қатты алаңдайтынын ашық білдірді.

– Соңғы уақытта жыныстық зорлық-зомбылық көрсету фактілері, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс жиілеп кетті. Соңғы бес жылдың ішінде осы саладағы тіркелген құқық бұзушылықтардың саны екі есеге өскен, атап айтқанда, 2010 жылы 1 мың 885 қылмыс тіркелсе, 2014 жылы бұл көрсеткіш 3 мың 623-ке жетті. Осы бір келеңсіз көрсеткіш биылғы жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша да сақталып отыр. Бұл ретте әсіресе, сәбилерге жасалып жатқан ауыр қиянаттың артуы айрықша алаңдаушылық тудыруда.

 

Оның айтуынша, әртүрлі жастағы балаларға төнген осы қауіп-қатерлер бүгінде өткір мәселеге айналып, ауқымды сипатқа ие болуда: «2010 жылы 491 сәби, ал 2014 жылы 943 сәби ересек зорлықшылардың құрбанына айналған. Қазіргі кезде осындай жан түршігерлік оқиғалар күн сайын тіркелуде. Маусым айының басынан бері кәмелетке толмағандарға жыныстық қысым көрсетудің 16 фактісі тіркеліп үлгерген» деп қынжыла жеткізді А.Дауылбаев.

Бас прокурордың мәліметінше, биылғы жылы арлы-ұятты адамдар атының өзінен жүрегі айнитын мұндай айуандық қылмыстар күрт артты: бес айдың қорытындысы бойынша, педофилдер тарапынан балаларға жасалған жыныстық қылмыстардың тек тіркелген деректерінің саны ендігі 632-ге жетті.

Соның ішінде екі сорақы оқиға бар: Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында жасөскіндерді ұзақ уақыт бойы ұстап, зорлаған. Кеше Атырау мен Солтүстік Қазақстан облыстарында кәмелетке жасы жетпегендерге қатысты сексуалдық қылмыстың екі фактісі тіркелді. Ашығын айтайық, осы облыстарда заңдылықтың жай-күйінің анық нашарлағандығына қарамастан, ешкім де, соның ішінде прокурорлар да дабыл қақпаған» деді Асхат Дауылбаев.

Оның байламынша, жыныстық қылмыстың өршуіне қаптаған жағымсыз факторлар, оның ішінде бірінші кезекте адамгершіліктің жаппай құлдырауы кері әсерін тигізіп отыр.

Бұдан бөлек, мұндай қылмыстардың басым бөлігі алкогольдік ішімдік ішу салдарынын жасалып жатады. «Жәбір көрген сәбилер тәрбиеленіп отырған отбасылардың төмен әлеуметтік жағдайлары да жағымсыз ахуалдың белең алуына жол ашатын факторлардың бірі болып табылады». Осы жағдайдың барлығын ғаламтор жүйесіндегі зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен порнографияны насихаттайтын құқыққа қайшы ақпараттың қолжетімділігі де барынша асқындырып барады дейді Бас прокурор.

Солай бола тұра, оның байламынша, жыныстық қылмыстардың тергелуі мен ашылуының сапасына қатысты олқылықтар аз емес, істі созбалаңға салу, қылмысты жасыру фактілері көптеп кездеседі. Соңғы бес жыл ішінде жыныстық зорлыққа қатысты үш мыңға жуық (2 мың 988) қылмыстық құқық бұзушылық ашылмай қалған, оның ішінде 605 қылмыс кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған.

Үйлестіру кеңесінің мүшелері атап өткендей, бұл саладағы қылмыстарды ескерту үшін құқық қорғау және сот органдарының, білім беретін және медициналық мекемелердің күштерін біріктіретін келісімді іс-қимыл жүйесін құру қажет. Осы жұмыстың аясында кәмелетке толмағандарды жыныстық зорлықтан қорғау бойынша арнайы үкіметтік бағдарлама әзірлеп, қабылдау керек.

Атап айтқанда, балаларға жыныстық зорлық-зомбылық жасауға қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі заңдық базаны жетілдіруге айрықша назар аударылды. Бұл істе педофилдерге қатысты қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату, балаларға зорлық көрсетіп сотталып шыққан адамдарға әкімшілік қадағалауды күшейтуді қамтамасыз ету мәселелері де қамтылады.

Тағы бір жаңалық: бұрын бала зорлап, сотталып шыққан адамдар белгілі бір жерге келіп тұрақтаса, жергілікті тұрғындарды өз араларына тұруға кімнің келгендігі туралы міндетті түрде хабардар ету мәселесі пысықталмақ!

Бас прокурор мұндай қылмыскерлерге кесілген жазаны жеңілдетудің шартты түрде мерзімінен бұрын босату, шартты түрде соттау, рақымшылық жасау, жеңіл жазаға ауыстыру, т.б. сияқты қандайда бір шараларын енгізуге тыйым салуды ұсынды. Бұл санаттағы қылмыстарды тергеудің тиімділігін арттыру мақсатында күдіктіден жауап алған кезде полиграфологиялық зерттеуді пайдалануды заңмен бекіту ұсынылды.

Айхан ШӘРІП

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.