You are here

Озбырлық пен жат әдет Одан баланың өзі де, еңбегі де қорланбасын, қорғалсын

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

2002 жылы халықаралық Еңбек ұйымы балалар еңбегіне қатысты проблемалық мәселелермен жұртшылықты барынша хабардар ету мақсатында 12 маусымды дүниежүзілік балалар еңбегіне қарсы күрес күні деп жариялаған болатын. «Балаларды еңбекке тәрбиелеу керек емес пе?» деген ой да бүйірде тұрады. Балаларды еңбекке баулу керек, үйдің жұмысына жұмсау да қажет. «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын», деп Абай айтқандай, баланың бойына барлық жақсы қасиет еңбекпен сіңетінін де жұрт біледі. Алайда, оны жұмсаған жұмыс түрлері баланың психикалық, моральдық, әлеуметтік тұрғыдан денсаулығына зиян келтіріп, болашағына балта шаппауы тиіс. Міне, халықаралық беделді ұйым көтеріп отырған мәселе осы. Мамандардың айтуына қарағанда, дүниежүзінде құлдыққа салынғандардың 27 пайызы бұғанасы қатпаған балалар екен. Адамдар саудасының құрбандары да негізінен 12-14 жас аралығындағы балалар болып саналады. 1999 жылы Халықаралық еңбек конференциясы бір ауыздан Балалар еңбегінің ең нашар формалары туралы конвенция қабылдады. Оны Қазақстан 2002 жылы бекітті. №182 Конвенцияның «Балалар еңбегінің ең нашар түріне» жататын оларды құлдыққа салу, қарулы қақтығыстарға пайдалану, парнографиялық өнімдер жасау үшін жасөспірім қыздарды жезөкшелікке тарту секілді жан-түршігерлік жағдайлар кездесіп жатады. Оған қарсы күрестің бірі бұл жөнінде жұртшылықты ақпараттандыру, құлағдар ету болғандықтан, Қазақстанда маусым айының 1-нен 12-не дейін «Балалар еңбегін пайдалануға қарсы 12 күн» атты ұлттық ақпараттық науқан жарияланған болатын.

Қостанайдағы Балалар мен жасөспірімдерге арналған приютте осы науқанды басшылыққа алған «Қазақстан балалары – нұрлы жолмен!» республикалық акциясының аясында ізгілікті шара өтті. Оның ерекшелігі – приют қызметкерлері оны «дөңгелек үстел» формасында өткізіп, оған психолог, педагог мамандарымен, прокуратура, БАҚ өкілдерімен қатар, ана сүті аузынан кетпей, бұғанасы қатпай жатып, басына тағдырдың зіл батпан жүгі түсіп, приюттен пана тапқан балалар да қатысты. – Приютке ай сайын облыс аудандары мен қалаларынан кемінде 20 бала түседі. 3 және 16 жас аралығындағы балаларды бір ай ұстағаннан кейін негізінен балалар үйіне орналастырамыз, – дейді приют директоры Меңсұлу Досжанова. Үстел басында отырған балалардың барлығы да үйінен безіп кеткен, оларды есірткі пайдаланатын, ішімдікке салынған ата-анасымен бірге тұру мүмкін болмағандықтан осында әкелінеді. Меңсұлу Меңдібайқызының айтуынша, осында түскен балалардың үйіне қайтатыны некен-саяқ. Өткен жылы кішкентай 3-4 жасар баланы бір отбасы қамқорлығына алыпты. Ондай жағдай өте сирек болады екен. Приют директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Камила Қамбарова балалар еңбегін және олардың өзін қорғау жөнінде мазмұнды әңгіме өткізді.

Приют тұрғындарына еңбектену мен балалар еңбегін пайдаланудың аражігін түсіндірді. Балаларды әңгімеге қатыстырды, олардың пікірін білуді де ойластырыпты. Үстел басында отырған балалардың барлығы да «үйге қайтқым келеді, анама көмектесер едім», деген пікір айтты. Бала қарсыласуға дәрменсіз, үлкендердің қандай қорлығына да тек төзеді, соның құрбанына айналады. Приюттегі балалар өмірі де – ата-ананың өз перзенті алдындағы жауапсыздығының дәлелі. Анакөкірек десеңші, маскүнем анасының, нашақор әкесінің кесірінен қаңғып қалған бала жаурап, ықтасын іздеген торғайдай, үйін сағынады, анасына жеткісі келеді. Салған суреттерінде де үйін бейнелеуге тырысады. Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдегендей, Қостанай облысында балаларды мәжбүрлеп жұмысқа жегу, жасөспірім қыздарды жеңіл жүріске тарту секілді олардың өміріне таңба болатын оқыс жағдайлар соңғы жылдары тіркелмеген. Балалардың еңбегі де, өзі де тек қорланбау керек, тек қорғалуы тиіс. Болашақ сонда шынайы, таза болмақ.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

«Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.