Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Ұрпақ өседі, заман өзгереді. Бірақ қай заманда болмасын еліне ес, жеріне қорған болатын білімі терең, ақылы дария біртуар тұлғалар болады. Құқық қорғау саласында жұмыс істейтін жастар сондай тұлғаларға қарап бой түзеп, прокуратура органдарының қызметін жетілдіруге, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға үлкен үлес қосса нұр үстіне нұр болар еді.

Осындай ерекшеленетін тұлға­лардың бірі Өтеген Сейітов ағамыз десек ешбір қателеспейміз. Ол кісінің өмір жолы туралы тарихи деректерді, естеліктерді қарап отырсаң ағаға деген ілтипат, ерекше жылы сезім, мөлт еткен мөлдір сағыныш тұрады. Өйткені, Өтеген Сейітов бүкіл саналы ғұмырын Қазақстан прокуратурасына арна­ған аса белгілі заңгер, өмірлік ұста­нымы – басты кұндылық Адам, заңдылық пен әділдіктің үстемдігі .

Адами қасиеті мол, сөзі сал­мақты, білімі жеткілікті, ұйым­дастырушылық қабілеттілігі зор, еңбекқорлығы ерекше жан прокуратура саласындағы баспалдақтардың бәрінен мүдірмей өтіп, абырой биігіне жетті. Соғыс аяқталған соң Өтеген Сейітұлы Оңтүстік Қазақстан облысының Келес аудан­дық прокуратурасында халық тергеушілігінен бастап, одан кейін облыстық прокуратурада қызмет атқарған. 1951-1962 жылдар арасында Қазақ КСР прокуратурасы бөлімінің прокуроры, Алматы қаласы Кеңес ауданы прокуроры, Алматы облысының прокуроры, Қазақ КСР Прокурорының орынбасары болып қызмет атқарып, өсу баспалдақтарының бәріне өзінің кәсіби ұстанымы арқасында жеткен. Өтеген Сейітұлының іс­кер­лік қабілеттері, өткен өмір мек­тебі, жинақтаған тәжірибесі, прокуратура органдарының өзін­дік ерекше орнын бекітуге бағыт­талған ізденістері 1966 жылы, бар болғаны 43 жасында Қа­зақ КСР Прокуроры лауазымына тағайындалуына себеп болды. Сөйтіп, Өтеген Сейітұлы 18 жыл бойы Қазақстан прокуратурасын басқарды. Өтеген Сейітов аса беделді болған. Ол кездегі Одақ Бас прокуратурасының қызметкерлері, одақтас республикалардың прокурорлары оны ерекше құрметтеген.

Өтеген Сейітұлы республика Прокуроры жұмысын қолға алғаннан бастап, прокуратураның басты мазмұны заңдылық пен құқық қорғауды қамтамасыз ету, азаматтардың әлеуметтік-эко­но­микалық, саяси және жеке құ­қықтары мен бостандықтарын қор­ғау, құқық бұзушылықты болдырмау екендігін ерекше айқындайтын көптеген бағыт-бағдарын айқындап, прокурорлық қадағалаудың тиімді тәсілдерін енгізуге күш салды.Талай ізгі істер атқарылды, прокуратура органдарының материалдық және құқықтық саласы жаңаша өзгертілді.

Осы жылдарда прокурату­ра органдарында қызмет еткен барлық адамдар үшін Өтеген Сейіт­ұлының қарапайымдылығы, ел болашағына деген қызметі, салмақты пікірлері мен салауатты ойлары, үлкенге де, кішіге де бірдей ілтипаты, парасаттылығы, кадрларды тәрбиелеу, өсіру мәселесіне аса сергектігі өмірлік үлгі болды.

Мен 1970-1976 жылдары Алматы облыстық сотында сот мәжілісінің хатшысы қызметін атқардым. 1973 жылы, ұмытпасам қазан айы болуы керек, Өтеген Сейітұлы қызмет барысында облыстық сотқа келіп, өзінің фуражкасын хатшылар отыратын кабинетке іліп сот төрағасына кеткен еді. Мен Лариса Рыбалко деген қызметкер екеуміз республика Прокурорын бұрын көрмеген екенбіз, оның жылы шырайына, келбеттілігіне, кішіпейілдігіне тәнті болдық. Бойында ешбір менмендік жоқ. Мен заң факультетінде оқимын, жаспыз ғой ырым болсын, ағамның ізін қуармын деп ілулі тұрған фуражканы басыма кигенім сол еді, Өтеген Сейіт­ұлы облыстық соттың төрағасы Жәңгірхан Әбілжанов екеуі (біздің есік төрағаның есігіне қарама қарсы болатын) шығып келе жатыр екен. Сасқанымнан фуражканы дереу іле қойдым, ал Өтеген Сейітұлы жылылықпен қарап «заңгерлік оқудасың ба» деп сұрады. Менің жауабымнан кейін «еңбек пен оқуды ұштастырған жақсы, прокурор бол, айналайын» деді. Әрине, төраға мені аздап ұрсып алды «баласыңдар ма, бұл не» деп, бірақ ол кісі де жаны жайсаң адам еді «не болса да заңгерлер арасындағы дара тұлға Өтеген ағаңнан, ел прокурорынан бата алып қалдың, енді прокурор болмай гөр» деді. Мен осы кездескеніме өзімді бақытты санаймын, оқу бітірісімен прокуратура органдарына жолдануым, абыроймен жұмыс атқарып, белді тұтқаларды ұстағаным, аға заң кеңесшісіне лауазымына жеткенім Өтеген Сейітұлының осы берген батасынан жол алған деп есептеймін және мақтаныш етемін.

Алматы облыстық соты ғима­раттың бірінші қабатында да үстіңгі қабаттарда Жоғарғы сот орналасқан еді, сол кезде кейбір жиналыстарға біз де қатынасатынбыз. Өтеген Сейітұлының қандай пікір білдірсе де байыппен шебер сөйлегенін, барлық құқық қорғау және сот органдары қызметкерлерінің деңгейін одан әрі көтеруіне атсалысуға бағыттаған ой толғамдарын, тия­нақты тұжырымдарын да естіген едім. Ағаның сөздерінен кейін бо­йыңда жігер, талпыныс, өзгеше көз­қарас пайда болатын, осыны ба­сқа әріптестерімнен де естіп жататынмын.

Ұлы Отан соғысы жылда­рында прокурорлық кадрлар Отан­ды қорғау ісінде өшпес ерлік­тің өнегесін көрсетті. Өтеген Сейітұлының өмірбаянына көз жүгіртсек 1942–1945 жылдары Румыния, Болгария, Югославия, Австрия, Венгрияны азат етуге қатысып, Ұлы Жеңісті Вена қала­сында қарсы алған. Үш рет жарақат ала тұра деп ем алғаннан кейін қайта соғысқа аттанған. Оның ерен ерлігі мен жемісті еңбек қызметі әрқашанда бағаланды, І дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз, екі мәрте «Халықтар достығы», «Құрмет» ордендерімен, көптеген медальдармен, грамоталармен, алғыс хаттармен марапатталған. Ол «Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген заңгер», «Прокуратураның құр­метті қызметкері», 1 дәрежелі мемлекеттік әділет кеңесшісі.

Өтеген Сейітұлының атына Шалқар, Алматы қалаларында көше аттары берілген. Ақтөбе қаласында Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Дауылбаев Асхат Қай­золлаұлының қолдауымен Өтеген Сейітовтің ескерткіш мүсіні қойылды.

Елбасы Н.Назарбаев «Қа­зақ­стан-2050» Стратегиясы – қалып­тасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан хал­қына Жолдауында: «Алдыңғы толқын – аға буын! Сіздердің көре­гендіктеріңіз бен өмірлік тәжіри­белеріңіз кейінгі буынның ақиқат жолынан адаспай, алға басуына септігін тигізеді», деп ағаларға ерек­ше сенім артқан болатын.

Осы ретте Өтеген Сейітұлының прокуратура саласында 40 жылға созылған өмір жолына көз жүгіртсек, сүйікті кәсібіне жан-тәнімен берілгендігі, өз ісіне адалдықтың белгісін көреміз. Ағаның тәрбиесі мен тағылымы мол өмір жолдары оның нағыз үлкен әріптен тұратын ұстаз, белгілі қоғам қайраткері екенін айқындайды.

Біздер, Атырау өлкесінің арда­герлері Өтеген Сейітұлы прокуратура органдарын басқарған жылдарда қызмет еткенімізді, өзімізді ағаның шәкірті деп санай алатынымызды мақтан тұтамыз. Қазіргі жас мамандарға ұстаздың өмірі мен еңбек жолынан өнеге алып, оның соңында қалған іздерін ұстаным етуіне атсалысуды өз парызымыз деп санаймыз

Айкен ҚҰМҒАНБАЕВА,
Атырау облыстық прокуратура органдары ардагерлер кеңесінің төрайымы.

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.