You are here

Өмірі өзгелерге өнеге жігіт

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Ел ішіндегі тұрақтылық пен тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауда құқық қорғау саласындағы қызметкерлердің еңбегі ерен.

 Өйткені  олар қоғамдық тәртіпті қырағылықпен сақтап, ел тыныштығын үлкен жауапкершілікпен күзетеді. Біздің бүгінгі әңгімемізге арқау болар азамат ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Маңғыстау облысы бойынша басқармасының арнайы есепке алу бөлімінің аға прокуроры Әнуар Қасымов болмақ.

Әнуар Қасымов 1986 жылдың қаңтарында қарапайым отбасында дүниеге келген. Нұрлыбек пен Кариманың шаңырағында Әнуардан бөлек Асқар, Жайна өсіп-жетілген. Кейіпкеріміз жеті жасынан бастап спортпен айналысып, талай додаларда ел намысын абыроймен қорғаған. Жалпы, Қасымовтар әулетінен Кеңес Одағы кезінде самбодан спорт шебері, гимнастикадан спорт шеберінің кандидаттары шыққан. Осындай ортада тәрбиеленген Әнуар да спорттан алыс кете алмапты.

– Мені жеті жасымнан әкем спортқа жетелеп апарды. Ең алғаш рет дзюдодан Ташкент қаласында өткен жарыста 7 адаммен күрестім. Қарсыластарымның барлығы әлем чемпионатында, дүбірлі додаларға қатысып, тәжірибе жинақтаған дзюдошылар болатын. Ол кезде орындарды Олимпиадалық жүйе арқылы тағайындайтын. Үшінші орынға ұтылып қалдым. Дүйсенбі күні залға жаттығуға келсем, бапкерім өз қолынан грамота жасап, «Жеңіске деген ұмтылысы» үшін деп мені марапаттады. Ең алғашқы грамотам мені талай шыңдарды бағындырып, биікке жетуіме қанаттандырды, – дейді Ә.Қасымов.    

Кейіпкеріміз 2000 жылы Шымкенттегі Бекзат Саттарханов атындағы дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатына қабылданып, білімін жетілдірген. Небәрі, 15 жасында дзюдодан спорт шебері атанып, ҚР Ұлттық құрамасына қабылданған. Сол жылы Таразда, Алматыда, Павлодарда, Түркияда өткен республикалық, халықаралық жарыстарда 1 орындарды иеленген. 2004 жылы Катарда дзюдодан жастар арасында өткен Азия чемпионатында және Ресейде өткен халықаралық жарыста қоланы, 2005 жылы Украинада өткен халықаралық турнирде күмісті, дәл осы жылы Ресейде өткен Азия кубогінде қоланы еншілеген. Сондай-ақ 2005 жылы Қытайдың Тайпей қаласында дзюдодан жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатында алтыннан алқа тағып, тәуелсіз елдің тарихында алғаш рет дзюдодан чемпион атанып, халқының шексіз ықыласына бөленген. Сол жылы Ресейде ТМД елдері арасында өткен жарыста және Шымкентте жастар арасында өткен ҚР біріншілігінде де чемпион атанған. 2006-2007 жылдары Швецияда, Бакуде өткен халықаралық жарыстарға қатысып, тәжірибе жинақтаған. 2010 жылы Қостанай қаласында самбодан ҚР құқық қорғау органдары мен күш құрылымдары арасында өткен ел біріншілігінде және 2011 жылы Таразда самбодан құқық қорғау органдары арасында өткен ҚР-ның чемпионатында күмісті иеленген.

–  Мен спорттың арқасында әлемнің бірнеше мемлекеттерінде болып, әр елдің тарихымен, салт-дәстүрімен жақын таныстым. Тәуелсіз елімнің беделін әлемдік жарыстарда асқақтатып, әнұранын әуелеттім. Ата-ана үмітін ақтап, бапкерлерімнің сенімінен шығуға талаптандым. Менің спортта жетістікке жетуіме атсалысқан, маған дұрыс бағыт-бағдар берген бапкерлерім Сергей Раков, Бақтияр Қасымов, Владимир Кичатовқа айтар алғысым шексіз, – дейді Ә.Қасымов.

2004 жылы Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне құжат тапсырып, білім алады. Оқу орнында да белсенділігімен көзге түсіп, қатарластарының алды болып, талай жарыста қарсылас шыдатпай, жеңімпаз атанады. Жоғары оқу орнын «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша тәмамдайды. 2008 жылы Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін «Бизнес және құқық» факультеті бойынша тәмамдап, құқықтану мамандығын алып шығады. Еңбекқор жан 2008-2009 жылдары Қарағанды облыстық Ішкі істер департаментіне қарасты жедел әрекет ету арнайы бөлімінде (СОБР) абыройлы қызмет етіп, лейтенант шеніне дейін көтеріледі. Қызметінің қыр-сырын жақсы меңгерген маман кейін «Арлан» арнайы жасағына ауысады. Бойында білімге деген құштарлығы мен жоғары оқу орнында ойға түйгендерін жұмыс барысында да шебер қолдана білген ол Ақтау қаласына арнайы шақырту алады. Осылайша, 2010 жылы ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Маңғыстау облысы бойынша басқармасының арнайы есепке алу бөлімінде бас маман болып қызметке қабылданады. 2012 жылдың сәуірінен бастап, осы бөлімнің аға прокуроры қызметіне тағайындалады. Оның заң саласындағы қызметіндегі кәсіби біліктілігі жоғары бағаланып, ҚР-ның Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы С.Айтбаеваның арнайы алғысхатымен марапатталған.

– Қазіргі таңда қарамағымда 3 маман жұмыс істейді. Облыстағы мемлекеттік органдарға жүргізілетін жоспарлы немесе жоспарсыз тексерулердің дұрыс жүргізілуі біз арқылы тіркеліп, есепке алынады. Біз осы жұмыстардың заңдылығының дұрыс орындалуын қадағалаймыз. Мүмкіндігінше, өзімнің мамандығыма қатысты өткізілетін біліктілік арттыру курстарына белсенді түрде қатысып, білімімді шыңдап отырамын. Үнемі ізденіс үстінде жүрген маман ғана биік белестерді бағындыра алады деп есептеймін. Сондықтан да өзіме қатаң талап қойып, оқып, ізденуден жалықпаймын, – дейді Ә.Қасымов.

Кейіпкеріміз бос уақытында спортпен айналысып, футбол ойнап, көркем әдеби шығармаларды оқығанды ұнатады. Одан бөлек қаладағы спорт мектептеріне барып, болашақ чемпиондарға спортқа қатысты келелі кеңестерін айтып, тәжірибесімен бөліседі.

– Мен спортпен айналысып, талай жетістіктерге қол жеткізсем де, бапкерлікке толықтай бет бұра алмадым. Құқық қорғау саласында еңбек етіп, осы саланың дамуына үлес қосқанды жөн санадым. Енді қазіргі еңбек етіп жүрген қызметімді жетілдіру үшін талаптанатын боламын. Әкеміз балаларын: «Өтірік айтпаңдар, әділ болыңдар, алға қойған мақсаттарыңа жету үшін еңбек етіңдер. Мамандықтарыңа адал болыңдар» деп тәрбиеледі. Әкеміздің осы өсиеті әрдайым жадымда. Сондықтан адам қай салада еңбек етсе де, сол саланың алға басуы үшін талаптануы керек, – дейді  Ә.Қасымов.

Бүгінде Әнуар – бір әулеттің отағасы. 2012 жылы өмірлік серігі Мәдинамен шаңырақ көтерді. Отбасында асыл жар, қызметтестері арасында беделді, ініге қамқор, ағаға ізетті ұл ұяда көрген өнегесімен өзгелерге үлгі болуда. Әріптестері де оны сөзден гөрі істің адамы ретінде бағалайды. Адами қасиетінен, жігіттік намысынан айнымайтын Әнуар қандай жағдайда да өзгелерге өнеге болар адамгершілікті жоғары ұстайды.

Венера МИРЛАН, Маңғыстау облысы

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.