You are here

Өмірі өнегелі тұлға еді немесе Өтеген Сейітов туралы толғаныстар

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Қазақстан прокуратурасының тарихында есімі алтын әріппен жазылған тұлғаның бірі – Өтеген Сейітұлы Сейітов. Ол халқымыз үшін ең қиын кезеңде дүниеге келіп, тағдырдың маңдайына жазған тауқыметіне мойымай, өрліктің, ерліктің үлгісін көрсете білген қайраткер еді. Өтеген Сейітұлы он сегіз жыл бойы Қазақ КСР прокуроры қызметін атқарып, қарапайымды­лығы мен кісілігін асқақтатып, көптің құрметіне бөленді, батасын алды. Сөзіміздің растығын нақты дәлелдермен дәйектеп, «бүгінгі прокурор қандай болу керек?» деген сұраққа Өтеген Сейітов өмірі мен тағылымы арқылы жауап беруге болатын тәрізді.

Адам тағдыры әрқилы қалыптасады. Балалық шағы аштық жылдарымен тұс­па-тұс келіп, анасынан ерте айырыл­­­ған, жетімдіктің зардабын аяусыз тарт­қан Өтеген Сейітұлының: «Кейде оңа­ша қал­­ғанымда әртүрлі себептермен өмі­рім­нің талай-талай белестерін шым-шым­­дап еске аламын. Өмір болған соң жақ­сылығы да, жаманшылығы да аралас. Не де болса, бұл менің өмірім, өткен соқ­пақ­тарым. Отызыншы жылдардағы же­тім көңіл, аштықпен өткен балалық, онан беріректегі иығымызға бүтін киім іле алмай жүрген қайран бозбалалық, оқ пен оттың арасындағы жанкешті май­дан, шыбын жанның саулығы мен бей­біт күндердің қызығы, балаң махаббат, қызмет, тұрмыс сергелдеңі, перзент қы­зы­ғы, республикалық дәрежедегі қызмет­ке көтерілуім – егер осы жолдың бар­лы­ғын өзім бар болмысыммен сезініп өт­пе­­сем адам сенбестей. Бұл – тағдыр, бұл – өмір», деген сөздерінде бір адамның тұ­­тас ғұ­мы­ры бір дәннің қауызына сыйып кеткендей.

Өтеген Сейітовтің өмірлік мақсаты заңдылықты сақтау, қылмыс атаулымен күресіп, азаматтардың құқығы мен мүддесін қорғау болатын. Ол 1966 жылдың 28 науры­зын­да КСРО Бас прокурорының бұйры­ғы­мен Қазақ КСР прокуроры болып таға­йындалды. Республика прокуроры болып тұрған шағында елдегі әр оқиғаға жеке мән беріп, назарынан тыс қалдырмауға тырысты. Әсіресе, Шымкент қаласында болған оқиға туралы баяндаған естелігінен «Ұшқыннан жалын қаулайды» деп бұзақының қолынан жарақат алып, қаза тапқан адамның өлімін қала милициясынан көріп, көте­рілген халықтың наразылығы туралы жан-жақты баяндап берген. Көшеде соқ­қыдан есінен танып, құлап қалған азамат милиция бөлімшесіне жеткізілгенде көз жұмады. Кім екенін анықтаған сәтте автобаза қызметкері екені белгілі болады. Ақпаратты анық білмеген марқұмның әріптестері, қаланың көлік жүргізушілері отқа май құюшы бұзықтардың сөзіне ілесіп, қала орталығында машиналарды бір жерге тіреп қойып, көліктердің жүруіне мүмкіндік бермеді. Қолдарына бензин толған құтыларды алып, облыс­тық және қалалық ішкі істер басқар­масының ғимараттарын өртеп жібер­ген. Абақтыны қоршап алып, оны да өртемекші болған сәтте милиция қыз­мет­керлері жанқиярлық ерлік көрсе­тіп, түрменің түгелдей өртенуіне жол бер­меді. Шұғыл тексеру жүргізіліп кінә­лілер анықталды. Бірақ мұндай аран­­­да­тушылардың лаңынан қаншама адам құрбан болып қаншама адам тағдыры орны толмас өкінішке ұшырады. Мұны жылдар өткен соң да ұмыта алма­ған Өтеген Сейітұлы оқиғаны баяндау арқы­лы, мұндай оқиғалардың қайта­лан­­­бауы үшін халықтың шынайы ақпа­рат­ты білуінің маңызды екенін ескер­теді. Әрине, кінә екі адам арасын­дағы жанжалдан туындағанын, милиция қызметкерлерінің тек көшеде жара­қат алған жанға көмек көрсеткенін біл­генде, жаппай тәртіпсіздік орын алмас еді. Арада қаншама жылдар өтсе де әлгі келеңсіз жайтты күрсініспен есіне түсірген азаматтың өз халқына жана­шыр­лығы анық байқалады.

Өтеген Сейітовтің өмірдің талай қиындығын өз басынан өткере отырып жинақтаған тәжірибесі бүгінгі таңда осы салада қызмет атқарып жүргендерге сабақ болары сөзсіз.

Оның осы лауазымда отырған ша­ғында Алматыда адам жаны түршігетін оқиға орын алды. Қала халқын шулатқан бұл жағдай Д. деген қылмыскердің іс-әрекетіне қатысты еді. Жазықсыз үш қыздың қанын мойнына жүктеп, жиырма жеті қызды зорлаған қанішер ақыры қолға түсті. Өтеген Сейітұлы республика прокуроры бола тұра, мемлекеттік айыптаушы ретінде сот процесінің аяғына дейін қатысты. Құрбандарын алдын ала аңдып, тасалау жерде тап беріп, зорлық-зомбылық көрсеткен қылмыскер ойына келгенін істеген. Әккі қимылдайтын қарақшы әрекетін еш айғақсыз жүргізген. Міне, сондықтан да оны қолға түсіру оңай болмады. Бұған қатты алаңдаған ата-аналар қыздарын көздерінен таса қылмай, жүретін жағдайға жетті. Халықтың әбден мазасын алған осы оқиға барысында ішкі істер қызметкерлерінің қырағылығынан гөрі кемшілігі көп болғанын, кейін тергеу­де анықталғандай қылмыскер екі рет қолға түссе де әділ жазадан құтылып кеткені анықталды. Дегенмен, құқық қорғау органы қызметкері жауызды кезекті қылмысы үстінде қолға түсірді. Мемлекеттік айыптаушы ретінде Өтеген Сейітұлы бұлтартпайтын деректерге сүйеніп, азғынға өлім жазасын қолдануды сұрады. Соттың үкімі бойынша Д. ең жоғары жазаға кесілді.

Өтеген Сейітұлының жарқын келбеті әріптестері мен шәкірттерінің жадында әрдайым сақталған. Өйткені, ол өз кезеңіндегі қауырт жұмыстардың басы-қасында болды. Кез келген істі жоғары деңгейде атқарып, елдің ықыласына бөленді.

Тамас АЙМҰХАНБЕТОВ,Абай атындағы ҚазМПУ-дің кафедра мең­герушісі: Өтеген Сейітұлының менің өмірімдегі орны ерекше. Ол бізге бой түзер үлгі әрі үйретері мол ұстаз еді. Кісілік қалпымен, адамгершілігімен және де тазалығымен есімізде ұзақ сақталады. Бүгінде ол кісінің көзі тірі болса тоқсанға толып, мерейтойын бәріміз бірге тойлар едік. Ардақты аға туралы айта берсең сөз тау­сылмайды. Әсіресе, өзімнің қызмет бабыммен жер-жерге жиі шығатын мәселе – ол-сотталғандардың ісіне қатысты болатын. Бұрын сот жүйесінде жұмыс істеп келгендіктен, темір тордың арғы жағындағы адамдардың тағдырына қатысты жағдайлар маған жете таныс болатын. Осы мәселеге байланысты басшымыз да әр істі мұқият тексертіп, талай жазықсыз сотталған жандардың шырақтарын қайта жағуға себепші болды. Өтеген Сейітұлы айына екі рет қабылдау жүргізетін. Әсіресе, соғыс ардагерлері мен ауылдан келген қарапайым халықтың мәселесін шешуге үлкен мән беретін.

Біз арнайы аймақтардағы түрмелерге барып, тексеру жұмыстарын жүргізіп, сотталғандармен, әсіресе, жасөспірімдер мен әйелдер колонияларында жазаларын өтеп жатқан жандармен жүздесуге міндетті болатынбыз. Есіме түсіп отырған бір мысалды келтіріп өтейін, бірде алдымызға совхоздың қаржысын қымқырған деген айып тағылған әйел адамның ісі келіп түсті. Шиеттей бала-шағасы бар екен. Іс туралы баяндағанымызда, Өтекең: «Әйел адам біреу итермелемесе, мұндай қылмысты өзі жасай алмайды, ұйымдастырушыны іздеңіздер», деді. Біз оның өзі кінәлі екенін дәлелдеп бердік, сонда да көзінен сенбеушілік байқадық. Онысы бала-шағасы бар әйел адамды қылмыс жасады деуге қимай отырғаны ғой. Мұндай әрекет тек жаны таза, әр адамның тағдырын өз жанынан өткізіп барып, әділ шешім шығаруға талпынатын жанның ғана қолынан келеді. Талай рет қол астындағы қызметкерлерінің баспана мәселесін шешіп, тұрғын үй алуына көмектесті, менің де баспана мәселемді шешіп берген болатын. Өтеген Сейітұлының ірілігіне, кісілігі мен кішілігіне әркез тәнтіміз.

Оңалсын ЖҰМАБЕКОВ, Қазақ­стан Республикасы Парламенті Мә­жілісінің депутаты: Өтеген Сейітұлы – мен үшін әкемдей ыстық жан. Он сегіз жасында қан майданға аттанып, Отанын қорғап келген оның азаматтығы туралы айтпай кету мүмкін емес. Республиканың кадрларын мұқият зерделеп, ешкімді танысына, жеріне, еліне бөліп-жармай, бәріне әділетті қараған басшы еді. Өтеген Сейітұлы мен мектеп бітірген кезде республика прокуроры болатын. Тағдыр мені осындай асыл ағамен жолықтырғанына ризамын. Менің бүгінгі дәрежеге жетуіме де ағаның батасы мен өмірлік берген бағдары себеп болды деп санаймын. Үш жыл қол астында ерекше тапсырмалар жөніндегі көмекші қызметін атқардым. Сонда оның республикамызда және сол уақыттағы Одақ көлемінде де өте беделді екеніне көзім анық жеткен. Кеңес Одағының Бас прокуроры Руденко да өте бір үлкен ілтипатпен қарайтын Өтеген Сейітұлының халқымыздың тағдырына асқан жауапкершілікпен қарағанының куәсімін. Жергілікті халықтың өкілдері арасынан кадрларды іріктей жүріп, баулып шығарғаны өз алдына бөлек әңгіме. Үлкен жүректі, кеңпейіл, таза, ісіне адал, жақсылыққа жаны құмар, жамандыққа жаны қас адам ретінде ел тарихында өзіндік орны бар Өтеген Сейітұлының прокуратура органдарының қызметін қалыптастырудағы еңбегі ұшан-теңіз.

Уақыт деп аталатын сәт зымырап тоқтамақ емес. Кеше ғана арамызда жүрген жандар бүгін жоқ. Жақсының өзі кетсе де, көзі кетпейді. Ақыл-па­ра­саты мол, халықтың қамын өз ба­сы­нан артық қойып, дүние-бай­лық жинауды мақсат тұтпаған, адам­гер­ші­лік пен қарапайымдылықты қос қанатындай қатар ұстай білген Өте­ген Сейітұлы өмірі бізге өнеге. Оның жарқын келбеті жылдар өтсе де жар­қырап ұмытылмайды.

Нұрмаханбет ИСАЕВ, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары

Ұқсас мәліметтер

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.