You are here

Нашақорлардан «қаһарман» жасаудың қажеті жоқ

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Қазір жүріп жатқан «Халықаралық терроризмге қарсы коалицияның» Ауғанстаннан кетуі толық аяқталғаннан кейін Орталық Азиядағы жағдай күрделенуі мүмкін.

«Ислам халифатын» құрмақ болып жатқан ДАИШ лаңкестері қазыналы посткеңестік кеңістікке көз тігіп отыр. Оның үстіне біздің аймақта жас ұрпақты қаусатып, тоз-тозын шығаруға қабілетті есірткілердің жаңа түрлері тарай бастаған. Осы және басқа да сын-қатерлерді кеңінен талқылап, тосқауыл қоюдың ортақ әдіс-тәсілдерін түзу үшін ТМД және ШЫҰ елдерінің құқық пен тәртіп саласындағы басты қадағалаушы органдарының басшылары Астанаға жиылды. 

Кеше оларды өз Ақордасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады. Кез­десуде ШЫҰ және ТМД аймағында заңдылықты, қауіпсіздікті және өңірлік тұрақтылықты сақтаудың маңызды мәсе­лелері талқыланды. Мемлекет басшысы өз сөзінде ТМД елдері прокурату­ра­ларының өзара іс-қимылын күшейтудің маңыздылығын атап көрсетті:
– Сіздер осы форматта 20 жылға жуық уақыт бойы кездесулер өткізіп келесіздер, ал 15 жыл бұрын ТМД-ның халықаралық органы мәртебесіне ие болдыңыздар, – деді оларға қайырылған Н.Назарбаев. 
– Әрбір отырыс сайын қарым-қатынасты нығайта түсесіздер. Сонымен қатар 2001 жылдан бері Шанхай ынтымақтастығы ұйымы жұмыс істейді, ол халықаралық аренада елеулі күшке айналды. Соңғы отырыста ұйымға жаңа мүшелер қабылдау жөнінде шешім қабылданды.
Қазақстан Президенті терроризммен және экстремизммен, сондай-ақ трансұлт­тық қылмыстың өзге де түр­лерімен күрес мәселелері бойынша бірлескен тиімді қадамдар жасаудың әр ел үшін өмірлік маңызды екендігін нықтады. Осындай биік деңгейдегі сұхбаттастық прокурорлардың өзара іс-қимылын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін айтты.
Мемлекет басшысы мұндай жиын «заң үстемдігін және ШЫҰ, ТМД елдері аумағында қылмысқа қарсы бірлескен күресті күшейтуге септігін тигізеді деп үміттенетінін» жеткізді.
Кездесу барысында Бас прокурор А.Дауылбаев Қазақстан Президентіне ұйымға бақылаушы елдер – Үндістан, Ауғанстан және Беларусь ведомстволары басшыларының қатысуымен өткен Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше-мемлекеттер бас прокурорлары оты­рысының нәтижелері туралы баян­дады.
Алыс-жақын елдердің прокуратура басшылары Астанада, Тәуелсіздік сарайында Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше-мемлекеттер бас проку­рорларының 13-отырысын және ТМД-ға мүше-мемлекеттер бас прокурорлары үй­лестіру кеңесінің 25-отырысын өткізді.
Еліміздің бас қаласына қазақстандық құзырлы орган басшысымен бірге, Қы­тайдың Жоғарғы халық прокуратура­сының бас прокуроры Цао Цзяньмин, Қыр­ғыз бас прокуроры Индира Джол­дубаева, Ресей Федерациясының бас прокуроры Юрий Чайка, Тәжікстан бас прокуроры Юсуф Рахмон, Өзбекстан бас прокуроры Ихтиёр Абдуллаев бастаған делегациялар, сондай-ақ ШЫҰ-ның бас хатшысы Дмитрий Мезенцев және ШЫҰ-ның Аймақтық терроризмге қарсы құрылымының Атқарушы комитеті ди­ректорының орынбасары Ахтамхон Пиров жиылды.

Бұрынғы жылдардағыдан бір айырма­шылығы, биыл қатысушылар қатары Ауғанстанның бас прокуроры Джалал Нур Хабибпен, Беларусь бас прокуроры Алек­сандр Конюкпен, Индия бас прокуроры Мукул Рохатгимен, Моңғолияның бас про­куроры Энх-Амгалан Магванноровпен және Пәкістан бас прокурорының орын­басары Насер Ахмед Бхуттамен толығып отыр. 

Форум барысында терроризммен және экстремизмге, есірткі және қарудың заңсыз айналымына, трансшекаралық қылмыс­тар­дың басқа да түрлері мен заңсыз көші-қонға қарсы күрес саласында тәжірибе алмасу мәселелері кең талқыланды.
Қатысушылар терроризм мен экстре­мизм сияқты қазіргі заманның ең қауіпті құбылыстары бүгінде жаһанды жайлағаны және олар енді әскери, экономикалық қуат­ты, діни сеніміне берік мемлекеттердің өзіне қатер төндіре бастағаны туралы ортақ ойға тоқайласты. 
Өз кезегінде еліміздің Бас прокуроры А.Дауылбаев террористік әрекеттерге тап болған Қазақстанның негізгі күш-жігері қазір діни радикалдардың қылмыстық пиғылдарының алдын алуға және уақтылы анықтауға бағытталғанын мәлім етті.
Қазақстан экстремизм және терроризм­мен халықаралық күрес аясында үлкен жә­не жүйелі жұмысты жүргізуде. Біздің елі­міз БҰҰ-ның терроризммен күрестегі бар­лық 14 халықаралық әмбебап конвен­ция­ларына қосылды, Орталық Азия айма­ғын­дағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін мемлекеттердің бірігуіне баста­машылардың бірі болып табылады.
Елімізде сот арқылы 21 ұйым экстре­мис­тік және террористік деп танылды, Қазақ­стан аумағындағы қызметіне тыйым салынды. Интернет арқылы экстремистік мазмұндағы материалдарды таратуына байланысты 700 интернет-сайт жабылған, шамамен 660 ақпараттық материалды ба­суға, әкелуге және таратуға шектеу қойыл­ды. 
Асхат Дауылбаев отырыс кезінде өз әріп­тестеріне ШЫҰ аясында есірткілердің жаңа үлгі-түрлерінің мәліметтер базасын құруды ұсынды: 
         – Есірткінің жаңа түрлерінің пайда болу проблемасы Қазақстан үшін де көкейкесті. Өйткені жаңа синтетикалық есірткілердің сан алуан түрлерінің, «спайс» секілді шегуге арналған қоспалардың үлгілері эксперттерге дейін жете бермейді. Бұл зерттелетін нысан­ды анықтауды күрделендіреді. Демек, біздің мемлекеттердің күш-жігерін біріктірсек, есірткілерді ұстап алу, оның тасымалына және таралуына тосқауыл қою бойынша жұмыс анағұрлым тиімді бола түсер еді. 
Ол бір мысал келтірді: БҰҰ-ның есірт­кінің заңсыз айналымымен және қылмыс­пен күрес басқармасы Таиландта, көрші ел­дердің құзырлы құрылымдарымен тізе қоса отырып, есірткінің жаңа түрлері тура­лы құлақтандыру жүйесін ендіріпті. Соның арқасында қазіргі кезде олардың үлгілері осы мемлекеттердің зертханаларына жедел түрде бағытталады. 
– Мұндай тәсіл есірткінің жаңа түрлерін зерттеуге кететін уақыт пен шығынды елеу­лі қысқартады. Себебі, сол Таиландтың өзін­­де мұндай жаңа есірткілерге бір рет сарап­тама жүргізу құны орташа есеппен 1 мың долларды құрайды. БҰҰ арналарын аталған мәліметтер банкін құруға, үлгілерді бір-бірімізге беруге пайдалану біздің сарап­шы­лардың түйткілді мәселелерін шешуге мүм­кіндік береді, – деді Асхат Дауылбаев.
Ал ШЫҰ Бас хатшысы Дмитрий Ме­зенцев кино мен ақпарат құралдарының нашақорлардан «қаһарман» жасайтынына қынжылыс білдірді. Ол прокурорларға жас­тарды есірткіні татып көруге итермелейтін қоғамдағы «ынталандырушы серіппе» деп аталатын мәселені тереңірек зерттеуді ұсын­ды. Мысалы, бүгінде оқушыларға және басқа да жастарға есірткінің бірінші дозасы тегін ұсынылады. Және оны құрбы-құрдас­тары мен жора-жолдастары ортасында ұсы­на­ды. Олардың алдында әлжуаз-кертарт­па көрінбеу үшін жас өскін өмірін жайпар тажалға қол созады. 
– Келесі жылы біздің форумымыз биыл­ғыдай кең ауқымды, мазмұнды болатынына сенімдімін. Сондықтан бастамашылық танытып, ШЫҰ форумына бәріміз бірге қайырылайық: жастар арасындағы есірткіні заңсыз тұтынуға итермелейтін «ынталан­дырушы серіппені» зерделеп, нашақорларды және есірткі түрлерін қабылдауды «қаһар­ман­дандыруға» тыйым салу мәселелерін келе­сі жылы арнайы секцияда қарасты­райық? Әйтпесе, құндылықтары әлі қалып­таспаған жастар үшін дәл осылар қатты әсер етеді, – деді ол. 
Д.Мезенцевтің байламынша, егер осын­дай бастама түзілсе, оны тәуелсіз, беделді эксперттер қолдап әкетеді.
Астанадағы жиында бас прокурорлар жоспарланған террористік актілер туралы ақпаратпен алмасуға келісті. 
Күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау қорытындысында ШЫҰ-ға мүше-мемле­кеттер бас прокуратураларының басшылары өзара құқықтық көмек көрсету мәселелері, прокурорлық қызметтің негізгі бағыттары жөнінде тәжірибе алмасуды жалғастыру, әртүрлі трансұлттық қауіпсіздік қатерлеріне қарсы тұру жөніндегі ұтымды шараларды қолдану бойынша халықаралық ынтымақ­тастықтың тиімділігін арттыру жөніндегі отырыс хаттамасына қол қойды.
ШЫҰ-ға мүше бас прокуратуралардың кезекті отырысы 2016 жылы Қытай Халық Республикасында өтетін болады.

Айхан ШӘРІП

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.