You are here

МҮЛІКТІ ЖАРИЯ ЕТУ АКЦИЯСЫ: ЖАДЫҢЫЗДА ЖҮРУГЕ ТИІС ЖАЙТТАР

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, елімізде 1 қыркүйектен бастап Мүлікті жария ету акциясы іске асады.

Соған орай «Хабар» арнасында мамандардың қатысуымен телекөпір өтті. 90 минутқа жалғасқан телекөпір кезінде байланыс орталығына 128 адам хабарласып, көкейдегі сауалдарына жауап алды. Қазақстандықтардың толығырақ ақпарат алуы үшін мамандардың жауабын газетімізде жариялауды жөн санадық.

Қатысушылар:

– Бақыт СҰЛТАНОВ, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ҚР Қаржы министрі;

– Болат ЖӘМІШЕВ, Қазақстан Республикасының Өңірлік даму министрі;

– Андрей КРАВЧЕНКО, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары;

– Бақытжан ӘБДІРАЙЫМ, Қазақстан Республикасы Әділет министрінің орынбасары;

– Қуат ҚОЖАХМЕТОВ, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары;

Жүргізуші сауалы: Көптеген қазақстандықтар 1 қыркүйектен басталатын Мүлікті жария ету (заңдастыру) акциясының негізгі мақсатын білгісі келеді. Бұл көлеңкеден қайсыбір тұлғаларды алып шығуды көздей ме, әлде ел экономикасына қаржы тартуды ма?

Бақыт СҰЛТАНОВ: Мүлікті жария ету – әлемдік тәжірибеде жаңа нәрсе емес. Еуропаның бірқатар елдері, АҚШ мұндай акцияны жиі өткізіп тұрады. Өйткені капиталды көлеңкеден шығару проблемасы барлық елдерде өте өзекті болып отыр. Мәселен, табыс пен капиталды жария ету жөніндегі бағдарламалар Үндістанда – 5 рет, Португалияда – 4 рет, Францияда, Австрияда, Ирландияда 2 реттен іске асырылған. Сол сияқты Италияда да мұндай шара бірнеше рет өткізілген. Капиталдарды амнистиялауға Бельгия мен Германияда ұмтылыс жасап жатыр.

Мысалы, АҚШ-та 1982 жылдан бастап 1997 жыл аралығында 40 штат шамамен 62-ге жуық салықтық амнистиялар өткізген. Акция елімізде 1 қыркүйектен басталады. Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша, 2012 жылы көлеңкелі экономика үлесі жалпы ішкі өнімнің 19%-ына жуық немесе шамамен 6 триллион теңге болды. Екіншіден, шетелдік инвестициялар қысқарып, ағымдағы операциялар шоты сальдосы төмендеді. Үшіншіден, дағдарыс құбылыстарына байланысты банк секторы тарапынан экономикаға кредит берудің төмендегені байқалады. Осылайша, экономиканы дамыту үшін қосымша ресурстар тарту қажеттігі туындады.

Сондықтан да Ұлттық қордан 1 триллион теңге экономикаға құю, шетелдік инвесторларға қосымша ынталандыру пакеттерін ұсыну, отандық экономиканың ішкі ресурстарын көлеңкеден шығару жөнінде қойылған міндеттер жиынтығы көрсетілген мақсатқа қол жеткізудің нақты құралы болып саналады. Яғни акцияның негізгі мақсаты – жария етілген капитал түрінде экономикаға қосымша қаражат тарту.

Тұрғыннан сұрақ: Жалпы, мүлікті жария еткен соң мүлік иелері мен құқық қорғау орындары арасында келіспеушілік болмай ма? Қолында бар мүлкін жария еткен жандардың үстінен әкімшілік немесе қылмыстық іс қозғалмайтынына кепілдік бере аласыздар ма?

Андрей КРАВЧЕНКО: Мүлікті жария ету туралы заңда амнистияға ілінетін құқық бұзушылықтар мен қылмыс түрлері қарастырылған. Яғни соған сәйкес мүлік иесі қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауапкершіліктен босатылады. Сондай-ақ заңдастыру тәртібіне сәйкес келмейтін қылмыс түрлерінің тізімі де бекітілді. Мұндай жолмен алынған мүлік заңдастырылмайды. Ал кепілдік жөнінде айтар болсақ, заңда мынадай жеңілдіктер көрсетілген: біріншіден, мүлікті жария ету барысында алынған мәліметтердің құпиялылығы сақталады; екіншіден, заңдастырылған мүлік пен мүлік иесінің үстінен мүлікті жария ету барысында анықталған мәліметтерге сүйене отырып қылмыстық іс жүргізуге және әкімшілік, тәртіптік жауапкершілікке тартуға тыйым салынған.

Жүргізуші сауалы: Ұлттық Банк өкіліне бір сауалымыз бар. Жалпы, ел экономкасынан шығарылған ақшаның көлемі қандай? Осындай нақты статистика бар ма?

Қуат ҚОЖАХМЕТОВ: Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі – «Ұлттық Банк туралы» және «Мемлекеттік статистика туралы» заңдарға сәйкес, сыртқы сектор статистикасын құруға және таратуға жауапты мемлекеттік статистика органы. Сонымен бірге халықтың қызығушылығын ескере отырып, Ұлттық Банкінің интернет-ресурсында 2012 жылдың қаңтар айынан бастап жекеменшік секторының өз капиталының таза кіріс-шығысы туралы мәлімет жарияланды. Оған өз кезегінде елдегі төлем балансындағы қаржылық есебінде тіркелген жекеменшік секторының барлық операциялары кіреді, соның ішінде қателер мен қалып қойған операциялары да кіреді. Соңғы жеті жылда жекеменшік секторы капиталының таза кірісі байқалады, ол сол капиталдың кірісі шығысынан жалпы сомасы шамамен алғанда 39 млрд. АҚШ долларынан асты. 2014 жылдың 1 тоқсанында жеке сектор капиталының таза шығысы 3 млрд. АҚШ доллар болды.

Сонымен бірге сыртқы экономикалық статистиканың әдіснамасы елден шығарылған қаражатты, соның ішінде заңсыз шығарылған қаражатты анықтау немесе ол бойынша жеке есеп жүргізуді қарастырмайды және мақсат етпейді де. Оны елден заңсыз шығарылды деп тек құқық қорғау органдары сол бұзушылықты растағаннан кейін ғана тануға болады.

Сол себепті Ұлттық Банк елге кірген немесе елден шыққан қаражаттың қай бөлігі заңды немесе заңсыз екендігі туралы ақпаратты қадағаламайды.

Тұрғыннан сұрақ: Ауылға келгенімізде, әкімшілік тарапынан бізге жер бөлінді. Әкімшіліктің жер бөлу туралы шешімі қолымызда бар болғанымен, әлі актісін алған жоқпыз. Бөлінген жерге үй салып алдық. Осы үйді қалай заңдастырамыз?

Бақытжан ӘБДІРАЙЫМ: Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жер учаскесін беру туралы мәселені шешу және жер учаскесіне мемлекеттік акт беру жергілікті атқару органдарының құзыретіне жатады. Егер сізде жер учаскесін беру туралы шешім болса, бірақ оған мемлекеттік акт алынбаған жағдайда, сіз осы құжатты алу үшін тиісті әкімдікке жүгінуіңіз қажет. Сізге мемлекеттік акт берілмеген жағдайда, өз құқықтарыңызды қорғау бойынша сот органдарына жүгіне аласыз. Мемлекеттік актіні алғаннан кейін, сіз оны Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы әділет органдарында тіркеуіңіз қажет. Осы рәсімдерден кейін ғана өз үйіңізді заңдастыру бойынша акцияға қатыса аласыз.

Жүргізуші сауалы: Мүлікті заңдастыруға қандай құжат керек? Мүлікті реттестіретін комиссия өз жұмысын қашан және қайда бастайды?

Болат ЖӘМІШЕВ: Заңға сәйкес, мүлікті жария ету үшін комиссияға мынадай құжаттарды тапсыру қажет:

1) мүлiктi жария етуге өтініш, екi дана;

2) өтініш берген кезде жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi, түпнұсқасын көрсету қажет;

3) ғимараттар мен құрылыстарға техникалық тексеру жүргізген аттестатталған сарапшының қорытындысы;

4) жылжымайтын мүлік нысанының техникалық паспорты.

Мұндай комиссиялар барлық әкімдіктерде бар. Жария ету процесі 2014 жылғы 1 қыркүйектен басталады және 2015 жылдың 31 желтоқсанына дейін жүргізіледі.

Жүргізуші сауалы: Осы уақытқа дейін бізде екі мәрте мүлікті заңдастыру шарасы өткені белгілі. Осы екі шарада қанша қаржы заңдастырылды? Және алдағы мүлікті жария ету акциясынан қандай нәтиже күтеміз?

Бақыт СҰЛТАНОВ: Иә, жария етуді өткізуде Қазақстанның тәжірибесі бар. Алғашқы ақшаны жария ету Қазақстан Республикасында 2001 жылғы шілде-тамыз айларында бір ай бойында өткізілді. Амнистия нәтижесінде Қазақстан Республикасының шамамен 3 мыңға жуық азаматы 480,0 миллионнан астам АҚШ долларын жария етті.

Ал 2006-2007 жылдары жария етуге тек қана ақша емес, сол сияқты жылжымалы және жылжымайтын мүлік те жатқызылды. Осы ерекшелікті, сондай-ақ мерзімдерін ұзартуды ескере отырып, акция анағұрлым созылмалы сипатта болды. Ол кезде мүлікті жария етуді өткізу үшін жария етілген мүліктің құнынан 10% мөлшерінде алым алу көзделген болатын. Нәтижесінде, шамамен сомасы 845 млрд. теңге, яғни 7 млрд. АҚШ доллары көлемінде мүлік жария етілді. Оның ішінде ақшалай сома – 538 млрд. теңге, ал жылжымайтын мүлік – 236 млрд. теңге. Ал республикалық бюджетке алымнан шамамен 60 млрд. теңге түсті.

Тұрғыннан сұрақ: Менің досымның шетел банктерінің бірінде есепшоты бар. Ол өз қаражатын заңдастырғысы келеді. Экономикалық дағдарысты, Еуропада заңдастырылған табысты қысқарту шараларына байланысты өз ақшасынан айырылып қалудан қорқады. Не істесе болады?

Бақыт СҰЛТАНОВ: Заң арқылы шетелдік банктердегі шоттарда тұрған ақшаны жария ету мүмкіндігі берілген. Ұсынылған жария ету рәсімі бойынша ақша, екінші деңгейдегі банктерде, сондай-ақ почта Ұлттық операторында ашылған арнайы жинақ шоттарына есепке жатқызылуы тиіс. Одан кейін, субъект жария ету құралын таңдауы тиіс. Біріншіден, ақшаны жоғарыда айтылған, екінші деңгейдегі банктерде, сондай-ақ почта Ұлттық операторында ашылған арнайы жинақ шоттарында бес жыл бойында ұстауға болады, тіпті оған нарықтық мөлшерлемемен сыйақы да алып тұрады. Екіншіден, ол қаражатты экономикаға инвестициялап, мемлекеттік құнды қағаздар алуға болады. Үшіншіден, заңдастырылған қаражатқа азаматтар жекешелендірудің екінші толқыны аясында нысандарды меншіктей алады.

Тұрғыннан сұрақ: Ақшаны жария еткенде, ол қай уақыттан бастап заңдастырылған болып танылады? Банктің есеп - шотында сақталатын бес жылды, яғни толық мерзімді күту керек пе?

Қуат ҚОЖАХМЕТОВ: Осы заң бойынша ақша банкте немесе Қазпоштада ашылған арнайы жинақтау шотына салған сәттен бастап заңды деп танылады. Ол үшін олар тиісті құжат береді. Сол себепті бес жыл күтудің қажеті жоқ.

Тұрғыннан сұрақ: Осы заңдастыру шарасын өткізуге мемлекет қанша қаржы бөлді? Егер жоспарланған ақша келмей қалса не болады?

Бақыт СҰЛТАНОВ: Мүлікті жария ету акциясын өткізуге жекелеп қаржыландыру жоспарланған жоқ. Барлық жұмыс осы акцияны өткізу процесіне тартылған мемлекеттік органдардың ағымдағы шығыстары аясында жүргізілетін болады. Өткен жария етулердің нәтижелері мен халықаралық тәжірибені ескере отырып, түсетін түсімдер бұдан алдыңғы акциялардан артық болмаса кем болмайды деп күтудеміз.

Тұрғыннан сұрақ: Жақында Шымкент қаласына жақын жатқан аудандарды қосты. Біз тұратын поселке қазір қалаға жатады. Маған осы үйімді заңдастыруға қажеттілік бар ма? Ол үшін қандай құжаттар керек? Сосын менің таныстарымның саяжайы орналасқан жер телімі де қалаға қосылды. Олар мүліктерін заңдастыра ала ма?

Бақытжан ӘБДІРАЙЫМ: Бұл сұрақ заңдастыруға қатысты емес. Десе де Жер кодексінің 6-бабының 108-тармағына сәйкес, жep учаскелерiн қала, кент, ауыл шегiне қосу осы учаскелерге меншiк құқығын немесе жер пайдалану құқығын тоқтатуға әкеп соқпайды.Сіздің жағдайыңызда Халыққа қызмет көрсету орталығына барып:

1) мекенжай туралы анықтаманы алу (архитектура органдары);

2) мемлекеттік актідегі кадастрлық нөмірге өзгерістер енгізу (жер қатынастары органдары);

3) сәйкестендіру мәліметтерінің өзгергенін тіркеу үшін (әділет органдары) жүгінуіңіз қажет.

Тұрғыннан сұрақ: Мен өз ауданымнан сіздер айтып отырған сарапшы-эксперттерді таба аламын ба? Ол сарапшылар ауылдарға келе ме?

Болат ЖӘМІШЕВ: Қазіргі уақытта Өңірлік даму министрлігі мүлікті жария етудің жаңа қағидаларын әзірлеп жатыр. Осы қағидаларға сәйкес, сейсмикалық емес аудандарда сарапшының қорытындысын ұсыну қажет болмайды. Сейсмикалық аудандарда орналасқан елді мекендердің тізімі құрылыс нормалары мен ережелерінде көрсетілген.

Жүргізуші сауалы: Болат Бидахметұлы, жалпы елімізде қанша сарапшы бар. Олар бір жыл ішінде барлық өтініштерді тексеріп үлгере ме?

Болат ЖӘМІШЕВ: Бүгінгі күні бүкіл республика бойынша құрылыстар мен ғимараттарды техникалық тексеруден өткізетін 451 сарапшы бар. Олардың саны өтініш көлеміне қарай өсіп отырады.

Тұрғыннан сұрақ: Саяжайлардағы жер телімдері мен нысандарды заңдастыруға бола ма?

БОЛАТ ЖӘМІШЕВ: Заңға сәйкес, Қазақстан Республикасындағы ғимараттар жария етуге жатады. Ғимараттар құрылыс талаптарына және жер учаскесінің мақсатына сәйкес келу керек. Саяжайлар, ғимараттар тек өзінің мақсатына қарай жария етіледі, оның жер учаскесі жекеменшікте болуға тиіс және құрылыс талаптарына сәйкес болу керек.

Тұрғыннан сұрақ: Жылжымайтын мүлікке техпаспортты қалай аламыз? Ол қанша уақытта жасалады?

Бақытжан ӘБДІРАЙЫМ: Жария ету аясында, егер сізде жер учаскесіне мемлекеттік акті болса, құрылысқа техникалық төлқұжат алу үшін жылжымайтын мүлік объектісінің орналасуы мекенжайы бойынша тиісті құжаттар тізбесімен (өтініш; жеке басын куәландыратын құжат; жер учаскесіне сәйкестендiру құжатын қоса бере отырып, тіркеу объектісін растайтын құқық белгілеуші құжаттар; алым сомасын төлегенiн растайтын құжат) Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуіңіз қажет.

Техникалық төлқұжатты әзірлеу мерзімі жылжымайтын мүлік объектісінің түріне байланысты жасалынады. Атап айтсақ, пәтерлерге, жатақханалардағы бөлмелерге техникалық паспорт – үшінші жұмыс күнi, жеке тұрғын үйлерге, жеке гараждарға, саяжай құрылыстарына техникалық паспорт жетінші жұмыс күнi берiледi және оның бағасы мүліктің аумағына байланысты 3 мың теңгеден жоғары болады.

Басқа жылжымайтын нысандарға техникалық төлқұжаттар олардың аумағы мен күрделілігіне байланысты 20 жұмыс күніне дейін жасалады.

Жүргізуші сауалы: Әлеуметтік желілер арқылы бізге жылжымайтын мүлікке байланысты мынандай бір сауал келіп түскен екен. «Менің Барселонада үйім бар. Қазір іс жүзінде екі елде өмір сүріп жатырмыз. Күз бен қыста Испанияда боламыз. Қазақстан азаматтарымыз. Бізге осы мүлікті заңдастыру қажеттілігі бар ма? Және қандай шарттармен заңдастыру жүреді? Өйткені техникалық сарапшылар Қазақстаннан Испанияға бармайтын шығар?» Бақыт Тұрлыханұлы, шетелдік жылжымайтын мүлкі бар азаматтар осы акциядан не ұтады? Осындай жағдайда заңдастыру қандай тәртіппен жүреді?

Бақыт СҰЛТАНОВ: Акция бар мүлікті жария ету және заңды айналымға енгізу мүмкіндігін береді. Біріншіден, бұл алдымызда тұрған жалпыға бірдей декларациялаудың енгізілуіне байланысты, азаматқа кейіннен оны қорықпастан декларацияда көрсетуі үшін, мүлкін қазір жария етіп алу құқығы беріледі. Екіншіден, шетелдегі мүлікті жария ету кезінде жария етілген мүліктің құнынан жария ету үшін алынатын 10% мөлшеріндегі алым мемлекет бюджетіне түседі.

Тұрғыннан сұрақ: Заң бойынша мүлікті оралмандар да заңдастыра алады деп жазылыпты. Олар Қазақстан азаматтары емес пе? Неге бұлай бөлген? Әлде оралмандарға артықшылықтар бар ма?

Бақытжан ӘБДІРАЙЫМ: «Халықтың көші-қон туралы» заңының 1-тармағы 13-тармақшасына сәйкес оралмандар – тарихи Отанында тұрақты тұру мақсатында Қазақстан Республикасына келген және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өңірлерге қоныстандырылатын және осы заңда белгiленген тәртiппен тиiстi мәртебе алған, Қазақстан Республикасы егемендiк алған кезде одан тыс жерде тұрақты тұрған этникалық қазақтар және оның Қазақстан Республикасы егемендiк алғаннан кейiн одан тыс жерде туған және тұрақты тұрған ұлты қазақ балалары.

Осыған байланысты, жария ету туралы заңға сәйкес оралмандар және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдар мүлікті жария ету субъектілеріне жатады (1-бап, 4-тармақша).

Тұрғын сұрағы: Мүлікті заңдастыруды тегін жасауға бола ма? Комиссия біздің өтінішімізді қанша уақыт ішінде қарайды?

Бақыт СҰЛТАНОВ: Жария ету үшін алынатын алым жария етуші адамдардан екі жағдайда алынады: біріншіден, екінші деңгейдегі банктердегі арнайы шоттан ақшаны мерзімінен бұрын (бес жыл толмастан), экономикаға инвестиция жасамастан алса; екіншіден, ҚР аумағынан тыс жердегі мүлікті жария еткенде, оның ішінде тиісті адамға рәсімделмеген мүлікті жария етсе алынады.Сонымен бірге талқылауларды ескере отырып, заң жобасына мынадай нақтылаушы ережелер енгізілді:

- мемлекеттік тіркелуге жататын жария етілген мүлікті субъект өзі дербес тіркейді;

- жария етілген мүлікті рәсімдеуге байланысты Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шығыстардың барлығын жария ету субъектілерінің өздері дербес көтереді.

Комиссия жария етуге өтініш пен тиісті құжаттар келіп түскен күннен бастап, құжаттарды 30 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде қарауы тиіс.

Тұрғыннан сұрақ: Ақшаны мемлекет ұсынатын құралдарға салмай заңдастырған кезде барлық қаражаттың 10%-ын төлеуіне тура келеді. Бұл көп емес пе? Мысалы, 100 000 долларды заңдастыру үшін 10 000 долларды төлеу керек.

Бақыт СҰЛТАНОВ: Берілген мүмкіндіктен пайдаланғысы келген адам үшін алынатын алымның мөлшері кедергі болмайды деп санаймыз. Мөлшерлеме жеке табыс салығы бойынша қандай болса, дәл сол мөлшерде белгіленген. Бұдан басқа, мүлікті жария ету бойынша алынатын 10% мөлшеріндегі алым елдің ішінде белгіленбейді, өйткені шетелдегі мүлікке қарағанда іштегі мүлік салық әкеледі немесе әкелетін болады. Осыған байланысты, заңда шетелдегі жария етілетін мүлікке, сондай-ақ елдің экономикасына инвестиция жасамастан мерзімінен бұрын алынатын жағдайда ақшаға алым салығын салу көзделген.

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.