You are here

МҰҚИЯТ БОЛ, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ!..

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Президент жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі комиссия бұдан былай саяси мемқызметшілердің де ісін қарайтын болады! Бұл туралы кеше Ақордада өткен осы комиссияның кеңейтілген отырысында Мемлекеттік хатшы Әділбек Жақсыбеков мәлім етті.

Оның айтуынша, «тексеру жүргізу негізін, шартын және тәртібін регламенттейтін норманың болмауынан» Президент жанындағы осы комиссия жемқорлыққа қарсы заңнаманың және қызметтік әдеп нормаларының бұзылуына жол берген саяси мемлекеттік қызметшілерге қатысты істерді әзірге қарамапты.

– Қазіргі уақытта нормативтік базаға тиісті түзетулерді енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде, олар комиссияға аталған өкілеттікті жүзеге асыруға мүмкіндік береді, – деп хабарлады Мемлекеттік хатшы. 

Осы отырыста комиссия мүшелері Қаржы полициясы агенттігінің Білім және ғылым министрлігінде тексеру жүргізіп жатқандығынан құлақтандырылды. Оның барысында кәсіби орталықтардың құрылысына бөлінген бюджет қаражаттарының қалай пайдаланылғандығы анықталмақ.

– Қаржы полициясы органдары Атырауда, Өскеменде, Екібастұзда және Шымкентте осы орталықтардың құрылысына бағытталған 11,4 миллиард теңгенің 8,3 миллиардының тиімсіз пайдаланылуы фактілеріне қатысты тергеуге дейінгі тексеру жүргізуде, – деп баяндады Бас прокурор Асхат Дауылбаев. – Өйткені олардың ішінде тек біреуі – Атыраудағы орталық қана іске қосылған. 

Бас прокурор басқа да дерек келтірді: «Тағы бір жағдайда министрлік 2 миллиард теңгеден артық қаржыға 569 білім беру мекемесі үшін химия кабинеттеріне оқу құрал-жабдықтарын сатып алған, қазіргі кезде олардың көбісі бос жатыр. Себебі техникалық спецификациясы сол мекемелермен келісілмепті. Мәселен, Алматы облысындағы Панфилов ауданының мектептерінде оқу құрал-жабдықтарының 49 түрінің тек 13-і ғана пайдаланылады, қалғандары стандарттарға сәйкес болмауы кесірінен мектеп қоймаларына қойылған. ОҚО-да 70 білім мекемесінде ғана интерактивті тақта қолданылады, ал басқа құрал-жабдықтарды пайдалануға химиялық реактивтер жоқ» деді А.Дауылбаев.

Бас прокурордың мәліметінше, бұлардың сыртында 778 химия және биология кабинеттеріне құрал-жабдықтарды қымбаттатылған құнмен жеткізу деректері әшкереленіп отыр. Нәтижесінде, мемлекетке келген шығын шамамен 1,5 миллиард теңгеден асып түскен. «Мысалға, сарапшылар анықтағанындай, химия кабинетіне арналған құрал-жабдықтар жиынтығының құны 2,5 миллион теңгеге, ал биология кабинетіне арналғаны 1,6 миллион теңгеге артық бағаланған. Аталған фактілер бойынша Қаржы полициясы тергеуге дейінгі тексеру жүргізуде» деді ол.

Отырыста Қаржы полициясы да есеп берді. Мемлекеттік хатшы Ә.Жақсыбеков жүргізілген талдау қорытындысында Ақтөбе облысы елімізде коррупция деңгейі бойынша үшінші орын алатындығын мәлім еткен болатын. Бұл жерде сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл құра алмаған жауапты тұлғалар жаза тартуы қажеттігі сөзсіз. Қаржы полициясы төрағасының орынбасары Андрей Лукин Ақтөбе облысы бойынша Қаржы полициясы департаменті басшысының орнынан босатылатындығын жеткізді: «Қазіргі кезде тиісті шаралар қолға алынуда. Осы өңірдегі Қаржы полициясы департаментінің бастығы лауазымды қызметінен босатылатындығына сендіреміз!» деді ол.

Отырыс соңында мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берілді.

Елдос СЕНБАЙ

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.