You are here

МҰҒАЛЖАРДА ӘДІЛДІКТІҢ АҚОРДАСЫ БОЙ КӨТЕРДІ

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Елбасы халыққа арнаған Жолдауында өңірлерді дамыту мәселесін басымдық ретінде белгілеп берген болатын. Бүгінде бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстар нәтижесіз емес. Соның бір дәлелі – жақында Ақтөбе облысындағы бірден-бір өндірісті өлке саналатын Мұғалжар ауданының орталығында аудандық сот және прокуратураның ғимараты пайдалануға берілді. Осылайша, аудандық сот пен прокуратура қызметкерлері бір шаңырақ астына жайғасып, қоян-қолтық жұмыс істейтін болды.

Ауқымды құрылысты өткен жылдың мамыр айында қолға алған «РАД-Стройкомплект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 3 қабатты ғимаратты бір жылда толық аяқтапты. Облыс бюджетінен 173 млн теңге бөлінген ғимаратта енді соттар мен прокурорлар аудан жұртшылығына қызмет ететін болады.  Жалпы, екі саланың бір шаңырақ астына бірігуі келген адамдарға да қолайлы, сот процесіне қатысатын прокурорларға да ыңғайлы болып тұр.

Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына Астанадан арнайы келген ҚР Жоғарғы Соты Кеңесінің төрағасы Бектас Бекназаров жиналған қауымды қуаныштарымен құттықтап, аудандық сот пен прокуратура саласы мамандарының қызметтеріне сәттілік тіледі.

– Әділдікті ту еткен қос саланың – сот пен прокуратура қызметкерлерін бір шаңырақтың астына біріктіру Ақтөбе облысында бұдан бірнеше жылдар бұрын басталған еді. Өңірді елге белгілі азамат Елеусін Сағындықов басқарып тұрған уақытта Алға, Хромтау, Ойыл аудандарына осындай ғимараттар салынып, пайдалануға берілген болатын.

Сол игілікті істі бүгінгі өңір басшысы Архимед Мұхамбетовтың ары қарай жалғастырып, халық үшін қызмет етіп отырғаны қуантады, – деген Бектас Әбдіханұлы облыс әкімі Архимед Мұхамбетовке сотқа, заң қызметкерлеріне көрсеткен қамқорлығы үшін «Алғыс хат» және Қазақстан судьяларының VІ съезіне орай шығарылған еліміздің сот жүйесінің тарихи қатталған кітабын естелікке табыс етті. Сонымен бірге, ол жиналғандар алдында ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Қайрат Мәмидің атынан жолданған сыйлық – қызметтік көлік кілтін  аудандық сот төрағасына табыс етті.

– Сот, прокуратура қызметкерлеріне айтарым, мәселе сіздердің жаңа, жарқыраған ғимаратта отыруларыңызда емес, ең негізгі мәселе жұмыстың сапасы. Қиянат көрген, құқы бұзылған, зәбір көрген әрбір азамат осы жерден әділ шешім табуы тиіс. Осы ғимараттың табалдырығынан әрбір азамат «менің құқым қорғалады, заңға деген менің сенімім ақталады, мені қорғайтын мемлекетімнің заңы бар» деген сеніммен кіріп, сондай сеніммен шығуы керек. Әр істе әділдік орнауы керек, осыны сіздерге тапсырамын,– деп сөзін түйіндеді Бектас Бекназаров.

– Сот ғимаратына келген екі тараптың екеуі бірдей жеңіп шыға алмайды. Себебі, даудың ақ-қарасы ашылғанда бірі ұтады да, екіншісі ұтылады. Сол жеңілген адам осы ғимараттан шыққан кезде өз ісіне өкінсе де биге, прокуратура қызметкерлеріне рахмет айтып шықса, онда шешім әділ болғаны. Бір сөзбен айтқанда, қарапайым халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын, әділ шешім шығаратын орын болсын, – деген тілегін жеткізді жиналғандар алдында сөз алған ҚР Бас прокурорының орынбасары Нұрмұханбет Исаев.

Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында заң алдындағы теңдік, заңның үстемдігі құқықтық тәртіптің негізі болуы тиіс екендігіне баса назар аударған еді. Халқымыздың тарих қойнауынан бастау алатын әділдік туын көтерген билер дәстүрінің жаңашылдықпен жалғасын табуы халықтың жүрегіне сенім ұялатары сөзсіз. Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәми мырзаның Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетовке жолдаған «Алғыс хатымен» бірге жаңа ғимаратқа компьютер және басқа да техникалық құрал-жабдықтарды тарту еткен Ільяс Испанов та өзі жетекшілік ететін ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті тарапынан қолдаудың үнемі көрсетіліп тұратынын айтты.

Ільяс Испанов, ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы:

– Ең бастысы, ғимарат талапқа сай салынған. Оның ішіндегі барлық жағдай ұйымдастырылған. Қызметкерлердің заңға сәйкес елге, халыққа қызмет көрсетуі үшін мүмкіндік туғызылған. Прокуратурамен бірге қоныстанудың өзі құптарлық, ісі түсіп келген халықтың ары-бері шапқыламай құзырлы орындарды бір жерден табуы, қызметкерлер үшін де уақытты үнемдеп, жұмыстарын ырғақты жүргізуге жасалған әрекет деп түсінуге болады.

Ендігі міндет сот саласы қызметкерлерінің адал да абыройлы еңбек ете білуі керек. Сот саласында өз ісіне берілген нағыз мамандардың қызмет етуін қадағалауды біз міндетімізге аламыз. Сондай-ақ, осындай жұмыстарды өзге де облыстарда жергілікті әкімдермен бірлесіп шешу мүмкіндіктерін қарастырамыз.

Көпшілік алдында сөз сөйлеген Парламент Мәжілісінің депутаты Иран Әміров прокуратура мен сот жүйесі бағытындағы жүргізіліп жатқан жұмыстарды саралай келе мемлекеттің мүддесі мен халықтың құқығын қорғауда адал болуды тапсырды.

Ізін қуған әріптестеріне 60 – 70-жылдары судья болып еңбек еткен жандардың түсіне де кірмеген жақсылықтарға қол жеткізіп отырғандықтарын, мұның бәрі мемлекетіміздің өсіп, өркендеп келе жатқанының айғағы екенін тілге тиек етті. Мұғалжар аудандық сотында 1975-1982 жылдары қызмет еткен Иран Әміров әріптестеріне жеткен жетістіктерді абыроймен ары қарай жалғастыруды тапсырды.

Сейфолла Тасымбетов, Мұғалжар аудандық сотының төрағасы:

– Жаңа ғимаратқа қоныстанып, қуанышқа кенеліп жатқан жайымыз бар. Мұнда жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті тарапынан 15 компьютер сыйға тартылып, орнатылып берілді. Жергілікті жердегі сот жүйесінің жұмысына жасалып отырған қамқорлыққа үлкен рақметімді айтқым келеді. Ғимарат бейне-бақылау камераларымен және автоматтандырылған талдау жүйесімен жабдықталған.

Аудандық сотта 3 судья, 16 маман, бір кеңсе меңгерушісі жұмыс істейді. Мұғалжар ауданы облыстағы ең көп істер қаралатын ауданның бірі болып есептеледі. Азаматтық, әкімшілік істер көп қаралып жатады. Әсіресе, еңбек, тұрғын үй, несиеге қатысты даулар көп. Көрсеткіштеріміз жақсы. Сот актілеріміз заңды күшінде қалып жатыр. Жасалып отырған жағдай бізден жоғары сапалы жұмыс істеуді талап етеді. Сол талап үдесінен шығуды басты міндет деп санаймыз.

Өңір басшысы сот және құқық қорғау саласының материалдық-техникалық базасын жақсартуға бағытталған іс-шаралардың алдағы уақытта да жоспарлы жалғасатынын айтып отыр. Биылғы жылы Ақтөбе қалалық прокуратура ғимаратын пайдалануға беру жоспарда екен. Ол нысанға 1 млрд-қа жуық қаржы жұмсалған. Сондай-ақ, Мәртөк ауданында сот ғимаратының құрылысы, ал, Әйтеке би ауданында прокуратура ғимаратының құрылыстары басталмақ. Келесі жылы Темір және Шалқар аудандарында осындай ғимараттар салу жоспарланған.

Ирина ҚОСПАҒАНБЕТОВА

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.