You are here

Мәңгілік елдің мәуелі мұраты

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Мемлекет басшысы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында да тәуелсіздігімізді тұғырлы етудің нақты бағдарын айқындап берді.

«Санаулы күндерден кейін біз азаттық туын желбіретіп, Тәуелсіз мемлекет атанғанымыздың 25 жылдығына аяқ басамыз. Бұл – тәуелсіздікті нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегіміздің ширек ғасырлық белесін қорытындылайтын мерейлі сәт. Тәуелсіздікті баянды ету оған қол жеткізуден де қиын. Мемлекеттігіміздің тұғырын мызғымастай нығайта түсу үшін бізге әлі талай өткелі күрделі, өкпегі көп, бұралаң жолдардан өтуге тура келеді» деді Елбасы.

Расында да, біле-білгенге тәуелсіздіктен асқан құндылық жоқ. Сондықтан да Тәуелсіздік күнінің мән-маңызы тіптен бөлек. Өткенге көз жүгіртсек, дәл осы күні кеңес үкіметі құрамындағы Қазақстан мемлекеті, өзінің тәуелсіз мемлекет болғысы келетінін бірінші болып жария етті. Осы арада еліміздің ең бастапқы, құқықтық, саяси, идеологиялық негізгі құжаты Тәуелсіздік декларациясы қабылданды, ол кейіннен Қазақстан Республикасының Конституциясының іргесін қалады.

Тарихқа сүйенетін болсақ, Қазақстан Республикасы, басқа дамыған мемлекеттерге қарағанда, едәуір жас мемлекет, бірақ өткен жылдар бедерінде елімізде кең көлемді, күрделі мемлекеттік өзгерістер орын алды. Толығымен жаңа Парламент, сот жүйесі құрылып, жаңа Астана бой көтерді. Бұрынғы жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшіп, дүниежүзілік қауымдастықта өз орнымызды алудамыз.

Айту керек, тікелей Мемлекет басшысының ықпалымен құқықтық саладағы жасалып жатқан реформалар, бұрынғы посткеңестік мемлекеттер арасында Қазақстан Республикасының озат келе жатқанын толығымен дәлелдеп берді.

Дүниежүзілік елдер рейтингінде Қазақстан өзіндік орнын айшықтап үлгерді. БҰҰ-ның, ТМД-ның, өзге де ықпалды халықаралық ұйымдардың толық құқылы мүшесі болып, жаһандық мәселелердің оң шешілуіне айтарлықтай үлесін қосып келеді. Қазіргі таңда, аталған жетістіктермен тоқталмай, алға қарай қадам басудың нақты механизмдері белгіленді. Бұл орайда бес халықтық реформаны қамтитын 100 нақты қадамның маңызы зор. Сонымен қатар экономикамызды дамыту мақсатымен шикізат өнімін өндіруден басқа, инновациялық индустрия саласын көтеруге де айрықша басымдық берілуде.

«Дамудың сыры – бірлікте, табыстың сыры – тірлікте» дейді дана қазақ. Өркендеу өрісінің кеңеюінде елімізде берік орныққан ұлтаралық татулық пен конфессияаралық келісімнің рөлі зор. Елбасының қамқорлығымен құрылған Қазақстан халқы ассамблеясының аясында 140-тан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп, ел игілігі жолында алаңсыз еңбек етіп жатыр. Міне, мұның бәрі де – жасампаз істердің жарқын үлгісі.

Мемлекет басшысы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты жаңа Жолдауында таяу жылдарда еңсеруге тиіс маңызды міндеттерді белгілеп берді. Бұл тұрғыда құқықтық салаға артылып отырған жауапкершілік те жоғары.

Өз кезегінде, облыс прокуратурасы тарапынан өңірде заңдылықты нығайтуға бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылып келеді.

Атап айтсақ, үстіміздегі жылы прокуратура органдарымен 800-ге жуық тексеру жүргізіліп, оның қорытындысымен прокурорлық ықпал ету актілерін енгізу арқылы 64 мыңнан астам азаматтардың конституциялық құқықтары қорғалды, 1,5 млрд тенгеге жуық залал өндірілді. Заң бұзушылық жасаған 5000-нан астам тұлғалар тәртіптік, әкімшілік, материалдық, оның ішінде 32-сі қылмыстық жауапкершілікке тартылды. 2,5 мыңға жуық мемлекеттік органдардың заңсыз актілері жойылып, соңынан заңға сәйкестендірілді.

Қылмыстық істерді тергеу саласында, сотта әкімшілік, азаматтық, қылмыстық істерді заңды қарастыруды қадағалау жұмыстары да дұрыс деңгейде жүргізілуі қамтамасыз етілуде.

Мемлекет басшысы әлемдегі геосаяси ахуалдар мен қаржылық дағдарыстарды еңсеру бағытында жылдың басты құжатын жолдады. Алдағы мақсат ауқымды, міндет зор. Осы мәуелі межені бағындыру жолында прокуратура органдары аянып қалмайды. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биіктей берсін!

Ернат СЫБАНҚҰЛОВ, Жамбыл облысының прокуроры

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.